Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет58/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

КҮМƏНДІ КУƏЛІК


Молотов  мектебіне  жаңа  директор  келіпті.  Үстінен  əлі

гимнастеркасы  түспеген,  отыздар  шамасындағы  кісі  екен.  Түсі  оңып

кеткен сұр гимнастерканың иықтары таңдақтанып, көкшіл тартып тұр.

Сірə, пагонның орны болар. Сірə, офицер шығар. Төлен көкем сияқты

лейтенант  па  екен?  Пагонын  алып  тастапты.  Орны  көк  таңдақтанып

қалыпты.  Басқа  көйлегі  жоқ  шығар.  Əйтпесе,  осындай  ала-құла

гимнастеркамен  жүре  ме?  Əлі  айлық  алып,  жаңа  көйлек  кигенше,

пагонның орны да оңып кетер. Ала-құлалық жойылар.

− Ал, бала, шаруаңды айт. Оқиын деп келдің бе?

− Жоқ, куəлік алайын деп келдім.

− Қандай куəлік?

− Жетінші класс бітіргенім туралы.

− Қайда барып оқымақшысың?

− Қалаға. Интернат бар дейді.

− Е, интернат бізде де бар ғой.

− Қаладағы интернат киім-кешек береді екен.

− Е - е, пансионат қой.

− Иə, ағай.

− Фамилияң кім?

Мен айттым. Директор мен танымайтын завучты шақырып алып:

− Мына баланың документтерін, қырық бесінші жылғы журналды

алып келші, – деді.

Завуч  қайтып  келіп,  кластың  журналын  директордың  алдына

қойды.  Директор  журналдың  басынан  бастап  парақтап,  менің  аты-




жөнім  тұрған  тұсты  сұқ  саусағымен  сызғылап  отырып,  соңына  дейін

сүзгілеп шықты-ау.

− Сонымен, бір жылды өлтіріп алыпсың ғой, – деді. – Неге?

− Ауырып қалдым. Жыл тұрмақ, өзім де өліп қала жаздадым.

Директор маған тұңғыш рет тікелей қарап алып:

−  Жалпы  жаман  оқымаған  сияқтысың.  Бірақ  бір  жыл  босқа  кетсе,

оқыған-тоқығаныңды  ұмытып  та  қалған  шығарсың.  Қаланың

мектебіне жарар ма екенсің?

− Тырмысып көремін ғой, ағай. Бір жыл қарап жатқан жоқпын. Көп

кітап оқыдым.

Директор  журналдың  соңғы  жағындағы  жапсырма  қағаздың

бүктеуін  жазып  қарады.  Менің  фамилиямның  тұсында  белгі  жоқ,  ақ

жолақ.

Басқа  оқушылардың  тұсында  түрлі  таңбалар  тұр.  «3»,  «4»,  «5»



деген  сияқты.  Менің  жолым-ақ  таңдақ,  түк  белгі  жоқ.  Өмірде

ешқандай  із  қалдырмай,  дүниеден  əлдеқашан  өтіп  кеткен  адамның

тағдырындай, тап-тақыр.

Жүрегім  бір  бəлені  сезгендей  зу  -  у  ете  қалды.  Директор  басын

көтеріп алды.

− Емтихан тапсырмапсың ғой, ауырып қалдың ба? – деді.

Айтайын ба, айтпайын ба? Мырзагелді жездем: «Жетінші бітірдің,

емтихан тапсырмайсың. Досмырза директормен келістім. Əйда қауын

егіп,  қарық  боламыз»,  –  деп  мені  мектептен  алып  кетіп,  айдалаға

апарып қара жұмысқа салғанын қайтып айтамын.

− Иə, – дедім лəж жоқ.

− Доктордан справкаң бар ма?




Қайдағы  справка!  Менің  дəрігерлерім:  Қали  атам,  Саид  -  Акбар

қожа, өзімнің анам, патефондағы сиқырлы əн. Міне, менің емшілерім.

Олардан  справка  алуға  бола  ма?  Справкасы  несі  демей  ме  олар.

Справканы  патефоннан  қалай  сұраймын?  Əсем  əніңмен  менің  жан

дүниемді  əлдилеп,  бойыма  күш-қуат  беріп,  дəт  беріп,  безгек  деген

бəледен  аман  алып  қалып  едің.  Соны  куəландырып  справка  бер  деп

қалай айтайын?

Ал одан да бұрын Мырзагелді жездемнен куəлік қалай сұраймын?

Ол  қазір  қалада.  Бұрынғы  директор  Досмырза  да  осы  Əулиеатада

дейді. Досмырза болса, куəлік берер еді. Қызметі ауысып кетіпті. Осы

адамдардың  қызмет  ауыстыра  беретіні  несі?  Дені  сау  болса,  іске

жараса,  бір  орында  істей  бермей  ме?  Бастықтардың  ауыса  бергенінен

біз сиякты пенделер зардап шегеді.

Менің үндемей қалғанымнан секемденген жаңа директор:

− Қалайша емтихан тапсырмағансың? Айтсаңшы, – деді. «Жездем

қауын  егіске  əкетіп  қалып  еді»  десем,  оған  бір  зияным  тиіп  кетуі

мүмкін.

− Ауырдым, – дедім төмен қарап тұрып.

− Ауырсаң – справка давай! – деді директор əскери үнмен қатулана

айқайлап. Осы кезде кабинеттің есігі ашылып, ішке сəл еңкіштеу, ұзын

бойлы, сіліңгір қара жігіт кіріп келді. Оның үстінде тіпті гимнастерка

да  емес,  китель  бар  екен.  Кеудесінде  –  жалғыз  орден.  Мұның  да

пагондары алынған.

−  Сəлем,  товарищ  лейтенант  Жақсылықов!  –  деп  еркін  сөйлеп,

еркелей кірді. Директор екеуі əмпей-жəмпей əңгімелесіп кетті.

Мені көздеріне де ілмейді. Не кетерімді, не кетпесімді білмеймін.

Жаңа  кірген  кительді  қара,  неге  екенін  білмеймін,  маған  біртүрлі

тəуір адам сияқты көрінді.




− Өзің ашулысың ғой. Бастық болған кісі ашуланшақ бола ма екен,

– деп сампылдады сіліңгір қара.

−  Өй,  əуресі  көп  жұмыс  екен,  –  деп  қолын  сілтеді  директор.  –

Сайда  –  саны,  құмда  –  ізі  жоқ.  Оқу  жылы  басталайын  деп  қалды.

Қарбалас.

Кенет маған көзі түсіп кетіп:

− А ну, шагом марш! – деп бұйырды. – Бар, бара бер!

−  Ағай,  ағатай,  осында  оқығаным  рас  қой.  Журналда  тұр.  Оқу

жылы  басталайын  деп  қалды.  Тағы  бір  жылым  өледі  ғой,  –  дедім,  не

болса да беріспейін деп.

− Қарай гөр өзін, понимаешь, – директор кительді қараға бұрылды.

− Жетінші класта оқып, көктемгі экзаменді тапсырмай кетіп қалған.

Еще куəлік сұрайды.

Кительді қараның назары маған ауды. Əлдене есіне елес бергендей

шұқшия қалды.

− Əй, сен осы... – деп кідірді. – Атың кім?

− Барсхан.

− Кімнің баласысың?

− Мұртазаның.

− Ой, осы сен Айша əпкемнің баласы емессің бе?

− Иə.

− Бəсе, түрің келіп тұр. Əй, сенің ауылың Жуалыда емес пе? Мұнда



қайдан жүрсің? Айша əпкем бар ма?


«Өлмегенге  өлі  балық  жолығады».  Мынау  «өлі  балық»  емес,

«жығылғанды  қолдан  алатын,  адасқанды  жолға  салатын»  нағыз

Қайыперен  –  Кырық  Шілтеннің  өзі  сияқты  көрінді  маған.  «Айша

əпкем,  Айша  əпкем»  дейді.  Сонда  бұл  қай  інісі?  Төленнің  суретін

көргем. Бұл сияқты емес. Сонда Айшаның қай інісі?

Тас  қараңғы  түнде  үміт  оты  жылт  ете  қалғандай  болып,  бүкіл

өмірбаянымды жайып салайын.

− Мен сенің Сембек деген нағашың боламын. Айша əпкем айтқан

шығар, – деді жаңағы Тəңір жарылқағыр.

− Иə, айтқан, – дей салдым, Айшаның Сембекті айтқан-айтпағанын

есіме түсіре алмай.

−  Айтса,  сол  Сембек  менмін.  Есей  нағашыңның  бауыры.

Қарағұлданмын.  Түсіндің  бе?  Ал  Мырзагелді  жездең  жеңілтектік

жасаған  екен.  Жақсылығы  да  бар,  кейде  ұшқалақ  мінезді  де  болушы

еді.  Саған  обал  болған  екен.  Зиба  əпкем  асыл  еді  ғой.  Құдай  иманын

берсін.


Сөйтіп,  менің  Құдай  кездестірген  нағашым  Сембек,  мен  бұрын

білмеген, көрмеген Сембек директорға қарап:

−  Əй,  товарищ  Жақсылықов,  өзін  естідің  ғой,  бұл  баланың

жағдайын.  Жас  баланы  жасытпай,  куəлігін  бере  сал.  Фамилияң

Жақсылық қой, – деді.

Жақсылықов енді сəл жұмсарғандай қипақтады:

− Районодан инспектор келіп тексерсе қалай болады?

−  Е,  міне,  жыл  бойғы  бағалары  дұрыс  қой,  –  деп  бой  бермеді

журналды  көрген  Сембек  нағашым.  –  Рас,  есептен  «үші»  бар  екен.  –

Маған  қарап,  –  Есептен  неге  осалсың?  Есептен  осал  болсаң,  өмірде

есең  кете  береді.  Оның  қалай?  –  деп  маған  ұрысқандай  болды.  Оны,

сірə, жорта айтты-ау деймін. Əйтпесе, зіл жоқ.




−  Оның  үстіне,  міне  қара,  –  деп  директор  журналды  қайта

парақтады.  –  «Не  был»,  «не  был»,  «не  был»...  Міне,  қара.  Сабақты

пропускать ете берген. Неге?

− Неге? – деді Сембек нағашым маған шүйіліп.

Мен  не  дейін?  Мырзагелді  жездемнің  қойын  бақтым.  Бірақ

қолымнан кітап түскен жоқ. Тіпті кітаптың қызығына түсіп кетіп, бір

қозысын  өлтіріп  алдым,  –  деп  қалай  айтамын.  Сембек  нағашым  аузы

батылдау  екен,  ертең  Мырзагелдіге  жолығып  қалғанда  айтып  жүрсе,

мен  шағым  қылып,  оны  жамандағандай  болмаймын  ба?  Сонда

Мырзагелді:  «Жаман  тоқтыны  асырасаң,  аузы-басыңды  май  қылады,

жаман адамды асырасаң, аузы-басыңды қан қылады» демей ме?

Сөйтіп,  «неге,  неге?»  деген  қос  сұрақ  жауапсыз  қалды.  Мен

бедірейдім де қалдым.

Сембек,  сірə,  сезімтал  болар.  Менің  «не  был»,  «не  был»

болғанымда ит қуалап, доп ойнап жүрмегенімді білді-ау, сірə.

− Əй, Жақсылықов, – деді. – Қарашы мына баланың түр-тұрпатына.

Айнымаған Рахман емес пе? Рахман көкемді сен білуші едің ғой. Сені

оқуға  түсіріп,  жəрдемдескен  сол  Рахман  емес  пе  еді?  Отыз  екінші

жылғы  ашаршылықта  детдомға  орналастырып,  ажалдан  алып  қалған

сол  Рахман  емес  пе  еді?  Ерте  өліп  кетті,  есіл  ер.  Ал  енді  мынау  –

алдыңа  тіріліп  келіп  тұрған  сол  Рахман.  Туған  жиені.  Айша  əпкемнің

туған  баласы.  Нағашысының  копиясы.  Осыдан  кейін  де  қипақтайсың

ба?

Директор мүлде өзгеріп сала берді.



− Бағанадан бері айтпайсың ба? Мен қайдан білейін.

−  Білмесең,  енді  білдің.  Баланы  қинамай,  куəлігін  қолына  бер.

Жолынан қалдырма.

«Адамның күні адаммен» деген баба, сірə, осыны айтқан шығар.




Осының  бəрі  кездейсоқ  па,  əлде  заңдылық  па?  Егер  дəл  қазір  бұл

Сембекті  Құдай  айдап  келмесе,  менің  күнім  не  болар  еді?  Куəліксіз

қайда? Кімге барамын?

Мыңбұлақтағы  ауылдың  атқамінерлерінен  жамандықты  көп

көрдім.  Сол  жамандық  əрдайым  жолымнан  шыға  берсе,  Құдіреттің

маған тозақтың төрін осы жалған дүниеден-ақ бұйыртқаны да.

Соншалықты  азап  шегетіндей  не  күнəм  бар?  Адам  баласы

анасының құрсағынан күнəкар болып тумас-ты. Күнəкар болсам, енді

болармын. Кадам басқан сайын сор маңдайыма əділетсіз тас тие берсе,

мен  де  ашынып,  неше  түрлі  сұмдыққа,  қылмысқа  баруым  мүмкін.

Қалаға  барып,  қалтаға  түсіп,  Шайқа  атаманның  атқосшысына

айналуым  əбден  ықтимал.  А,  бəлкім,  атаманның  өзі  болармын.

Атамандардың  ақыры  белгілі.  Мекені  –  түрме.  Ал  түрмеден  түзеліп

шықпасын тағы аян. Бір Алла, аруақтар жар болған шығар. Куəлігімді

қолым қарысқанша тастай ғып ұстап, қалаға қарай құстай ұштым.

Алдымда  не  күтіп  тұрғаны  тағы  беймəлім.  Екі  аяғым  –  ат,  екі

қолым – қамшы, жетекшім – үміт.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет