Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет66/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

ТӨРТ КҮРЕК TIC

Тəңірдің  құдіретіне  таң  қаласың.  Ойласаң  –  ойың,  қиялдасаң  –

қиялың жетпейді. Көңіл қанша «көк дөнен» болса да, о да жетпейді.

Құдірет  шетсіз-шексіз  əлемді  əділ  сағат  тетіктеріндей  мінсіз

жаратты.  «Галактика,  –  дейді  бізге  астрономиядан  сабақ  беретін

Хабибат Əбубакировна. – Галактикада бірнеше Күн системалары бар,

– дейді. – Бірақ Галактика біреу-ақ емес. Көп.

Сонда  мен  ойлаймын:  көп  болғанда  –  қанша?  Көптің  де  шегі  бар

ғой?

Осылай  деп  сұрайын  десем  –  қорқамын.  Апай  ашуланшақ.  Дереу



«Құрлық  бала»  дейді.  «Құрығыр»  дегені  ғой.  Мен  құрығаннан  не

пайда? Менің орныма сарымсақ еге ме?




Демек  галактикалар  көп.  Ендеше,  күндер  олардан  да  көп.  Сол

көптер  қайда  барып  тоқтайды?  Жарайды,  əйтеуір  бір  араға  барып

тоқтайды.

Ал енді сол «бір араның» арғы жағында не бар?

Оны  мұғалім  айтпайды.  Мен  білмеймін.  Білейін  деп  ары-бері

ойлансам, миым айнала бастайды.

Енді  əлгі  астрономия  ғылымының  күші  жетпеген  кітапқа  жазған

əлемнің  өзін  Құдірет  шебер  жаратқан.  (Мұғалім  «Құдірет»  деп

айтпайды) Шебер жаратқаны сонша – бəрі тəртіпті. Күн де, Ай да, Жер

де  өз  жолымен,  тек  қана  өз  жолымен  жүреді.  Қатып,  сіресіп  қалған

ешқайсысы  жоқ,  бəрі  қимылдайды.  Егер,  əлдеқалай  біреуі  жолдан

тайып  кетсе,  ақырзаман  сонда  болмақ.  Күл-талқаны  шығады.  Оның

бетін Құдай аулақ қылсын.

Құдірет,  шексіз  шебер  Құдірет  адамды  да  керемет  жаратты.

Қаншалықты  шебер  жаратылғанын  адам  өзі  əлі  түсініп  болған  жоқ.

Қой  дейтін  малды  күнде  сояды.  Адам  сол  сойылған  қойды  қайтадан

қалпына келтіріп, тірілте ала ма?

О, Құдірет! Шексіз шеберлігіне құлдық сенің!

Ал  əлгі  соншалықты  керемет  жаратылған  адам  Күн  сияқты,  Ай

сияқты, басқа жұлдыздар сияқты əркім өз тура жолымен жүре ала ма?

Жоқ. Қисалаңдай береді.

Құдірет  оған  ақыл-ой  берді.  Сана-сезім  берді.  Тура  жолмен  жүр

деді.

Жоқ.  Қисалаңдай  береді.  Қисалаңдай  берсе,  бір  машина  бір



машинамен соғысып күл-талқаны шықпай ма?

Адамдарға ұқсап, өз орындарынан, жолдарынан шығып кетіп, тау-

таумен, жұлдыз-жұлдызбен соғыса берсе не болар еді?!



Жоқ,  таулар  да,  жұлдыздар  да,  барлық  жаратылыс  Құдіреттің

Заңымен жүреді.

Ал  адамдар  Құдіреттің  Заңын  менсінбей,  өздері  заң  шығарып

алған.  Заңы  дұрыс-ақ  делік.  Бірақ  өздері  шығарған  заңды  өздері

бұзады. Неге?

Қисалаңдай береді.

Аргуния  апайдың  айтуы  бойынша,  Ньютон  деген  кісі  ойлап

тауыпты:  Жерді  ары-бері  қисалаңдатпай,  бір  ізбен  жүргізіп  отыратын

басқа  планеталардың  күші  көрінеді.  Тартылыс  күші  болады  екен.

Мысалы,  құдыққа  құлап  бара  жатқан  адамды  қолынан  тартып  ұстап

қалсаң құтқарасың ғой. Сол сияқты.

Ал адамдар жұлдыздардан үйренбейді. Көбінесе біріне-бірі қолын

беріп құдықтан құтқарып қалмайды, қайта итеріп жібереді.

Сондықтан да адамдарда қуаныштан гөрі қасірет көп.

Өзі  Жаратқан  Əлем  деген  арғымақтың  екі  тізгін,  бір  шылбырын

уысында  ұстап  отырған  Құдірет,  сонда  деймін-ау,  адамдарды  неге

ауыздықтамайды?

Əлде Құдірет жоқ па?

Онда  Əлемдегі  əдемі  үйлесімді  кім  орнатты?  Ешнəрсе  өзінен-өзі

рет-ретімен, кескін-келбет суретімен орнай қалмайды ғой.

Аласапыранды  Хаос  дейді  екен.  Тəртіпсіз  бəле  ғой.  Хаосты

жібектей етіп, жөн-жүйеге салған кім? Не? Ақылың жетсе – ойланып

көр.

Асханадан  түскі  тамақты  ішіп-жеп  болып,  аулада  өріп  жүрген



кезіміз.  Дарбазадан  басында  шаңырақтай  сеңсең  қара  бөркі  бар,

астында  қаба  қара  есегі  бар,  сақал-шашы,  тіпті  қасына  дейін  аппақ

қудай бір ақсақал кіріп келді.



РУ-дың  бұзық  балалары  ақсақалдың  есек  мініп  келе  жатқанын

көріп,  өзге  планетаның  адамын  көргендей,  улап-шулап,  ыржалаңдай

күліп, есектің құйрығына шыбық жүгіртіп, мазаққа айналдыра бастап

еді,  қария:  «Əй,  найсап,  тəйт!»  –  деп,  қолындағы  қамшымен  тартып-

тартып  жіберіп  еді,  əлгі  шəуілдектер  қыңсылай  қашты.  Біз,  жүз  бала

бата  алмай  жүрген  жүгірмектерді  жалғыз  шал  жайрата  жаздағанын

көріп, таң қалдым да ойладым: «Олар да қорқады екен ғой».

− Əй, балам, – деді қарт таң қалып тұрған маған. – Осында Тұраров

деген жəутік бала бар ма? Шақырып жіберші.

Ой, Ақтай ғой! Сүйінші сұрайын деп бөлмеге тұра жүгірдім. Ақтай

койканың жиегінде шоқиып, кітап оқып отыр екен.

− Ақтай! Атаң келді! – деп, өз əкем келгендей айқайлап жіберіппін.

Артынан əкесі, атасы іздеп келгендер қандай бақытты!

Мені іздеп келер əке жоқ, ата да жоқ. Анда-санда Айша келеді. Нан,

қуырған жүгері əкеледі.

− Несіне əкелесің? Мұнда тамақ жетеді, – деймін.

−  Құрқол  қалай  келемін?  –  дейді  Айша  басымнан  сипап  тұрып.

Мұнда ата-аналар құрқол келмейді.

Əне,  Ақтайдың  атасы  баласының  қолына  бір  дорба  ұстатты.  Не

болды екен? Оны қазір бөлмеге барған соң көреміз.

Онымен  қоймай,  қойнынан  тағы  бірдеңе  шығарды.  Бір  бума  ақша

екен  деп  қалдық.  Орама  қағазын  жазып  жіберіп  еді:  кепка  екен!

Мұндай  əдемі  кепканы  мен  əлі  көрген  жоқпын.  Менен  басқалар  да

аңқиып  қарап  қалды.  Сегіз  сайлы,  түрлі-түсті  кепка  екен.  Қызыл-

жасыл,  сарысы  да  бар  ғой  деймін.  Баласының  басына  кепка  емес,

шұғыла  кигізгендей,  нұрландырып  жіберді.  Ақсақал  баласының

басына кептеп кигізіп, милығына дейін түсіріп жіберді. Бəріміз күлдік.

Ақтай мұрнын бір тартып қойып, жөндеп, түзетіп киді.




− Шақ па екен-ей, Ақтайжан, деп атасы да қуанып қалды. Баданы

қуанту  не  үшін  керек?  Қуантушы  адамның  өзі  үшін  керек.  Алдымен,

егер  дүниеде  қанша  миллион  бала  бар,  біреуі  жыламай,  бəрі  қуанып

жүрсе,  осы  дүниенің  өзінде-ақ  жұмақ  орнар  еді.  Сор  болғанда,  көп

бала жылайды.

Атай  кеткен  соң  Ақтайдың  кепкасын  кезек-кезек  киіп  қуансақ  та,

кейін-кейін  осы  əдемі  телпекке  бола,  əжептəуір,  атышулы  жанжал

шықты.


Ақтай  бөлмеге  жылап  кірді.  Мектептен  қайтқан  беті  ғой.  Əдетте

мектептен  қайтқанда  интернаттың  балалары  топтанып  жүретін.  Бұл

жолы  Ақтай  Көк  базардың  іргесіндегі  өзбек  даршыларының  ойынын

көремін 


деп, 

топтан 


қалып 

қалса 


керек. 

Даршы


дегеніңіз-«канатоходец»,  яғни  биікке  керілген  арқанның  үстімен

жүретін  жанкештілер.  Жан  кешкені  сол,  сонау  биіктіктегі  жеңді

білектен  жіңішке  арқанмен  адам  қалай  жүреді?  Əне  құлайды,  міне

құлайды деп, айдалада тұрып сенің үрейің ұшады. Даршының қолында

ұзын  сырығы  болады.  Қылкөпірдің  үстімен  жүріп  бара  жатып,  бір

жағына  ауып,  жығылып  бара  жатса,  əлгі  сырықты  келесі  жағына

қисайта қояды да түзеліп кетеді. Онысымен қоймай: «О, дат! О, дат!» –

деп айқайлайды. Біз түсінбейміз. Бəлкім, əлдебір құдіретке сыйынғаны

шығар. Əлде өзіне-өзі қуат берер ұраны шығар.

Біз  қарнымыз  ашқан  сон  ойынның  аяғына  дейін  шыдамай,

интернатқа  асыққанбыз.  Ал  Ақтай,  бала  неме,  аузы  аңқайып,  қалып

қойыпты.


Енді  міне,  бөлмеге  жылап  кірді.  Түскі  тамақты  ішіп  алып,

қарнымызды  сипалап  жатқанбыз.  Əуелі  менің  ойыма  келгені:  «Ақтай

кешігіп  келіп,  асхана  жабылып  қалып,  тамақсыз  қалған  ба?»  –  дедім.

Соған да жылай ма екен?

− Не болды-ей?

− Кепкемді тартып алды, – деп өксіді Ақтай...

− Кім?



− Аналар, – деп РУ жақты нұсқады.

− Тұрыңдар! – деп айқайлап жіберіппін демалып жатқандарға.

Бір-екеуі ғана еріне тұрып, койкаларының үстінде шоқиып отырып

қалды.


− Тұрыңдар!

− Тұрғанда не бітіреміз, байғұс-ау? – деп ыржиды Сайыпқожа.

Бұға берсең, сұға береді. Тұр!

− Ал тұрдық, қиратсаң, – деп Сайыпқожа қирелеңдей көтерілді.

− Мен бұл шатаққа араласпаймын, – деді Хасболат.

− Шатақсыз келісуге болатын шығар, – деді Сойдақтіс – Ертай.

− Көп болса, бас жарылар, көз шығар, əйтеуір өлтіре қоймас. Қоян

ғұрлы жоқпыз ба, сояйын деп жатқанда о да аяғын серпеді ғой.

Осылай  деп  айтуын  айтып  салсам  да,  өзім  де  жасқанып  тұрмын.

Оның  үстіне  мына  Хасболат  –  Бегомот  пен  Сойдақтістің

солқылдақтығы  əуелгі  аптығымды  басып  тастағандай  болды.  Тағы  да

болса, Əлтай қажырлы екен. Кəдімгі қомағай Əлтай.

− Айда, кеттік! – деді даусы шіңкілдеп.

− Құрқол қайтіп соғысамыз. Олардың темірі бар, – деп Сайыпқожа

тағы күдік айтты.

−  Міне  қару,  –  деп  Əлтай  оз  кереуетінің  шабақ  шыбығын  суырып

алды.

−  Қазынаның  мүлкін  бүлдіруге  болмайды,  –  деп  қорқытты



тоңмойын Хасболат.


−  Ештеңе  қылмайды.  Қайтып  орнына  салып  қоямыз.  Темір

шыбықпен қаруланып алып, басқа бөлмелердегі балаларға бардық.

− Жүріңдер. Ақтайдың кепкасын РУ тартып алды. Соны қайтарып

аламыз.


− Ойбай, байғұс-ау, РУ күшті ғой. Таяқ жеп қаласыңдар. Қой барма,

–  деді  оныншы  класстың  озығы,  біздің  кластағы  Гүлнəрдің  ғашығы

Тілепалды ыздиып, бетіне крем жағып, айнаға қарап тұрып.

− Бармасаң бармай-ақ қой, тауықсыз да таң атқан.

−  Мен  госэкзаменге  дайындаламын,  уақытым  жоқ,  –  деді

Тілепалды.

Не керек, əр бөлмеден жинала келе, он бес бала болдық.

Əрине,  аз.  Интернатта  жүз  бала  бар.  Оның  бес-алтауы  қыздар.

Қайта қыздар мықты ма деп қалдым.

− Төбелеске қатыспасақ та жараланғандарыңды емдеуге жараймыз,

– деді.

−  Намыстарың  қайда?  –  деп,  ер  балаларға  ұрысты.  Қыздардан

ұялып,  тағы  бес  бала  қосылды.  Жиырмамыз  жиналып,  РУ-ға  қарай

беттедік.

− Интерники идут! – деп шыңғырып жіберді РУ-дағы жүзден астам

қара  көйлектердің  ішіндегі  жалғыз  қазақ  –  Аласа  бойлы  неме

құлдыраңдап, бөлмесіне қашып кірді.

Сол-сол екен, кілең қара көйлектілер сыртқа атып-атып шықты.

−  Сендерге  не  керек,  барандар?  –  деп  екі  қолымен  екі  мықынын

тіреп, Лexa дəу тепкішектің үстінде шіреніп тұр.

− Кепка керек. Қайтарыңдар!



−  Қойлардың  қасқырларға  қарсы  шыққанын  көріп  пе  едіңдер?

Сендер  барансыңдар.  Тамақтарыңды  қасқырлардың  тісі  бауыздап

тастамай тұрғанда қайқайыңдар!

− Кепканы беріңдер. Онсыз кетпейміз!

Леха  ағаш  басқышты  сықырлатып,  шайқала  басып,  аузынан

тұздалған қиярдың иісі мүңк етіп, мені дəу қолымен кеудемнен итеріп

жіберді.  Шалқалап  барып,  қулап  қала  жаздап,  бойымды  кайта  түзеп,

қолымдағы  темір  шыбықпен  бастан  ала  салып  кеп  қалдым.  Ашу  ғой.

Əйтпесе, ұрмай тұра тұрғанда да болатын ба еді...

Бірақ кеудемнен итергені етіп кетті. Кеудеден итергені – қорлағаны.

Онан да ұрғаны жақсы еді. Айша айтқан:

«Кеудеңді бастырма!» – деп.

Сол-сол  екен,  алқын-жұлқын  алапат  төбелес  басталды  да  кетті.

Леханың  басы  шойын  ба,  немене,  менің  ұрғанымды  шыбын  шаққан

ғұрлы  көрген  жоқ,  басын  бір  сипап  алды  да,  маған  қарай  ұмтылды.

Интернат  койкасының  темір  шыбығымен  тағы  бір  тартып  жібердім.

Бірақ  дəу  одан  сескенбей,  қолақпандай  жұдырықпен  періп  кеп

қалғанда  мұрттай  ұшып,  қақпаның  алдына  барып  құлаппын.  Иттің

қара күші катерлі екен, есім ауып қалғандай болды.

Қолтығымнан біреу сүйеп тұрғызды. Қарасам, Ұлан мылқау. Сірə,

базардан үйіне қайтып бара жатқан болуы керек. Ымдап: «Не болды?»

– деді. Мен де ымдап, РУ жақты, қып-қызыл төбелесті көрсеттім. Бұл

кезде біздің жігіттер шегіне бастаған екен. Ұлан мылқау менен: «Сені

ұрған қайсысы?» – деп ымдады. Мен Леханы көрсеттім.

Ұланның түрі өзгерді. Бетінің түктері тікірейіп, көзі қанталап шыға

келді.  Мылқаудың  ақырған  үні  қандай  үрейлі:  арыстанның

ақырғанындай.  Бара,  Леханы  қара  көйлегінің  омырауын  қос  қолымен

бүріп  ұстап,  Леханы  өзіне  қарай  сілкіп-сілкіп  тартып,  баспен

тұмсықтан,  тұмсықтан  қайта-қайта,  былш-былш  соққанда,  Леха

байғұс, дəу жұдырықтарын жұмсауға да шамасы келмей, басы кегжең-

кегжең етіп барып, гүрс етіп құлады.



−  Леху  убили!  –  деп  шырылдады  РУ-дағы  қортық  қазақ  бала

баспалдаққа шығып алып.

«Леханы да өлтіруге бола ма екен?» дегендей, РУ-шылдар состиып-

состиып  қалды.  Айтса-айтқандай,  Леха  шыннан  серейіп,  жерде  əлі

жатыр.  Ұлан  мылқаудың  баспен  ұрғанына  төтеп  бере  алмаған  бөкен

кеңсірік  жападай  қызыл  етке  айналып  кеткен  екен.  Орнынан  тұра

алмай, ұмтылып жатып, Леха өзінің «сарбаздарына»:

− Отдайте им эту проклятую, дьявольскую кепку! – деп айқайлады

да, қақырына қан түкіріп, қара көйлектің жеңімен аузын сүртті.

«Қара  көйлектілер»  Леханы  жабыла  көтеріп,  ағаш  баспалдақты

бажылдата басып, үйлеріне кіріп кетті.

РУ-дағы  қортық  казак  бала  Ақтайдың  сегіз  сайлы,  түрлі-түсті

кепкасын алып шықты.

− Сендер кешіріңдер, – деді ол кепканы бізге беріп тұрып.

Жау  қолында  кеткен  алтын  Көк  бөрі  басты  байрағымыз  биікке

қайта көтерілгендей, Интернат пен РУ қорасын жаңғырықтыра:

− Ура!

− Ура!


− Ура! – деп айқай салдық.

Ұлан мылқау маған ымдап, РУ жақты көрсетіп, енді бұлар сендерге

тағы  тиісетін  болса,  маған  айт,  –  деді  де,  темекі  салған  дорбасын

көтеріп кетіп қалды.

Біз  жақтан  қатты  жараланған  бір-ақ  адам  болды.  Ол  –  Тілепалды

екен.  Біз  РУ-мен  соғысып  жатқанда,  ол  асхананың  күншуақ  жағына

шығып алып, кітап оқып тұр екен. РУ-дың екі баласы келіп:

− Сен неғып тұрсың? – деді.




− Экзаменге дайындалып тұрмын, – депті Тілепалды.

− Мə саған экзамен! Міне – «бес» алдың, – депті де біреуі кəдімгі

болт,  гайка  бұрайтын  қара  кілтпен  періп  кеп  жіберіп,  алдыңғы  төрт

күрек тісін бірден қағып түсіріпті. Аузы көртышқанның ініндей болып

үңірейіп  қалыпты.  Енді  біздің  класстың  сұлуы  Гүлнəрмен  қайтіп

сүйісер екен?

Бəрінен де сол қайғы. Сойдақтіс санын шапаттап қуанды.

Əлгі  төбелесті  завинтернат  есігінің  алдына  шығып,  венгеркасын

иығына  жамылып,  екі  қолын  галифе  шалбардың  қалтасына  салып,

қасқайып  қарапты  да  тұрыпты.  Құдды  Наполеон  сияқты.  Оны  мен

байқаған да жоқпын.

Бір аптадан кейін РУ-ды біздің қорамыздан көшіріп жіберді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет