ШАҚПАҚТЫҢ ЖЕЛІ
Қалжыраған, қанаттары талған бір топ қаз желге қарсы ұшып
келеді.
Тескентауды айналып, Маймақтаудың сыртынан шығып, Манас
шыңын бөктерлей, Ақсай арнасын, Ақсу-Жабағылыны бетке алып,
баяу қалықтайды. Тез ұшар еді, жел бар.
Құстар отаншыл. Жұмыртқа жарып, үрпек балапан болып дүниеге
келген жерін ұмытпайды. Көктем шыға, сол туған жерге жеткенше
асығады. Жол-жөнекей қанша қасірет шексе де, сол былтырғы ұясына
жетіп жығылу зор арман.
Құстар арманшыл. Арманы болмаса, несі бар осынша жол азабын
шегіп? Жүре бермей ме жылы жақта, тойған жерінде.
Қанаттарын қасарыса қағады. Қарсы алдынан Шақпақтың желі
қатайды. Қаздар қатайған желден жасымай, қайта одан қуат алғандай.
− Аймала бізді, Шақпақ желі, сені сағындық қой, – дегендей
қанаттарын кең құлаштап, салқын самалға сүйсіне сүңгиді.
Жел – құдірет.
Мақтымқұлы айтты: «Ей, телегей теңіз, тəкаппарланба, күнің жетсе
сен де құрғап, тақырға айналарсың. Ей, биік таулар, асқақтама, күнің
жетсе сен де жермен-жексен боларсың», – деді.
Дүниеде өзгермейтін, тозбайтын, топан-тозаңға айналмайтын зат
жоқ.
Тіпті ғарыштағы жұлдыздар да тозады.
Тозбайтын, өзгермейтін, өлмейтін бір ғана Құдай!
Содан кейін – Жел!
Дүн-дүние түп-түгел жойылып кетсе де жойылмайтын тек осы
Жел.
Жел жойылмайды. Жел өлмейді. Бəрі өледі. Жел өлмейді.
Өйткені дүн-дүние түп-түгел кеуек, бос қуыс болып қалса да сол
кеуекті тек жел ғана кезіп жүреді.
Жел мəңгілік.
Жел қаздардың досы. Қарсы алдынан соқса да қанаттарын
көтереді. Жел қатайған сайын қаздар биіктей түседі.
Қаздар мен қазақтар қанат аңсағандар.
Қазақ:
− Ах-ау, гүлдерайым, Күн мен Айым, Ұшарға қанатым жоқ,
неғылайын, – деп армандайды. Ал қаздар қанатсыз өмір сүре алмайды.
Əулиеатадан қайтқан қаздар Мыңбұлақтың қатар-қатар терең
сайларының үстінен ұшып барады.
− Ұмытқан жоқсыңдар ма, – деді алдағы Ана қаз мойнын артқа
бұрып балаларына, – мынау Ыбырай сайы; мынау Оспанқұл сайы;
мынау Таласбай бұлақ; əне анау бозаңдау болып жатқан төбе Мүрделі
сай. Онда сендердің бабаларың Тоқсанбай, Үкібас, Шоқыбас, Үсіп,
Жылтыр, Бердімбет жатыр. Ұлы анамыз Күнікей ханым жатыр. Міне,
міне... мынау біздің Бердімбет сайы!
Бердімбет сайының батыс жақ қабағындағы баяғы ақ үй əлі аман
түр екен! Əгі кетіп, тозыңқырап қалыпты. Қайран да біздің аппақ үй...
Ақ үйдің төбесінде шоқиып мүлгіп отырған күрең бүркіт кенет
канат қағып, тік көтеріліп:
− Келдіңдер ме? Көп жүріп қалдыңдар ғой. Мен ошақты батып
отырдым. Бұдан былай ошақты тастап кетпеңдер, – деді. – Ал менің
мекенім алыста. Соған жетуім керек, – деді де ғайып болды.
Тек Ана қаз:
− Тоқта, тоқта! – деп еді, зым-зыя, ешкім үн қатпайды.
* * *
Əулиеатада қайтар жолда Қамқа анаға сəлем бердім. Ол Бердімбет
сайдың шығыс жағындағы жатаған үйдің күншуағында, биік бөстектің
үстінде əлі отыр екен.
− Барсханбысың? – деді жүзден асып кеткен Қамқа.
− Иə, Барсханның өзімін, қасиетті Ана. Қалайсыз?
− Отырмын, шырағым. Аяғым жоқ, – деп шапан жапқан тізесін
шидей саусақтармен сипалап қойды.
− Дəу жігіт болыпсың ғой, Барсхан. Сендер қайтып келгенше ана
үйлеріңді Мұртаза қорыды да отырды. Ол да қозғалмай отырады. Мен
де көз талмай отырамын... Енді қайда барасың?
− Əулиеатада, оқуым бар ғой. Кешіксем – ұрсады.
− Төрт жыл көрмеген ұяңда бір-ақ түнегенің бе?
− Тағы да келемін той. Жазда. Демалыста.
− Баяғыда, есіңде ме, Барсхан, қара ешкі жоғалып кеткенде, сонау
Төстеті тобылғының түбінен тауып алғаның?
− Есімде, қасиетті Ана. Сіз ғой оны айтқан. Сонда көз ұшындағы
тобылғы түбінде лақтап қалған қара ешкіні қалай көріп қойдыңыз?
Осыны айтып, жүзден асып кеткен Қамқаның көзіне қарап едім,
кірпіктері түсіп қалған қабыршық қабақтың астынан түпсіз тұңғиық,
қап-қараңғы екі нүкте көрінеді.
− Мен бəрін көріп отырамын, Барсхан. Анау Манас шыңының
ұшар басында не болып жатқанын да байқаймын. Сірə, Манастың
аруағы болар: анда-санда шың басынан салт атты адам көрінеді.
Алысқа-алысқа қарап тұрып-тұрып, басын шайқап, қайтадан аспанға
ұшып, зым-зия болады.
Мен ойланып қалдым: «Аққұла» деген күлікке мінген Манас шың
басына шығып алып, төмендегі қыбыр-жыбыр, күйбең тіршілікті
шолып тұрып, неге басын шайқайды екен?» Қамқа өтірік айтпайды.
Манас басын шайқайды дейді. Манастың онысы несі? Себебін
түсінбеймін.
− Сенің əкең Мұртаза да ана үйлеріңнің түтін шықпай қалған
мұржасына қонақтап отырып-отырып, төрт жыл тапжылмай отырып-
отырып, кеше сендер қайтып келгенде ғана ұшып кетті ғой, – деп
қойды тағы да Қамқа.
− Heгe? Неге бізбен бірге қала бермеді?
− Е, Барсхан, аруақтардың да өз жұмысы, өз тіршілігі бар да.
− Қайда? Қай жерде оның тіршілігі?
− Түнде көп жұлдыздарды көресің бе?
− Иə, көремін.
− Е, əкең солардың бірінде.
− Сіз жұлдыздағыларды да көре аласыз ба?
− Жоқ. Оларға көзім жетпейді. Барғанда бір-ақ көремін.
− Сонда, сіз де жұлдызға барасыз ба?
− Е, бармағанда ше. Мені өлмейтін шайтан деп пе едің!
− Қайсысына?
− Оны бір Алла өзі біледі. Күнəсіздер жұлдызы бар. Күнəкарлар
жұлдызы бар. Қайсысы мекен болады – бұйрық біледі.
− Əжетай, онда неге өлген адамдарды жерге көмеді? Ешкімді де
жұлдыздарға апарып көмген жоқ қой?
− Ой, Барсхан, мен сені дəу жігіт болған екен десем, əлі бала
екенсің ғой. Жерге көметін адамның тəні, мына қу денесі, – деп жүзден
асқан əулие кемпір өз қолының шандыр терісін келесі қолымен
шымшылап қойды. – Ал жақсы адамның жанын періштелер аспанға,
жұлдыздарға алып ұшады. Ал аса жаман адамның жанын əзірейілдер
жеті қат жердің астына тастап жібереді. Немесе күнəкарлар
жұлдызына лақтырады.
Сенерімді де, сенбесімді де білмей, аңырайып тұрып-тұрып:
− Əжетай, мен кетейін. Пойызға жетуім керек, – дедім.
− Аман жүр, Барсхан, – Қамқа сексеуілдің бұтағындай қисық-
қыңыр саусақтарын жайды. – Тəңіртауды ұмытпа. Тəңіртаудың
басындай болмасаң да, бауырыңдағы тасыңдай бол! Енді сен қайтып
келгенше мен бармын ба, жоқпын ба – Құдай біледі. Мен кеткен соң
жұлдыздарға қарай жүр. Кім біледі, менің мекен жұлдызымды
табарсың, танырсың. Сонда аспанға қол жайып, «Е, Алла, Қамқа
апамның иманын бере гөр!» – деп тілесең болды. Ал мен сол алыстағы
жұлдыздан жерге қарап, құмырсқаша қыбырлаған адамдардың
арасынан сені іздеп, рухыммен желеп-жебеп, тілеулес болармын...
Өрдегі ауылдан ылдиға қарай домалап келемін. Бекетке дейін тура
жол жоқ. Төтесінен тарттым. Төте болғанмен кедергі көп. «Бір жол бар
– алыс, алыс та болса жақын; бір жол бар – жақын, жақын да болса
алыс», – деген екен бір дана баба.
Мына жол да сондай. Түркістан-Сібір темір жолының біздің ауыл
тұсындағы Теріс бекеттің жалғыз ақ үйі жап-жақын сияқты
көрінгенімен талай жер. Екі ара айдалған сүдігер; былтырдан бытысып
қалған жыныс қурай; жаңадан көтерілген көк – бəрі-бəрі аяқтан шалып
жүргізбейді. Интернат берген шалбардың балағын шеттік тікен
жырып, кəріқыз тікен жабысып, тұтып қалды. Түймебас ошаған
көйлегімнің етегіне дейін жабысты. Қалың ғой.
Көктемде Ақсай тасып, жойқын сол жердің бетін ырсита тілгілеп,
атан түйе шыға алмайтын ор қазып кетеді. Одан аттап өте алмайсың.
Амал жоқ, сол ордың бұралаңымен сен де қисалаңдай бересің.
Жол қиын. Бірақ асықпаған адамға қызығы да көп: енді-енді ұя
салып, ұясын аспанда тұрып шырылдап қоритын бозторғай; қыстай
жер астында жатып, мұздаған денесін күннің көзіне қыздырып,
рахаттанып жатқан сарыбауыр, семіз жылан; алқымы бүлкілдеген
ақтамақ кесірткелер; бүршігі енді-енді қызарып, əлі өсе қоймаған
қыздың емшегіндей теңбілкөк жауқазыннан енді бүртиіп шығып, əлі
ашыла қоймаған қызғалдақты аймалап ызыңдаған ара; аяғының
астынан абайсызда пар - р - р етіп ұшқан бұлдырық; қыстан қысылып
шығып жүдеген, жүні сабалақтанып, əлі түлемеген жүдеу түлкі; сенің
қуып жете алмайтыныңды біліп, сонандай жерге барып, артына
бұрылып қарап, сені мазақтағандай, ыржия күлгендей болады.
Бірақ мен асығамын. Тас лақтырсаң тиетін жерде сияқты
көрінгенмен, мен темір жолдың бойындағы ақ бекетке əлі тырбанып,
тер төгіп жетуім керек.
Бүршік жармаған теңбілкөк жауқазынды түбіндегі түйінімен коса
қазып алып, тос қалтама салып қойдым.
Жалғыз үйлі бекеттің жан-жағында жайдақ қора-қопсы. Қара май
сіңген ескі шпалдарды текшелеп жиып қойыпты. Иісі қолқаңды атады.
Үйіндінің түбінде екі-үш тауық жер шұқылап, құрт көрінсе ішек тарта
қақылықтайды-ай кеп...
Жаңа бұзаулаған қара сиыр маған ала көзімен қарап қойды. Қыстан
шыққан жұлма маяның түбінде жатқан сары ит мыңқ етті де,
тұмсығын қайтадан бауырына тыға салды.
Жолаушылар бұл бекеттен пойызға міне бермейді. Мінсе, тек батыс
жақтағы Боранды бекеттен, не шығыс жақтағы Сұрым бекетінен
мінеді.
Теріс бекетін таңдаған жалғыз мен. Вокзалсымақтың ішіне кіріп,
кестеге қарасам: «Ташкент-Новосибирск» пойызы енді, шамада бір
сағаттан кейін келеді екен. Касса жабық.
Далаға шығып, ауыл жаққа қарадым. Ауылым Тəңіртаудың Ақсай
аңғарынан асқақтап көрінді.
Ауылдағылар мені көрмейді. Көрсе, Қамқа көрер еді, бірақ ол ылғи
тау жаққа қарап отырады. Ылдиға, Теріс жаққа бұрылмайды. Бұрылар
еді, тұра алмайды. Екі аяғы семіп қалған. Мен ес білгелі солай.
Қамқа жүзден асып кетті. Онымен жасты адамдардан ауылда ешкім
қалған жоқ. Сірə, бір орыннан қозғалмай отыра берген адам коп
жасайтын шығар, а бəлкім, өлмейтін де шығар. Мына біз жүгіре
береміз, тыным таппаймыз, сонда не іздейміз? Бəрібір Қамқаның
жасына жетпейміз. Сондағы тыпыр не тыпыр?
Ақыры пойыз келді. Терісті бекет екен-ау деп елеген ешкім жоқ.
Вагондардың есігі де ашылмады. Бір-екі минут өтті ме, өтпеді ме,
пойыз бір сілкініп алып, вагондары сақыр-сұқыр етіп жылжи бастады.
Кірерге есік таппай, ақыры бір сыртқы тепкішекке аяғымды салып,
тұтқасынан ұстап, салбырап кете бардым.
Екі вагонның арасына қарай жылжи-жылжи, вагондарды
жалғастырған омыртқа сияқты дəу темірге ілініп, сатыдан ұстап,
ақыры вагонның үстіне шығып кеттім.
Кəпірлер есіктерін ашпаса, ашпай-ақ қойсын. Бəрінің төбесіне
шығып алдым. Рахат. Вагонның ішінде пысынап, темекінің түтініне,
адамдардың терлеген қоңырсық иісіне тұншығып отырғаннан гөрі,
мынауым – жұмақ.
Дүн-дүние түгел көрінеді. Ауылым мені байқап қалған ба,
қуанғаннан тал-дарағына дейін секеңдеп, билеп ала жөнелді. Шіркін,
пойыздың төбесіне шығып кеткенімді Қамқа көрсе ғой!
Көрсе, таң қалып, таңдай қақсын дегендей, мақтанып, Шақпақтың
желіне кеудемді тосып, түрегеп тұрмын. Шақпақтың,желі мені
ұшырып жібергісі келмей, аяғансып, аймалайды. Шақпақ желінің
ұясын көріп келемін. Ұясы – Шақпақтау мен Жабағылы таудың
арасындағы қысталаңда. Аңқылдап жел соғатын аңғар сонда.
Желдің арнасы. Құс жолы. Көктемде құстар келгенде, күзде құстар
қайтқанда, тек осы арнадан өтеді. Құстарға басқа жол жоқ – Жан-жақ –
биік таулар. Олардан құстар асып ұша алмайды.
Шақпақтың желіне кеудемді тосамын. Арқамды тоссам итеріп
жіберіп, құлататын сияқты. Оң қол жақта Қос Тұра, Қошқар-ата; бет
алдымда – Құлантау, Шақпақтау, Жабағылы; сол қол жақта – Тəңіртау
қалып барады. Манас қалып барады.
Tөс қалтамда – əлі ашылмаған жауқазын қызғалдақ. Сəтін салса,
солып қалмаса, Құдашаға апарып бермекшімін. Сабағы сынып
қалмасын деп сипалап қоямын. Сүтке тойып, асыр салған
құлыншақтай Құдашаны жақсы көремін. Онымды ешкім де білмейді.
Əлі бүршік жармаған қызғалдақты жауқазын жапырағымен қоса
ұсынсам, Құдаша өзі де сонда сезетін шығар.
Құдашамның аты – Ақ-Шолпан.
Осыдан интернатқа жетісімен би үйрететін үйірмеге жазыламын.
Ақ-Шолпанды биге шақырамын. Ана жолы көргенім өң бе, түс пе?
Құдашаның Семіз сарымен билегені. Оны жағасынан алғаным.
Пистолеттің атылғаны.
Жоқ. Ол болмайды. Құдашамен енді өзім билеймін.
Шақпақ желі шалқиды. Менің көңілім де телегей. Тікемнен тік
тұрып келемін. Кенет пойыз өкіріп жіберді.
Əлдене мені қанатымен қағып өтіп:
− Жат! –деді.
Етпетімнен түстім. Вагонның жон арқасына жабыса қалдым. Қап-
қараңғы үңгірге пойыз сүңгіді де кетті. Паровоздың түтіні бүрк етіп,
туннелдің ішін кеулеп, тұншықтырып барады. Демім бітіп, қақалып-
шашалып, көзім түк көрмей, көрде қалғандай үрейден жаным шыға
жаздаған шақта, дүние қайтадан жарқ ете қалды.
Пойыз туннелден, үңгірден ақырып атылған айдаһардай қайқаң
етіп шыға келген екен.
Тағы да тірі қалдым. Сонау бір қыста, Айша екеуіміз Əдия
əпкемнің үйінен «Zinger» машинасын арқалап, онда да вагонның ішіне
кіре алмай, сыртқы тепкішекке ілініп, салбырап келе жатқан да осы
Тескентаудың туннелінде...
Есіме түссе, əлі күнге дейін жүрегім зу-зу ете қалады.
Тескентаудың туннелі барын білемін. Біле тұра, қалай ұмытып
кеткенмін. Өзім вагонның ішінде де емес, төбесіндемін. Сырттамын.
Тағы да Шақпақ желге төсімді ашып қойып, тікемнен тік тұрып
келемін.
Ол қай жетіскенім? Сəл болмағанда, туннелге пойыз кіре бергенде
менің басымды Ажал жарықтық қағып түсетін еді-ау!
Сақтады.
Кім сақтады? Құдай сақтады.
Сонда қанатымен қағып өтіп:
− Жат! – деп ышқынған кім? Кім? Кім? Кім?
Төс қалтамды сипалап қарасам, жауқазын қызғалдақ орнында екен.
Ол да қорқып кеткен бе, бүршігі ашылыңқырап, қып-қызыл алау шоқ
лағыл тастай жарқ етті.
Алдымда – Əулиеата...
19.04.1999 жыл.
Document Outline - БІРІНШІ КІТАП
- ЕКІНШІ КІТАП
Достарыңызбен бөлісу: |