ҚАЙ ФЛОТТЫҢ МАТРОСТАРЫ?
Сөйтіп, мен интернат – пансионатқа қабылдандым. Сірə,
өлермендікпен. Əрі жақсы жандардың арқасында. Бүкіл облыстан жүз-
ақ бала қабылданса, соның бірі менмін. Қабылданбай қалғандар
қаншама.
Егер
менің
түп-тұқиянымды
тіміскілесе,
мен
қабылданбаймын. Өйткені мен «халық жауының» баласымын. Əрі
десе, Айша аман-сау. Ал мұнда «круглый сирота» дегендер алынуға
тиіс.
Маған сол «круглый сирота» – «тас жетім» деген справканы алып
берген Қали атам. Бектөбе сельсоветінен. Жуалыдағы Мыңбұлақ
сельсоветінен, өзімнің туған жерімнен барып алайын деп едім, Айша
айтты:
− Барып əуре болма. Таңқай қатын саған справке бермейді, – деді.
− Справке берген күннің өзінде оңдырмай береді. Əкесі Мұртаза
«халық жауы» болып сотталған деп береді. Шешесі Айша əлі өлген
жоқ, қақшаңдап тірі жүр, колхоздан қашып кеткен – деп береді. Сонда
сені қазына мектебіне қайтіп алады?
− Таңқай деген шын аты ма?
− Жоға. Тəп-тəуір аты бар. Ұмытып қалдым. Атқа мініп, сельсовет
болған соң Таңқай атанды ғой. Бізден артық түгі жоқ, жаман қатын еді.
Атқа мінген соң таңқайып шыға келді ғой. Содан жұрт Таңқай деп
кеткен.
Құдай өзі кешірсін, амалсыз өтірік справкамен кете бардым.
Интернат үйі – Көк базардың желкесінде «Старо – Ташкентская, 11»
деген ғимаратта екен. Мектептің өзі Пушкин көшесінде. Екі арасы
едəуір жер. Директор Коргулинның бұйрығын алып, интернатқа
келдім. Интернат үйі – бұрын бір өзбек байының əулі – жайы екен.
Едəуір жерді алып жатқан төрт бұрышты, тұтас бір «махалла».
Кіреберісінде кең дарбаза. Дарбазадан өтсең: оң жағында бір үй, сол
жағында бір үй. Маңдайшаларында «РУ-3» деген жазулары бар. Ол
үйлерге кілең қара көйлек, қара фуражка киген балалар кіріп-шығып
жүр. Жалпақ қайыс белдіктерінің тоғасы жалтыраған сары жез екен.
Көз қызатындай. Бəрі де орыс сияқты.
«Адасып келдім бе» деп қалдым.
− Интернат тұт? – деп сұрадым біреуінен жаман орысшаммен.
− Нет, – деді. – Тұт ремесленное училище! – мақтана сөйледі. –
«Интерники» там, – деп əулі-жайдың тор жағын немқұрайды нұсқады.
«Г» əрпі тектес ұзыннан-ұзақ ғимарат екен. Құрамалы – қорғанды жай.
Ортасында – бір ақ үй. Батыс жағын ала, тағы бір шағын үй тұр.
Кепкесін қисайта киген тапал біреу талтайып тұр екен.Жанына барып,
сəлем бердім. Осылай да осылай деп қағазымды ұсындым. Басымнан
аяғыма дейін алақ-жұлақ қарап:
− Обормот, – деді.
Онысын түсінбедім. Түсінгенде: «талтайған тапал!» – дер едім.
Бірақ түсінбегенім де дұрыс болған екен. Ілкі қадамды ұрыстан
бастасам жолым бола ма?!
− Мүсілім Қонақович, таныс болайық, – деп кепкесінен бұйра
шашы бұрқырап шығып тұрған тапал қолын созды. – Мен осында
тəрбиешімін. Мүсілім Қонақович. Есіңде болсын, мені осылай
атайсың. Ал завинтернат анау үйде тұрады – деп əулінің батыс
жағындағы шағын ақ үйді көрсетті. – Уəлихан Мұхамеджанов.
Уəлихан Мұхамеджанович дейсің. Білдің бе, обормот.
− Білдім, – дедім ықыластана бас шұлғып. – Ағай, – дедім
батылдана.
− Иə, тыңдап тұрмын, обормот.
− Осы «обормот» дегеніңіз не?
Ол сəл қызарғандай болды.
− Е, ол «молодец», яғни азамат деген мағынада ғой.
− Е, – деп жақсы көріп қалдым.
− Бері жүр, мен сенің койкаңды көрсетейін, – деп Мүсілім
Қонақович мені бір бөлмеге ертіп келді.
* * *
Түсте бəрімізді сапқа тұрғызды. Асхананың алдында. Мүсілім
Қонақович бəрімізді бойымызға қарай реттеп, үсті-басымызды
жөндеп, түймемізді түзеп, ұзыннан-ұзақ жүз балалық саптың о басына
бір жүгіріп, мына басына бір шығып, шыр-пыр болып жүр. Байқасам,
мен ұзын саптың орта шенінде сияқтымын. Ең басында ересектер
тұрған сияқты. Олар оныншы, тоғызыншы класстағылар. Сегізінші
класстықтардан бастап майдалана береді. Ала-құла сап. Біреудің
көйлегі ақ, біреудікі көк. Қызылы да, сарысы да бар. Əсіресе аяқ
киімдер келіскен. Етік кигендерден бастап, жалаңаяқ, шұлықсыз
шəркей кигендерге дейін тұр. Сірə, «тас жетімдер» сол тесік тапошке
кигендер болар. Əлде əдейі солай істеді ме, кім біледі? Су жаңа
киіммен тұрған ешкім жоқ.
Бір кезде шағын ақ үйден сол үйге лайықсыз бойы бар еңгезердей
біреу шықты. Қап-қара шашының маңдай тұсы кереқарыс. Көмірдей
қара қасы доғаша иілмей, əлдеқайда ұшып кетердей, шаншылып тұр.
Аяғында жып-жылтыр хром етік, галифе шалбар. Тік жағалы ақ
көйлектің үстінен омырауы, тік жағасы қоңыр қозының елтірісімен
көмкерілген венгерканы желбегей жамыла салған.
Дəл бір Сталиннің өзі келе жатқандай, тіл-ауыздан айырылып,
сірестік те қалдық. Əрқайсысы аттың жілігіндей жуан білек, түкті
қолдары галифе шалбардың қалтасында.
Мүсілім Қонақович сонадайдан алдынан жорғалап шығып:
− Жолдас завинтернат, то есть Уəлихан Мұхамеджанович!
Интернат построен. Все в сборе, – деп оң қолын шекесіне апара
жаздап қалып, қайтадан шолтаң еткізіп, төмен түсірді.
Завинтернат Мүсілім Қонақовичқа ажырая бір қарады да, саптың
басында тұрғандардан бастап, əркімнің тұсына бір тоқтап, үн-түнсіз
бедірейеді. Зəрең зəр түбіне кеткендей. Кейде əлдекімнің алдына
келгенде, маңқиып, манаурап қалады. Тіпті, көзін жұмып тұрады. Ол
ненің белгісі – жұмбақ.
Мүмкін, осы əдіс арқылы кімнің кім екенін біліп қоятын шығар.
«Сен кімсің? Қайдан келдің?» – деп те сұрамайды. Паң. Екі қолын
галифе қалтасынан əлі шығарған жоқ. Күн əлі жылы болса да
венгеркасы иығында. Сірə, біздің əскердің киімі емес. Пошымы бөтен.
Менің жаныма таянғанда, сол венгеркадан шықты-ау деймін, бұрын
сезбеген бір жат иіс мүңк ете қалды, завинтернат қалтасынан бір
қолын шығарып, мұрнымның, ұшынан шымшып кеп қалды. Шошып
қалдым. Мұндайды күтпеген едім. Жанымдағылар шиқ-шиқ етіп күле
бастады. Завинтернат еріне сөйлеп:
− Танауыңды ұрайын, – деді.
Сірə, байқампаз болар. Əлгі иістен мен сəл-пəл тыжырынып,
түшкіре жаздап, мұрнымды басқанымды байқап қалса керек.
− Сен ойлағандай боқтың иісі емес, нафталин! – деп ақырды. –
Нафталин сеппесе, күйе жеп қояды.
Менің тұсымнан завинтернат өте бере, артында келе жатқан
Мүсілім Қонақович маған жасырып жұдырығын түйіп:
− Обормот! – деп ысылдады.
Еріксіз: «Обормот несі? Молодец, азамат деген сөз деп еді ғой.
Тағы да обормот деді. Жақсы сөз болса, неге кіжініп, жұдырығын
түйді?» деген күдік ойымды мазалап, сейілмей қойды.
Сапты бойлап болған соң, завинтернат алдымызға шықты.
Тəрбиешіні саусағының ұшымен шақырып алып:
− Мыналарды тамақтан бұрын түгел моншаға апарыңыз. Киімдерін
өртеп жіберіңіз. Завхозға айтыңыз: бастан-аяқ біркелкі киіндірсін, –
деді де, тəкаппар қалпында өз үйіне қарай бұрылып жүре берді.
* * *
Моншада Мүсілім Қонақович бəрімізді тырдай жалаңаш
шешіндіріп, киімдерімізді бір бұрышқа үйдіре бастады. Үстімде тəп-
тəуір, бомазиден тігілген көк көйлегім бар еді. Қимай бүктеп-бүктеп,
кабинаның артына тыға салдым. Кейін Батырханға апарып берсем,
қуанып қалады ғой. Оған əрине, үлкен. Кең де боса неғылар дейсің,
Айша шақтап тігіп берер. Үйде «Zinger» машинасы бар ғой. Бабадан
қалған.
Мүсілім Қонақович ескі киімдерді өзі қадағалап, бұрышқа
тастатып тұр. Көне шалбарымды умаждап лақтыра беріп едім, Мүсілім
Қонақович:
− Əй, обормот, көйлек қайда, көк көйлек? – деп шаңқ ете қалды.
− Ағай...
− Ағайды көрсетемін мен саған. Мүсілім Қонақович де.
− Мүсілім Қонақыш, ауылда інім бар еді, бүп-бүтін көйлек, обал
ғой.
− Онда жаңа форма алмайсың. Қара мұны!
Амал қанша, көк көйлек те бұрышқа лақтырылды.
Бас-басымызға шишақпақ қорабының үлкендігіндей кір сабын
үлестірді.
Буы бұрқырап бетті шарпыған ып-ыстық моншаға кірдік те кеттік.
Бұл монша: «Енді бұдан былай қайнаған өмірің басталады», – деп
ескерткендей болды.
*·*·*
Моншадан мүлдем басқа балалар тізіліп шықты. Бəріміздің
үстімізде салпыншақ, жалпақ жағалы, жап-жаңа көк матросқа.
Бұтымызда қап-қара жаңа шалбар, аяғымызда жаңа бəтіңке.
Көшедегілер аң-таң.
− Бұлар қай флоттың матростары?
− Тихоокеанские, – деп күледі біреулер.
− Балтық теңізінен, – дейді біреулер.
− Қара теңіз флоты, – дейді енді біреу.
− Жоқ, Аса, Асинский флот, – дейді бір тапқыр. Көше ду күлді.
Пушкин көшесінің асфальтсыз тас жолын сақылдатып сап келеді.
Мүлде жаңа, бейтаныс сап. Үміт дүниясы.
|