Жайнизм Ежелгі Үндіде б.д.д VI-V ғасырларда пайда болып, қазірге дейін тіршілік етіп келе жатқан діни-философиялық ілім.
Негізін қалаушы — Вардхамана (б.д.д VI-V ғ) деп саналады. Вардхамана көбіне Махавира («Ұлы батыр») және Джина («Жеңімпаз») деп те аталады. «Жеңімпаз», «Ұлы батыр» есімдері — оның өз құштарлығын жеңіп, рух азаттығына жетуі құрметіне берілген.
Жайнизм өз ішінде екі негізгі бағытқа бөлінеді: шветамбарлар («ақ кигендер») және дигамбарлар («жалаңаштанғандар», «ауаны киім еткендер»). Екі бағыт та бірдей философиялық көзқарасты ұстанады, олардың арасындағы айырмашылық діни әрекеттің кейбір сұрақтарына ғана байланысты.
Негізгі еңбектері. б.д.д VI- ғасырда жазылған «Шветамбарлар каноны» — (бұл кітапқа Махавираның еңбектері де енген). Дигамбарлар бұл канонның ең ежелгі бөлімдерін ғана мойындайды.
Философиялық көзқарастары. Жайнистер құдайдың бар екеніне сенбейді. Олардың ілімінде «Бірегей жан» немесе Құдай жоқ: дүниеде тірі мәнге айналдырылған немесе айналдырылмаған орасан көп және өзгермейтін жан бар. Жанды да, материяны да ешкім жасамаған, олар мәңгі, әуелден бар және әрқашан болады. Жан — барлық заттар мен құбылыстарға ене алатын, тани алатын, бәрінен құдіретті болуы тиіс, әйтсе де жанның мүмкіндігі өзі өмір сүретін денемен шектелген.
Олaр сыртқы дүниені және ондағы объектілердің реалды тіршілігін мойындайды. Жайнистер ілімі бойынша, екі мәңгілік бастама және мән бар: жаратылмаған және жойылмайтын тірі джива (жан) және өлі аджива (материя, кеңістік, уақыт, эфир).