Сарасыз айтыс жасап қай сасқаның.
Таласар арамызда бір ару жоқ,
Айғырлардың көріңдер шайнасқанын – деп, Сарасыз айтыс жасағандарың қай сасқаның – деді. Ащы да болса бұл ақиқат. Себебі Жетісуда Сараның ізін жалғастырар, аламан додаларда топ жарар аруларды көре алмай жүрміз.
Жастар арасында өткен бұл айтыстың көрігін қыздырғандар арасында Райымбек пен Талғар аудандарының ақындары Аят Жәнібек пен Нұрислам Әбитилда болды. Жартылай финалда жолыққан екі ақын да суырып-салмалық өнердің үлгісін көрсетті.
Нұрислам:
Біржан-Сара еді ғой шын дүлдүлің,
Өлеңімен шашатын күннің нұрын.
Арттарына өлмейтін із қалдырып,
Биік қойды бәрінен жырдың құнын.
Біржаным асау өзен арнасындай,
Сара ақын тектіліктің жалғасындай.
Айтысы Біржан менен Сара қыздың,
Қазақтың айтысының айнасындай – дей келе, біресе «әлаулай, біресе қалаулай» дейсің-деп Аятты тұқыртпақ болды. Қарсыласының сөзіне мырс етіп күліп, шыбын шаққан құрлы көрмеген нарынқолдық Аят ақын:
Сақтаған бабалардан тектілікті,
Жігіт ем, осы өмірде текті, мықты.
«Айтыста қалаулайым дедің ғой» деп,
Сен бала көрсетпедің ептілікті.
Қадірлеп қара сөзді қор қылмадым,
Баурадым қара өлеңмен көпшілікті.
Піспеген сен сияқты балаларға,
Қалаулайдың өзіде жеткілікті-деп, Нұрисламның мысын басып, заманында топты жарып, шашаларына шаң жұқпаған Сара мен Біржанды жырымен әспеттеді.
Дүние жеткізбеген армандыны,
Секілді көшкен елдің ауған жүгі.
Кешегі Біржан Сара ақындардың,
Жатталып ұрпақтарға қалған жыры.
Талантты бабалар ай баға жетпес,
Алланың маңдайына жауған нұры.
Жырың қалды жүлде бар ма одан асқан,
Замана таңдап алар талғамдыны.
Мойнына алтын қарғы таққанменен,
Артпайды оған бола арлан құны
– деп, екі Біржан мен Сараны тіліне тиек етті. Қалжың айтса қарсыластың қабырғасын қақыратып жіберетін Аят Нұрисламды шаң қаптырып кетті. Жартылай финалға шыққан төрт жұп ақынның арасында Дархан Серікұлы, Ділмұрат Рақымқожа, Қанат Боқан, Мұхамедхан Исламхан, Ақыт Дастанұлы, Аят Жәнібек, Жанатбек Айдарәлі арасындағы сөз сайысында ақтық айналымға қазылар құрамы айтысты сұрыптай келе Аят Жәнібек пен Жанатбек Айдарәліні шығарды.
Қарсыласын қадірлей отырып, сыпайлықтың үлгісін көрсеткен Жанатбек, айтысса арқаланып кететін Аятты бір-мақтап, түр-түсінде, бойын да, ойын да, жырға қосты.
Хантәңірі мақтанышы баршамыздың
Жұпар иісі аңқиды аршаңыздың.
Айтысқа шөлдеп қалды барша қазақ,
Кепкені де рас-ау, аңқамыздың.
Бабы келген жылқыдай жер тарпыған,
Қозатыны бар екен арқаңыздың.
Аятжан тілің алмас жағың қайрақ,
Сабы да қарағайдан балтаңыздың.
Сенің осал болуың мүмкін емес,
Жартысы толған өлең қалтаңыздың.
Мұқағали қара өлеңге шекпен жапса,
Аят сен тамырына қан тамыздың.
Өңің суық қағаздың картонындай,
Танауың Үштөбенің маркобындай.
Екі бетің албырап отырсың-ау,
Нарынқолдың отқа көмген
картобындай.
Қарағайдың кесілген шөркесіндей
Өмірде білінбейді бар жоғыңдай.
Сөзіңнің сөліне ел тамсанады,
Грузинның «Есен тухи» баржомындай
Дауылдасаң Райымбектің көзіндейсің
Нөсерлесең Көдектің сөзіндейсің
Екіленіп сөйлесең есе бермей,
Шапқа біткен шандырдың безіндейсің.
Сыңар езу жылқыдай бұра тартып,
Безгек тиген адамдай безілдейсің.
Күліп тұрып кетесің күйіндіріп,
Ханды алдаған тазшаның өзіндейсің
Аятжан ел болмайсың жекеленіп,
Бақылдап не қыласың текеленіп
Басыңа бас қосылып бағың жанып,
Албанның бір қызына некеленіп.
Үй болып өсіп-өніп соғым сойып,
Бізді де шақырарсың шеке беріп.
Абыройың асқақтап
Хантәңірдей,
Ырысың арта берсін еселеніп – деп айтысты аяқтады. Аят та қалжыңнан қар боратты. Жанатбекке есесін жібермеді.
Тілінің тікені бар ақын Балғынбек ағасы сияқты өлеңдері сатираға ұласып жатты.
Қынаптан суырылса қылыш
тілім,
Тұлпардай біреуі едім
тыныстының.
Аман-есен келдің бе,
Жанатбегім,
Бірден бастап кетейін ұрыс
бүгін.
Өзіңе қарап тұрсам, бір
түрлісің,
Көзіме ұнамай тұр бұл
ұсқының.
Археологтар қабірден қазып
алған,
Мумиядан аумайды
тұрыстығың.
Ептеп жүріп қазаққа келіп
алған,
Біреуі емессің бе жымысқының.
Одан қалса тағы да ұқсатамын,
Текті елдің бұзып жүрген
тыныштығын
Басыңа ұқсатамын оның
басын,
Шашыңа ұқсатамын шыбыш
қылын.
Ал, Жанатбек, ендеше өзің
айтшы,
Ойыңның білуші едім тым
ұшқырын.
Қораппенен кіндігін жауып
алған,
Боратпенен жоқ па еді
туыстығың
– деп қарсыласына жебедей қадалған Аят «өлең сөздің патшасы атанған Абайды жырына арқау етті.
Қазақта Абай дана, Абай дара,
Әр ғасырда ататын арайлана.
Желіде келемеждеп ұлыларды,
Тілдің сұғын қадады Абайға да.
Абайдың ұрпағымыз дейді дағы,
Абайламай сөйлейді талай бала.
Үйірінен кейбіреу адасса да,
Биігінен түспейтін Абай ғана.
Әй, осы кей ақындар қатырады,
Тілдің сұғын талайға батырады.
Тұлпардай туламайтын жөнің бар ма,
Туғасын Жетісудың топырағы.
Кешегі саңлақ ақын Сара туған,
Қазақтың қасиетті атырабы.
Айтыс дейтін киелі бәйтеректің,
Жайылған сен екеуміз жапырағы
– деп өзімен құйысқан тістесіп қатар келген Жанатбекке жүрекжарды лебізін білдірді.
Айтыстың бірінші күнінен бабы мен бағы қатар шапқан екі ақынның сайысы тартысты өтті. Әсіресе, нарынқолдық Аяттың екпіні бәсеңдемеді. Бірін-бірі алып та, шалып та көрді. Аяттың бағы жанып, бас жүлдені қанжығасына (500000 теңгені) байласа, бірінші орынды Жанатбек (300 000 теңгені) иеленіп, жүлделі екінші орын (200000 теңге) Ақыт Дастанұлына бұйырды. Ал, үшінші орын (100000 теңгені) Нұрислам Әбитилдаға тиесілі болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да айтысты ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жалпы Жетісу өңірінде жастар арасындағы бұл онлайн айтыс айтыскерлерге үлкен сабақ болуы тиіс. Ақындық өнер біліммен, оқу-тоқумен, әрі қанда бар қасиетпен келеді. Сондықтан, айтысқа немқұрайды қарауға болмайды. Айтыскерлерге алдын ала айтыстың бағдарламасы толық жіберілсе де, айтысқа толық дайындалып келмегендері көрініп тұрды.
Айтақын МҰХАМАДИ
Достарыңызбен бөлісу: |