Pedagogical sciences
Belgibayeva G.K., Beisenbekova G.B., Abylaikhan S.M., Yelshina M.K., Yespaeva R.O
Karaganda University named after academician E. A. Buketov, Kazakhstan
Отбасы - балалардың бойына адамгершілік мәдени қарым-қатынас негіздерін қалыптастырудың қайнар көзі
Аңдатпа. Бұл мақалада баланың тұлға болып қалыптасуына себепкер болатын адамгершілік мәдени қарым-қатынас негіздері отбасынан бастау алып, тамыры тереңге жайылатыны айтылған. Отбасындағы әрбір әрекет пен айтылған сөз тәрбие құралдарына айналып, баланың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіре отырып, үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отыруға болатындығы насихатталады.
Қазақ халқы атам заманнан бері ұрпақ тәрбиесіне аса үлкен мән берген. Қыз бен ұлдың тапқыр, дарынды, қабілетті де ақылды болуымен қатар жақсы Адам болып шығуын ата-ананың басты міндеті деп санаған. Ұлды – шаңырақ иесі, ата-ана мен бауырдың асыраушысы, елдің қамын жейтін, оның жоғын жоқтайтын азамат, ал қызды – отбасы ұйытқысы, ер азаматтың сенімді серігі етіп тәрбиелеуді мұрат еткен. Ұлдың да, қыздың да кішіпейіл, көпшіл, мейірімді, қамқор да қайырымды, еңбекқор болып өсуіне ел болып ат салысқан.
Қарым-қатынас адам психикасының және оның мінез-кұлкының мәдени, саналы түрде қалыптасуы мен дамуында үлкен роль атқарады. Қарым-қатынас арқылы адам жоғары қабілеттері мен қасиеттерін аша алады. Дамыған адамдармен белсенді қарым-қатынасқа түсе отырып, ол өзі тұлға болып қалыптаса алады. Егер туғаннан бастап, адам басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігінен айрылса, ол ешқашан мәдениетті, адамгершілігі бар адам болмас еді.
Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл- парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт- дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Жетілген мінез-құлық – бұл үш нәрсенің: жүректің, ақылдың және қолдың бірлігі мен келісімі.
Қазақ халқының бала тәрбиесіне деген көзқарасының өзіндік ерекшеліктері бар. Келешек ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, балаларды ата-баба дәстүрінде тәрбиелеуді мақсат тұтқан қазақ отбасылары баласын мәдениеттілкке, зерделілікке баулып, халықының мәдениеті мен әдет-ғұрпын тәрбиенің бұлжымас құралы ретінде ұстанған. Бұл ретте педагогика тарихында қазақ ауылындағы отбасы тәрбиесі, мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру, балалардың даму ерекшеліктері, адамгершілікке тәрбиелеу және т.б. мәселeлeр зерттелген. Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесімен де бірқатар ғалымдар айналысқан, атап айтсақ, ресей ғалымдары Урунтаева Г.А., мәдениeтін қалыптастырудың жолдарын ұсынса, қазақ педагог-ғалымдары Шериазданова Қ.Т., Ауталипова Ү.И., Елеусізова С.М., Оразбекова К.К. және т.б. қарым-қатынас мәселeлерін сөз етeді. Десeк те, қазақ отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты, оның өзіндік ерекшеліктерін қарастырған еңбектердің өте аздығы анықталды. Сонымен, балалардың қарым-қатынас мәдениетін бүгінгі өмір талабына сай, ұлттық сипатта қалыптастыруды жүзеге асырудың қажеттілігі мен оны отбасы тәрбиесі жағдайында ғылыми-әдістемелік бағыттарының жеткіліксіздігі аралығында қарама-қайшылықтар байқалады.
Қарым- қатынас мәдениеті дегеніміз-адамдардың өз мінез-құлқын басқару арқылы басқалармен тіл табысу және алдына қойған мақсатына жетудің тиімді жолын табуды айтамыз.
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал сeкілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.
Ата-аналармен әңгімелесу орны міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені ол жерде сөйлеу мәдениеті мен ойлау мәдениеті қалыптасады. Бірақ баламен тілдік қарым-қатынас жасауда арнайы дауыс көтеру қажет емес. Ертегі өзі-ақ баланы қызықтырушы үлгі болып табылады. Ертeгіні білгeн бала қиялдау, армандау сезімдеріне бөлене алады. Барлық отбасы мүшелері біргe дауыстап оқып, концерт ұйымдастыру, eртегі құрастыру, хормен әң айту сияқты тәсілдерді әдеткe айнaлдырған ата-анaлардың балаларына қарым-қатынас жасау ешқандай қиындық тудырмайды. Бұндaй балаларға болaшақта бaсқа балалармен араласу онайға түседі.
Сондай-ақ, баланы тек оқуға ғана емес, қасындағы адaмның сөзін бөлмей тындауға да үйрету керек. Бұны дa балa өз әке-шешесімен үйренеді. Баланы диалогқa үйрете отырып, біз оны тілдік қарым-қатынас жасауға үйретеміз, өйткені сөйлесіп отырған адамдар екінші адамның дүниеге көзқарасын, сенімділігін таниды.
Сөйлеу тілі баланың әр түрлі әрекеттер жасау барысында жақсы қалыптасады. Егер бала өмірі әр түрлі қызықты оқиғаларға толы болса, ол өзінен өзі дамиды. Мектепке дейігі жаста балалар театрға, концерттік залдарға, мұрaжайлaрға, көрмелерге бaра бастaйды. Ата-aнa міндетi балaның араласу, даму ортасын кеңейту. Бірге жүріп өткізген уақыттардан бала жақын адамдарымен араласу кезінде тек қуаныш алуы керек. Ол баланың мәдени өміріне үлкен әскер қалдырады. Бала тілі қалыптаса бастағанда, оның жанында өзін жақсы көретін, түсінетін, қамқор ата-анасы бол,аны жөн. Балабақшада арнайы ұйымдастырылған сабақтар, түзету жұмыстарын және әр түрлі күн тәріптерін орындауға байланысты іс-әрекеттер де балалар мен ересектердін қарым-қатытас құралы болып есептеледі. Сондықтан, мектепке дейінгі балалардың ересектермен, құрбылармен жасайтын қарым-қатысының маңызына өте үлкен мән беру қажет, өйткені ол балалардың жеке басының дамуында маңызды орын алады.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығымен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп нақты ұғымды кеңестер береді.
Ал, ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны аялауы мен оған деген,ізгі, мейірбан қарым-қатынасын мақтанышпен айтуға тұрады. Себебі олар көшпенді өмір сүргендіктен әркез өздерін табиғаттың бір бөлігіміз деп есептеген. Жер Анаға деген құрмет пен ізет олардың санасында ғасырлар бойы қалыптасқан.
Қазақ отбасыларында жоғарыда аталған тәрбие түрлерін жүзеге асыруда ежелден қолданылып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Олар: балаларға қайрымды, ізгі қатынас жасау, сыйлау адамгершілік сезімдеріне әсер ету, жанама ықпал жасау, құлықтық қолдау, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, реңіш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айтуды есептейміз.
Қазақ отбасы тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктер қатарына жататын әдіс-тәсілдердің бірі бұл-тұспалдап айту арқылы шешендікке баулу.Сонымен қатар тұспалдап сөйлеуді –сыйластықтың керемет бір үлгісі деуге болады, өйткені ол белгілі біреуге қадап, айыбын бетіне басып айтылмайды .
Бала алғаш өзіне еркелетіп, тұспалдап айтылған мазақтамалар арқылы зеректікке, тапқырлыққа жаттықса, өсе келе өзіндік шығармашылық танытатын болған. Ол үшін қазақ отбасында даярлық ерте жастан жүргізілген.
Мәселен, үйге қонақ келгенде алдымен қонаққа арнап балаларға өлең, тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаш айтқызатын болған.
Сондай-ақ қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз.
Үлкендi құрметтеу отбасы мүшелерiнiң бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілiк, борыштылық, адамгершілік сезiмдерін туғызған.
Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітiлмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың , қыз бен жеңгенің, келiн мен ененiң, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым- қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті.
Қазақ отбасында балаға тiлi шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ , ағайын туысты, нағашы жұртын, ата тегін, руын , ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген.”Жетi атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихан білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жетi атасын бiлген ұл, жетi жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Давыдова О.И., Богославец Л.Г., Майер А.А. Балабақшада ата-аналармен жұмыс: Этнопедагогикалық тәсіл - М.: ТЦ Сфера, 2005. – 144 б. - («МДҰ басқару» журналына қосымша).
2. Зверева О.Л. МДҰ ата-аналар жиналысы: әдістемелік құрал /О.Л. Зверева, Т.В. Кротова. - М.: Айрис — пресс, 2006. – 128 б. - (Мектепке дейінгі тәрбие мен дамыту)
3. Макаренко А.С. Ата-аналарға арналған кітап / А.С. Макаренко. – М.: Просвещение, 1968.
4. Республикалық педагогикалық журнал Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту журналы № 6 – 2014 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |