БҚму хабаршы №2-2016ж


НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КӨНЕ ТҮРКІЛІК САРЫНДАР



Pdf көрінісі
бет26/40
Дата28.02.2017
өлшемі4,16 Mb.
#5072
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   40

 
НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КӨНЕ ТҮРКІЛІК САРЫНДАР  
 
Аңдатпа.  Мақалада  ноғайлы  дәуірінің  әдеби  мұраларындағы  көне  түркілік 
сарындар мен әдеби дәстүр жалғастығы мәселелері қарастырылады. 
Тірек сөздер: Ноғайлы әдебиеті, сарын, түркілер әдебиеті, батырлық эпос, жырау. 
 
Ұлы  даланың  өн  бойында  мыңдаған  жылдар  өмір  сүрген  тайпалық  одақтар, 
хандық мемлекеттердің барлығы түркілерге тән еді. Өз мекені – сары даланы жердің 
кіндігі санаған сақтар мен ғұндар да, көк түріктер де дүниенің төрт бұрышын түгел 
шолған, дүниетанымы табиғат ананың заңдылықтарымен ерекше үйлесім тапқан ұлы 
өркениет  иелері  болатын.  Санамызға  адамзат  өркениетінің  негізін  салған  деп  сіңіп 
қалған элладалықтарды даналығымен таң қалдырған  Анақарыстың  «Менің киімім  – 
скиф  шекпені,  аяқ  киімім  –  екі  аяғымның  өз  терісі,  төсек-орным  –  қара  жер,  түскі 
асым да,  ертеңгі асым да – сүт, ірімшік, қуырылған ет,  ал сусыным  –  қара  су ғана»  
[1, 101 б.] – деген сөзінде дарқан даланың  данышпандығы мен даралығы жатыр. 
Түркілер  құрған  мемлекеттің  ең  ірісі  де,  ең  қуаттысы  да  –  түрік  қағанаты. 
Сақтар  мен  ғұндардан  бізге  жеткен  әдеби  жәдігерлерімен  салыстырғанда  көк 
түріктердің мұрасы анағұрлым мол, әрі көркемдік деңгейі де жоғары. Уақытқа тоқтам 
жоқ. Мәңгі тұратындай болған сол Ұлы қағанат та келмеске кеткен. Мәңгіліктің иесі 
– жаратқан құдай, тәңірі ғана. 
Кейіннен бірнеше қағанаттар мен ұсақ мемлекеттік одақтарға ыдыраған Түрік 
қағанатының  территориясында  әйгілі  Шыңғыс  хан  ұрпақтары  құрған  Алтын  Орда 
мемлекеті  пайда  болды.  Жарты  әлемді  жайлаған  ұлы  мемлекеттің  де  өсіп-өркендеу 
және  құлдырап,  ыдырау  тарихы  белгілі.  Ақ  Орда  мен  Көк  Орда  сияқты  хандық 
билікке  бағынған  ұлыстарға  бөлінген  атақты  Алтын  Орданың  территориясында 
кейінірек өз алдына дербес саясат жүргізген бірнеше хандықтар құрылды.  
Нақты  уақытын  жылдармен  бедерлеп  тап  басып  айтпағанмен  Ноғайлы 
дәуірінің әдебиеті деп Алтын Орданың ыдырау кезеңі мен Қазақ хандығы құрылғанға 
дейінгі уақыт аралығындағы әдебиетті айтып жүрміз. Бұл шамамен ХІV-ХV ғасырлар 
арасын  қамтиды.  Тарихи-этнографиялық  деректерге  сүйенсек  сол  уақыттағы 
ноғайлар  сары  ноғай,  қара  ноғай,  маңғыт  және  Кавказ  ноғайлары  болып  төртке 
бөлінген  екен.  Бұлардың  әрқайсысының  өзі  мекен  еткен  территориясы  болған,  әрі 
олар  түрлі  хандықтар  құрамында  тіршілік  еткен.  Мәселен,  Сары  ноғайлар  (оларды 
татарлар деп те атайды) ыдырап кеткен Алтын Орданың орнында қалыптасқан Қазан, 
Қырым,  Астрахан  және  Қасым  хандықтарын  құрған.  Қара  ноғайлар  немесе  барабы 
татарлары  әйгілі  он  сан  ноғай  хандығын  құрды.  Ал  Маңғыт  ноғайлар  кіші  жүз 
қазақтарымен аралас-құралас Маңқыстау жерін мекен еткен. Кавказ ноғайлары болса 
кіші  және  үлкен  Ноғай  ордасының  тайпалары  құрамында  болды.  Төрт  тарапқа 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
210 
бөлініп,  әр  түрлі  хандықтар  мен  тайпалық  бірлестіктер  құрамында  өмір  сүрген 
ноғайлар бір замандарда «Ноғай ұлысы»,  «Ноғайлы жұрты», «Ноғай Ордасы» деген 
сияқты  тарихта  белгілі  атауларға  ие  болған  ордалы  елдің  өкілдері  еді.  Ноғайлы 
атауының пайда болуы мен осы атауға ие болған мемлекеттің тарихы туралы да түрлі 
деректер мен топшылаулар бар. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында маңғыттар Алтын 
Орданың  уақытша  билеушісі  түмен  басы  Ноғай  иелігінің  құрамына  кіреді.  Осыдан 
барып «Ноғай Ордасы» ұғымы шыққан [2, 188-189 бб.].  
Бұрындары ноғайлы әдебиеті аталып келген туындылардың негізгі дені бүгінде 
қазақ  әдебиетінің  қорына  еніп,  оның  төл  туындыларына  айналып  кеткен.  Мысалы, 
қазақтың ұлттық құндылықтары саналатын «Ер Төстік», «Жиренше шешен», «Алдар 
Көсе»  т.б.  ертегі,  аңыздар  мен  «Алпамыс»,  «Қобыланды  батыр»,  «Қамбар  батыр», 
«Ер  Тарғын»,  «Ер  Қосай»,  «Ер  Сайын»,  «Едіге»,  «Ер  Жабай»,  «Ер  Шора»,  «Орақ-
Мамай» сияқты эпостық жырлар – сол ноғайлы заманының әдеби мұралары. 
Ноғайлы  дәуірі  әдебиеті  туралы  алғашқылардың  бірі  болып  Шоқан 
Уәлиханов  ХІХ  ғасырда  сөз  еткен  еді.  Ол  қазақтың  батырлық  эпосы  Ноғай  ордасы 
заманында  туған  деп  тұжырым  жасайды  [3,  138  б.].  Ғалым  «Ер  Көкше»,  «Едіге», 
«Орақ» сияқты жырларды ең бірінші болып хатқа түсіреді.  
Қазақтың ескілік әдебиетін зерттеуге көп көңіл бөлген Сәкен Сейфуллин де өзінен 
ілгері  зерттеушілер  мен  тарихи-этнографиялық  деректерге  сүйене  отырып,  эпикалық 
аңыздауларға «Ноғайлы дәуірінің туындылары» деп сипаттама берген [4, 138 б.]. 
Ол қазақтағы батырлар жырының дені «Ноғайлы дәуірінде туды» деген пікірін 
дәлелдеу  үшін  сол  дәуір  жайында  тарихи  деректер  келтіреді.  Аталған  жырлардың 
Ноғайлы  дәуірінде туғандығын көрсету үшін бірнеше  жырдан («Қозы  Көрпеш-Баян 
сұлу»,  «Қамбар  батыр»,  «Ер  Сайын»,  «Қобыланды  батыр»,  «Ер  Тарғын»,  «Ер 
Көкше»,  «Жабай  батыр»  т.б.)  сөзіне  дәлел  ретінде  үзінділер  алып,  мәтіндердегі 
айғақтарға  жүгінеді.  Тағы  бір  ескеретін  мәселе  Сәкен  Сейфуллин  өз  еңбегінде 
қазақтың эпостық жырлары тек «Ноғайлы дәуірінде» туған деген пікірін баса айтады 
[4,  161  б.].  С.Сейфуллиннің  «Қазақ  әдебиеті»  кітабының  екінші  бөлімі  –  «Ертедегі 
жырлы  әңгімелер,  яки  ноғайлы  дәуірінен  қалған  әдебиет  нұсқалары»  деп  аталады. 
Бұған батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлар кірген де, олардың тарихи тектерін 
нақты  деректермен  дәлелдеп,  көркемдік  қасиетін  айқындап,  басқа  ел  әдебиетінің 
нұсқаларымен салыстырып отырған. Автор батырлар жырын зерттегенде ең оңтайлы 
принципті  қолданған.  Ол  батырлар  жырын  негізінен  хронологиялық  тәртіппен 
зерттейді  де,  «ұлы  батыр»,  «кіші  батыр  жыры»  деп  тексеріп  жүргендердің    зерттеу 
тәсілінің  ғылыми  негізі  жоқ  екендігін  көрсетіп,  «үлкен-кіші»  деп  ат  қойып,  айдар 
тағудың  дұрыс  емес  деп  тұжырым  жасайды.  Батырлар  жырының  шығу 
жағдаяттарына  тарихи  деректерді  мол  келтіреді  де,  ноғайлы  заманында  шыққан 
батырлардың  бәрін  түгелдей  қазақтікі  деп  иемденудің  дұрыс  болмайтындығын 
айрықша  ескертеді.  Сонымен  қатар  «ертедегі  батырлар  туралы  айтылған  әңгіме, 
жырларды  жақсылап  оқып  тексеріңіз,  онан  соң  қазақ  аталған  елдің  тарихын 
тексеріңіз және қазақтың өзге ауыз әдебиетін тексеріңіз, әлгі кейбір тарихшылардың, 
кейбір әдебиетшілердің: «қазақтың  өздерінің батырлар туралы әңгіме, жырлары жоқ, 
өзіміздікі  деп  жүргендері  ноғай  халқынікі»  дегені  тек  жалған  сөз  екенін  көресіз»                
[5, 169 б.],  – деп тауып, теріс көзқарастарға қарсы шығады. 
Ол  ауыз  әдебиеті  нұсқаларын,  әсіресе  батырлар  жырын,  лиро-эпостарды 
зерттеген  уақытта  оған  әр  түрлі  таптың  қоспасы  қосылып,  әр  кезеңнің  таңбасы 
басылып  отыратындығын  үнемі    ескертіп    отыруды  өзіне  міндет  санаған.  Сонымен 
қатар  жырдың  ерте-кеш  жырлануын,  яғни  шығуын  айқындаудың  мәні  зор  екенін 
айтып,  батырлар  жырын  зерттеп  отырғанда:  «қазақтың  ескі  ел  әдебиетіндегі 
батырлар  әңгімелерінің  неғұрлым  ескілерін  алып  қарасаң,  соғұрлым  оның  «қиял» 
қоспасының, жапсырма сырлардың, «ертек» түрлерінің молдығын көресің. Заманның 
неғұрлым  ертедегісіне  қарай  бара  берсең,  соғұрлым  елдің  шикі,  надан  кезіне  таяна 
бересің.  Батырлар  әңгімелерінің  неғұрлым  бергі  заманда  шыққанын  алып  қарасаң, 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
211 
соғұрлым  ол  әңгіменің  «кереметтері»  де  аз  бола  береді.  Шындыққа  жақын  бола 
береді және соғұрлым бертінгі заман батырларының жаратылыстары да «кереметсіз» 
бола  береді»  [5,  180-181  бб.],  –  деген  байқауларын  ортаға  салады.  Қазақтың  ескі 
әдеби  нұсқаларын  алғашқылардың  бірі  болып  ғылыми  жүйелеген  С.Сейфуллин 
сияқты зерттеушілердің сол кезеңдердегі тұжырымдары мен қорытындылары кейінгі 
зерттеулердің іргелі арна табуына мүмкіндік бергені сөзсіз. 
Бұл кезеңді кейбір зерттеушілер Дешті Қыпшақ немесе Алтын Орда дәуірінің 
әдебиеті  деп  атауды  ұсынады.  Алайда  мұндай  дәуірлеудің  әлі  де  анықтай  түсетін 
тұстары бар деп ойлаймыз. Өйткені, ХІ-ХVІ ғасырларды қамтитын «Дешті Қыпшақ» 
өте  кең  ұғым.  Сондықтан  ол  этнологиялық  негіздегі  мемлекеттік  бірлестіктен  гөрі 
тарихи-географиялық ұғымға жақын. «Дешті Қыпшақ даласы», «Дешті Қыпшақ елі» 
т.б. деген сияқты атаулар да осыны меңзейді. Сондай-ақ, Алтын Орда дәуірінде өмір 
сүрген  Құтыб,  Хорезми,  Сайф  Сараи,  Мұхаммед  Салих  сияқты  шайырлар  «Хұсрау- 
Шырын»,  «Мұхаббатнама»,  «Гүлистан  би-т-түрки»,  «Шайбанинаме»  сынды  көркем 
жазба  мұралар  қалдырғанымен,  олар  ноғайлы  дәуірінің  этнологиялық  санасы  мен 
эпикалық дәстүрінен дараланып тұрғаны сөзсіз. Түркі халықтарының әдеби дәстүріне 
зор ықпал жасаған бұл жазба ескерткіштердің кейінгі ноғай әдебиетінде сақталмауы 
да  көп  нәрседен  хабар  береді,  әрі  оның  тарихи,  әлеуметтік  және  әдеби  дәстүрлік 
себеп, салдарларын анықтау мақсаты тұр. 
Зерттеушілер Ноғайлы дәуірінің әдебиеті фольклор және ауыз әдебиеті сияқты 
екі арнада дамыды дейді. Фольклор саласында «Мың бір түн», «Калила мен Димна», 
«Тотынама»  тағы  да  басқа  сияқты  көптеген  ертегілер,  ғұрып  өлеңдері  мен  шығыс 
сюжеттеріне  құрылған  жауһарлар  туып,  кең  тарады.  Бұл  туындылар  кейіннен 
қазақтың  авторлық  ауыз  әдебиетінде  жаңаша  түрленіп,  нәзира  үлгісімен  әр  түрлі 
нұсқада    қайта  жырланды.  «Қобыланды»,  «Алпамыс»,  «Ер  Сайын»  т.б.  жеке 
батырлықты  дәріптеген    қаһармандық  мазмұндағы  классикалық  эпостыңтүрлері  де 
қайтадан  әдеби  жаңғыруға  ұшырады.  Аталған  батырлық  жыр  үлгілері  ноғайлы 
дәуірінде  этнологиялық  сананың,  әрі  патриоттық  көңіл-күйдің  қозғаушы  күші 
ретінде  қызмет  етті.  Көркемдік  және  мазмұндық-құрылымдық  жағынан  жаңғырып, 
толықтырылып, 
қайтадан 
эпикалық 
айналымға 
түскен 
бұл 
көркем 
құндылықтарөзінен 
кейінсол 
заманның 
(ноғайлы 
дәуірінің) 
өмірлік 
шындығын,тарихи оқиғаларын аса мол қамтыған эпостық жырлардың тууына ықпал 
етті.Бұл эпостық жырлар ұлан-ғайыр Еуразия құрлығында болған тарихи оқиғаларға, 
онда да ұлы жорықтар мен жортуылдарға, ел мен жерді азат ету соғыстарына тікелей 
қатысты. Бұлардың өзін шартты түрде екіге бөлуге болады. Біріншісі, «Ер Тарғын», 
«Ер Көкше», «Ер Қосай» сияқты жырлар. Бұл жырлардың оқиғасы аталған жекелеген 
батырлардың  ерлік  іс-әрекеттеріне  негізделген.  Сонымен  бірге,  мұнда  батырлардың 
жеке  басын,  олардың  ерлік  істерін  шыңға  көтере  дәріптеу  кең  етек  алған.  Екіншісі, 
бірнеше  жырлардың  топтамасынан  тұратын  және  жеке-жеке  батырлардың  есімімен 
аталғанымен,  жүйелі  генеологиялық  тізбекке  құрылған  жырлар.«Едіге»,  «Орақ-
Мамай»,  «Қарасай-Қази»,  «Аңшыбай  батыр»,  «Парпария»,  «Құттықия»,  «Нұрадин», 
«Мұсахан»  т.б.жырлар  тұтас  алғанда  «Қырымның  қырық  батыры»  деп 
аталады.«Қырымның  қырық  батыры»  туралы  жырлар  негізінен    Қазақстанның 
батысында сақталып қалды. «...Жырдың көлемі «Илиада» мен «Одиссеядан» 2,5-3 есе 
үлкен. ...Мұрын жырау Сеңгірбайұлынан жазылып алынған» [66, 347 б.]. 
 
Ен  даланы  еркін  жайлап,  көшпелі  өмір  салтын  ұстанған,  күн  көрістің  басты 
құралы  мал  шаруашылығын  кәсіп  еткен  «далалықтардың»  дүниетанымы  ғасырлар 
бойы өзгеріссіз қалып, адамзат өркениеті қанша дамып кетсе де өткеннің үлгісінің ізі 
өшпей  сақталған.  Көнеден  жеткен  мұралардың  барлығы  дерлік  ел  қорғауға, 
халықтың  басын  біріктіруге,  ерлікке  үндейді.  Сондықтан  да  түркі  халықтарындағы 
жауынгерлік-қаһармандық  жорықтарды  жырлаудың  дәстүрі  көркемдік  ойлау 
процесінің ең бір озық тәсілі ретінде бүгінгі күнге  дейін еш өзгеріссіз жеткен деуге 
болады. Ғұндар заманынан сыр шертетін Бань Гудан жеткен «Көк бөрі туралы аңыз 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
212 
әфсанадағы»  олардың  балалары  «қойға  мініп,  садақпен  құс,  тышқан  атады. 
Жеткіншектері  түлкі,  қоян  аулайды.  Жігіт-желеңдері  садақ  асынып,  шетінен 
сайлауыт сарбаз болады. Олардың салты – кеңшілікте мал баға жүріп, аң, құс аулау; 
бұл олардың өмір-тіршілігі. Қысылтаяң кезеңде соғысқа сайланып, шабуыл-жорыққа 
шығу – сүйегіне сіңген әдеті» 
[1, 131 б.] 
деген деректердегі көшпелілердің өмір сүру 
салты мыңдаған жылдар бойы сақталған.  
«Қобланды батыр» жырында батырдың бала күніндегі бейнесі: 
...Өзі алты жасында 
Кәмшат бөркі басында, 
Тобылғы торы ат астында, 
Қаршығасы қолында, 
Тазысы ерткен соңында. 
...Күнде киік аулайды, 
Кездессе жауын жаулайды...
 [7, 5 б.] деп жырланады. Ал, Қараман батыр жауға 
қарсы  бірге  аттануға  шақырған  кезде,  ата-ана,  ел-жұртымен  қоштасып  шыққан 
батырдың кейпі: 
...Жиылған жұртпен қоштасып, 
Қобландыдай батырың 
Тайбурыл атқа мінеді, 
Беліне семсер іледі, 
Ақ сауытын киеді, 
Ноғай бөркін киеді... [7, 29 б.] деп келеді. Жырдың өн бойында батырдың өсіп-
толысуы  оның  жауларын  бірінен  соң  бірін  жеңуімен  ұласып  отырады.«Қобланды 
батыр» жырындағы оқиға өрбуінің осы жүйесінің негізі «Күлтегін» жырында айқын 
көрінеді.  Күлтегіннің  жауларын  бірінен  соң  бірін  жеңгені  мен  оның  ерлігін 
мадақтағанда  құрғақ  баяндау  емес,  оқиға  желісі  бірте-бірте  үдей  түседі  де,  батыр 
мінген тұлпарлардың түрі де, соғыста өзі өлтірген жауларының саны да градациялық 
тәсілмен ұлғая береді. 
Мысалы:  ...Күлтегін алып шалысты атын мініп  
опыра шайқасты. Ол ат сонда құлады.  
Ізгіл халқы қырылды. 
...Бір жылда бес жолы біз соғыстық. 
...Күлтегін Азбан атын мініп опыра шайқасты.  
Алты ерін шаншыды. 
Сол шабуылда жетінші ерін қылыштады. 
Екінші рет Құшлығығда Едіздермен соғыстық. 
Күлтегін Аз қарагерін мініп, опыра шайқасып, бір ерін шаншыды. 
Тоғыз ерін қоршап қырды.  
Едіз халқы сонда қырылды. 
Үшінші рет Болчуда оғыздармен соғыстық. 
Күлтегін Азбан ағын мініп шапты, шаншыды. 
Әскерін найзаладық. Елін алдық. 
Төртінші рет біз Чуш басында соғыстық. 
Түрік халқы қарсылыққа тап болды. Жаман әлсіреді. 
Жау қолының алғы шебіне Күлтегін (қолын) қарсы жіберді. 
Тоңраның бір алыбын, он ерін Тоңа тегіннің киелі кешеніне иіріп өлтірдік. 
Бесінші (рет) Езгенті-қадазда оғызбенен соғыстық...  
–  деген  жыр  мәтініндегі  соғыс  оқиғалары  Иоллығ-тегіннің  көзімен  көрген  нақты 
тарихи дерек болса да батырлық эпос поэтикасына тән үлгі, тәсілмен жазылған. 
Көнеден жеткен әдеби жәдігерлерде нақты дерек, суреттеу айқын. Ал Ноғайлы 
дәуіріндегі эпостық жырларда әсірелеу, көтере суреттеу, асыра баяндау басым болып 
келеді.  Табиғатына  тартқан әсершіл, қиялшыл  далалықтардың  пафосқа бейім көңіл-
күйлерінің астарында, асқақ арман, үкілі үміт жатқаны анық. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
213 
Біздің  дәуірімізге  дейін  өмір  сүрген  ғұн  тайпаларының  тарихынан  мәлімет 
беретін  «Көк  бөрі»  дастанындағы  әр  түрлі  аңыздардың  барлығына  ортақ  бір  түйін 
бар.  Ол  –  көне  түркілердің  ата  тегі  «көк  бөрі»  деген  түсінік.  Бұл  аңыздардың 
сюжеттік желісіндегі ұқсастық та осыны дәлелдейді. 
 «Бөрі» тотемі арғы, бергі әдебиет нұсқаларында киелі бейнеге айналып, ерлік 
пен өрліктің символына айналған.  
«Ер Тарғын» жырында батырдың ерлігін суреттегенде: 
...Келген қалмақ жолықты 
Тарғын сынды бөріге. 
Қойға кірді бір бөрі 
Бөріктіре қырады 
Талай  қалмақ  құлады  [7,  136  б.]  –  деп,  оны  бөріге  теңеп  сипаттайды.  Ел 
қорғаған батырдан ерекше күш пен қайратты, сонымен бірге бөріге тән айлакерлікті, 
қиыннан  жол  табар  сұңғылалық  пен  әккілікті  талап  ету  қадым  замандардан  келе 
жатқан үрдіс болса керек. Сақ пен ғұндардың ауызша тараған аңыз, әфсаналары мен 
түркілік  тайпалардың  тасқа  қашалған  ескерткіштерінде  кездесетін«Қой  үстіне 
бозторғай  жұмыртқалаған»  бейбіт  күннен  гөрі,  «ат  үстінде  аламан»  жаугершілік, 
жортуыл замандарда еңселі елден  бір тайпа, тұтас тайпадан бір бала  қалып, оны  аң 
мен құстың асырап жеткізуі, өсіп-өніп, іргелі елге айналуы т.б. сияқты аңыз, жырлар 
желісі батырлық жырларда кең көрініс тапқан. 
Жаугершілік  замандарда  елді  ұйыстырып,  бір  тудың  астына  жинап,  бір 
басшының соңынан ерту үшін қолданылған ең тиімді тәсілдердің бірі – көпке қарата 
айтылған  арнау,  үндеу  сөз  болатын.  Сөздің  қадірін  аса  жоғары  бағалайтын 
далалықтар  жүйесін  тапқан  сөздің  қай-қайсысын  да  бұйрықтай  қабылдаған.  «Тәңірі 
текті» қағандардың, билік сөздің иелері – «жабғылардың» (бас уәзір), тақ мұрагері – 
«тегіндердің» қара халық пен жауынгерлерге қаратып айтқан үндеулері шешен сөздің 
үлгісіндей.  Мысалы,  Ергенекон  дастанындағы:  «Уа,  қасиетті  Көк  бөрі  ананың 
ержүрек ұландары мен әулеті!» деген Бөрте Шененің қауымына қаратып айтқан сөзі 
«Күлтегін» жырындағы:  
...Түрік, оғыз бектері, халқы естіңдер! 
Жоғарыда Тәңірі баспаса, төменде жер айырылмаса, 
Түрік халқы, еліңді, төріңді кім құртады. 
Ынтымақ! Түрік халқы, өкін! 
Топтасқандығың үшін игі еткен еді. 
Білікті қағаның еді. Бар еді... деген дидактикалық сарындағы арнаумен үндес. 
«Ежелгі  түркі  әдебиетінің  мұндай  дәстүрі  араға  сан  ғасырлар  салып  барып,  жазба 
әдебиетте  жалғаса  түскенін  «Қорқыт  ата  кітабынан»  да  көреміз.  Мәселен,  елді  жау 
шауып,  оны  қорғау  үшін  хан  сарайына  оғыз  батырлары  жиналып  жатқан  сәтте 
Қорқыт атаның айтатын ұзақ монологы бар. Ол  «Тыңдаңыз, хан ием, кімдер келген 
екен» деп басталады. Мұның өзі «Ергенекон» дастанындағы Бөрте Шененің халыққа 
қарата  айтқан  сөзін  еске  салады.  Өз  еліне,  халқына  қамқор  екі  кемеңгердің  ой-
пікірлері өзара астасып жатады» [8, 91 б.] 
Көпшілікке  қарата  ұран  тастау,  жауға  қарсы  күресте  бірлікке  үндеу  салты 
батырлық  жырларда  да  дәстүрлік  жалғасын  тапты.  Қараман  батырдың  Қазанмен 
соғысуға бара жатқандағы: 
Мен  – Сейілдің ұлы Қараман, 
Қазанға кетіп барамын. 
Жүрмеймісің, құрдасым, 
Қол ағалық қыламын. 
...Жұлдызың туған жоғары, 
Білемін, Қоблан, данасың! 
Дұға тиген ер едің, 
Кезіңе келген дұшпанның, 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
214 
Білемін,  Қоблан,  оңбасын!  [7,  19  б.]  деген  сөзі  Қобланды  батырдың  өзіне 
қаратып айтылса, ноғайлының батыры Ер Бөкшенің:  
А, ноғайлым, ноғайлым, 
Көкірексінген ноғайлым, 
Көбеңсінген ноғайлым, 
Қайрат қылып қан таппай... деп келетін сөзі барша Ноғайлы жұртына арналып 
айтылады. Ал: 
Астана халқым ел деді, 
Енді қайрат етейік 
Етірек пен Күргенге, 
Алла оңғарса сапарды 
Сол жерге таман барамын. 
Қызылбас деген байтақ ел, 
Бер жағында мекендеп 
Ерсарыдай халықтың 
Баян қылған дөңі  еді. 
...Ындыстың алдым қаласын, 
Қызылбас деген халықтың 
Көрейін-дағы шамасын – 
деп, «Нұрадын» жырындағы батырдың халыққа қаратып айтқан сөзінің негізгі 
сарыны  да  осы  мағыналас.  Осы  үлгідегі  арнаулар  батырлық  жырларда  көптеп 
кездеседі. Бұл тәсілдің жырдағы келешек орын алар оқиғаның, оның өтер мекені мен 
орнын, қатысатын кейіпкерлердің есімі мен санын, жалпы алғанда жыр сюжетіндегі 
келесі  кезеңнің  жалпы  сұлбасын  айқындауға  тигізер  септігі  мол.  Ноғайлы 
жырларындағы жаңа қоныс иеленіп, бөтен елді жаулап алу идеясынан гөрі атамекен 
туған  жерді  жат  жұрттан  қорғау  мақсаты  басты  мұрат  ретінде  айтылады.  Бұған 
Нұрадынның: 
...Тапсырып аққа кетемін 
Көп ноғайдың баласын –  
деп ел-жұртын бір аллаға аманаттауы дәлел. 
Бұл  айтылған  арнау,  үндеулердің  барлығында  қол  жеткен  табыстар  мен 
жеңістерге  шаттану  емес,  керісінше  сол  жетістіктерден  айырылып  қалу  қаупінен 
сақтануға, өткеннің кемшілігінен сабақ алуға шақыру басым.  
Көне  түркілік  жазба  ескерткіштердің  тарихи  маңызы  әлі  толық  бағасын  алды 
дей  алмаймыз.  Сондай-ақ  бұл  жазба  жәдігерліктерді  нақты  хронологиялық 
деректерді  қамтыған  тарихи  құжат  деп  кесіп  айтуға  да  болмайды.  Бүгінгі  күні  ең 
болмағанда  сұлбасы  айқындалған  ежелгі  дәуірдің  кейбір  тарихи  оқиғаларының  бұл 
жырларға  мүлде  кірмей  қалғандығы  белгілі.  Әдеби  қасиеті  қанша  басым  деп 
қарастырғанмен,  көнеден  жеткен  рухани  мұралардан  көркемдік  құндылықтармен 
қатар тарихи деректер іздейтініміз анық. Өйткені сонау қадым замандарда туған бұл 
мұралардың иесі – ежелгі ата-бабаларымыздың тіршілік қалыбын, күнделікті өмірін, 
шаруашылық  кәсібі  мен  өнерін  танымай  тұрып,  олардың  дүниетанымын, 
эстетикалық көзқарастары мен руханиятын білу еш мүмкін емес. 
Мысалы,  көне  түркілердің  бүкіл  адамзат  өркениетін  таң  қалдырған  мемлекет 
құру,  ел  басқару,  көрші  елдермен  байланыс  орнату,  шаруашылық  жүргізу  сияқты 
ережелері  күні  кешеге  дейін  тек  түркі  тілдес  елдерде  ғана  емес,  әлемнің  көптеген 
мемлекеттерінде  қолданылып  келген.  Ежелгі  бабаларымыздың  әсіресе,  ел  басқару, 
билікті мұраға қалдыру ісіндегі ерекшеліктері назар аударарлық. Осыған байланысты 
өзгеше  бір  тарихи  гипотезаға  баса  назар  аудару  керек  деп  ойлаймыз.  Орхон 
ескерткіштерін  терең зерттеген Л.Н.Гумилев,  С.Г.Кляшторный сынды ғалымдардың 
негізінен  ескерткіштердің  мәтініне,  сондай-ақ  көнеден  жеткен  қытай  жазбаларына 
сүйене  отырып  жасаған  ғылыми  қорытындыларына  қарағанда  бірнеше  тарихи 
шындық  тасада  қалғандығы  байқалады.  Бұл  мәселеге  ғалым  Ә.Қоңыратбаев 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
215 
айырықша  мән  береді.  Ол  «716  жылы  Түрік  қағанатында  ойламаған  жерден  үлкен 
бүліншілік туып, Могилан мен Күлтегін Қапаған хан тұқымын түгел қырып жіберген. 
Билік аға баласы емес, іні балаларына көшеді. Бұл оқиға Орхон жазуларына түспеген. 
Жазуда  Қапаған  аты  жоқ  та,  оның  әкесінің  есімі  бар  (Елтеріс).  С.Г.Кляшторный 
мұның  себебін  ашпаған.  Бірақ  690  жылы  Түрік  қағанатын  қайта  орнатқандар 
Могилан  емес,  Төбехан  мен  Қапаған  деген  пікірі  дұрыс.  Бұл  тұстағы  Қапаған  хан 
әрекетін  аса  биік  бағалау  керек.  Оған  Кляшторный  дұрыс  тоқталған.  Кісілік  қуған 
Могилан  мен  Күлтегін  психологиясы  қасында  Қапаған  ханның  түркі  тайпаларының 
бірлігін  жасап,  халықаралық  саясат  қолдануы  ақылдылық  болды.  Елді  жаугершілік 
жолмен  тойындыратын  бағыттан  ол  бас  тартады.  Могилан  мен  Күлтегін  болса 
жаугершілік саясатын түркі тайпаларының өз арасында да қолданып, елді тоздырып 
жібереді.  Орхонның  үшінші  жазуында  Тоныкөк:  «Могиланды  хан  қойған  мен  едім. 
Бірақ  өзі  арық  бұқа  мен  семіз  бұқаны  айыра  алмаушы  еді»  десе,  Л.Н.Гумилев 
Күлтегін  рубака  (баскесер)  болды,  ақылды  білекке  бағындырды  дейді.  Мұнысы 
кейінгі  ноғайлы  бірлігін  жойған  Едіге  мінезіне  ұқсас  болды.  Орхон  жазуында 
Қапағанның  әкесі  Елтеріс  пен  анасы  Елбике  ұнамды  пішінде  көрсетілген.  Күлтегін 
Ұмайдан аруақ иеленіп батыр болды делінгенімен, елдің қамын жеген Могилан емес, 
Қапаған  болып  шығады.  Қазақта  «Сұмырай  хан»  деген  ертегі  болса,  мұнысы 
Могилан  болуы  да  мүмкін.  Орхон  жазуында  осы  тұрғыдан  жаңаша  түсінік  беру 
қажет.  Қапаған  феодализмге  бет  бұрса,  Могилан  ұлыс  саясатында  қалғандай»                
[9, 42 б.] – деп, бұрын-соңды ғылыми айналымда болмаған пікір ұсынады. Ғалымның 
ноғайлының  Едіге  биінің  бұрынғы  бабалар  жолын  ұстануының  тарихи  негіздерін 
ашып беруі, түркі қағандарының кейінгі әдебиет үлгілеріндегі өңі айналған кейіпкер 
түрінде келуін топшылауы негізсіз емес.  
Тарихи жағдайлардың ешбір болжауға көнбейтін траекториямен шұғыл өзгеріп 
отыруы  сол  кезең  қоғамының  әлеуметтік,  экономикалық  танымын  ғана  емес,  бүкіл 
рухани  жан  дүниесі  мен  эстетикалық  әлеміне  де  орасан  зор  ықпал  етті.  Көркемдік 
ойлау  машығы  жан-жақты  дамып,  мыңдаған  жылдарға  созылған  түркілік  әдеби 
дәстүрі халқымыздың төл әдебиетінде де жалғасын тапты. 
 
Әдебиеттер: 
 
1.
 
Қазақ қолжазбалары: Ежелгі грек, көне қытай жазбаларындағы түркілік 
әдеби үлгілер. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2011. – 448 б. 
2.
 
Қазақ  ССР  тарихы.  Көне  заманнан  бүгінге  дейін:  5  томдық.  1  т.  / 
Жауапты ред. М.Қойгелдиев. – Алматы: Ғылым, 1983. – 225 б. 
3.
 
Қазақ  фольклористикасы  /  Жалпы  ред.  басқ.  проф.  М.Ғабдуллин.  – 
Алматы: Ғылым, 1972. – 297 б. 
4.
 
Сейфуллин  С.  Қазақ  әдебиеті  /  Шығармалар:  6  томдық.  6  т.  –  Алматы, 
1964. – 455 б. 
5.
 
Сейфуллин  С.  «Қазақтың  ескі  әдебиет  нұсқалары».  Алматы,  2009.  10-
том. – 400 б. 
6.
 
Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.  – Алматы. «Аруна Ltd.» 
ЖШС, 2005. – 576 б. 
7.
 
Батырлар жыры. 1 т. – Алматы: Жазушы, 2000.– 256 б. 
8.
 
Келімбетов  Н.  Түркі  халықтарының  ежелгі  әдеби  жәдігерліктері.  – 
Алматы: Раритет, 2011. – 432 б. 
9.
 
Қоңыратбаев Ә.,Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары: Жоғары оқу 
орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 
1991. – 400 б. 
 
 
 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
216 
 
 
Ержанова С.Б., Алиева Ж.А. 
Древнетюрк ские мотивы в литературе эпохи Ногайлы 
 
В  статье  рассматриваются  древнетюркские  художественные  элементы  и 
литературные традиции в литературе Ногайской эпохи. 
Ключевые  слова:  Ногайская  литература,  мотив,  тюркская  литература, 
героический эпос, жырау.  
 
Erzhanova S.B., Alieva Zh.A. 
Ancient Turkic motifs in the literature of the Nogayly 
In  this  article  considered  ancient  Turkic  art  elements  and  literary  traditions  in 
literature of Nogai epoch.  
Keywords: Nogai literature, motive, Turkic literature, heroic epos, zhyrau.  
 
*** 
 
UDC 82-32(574)  
Utegenova Karlyga – Candidate of Pedagogic Sciences,  
Associate Professor, M.Utemisov WKSU 
Yerbolat Aliya – M.Utemisov WKSU Master’s Degree student 
E-mail: Ayerbolat@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет