БҚму хабаршы №2-2016ж


МӘШҺҮР ЖҮСІП ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ



Pdf көрінісі
бет34/40
Дата28.02.2017
өлшемі4,16 Mb.
#5072
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   40

МӘШҺҮР ЖҮСІП ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ 
ДҮНИЕТАНЫМ КОНЦЕПТІЛІК ЖҮЙЕСІ   
 
Аңдатпа.  Мақалада  М.Ж.Көпеев  шығармаларындағы  концептілер,  ұлттық 
дүниетанымның берілу жолдары талдауға түседі.  
Автор  шығармаларындағы  ұлттық  дүниетанымның  тілдік  көрінісі  ретінде 
ұлттық  мәдениет,  ұлттық  өнер,  діни  дүниетаным,  ұлттық  таным  әлемі 
қарастырылады, концептілік жүйесі, ерекшеліктері айқындалады.  
Концептілік  жүйенің  эпитет,  теңеу,  көріктеу  құралдары  және  еркін  сөз 
тіркестері мен тұрақты тіркестер арқылы көрінісі сипатталады. 
Тірек  сөздер:  Когнитивтік  лингвистика,  ұлттық  тіл,  ұлттық  өнер,  ұлттық 
дүниетаным, ұлттық мәдениет, ұлттық таным, ұлттық салт-дәстүр, концептілік 
өріс, дін концептісі, имандылық концептісі. 
 
Қоғам  мен  өмір  тынымсыз  даму  үстінде  болған  сайын  адамзат  баласының 
білім,  танымы  да  өлшеусіз  алға  басуда.  Ғылымның  сан  алуан  салаларының  ішінде 
лингвистиканың  көптеген  ғылыми-теориялық  мәселелері  өз  шешімін  тапқаны 
даусыз.  Дегенмен  бұл  ғылымның  жаңа  бағыттарының  зерттеу  нәтижелері  тілдік 
деректер  мен  ғылыми  теориялардың  біртұтас  сипатта  топтасуы  негізінде  зерделейтін, 
зерттейтін  жайттардың  әлі  де  баршылық  екенін  көрсетіп  отыр.  Оның  үстіне  тілдік 
ғаламдандырудың ауқымы кеңіген сайын, ұлттық тілдің өрісін кеңітіп, абыройын асқақтату 
заман  талабына  айналуда.  Осыған  орай,  тілді  жүйелі  түрде  зерттеудің  жаңа  үлгілері 
ұсынылуда.  Атап айтқанда,  қазіргі  таңда  тіл мен рух,  тіл  мен ойлау,  тіл мен  сана, тілдік 
бейнелеу мен таңбаның өзара байланысы нәтижесінде тілдің қолданысы мен қызметі жаңа 
қырынан танылу үстінде және оны танытатын жаңа бағыттар кең өріс алуда.  
Бұған  дейін  тілді  зерттеудің  ғылыми  парадигмасы  ретінде  салыстырмалы-
тарихи,  жүйелі  құрылымдық  әдістерімен  қатар  антропоцентрлік  парадигманың 
өрістеуі  –  лингвистиканы  ой-санамен,  мәдениетпен,  және  адамның  тұрмыс-
тәжірибелік  қызметімен,  таныммен,  философиямен  тығыз  байланыста  қарастыруды 
қажет етіп отыр. Әрине, антропоцентризмнің негізі бір күнде пайда бола қалған жоқ, 
оның  алғашқы  теориялық  бастауын  өте  ертеден,  одан  бері  Қазан  лингвистикалық 
мектебінен іздеген жөн [1].  
Антропоцентристік  бағыттың  ұстанымы  –  тілдің  болмысы  мен  табиғатын, 
оның  ішкі  қатпарларын  тану  үшін  тілді  адаммен  біртұтастықта  қарау.  Міне,  осы 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
268 
ұстанымды  басшылыққа  алған  антропоцентризм  когнитивтік  лингвистиканың 
дүниеге келуіне себепкер болғаны анық.  
Қазақ  тіл  білімінде  танымдық  ғылым  деген  атауға  ие  болған  тіл  білімінің 
саласы  Ә.Қайдар,  Ж.Манкеева,  Э.Оразалиева,  Қ.Жаманбаева,  Е.Жанпейісов, 
Б.Ақбердиева,  Г.Гиздатов  т.б.  еңбектерінде  қарастырылған.  Мысалы,  Ә.Қайдардың 
этнолингвистикаға  байланысты  ойлары  қазақ  тіл  білімінде  танымдық  тіл  білімінің 
қалыптасып,  дамуына  негіз  болса  [2],  Г.Гиздатов  адам  санасындағы  білімнің  көріну 
деңгейі,  берілу  тәсілдері,  құрылымы  жайында  өз  көзқарасын  ұсынады  [3].  Сондай-ақ 
зерттеуші  Г.Зайсанбаева  метафораны  зерттеудегі  когнитивтік  бағытқа  назар  аударып, 
фрейм терминіне түсінік береді, метафораның танымдық тұрғыдағы рөліне тоқталады.  
«Жаңа  түсініктер  мен  ұғымдарды  атау  үшін  оларды  өзге  тілде  бар  зат, 
құбылыстармен  байланыстыра  бастаймыз  және  сол  ұғымдар  негізінде  аталым 
жасаймыз.  Осындай  әрекеттермен  метафора  арқылы  қоршаған  әлем  туралы  білім 
қоры толықтырылып, жаңа аталымдар туындайды» [4, 23 б.].  
Ұлттық дүниетаным мен ақын жазушының қиял дүниесі мен таным дүниесінің 
диапазонын  көрсете  отырып,  автор  ұлттық  дүниетанымымен  астасып  жатады. 
Мәшһүр Жүсіп шығарамаларындағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісін бірнеше 
жікке бөліп қарастыруға болады. Олар негізінен: ұлттық мәдениет; ұлттық  өнер; діни 
дүниетаным мен ұлттық таным әлемі.  
Ұлттық  мәдениет:  Мәшһүр  Жүсіп  Көпеев  шығармаларында  ұлттық 
дүниетанымды көрсететін тілдік құралдар мол қолданылған. Солардың бірі – ұлттық 
салт-дәстүр  мен  жол-жоралғының  ақын  шығармаларындағы  тілдік  көрінісі  болып 
табылады.  Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларындағы  қазақ  өлеңінің  орны,  олардың 
мазмұны  өмірдің  сан  алуан  құбылыстарына  негізделгенін  көруімізге  болады. 
Мысалы,  философиялық  мазмұнды  өлеңдері,  жұмбақ,  тұспал,  аңыз  т.б.  мазмұнда 
жазған  шығарамаларын  жатқызуымызға  болады.  Бұл  тек  ұлттық  мәдениеттің  бір 
элементіне ғана негізделген шығармалары болмақ.  
Ұлттық  өнер:  Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларының  өзегінен  тереңірек  үңілу 
арқылы  ұлттық  тұрмыс-тіршілік  нышандарын  да  байқап  көруге  болады.  Олар: 
«Жасымнан үйір болдым өлең сөзге», «Мәшһүр Жүсіптің шабдар атпен айтысқаны» 
т.б.  өлеңдерінен  қазақ  халқының  тұрмыс  тіршілігімен  қатар  ұлттық  мәдениетінің 
ерекшелігін  «жүйрік  ат»,  «көңіл»  концептілерінің  ой  бейнелерімен  сөз  суреттер 
негізінде көркем сөзбен өрілгенін  көруге болады. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 
ерекшелігі  өмірге  деген  көзқарасын,  ой-пікірін,  ақиқат  дүниеге  қатынасын  білдіріп 
отырады. Адамның ақиқат дүниеге қатынасы тілдік құралдар арқылы беріліп, соның 
негізінде  ақпарат  жүйесі  қалыптасады.  Бұл  ғалам  бейнесін  бейнелейтін  ақпарат 
жүйесі ақынның ғалам туралы концептуалды тұжырымдамаларынан көрінеді. Демек, 
көркем  шығарма  тіліне  (поэзия  тілі  болсын  немесе  проза  тіліндегі  философиялық 
этюдтерді) концептілік талдау ғаламның тілдік бейнесі туралы білімді анықтау үшін 
қажет.  Қандай  да  бір  көркем  шығарманы  тек  лингвистикалық  талдаумен,  яғни 
шығарманың көркемдік ерекшелігін талдаумен шектеуге болмайды. Мұндайда автор 
шеберлігі  оның  ақиқат  дүние  туралы  таным-түсінігі,  көзқарасы  айқын  көріне 
бермейді.  Осы  ретте  концептілік  талдау  автордың  ақиқат  дүниеге  қатынасын 
айқындап көркем шығарманы талдаудың екінші бір қырын ашатын бірден-бір құрал 
ретінде  қызмет  етеді.  Тіл  білімінің  когнитивті  саласы  ақиқат  дүниенің  санадағы 
таңбасын  зерттеуді  қолға  алғаннан  бастап-ақ  қазақ  тіл  білімінде  де  ұлттық  мәдени 
таным өрістері мен дүниенің тілдік бейнесі және көркем мәтін тіліне концептуалдық 
талдаулар  жасала  бастады.  Осы  орайда  тұтас  бір  ұлттың  рухани  бірлігі  деңгейіне 
көтерілген  тұлға  мен  жалпы  адамзаттық  құндылықтарды  ұлт  бойына  сіңірген 
Мәшһүр Жүсіп шығармаларын тілдік таным тұрғысынан танытудың маңызы зор. Ол 
–  ақын  табиғатын  тіл  ғылымының  жаңа  қырынан  танытып  қана  қоймай  әлемнің 
тілдік  бейнесі  мен  ақынның  тілдік  дәстүр  жалғастығын  айқындауда  ортақ  түзілген 
концептілер өрісін танып-талдауға мүмкіндік береді. Адамның ойлауы мен танымдық  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
269 
әрекетіндегі тілдің рөлін зерттеу мүддесі көзделетін когнитивтік лингвистикада тіл – 
«ойдың  тікелей  шындығы,  сана  әрекетінің  көрінісі»,  «ойтаным  тетігі»,  «тілдік 
бірліктердің  өн  бойына  және  терең  мазмұндық  астарына  ақпараттарды  бекіту, 
жасыру, сақтау, сондай-ақ  қажет  жағдайда қайта  жаңғыртудың когнициялық тәсілі» 
тұрғысынан сарапталады. Мұнда адамның әлемді қабылдауы мен тануы, түйсінуі мен 
түсінуі процесіне бойлау тілдің ойды білдірудің басты құралы ретіндегі қызметімен 
ұштасады. Танымдық іс-әрекет барысында адамның өзін қоршаған ақиқат шындыққа, 
әлемге  деген  көзқарасы,  ұғым-түсініктері  мен  бағалары,  қорытынды  тұжырымдары 
мен  өмірлік  ұстаным-қағидаттарын  қалыптастырады.  Демек  тіл  иесінің  қоршаған 
ортаны  игеруі  және  қоғамдық-әлеуметтік  іс-тәжірибені  меңгеруі  барысында 
жинақтаған білімінің маңызды компоненті – мәдени ақпараттардың тіл арқылы бекуі 
мен  сақталуы,  тілдік  тұрпат  меже  мен  мазмұн  меже  арқылы    көрініс  беруі 
когнитивтік негізден бастау алады. 
Лингвомәдениеттанымдық  бағыттағы  зерттеулерде  ғылыми  зерттеудің 
когнитивтік және мәдениеттанымдық қырларын тоғыстыру лингвистикалық білімнің 
интегративтік  сипатын  айқындап  қана  қоймай,  «Тіл  –  Адам  –  Мәдениет»  үштігі 
аралық байланыстың сан алуан қырын зерттеуге жол ашады.  
Мәшһүр-Жүсіп  Көпеев  өткен  ғасырдың  өзінде-ақ  адамдарды  тек  ақ,  қара  деп 
бөліп,  не  оған  сырттай  сүйсінумен,  не  одан  мүлде  безінумен  шектелмейді. 
Адамдардың  не  бірыңғай  аппақ  ұнамды,  не  бірыңғай  қап-қара  жағымсыз  боп  келе 
бермейтін,  қайта  бір  адамда  әрі  оң,  әрі  теріс  сезімдер  қатар  өмір  сүріп,  арпалысқа 
түсуін ашу, әсіресе, сол кез үшін кесек жетістік, адам сезімін тереңдеп ашуда елеулі 
қадам  еді.  Мәселен,  оның  1880  жылдары  жазылған  «Жарты  нан»  хикаясы,  өлеңде 
басты  назар  өзіне  жақсылық  жасаған  адамды  жұтпақ  болған  айдаһар  жауыздығына 
емес, жапа шеге жаздаған адамның өзінде қайшылық бар екеніне аударылады. Міне, 
мұнда біреуге  «байқамай» жақсылық жасап, орынсыз жапа шегушіні ақын бірыңғай 
аппақ,  ұнамды  адам  етіп  көрсетпейді.  Суреткер  жай  көзге  байқалуы  қиын,  сырт 
қарағанда біршама ұнамды көрінген адамның өзінің ішкі қайшылығына үңіле, үңілте 
біледі.  Кезінде  біреуге  қамқор  боп,  жарты  нан  ғана  беруі  сол  адам  үшін  әрі 
құптарлық, әрі айыптарлық іс боп алынады. Бұл да қарапайым адам санасында орын 
алған, орын алуы мүмкін аздаған қалыстыққа да суреткердің шүйіле үңілуінен туған. 
Ақын бұл шығармасында сонымен қатар зұлымдық иесі, бөтен күш, дербес айдаһар 
болуымен  бірге,  әр  пенденің  өз  «айдаһары»  болуы  мүмкіндігіне  де  көңіл  бөледі. 
Сөйтіп  адам  сезімінің  көп  қырлы  екенін,  ішкі  қайшылықпен  күресу  мәнін  көрсету 
арқылы ақын қаһарман жан дүниесіне түпкірлей тереңдеу үлгісін де көрсеткен. 
Бұл  хикаяда  зұлымдық  пен  жақсылық  концептісі  қатарласа  алынып,  адам 
мінезін ашуға, қоғамдағы жамандық пен жақсылықты тануға қызмет етеді. Мәшһүр-
Жүсіптің  «Сәйгелді,  сона,  бөгелек»  өлеңінде  халықты  езіп,  қанаушы  Сәйгелді, 
бөгелек  тәрізділерге  өріс  беретін  аңқаулық,  надандық  сыналады.  Сөйтіп  ақын 
жауыздық  пен  адамгершілік  арсындағы  қайшылықты,  кереғарлықты  алумен, 
жауыздың жауыз, ізгінің ізгі екенінін бейнелеумен шектелмейді. 
Ағайын егіз туған: ұрлық-зорлық, 
Зорлығы – ағасында, іні де – ұрлық. 
Бірі қойса, бәрі де қояр еді
Тауып тұр қоймағаннан тегіс қорлық. 
Ақын өлеңдерінде үнемі осылай адамдар арасында орын алған пайдакүнемдік, 
ұрлық,  өтірікті  сынап  отырады.  Ал  пайдакүнемдік,  ұрлық,  өтірік,  тәкәппарлық, 
зорлық,  надандық,  шайтан,  ит,  жалғандық,  күншілдік,  зорлық,  ашкөздік  зұлымдық 
концептісінің мазмұнымен астасып жатады.   
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларына  назар  салсақ,  түр-түс  концептілеріне  кеңінен 
арқа сүйегенін аңғарамыз.  
Бай біткен болғандықтан қарабауыр, 
Арқасы ер салмастан болар жауыр. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
270 
Не айтып, не қойғанын білмес өзі, 
Тырнадай өзін-өзі көріп ауыр. 
Ақында  қолданылған  қарабауыр  деген  сөздің  зұлымдықты  танытудағы  әсері 
мол.  Дүниетанымымызда  «адам  адамға  жолдас,  бауыр»  деген  түсінік  бар.  Сонымен 
қатар  бірге  туғандарды  бауыр  дейміз.  Ал  бауырға  қара  деген  зұлымдықты  танытар 
сөздің  тіркесіп  келуімен  қарабауыр  деген  тіркес      жасалған.  Қарабауыр  деген 
қаскөйліктің, жауыздықтың, дұшпандықтың ұлттық танымын білдіреді. 
Халықтың  әл-ауқаты  қашан  болмасын  ақын  шығармаларына  арқау 
болады.  Сондықтан  көптеген  туындылары  «байлық  пен  кедейлік»  концептілері 
төңірегінде баяндалады.   
Ақшалы бай жүреді төмен бұғып, 
Қолдан кетсе бір тиын, жаны, жаны шығып. 
«Көрінген жан бір нәрсе сұрайды ғой!»,- 
-Деумен өзін-өзі інге тығып... 
Бұл дүние құтқармайтын тозақ болды
Бейнеттіге, құрығыр, күн ұзақ болды. 
Дамыл, тыныштық бір жанда болмаған соң, 
Есебі күндіз өзі тозақ болды. 
«Тозақ»  концептісі  өмірдегі  қиыншылықты,  әркім  үшін  әр  түрлі  сипатта 
болатындығын  көрсетеді.  Бай  байлықтан  айрылып  қаламын  деп  қуыстанса,  кедей 
қалай  күнін  көремін  деп  еңбектене  қиналады  деген    ұғымдардың  барлығы  «тозақ» 
концептісінің  аясына  сыйған.  Қоғамдағы  қиыншылық,  бейнет  өмір,  ауыр  тұрмыс 
тозақ сөзі арқылы бейнеленеді. 
М.Ж.  Көпеевтің  тіліндегі  «ой»  сөзі  де  өзгеше  реңкіде  ыңғайланып,  басқадай 
мағынада жұмсалады. Мысалы: терең ой, ұзын ой, бұзылған ой т.б. «Жал-құйрығын 
бір  сапар  созып  тұрмын»  деген  жыр  жолындағы  «сапар»  сөзі  де  мезгіл  ұғымында 
алған, әуелінде тура мағыналы /сапар // жолға// сапарға аттандым/ тіркесіндегі сапар 
сөзінен  ауытқып  барып  жаңа  ұғымда  қолданылған.  Жалпы,  Мәшһүр  Жүсіп  «сапар» 
сөзін  жаңа  ыңғайда  жұмсап  сөз  түзуде  қырағылық  танытады.  Сақалын  саудалап  – 
деген  әдеттегі  тіркес  Мәшһүр  Жүсіп  Көпеевте  «саудама  сақал»  сындық  мағынада 
қолданылып, метонимиялық құбылуға дейін барғандығын көреміз. 
Жаурылықтың ер мінбей мініп желқом, 
Күнде бір ат мінбес пе ем болса жылқым. 
«Хаятбақшы» дастанынан алынған бұл мысал: аттың жауырыны жара (жауыр) 
балмас  үшін  ертоқымның  астынан  салынатын  жауырлық  оны  алып  тастап,  жайдақ 
тек  қана  қом  салынғанын  айтса  керек.  Қазақ  ұғымында:  «жауырды  жаба  тоқып» 
дейді, жауыр атқа жабаны салуды айтады.  
Ақын  символды  жиі  қолданады.  Ақын  шығармашылығында  от,  су,  ауа,  жас 
сөздері символдық мәнде жұмсалып отырылған. Тұспал өлеңдерінде ақын әдеттегі сөздерге 
символдық мән артады. Мысалы, соқыр, түн, толқын, қан, базар, махаббат т.б. 
«Тірлікте  көп  жасағандықтан,  көрген  бір  тамашамыз»  кітабындағы  «Соқыр, 
саңырау,  жалаңаш  хикаясы»  да  қазақ  әдебиеті  тарихында  елеулі  орын  алатын 
туынды.  Аталған  өлеңде  «тағдыр»,  «зұлымдық»,  «бай»,  «кедей»  т.б.  концептілері 
кеңінен  қолданыс  тапқан.  Сол  арқылы  алдына  қойған  мақсатын  философиялық 
тұрғыдан  данышпандықпен  суреттеу  арқылы  қол  жеткізген.  Мәшһүр  Жүсіп  адам 
сезімін,  көзқарасын  күрделі,  қайшылығы  мол  қалпында  көрсетуге  ден  қояды.  Бір 
адамның әр басқаның кемшілігін көргіш екені, әрі өзіне керек істі мүлде көрмейтіні, 
қайшылығы  нақты  ашылған.  Шартты  түрде  «соқыр»  деп  алынған  ол  құмырсқадай 
ұсақ заттарды көргіш те, одан ірірек нәрсе, жан-жануар атаулыны мүлдем көрмейтін 
болады. 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармалары  –  көркем  әдебиет  пен  тіл  мұрасы  ғана  емес, 
тарихтың,  мәдениеттанудың,  философияның  нысаны.  Әсіресе,  ақын  тіліндегі 
концептілерді  танып  талдау  –  көркем  сөз  иесінің  дүниені  тану  қағидаларын 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
271 
айқындауға, терең философиялық ойларын, даналық тұжырымдарын, діни сенімдерін 
және  шежірелік  тарихи  білімін  танып  талдауға  мүмкіндік  береді.  Дүниені  танудың 
тілдік  көрінісі  мен  тілдік  таным  ислам  әлемімен  байланысты  концепт 
конструкциялары арқылы көрініс тапқан. 
Мәшһүр Жүсіп шығармаларының танымдық қырын эмоционалды концептілер: 
үміт, арман, бақыт, мұң және контраст концептілер: қайғы мен қуаныш, өмір мен 
өлім,  ақиқат  пен  жалған,  фани  мен  бақи    т.б.  сол  сияқты  концептілер  жүйесі 
құрайды.  Ұлттың  рухани  бірлігін  танытатын  ар  иман  концепт  өрісінің      түзілісі 
моральдық құндылықтардың тілдегі көрінісін танытады. 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларындағы  концептілерді  табу  кезінде  концептілік 
өріс түзіледі. Ол жеке сөздер, сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, сөйлем, тұтас мәтін 
түрінде  болады.  Бір  ұғым  туралы  аталған  тілдік  құралдар  жиынтығы  концептілік 
өрістің жиынтығын құрайды. 
 Сонымен  Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларының  концептілік  жүйесін  анықтағанда 
олардың  мынадай  концептілерден  тұратындығын  көруге  болады.  Олар:  «өмір», 
«өлім»,  «иман»,  «білім-ғылым»,  «ар-ұят»,  «адам-адамшылық-адамгершілік», 
«қайғы»,  «қуаныш»,  «мұң»,  «махаббат»,  «оқу»,  «тәрбие»,  «өнер»,  «ұят»,  «күн», 
«жұлдыз», «ай», «төр», «босаға» т.б. 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларының  тіліндегі  ғалам  бейнесін  суреттейтін 
концептілер:  өмір, өлім,  тағдыр, адамгершілік,  ар-ұят, махаббат, алла, тәңір, күн, 
ай,  жұлдыз.  Себебі  бұл  концептілер  ақын  шығармаларының  өн  бойында  түрлі 
баяндау формалары арқылы көрініс тауып отырады.  
Мәшһүр  Жүсіп  Көпеев  шығармаларында  «өмір-өлім»  бинарлы  концептісі 
кездеседі.  Ақын  туындыларында  өлім  «тағдыр»,  «жазмыш»  ұғымдармен  қатар 
қарастырылады. Өлім  өмірдің бітуі аяқталуы емес, екінші өмірдің жалғасуы ретінде 
қарастырылады, өмір мен өлім салыстырылмайды.  
Ақын шығармаларында өмір таным мен ақпарат көзі ретінде көрінеді. Адамдар 
арасындағы түрлі қатынастар да өмір ұғымы арқылы жеткізіледі.  
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларының  тіліндегі  өлім  мен  өмір  осы  екі  аралық 
арасындағы  тағдыр  ұғымдары  шығармаларының  негізін  құрайды.  Яғни  қаламгердің 
бір  аяғы  көрде,  бір  аяғы  жерде  тұрған  аралық  деңгейді  қатар  алып  баяндауы  жиі 
кездесетін баяндау формасы болып табылады. Бұл аралық деңгей  «Бүгін бар, ертең 
жоқ» мақалымен астасып, ұлттық философиямен үндесіп жатқанын аңғаруға болады.  
Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп өз шығармаларының арқауын «өмір мен өлім», 
«тағдыр» атты философиялық концептілер негізіне арнаса да күлкі, қуаныш, қайғы, 
мұң  сияқты  адам  дағдыларымен  қатар  алып  баяндаған.  Бұл  бір  жағынан  адам  өз 
дағдысынан  қайда  да  болса  жаңылмайды  деген  дүниетанымдық  тұжырымдаманы 
нақтылаумен байланысты болса, екінші жағынан оқырман еңсесін түсірмеу, оқиғаны 
шынайы  беру  сияқты  мақсаттардан  туындаған.  Мәшһүр  Жүсіп  Көпейұлы 
шығармаларындағы  өмір  концептісіне  келетін  болсақ,  оның  шығармашылығының 
басты  философиялық  идеясы  –  адам  өмірі,  оның  дүниемен,  қоршаған  ортамен 
тұтастығы,  екі  өмірге  де  керегі  –  имандылық.  Дәлірек  айтсақ,  адам  тіршілігінің 
шектеулі  екендігі,  фәнидің  жалғандығы,  дүниеде  мәңгілік  ештеңе  жоқтығы. 
Қамшының  сабындай  қысқа  өмірді  мәнді  өткізу,  күліп-ойнап,  дүниенің  қызығын 
көру  керектігін  баяндайды.  Бұл  өмір  –  мәңгілік  мекеніне  қарай  жолаушылап  бара 
жатқан адам баласының бір аялдамасы ғана. Ислам діні мұсылмандардың осы сапар 
барысында  бұл  өмірге  және  осы  өмірдің  ләззаттарына  алданып  қалмай,  ақыретке 
және  ақыретте  оңды  жетістікке  жетелейтін  негіздерге  көңіл  аударуды  бұйырады. 
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Сіз бұл өмірді қалайсыз, алайда ақырет өмірі одан да 
жақсы, әрі мәңгі» (Ағла сүресі, 16) немесе «Мына өмір тек қана бір ойын мен көңіл 
көтеру ғана, ал ақырет болса, ол – нағыз өмір» (Анкәбут сүресі, 64),- делінеді.  
Осы  өмірдің  алдамшы  болмысының  мәнісін  жете  түсінген  халқымыз  оны 
жалған дүние деп атайды.  

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
272 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларының  ең  ірі  концептілік  жүйе  құрай  алатын 
концепт  -  өмір,  өлім,  алла,  ар-ұят,  махаббат,  иман,  тағдыр,  дін,  күн,  ай,  жұлдыз  т.б
тұжырымдамасы.  Олар  эпитет,  теңеу  сияқты  көріктеу  құралдары,  сондай-ақ  еркін  сөз 
тіркестері  мен  тұрақты  тіркестер  арқылы  көрініс  табады.  Мәшһүр  Жүсіп  халық 
ұғымындағы жалған дүние фразеологизмін кейде сұм дүние деп те қолданады. Мысалы:  
Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін. 
Адамды жас күнінде алдайды екен, 
Батшаған сұм дүниенің көп апаты. 
Біз келдік сұм дүниеге қайдан туып, 
Мұздаған әлдеқашан көңіл суып. 
Сұм дүние  тұрақты тіркесінің эмоцианалдығы мен экспрессиясы өте жоғары екені 
байқалады. Осы өмірдің өткінші екенін, алдамшы екенін жағымсыз сипатта көрсетеді. 
Дүние деп, алтын-күміс малданбайды. 
Қызық деп, бұл жалғанды таңданбайды. 
Дүниенің баянсызын білген ерлер 
Бұлардың ешбіріне таңданбайды. 
Осылайша  ақын  өмірде  дүниеқұмарлыққа,  дүниеқоңыздыққа  салынбау 
керектігін уағыздайды. Халқымыз да дүние-мүлікті қолдың кіріне теңеп, маңызы мен 
мәні  жоқ  бос  нәрсеге  балаған.  Дүние-мүлікті  өткінші  қызық  деп  бағалаған.  Ақын 
халық түсінігіндегі жайттарды және құран хадисінің мазмұнын жырға қосқан. 
«Дін» концепті ғаламның тілдік бейнесінде орын алады. Оның құрылымы өте 
күрделі.  Оны вербалдаушы  бірліктердің саны  да  көп  болғандықтан  болар, аталмыш 
концепті қазақ тіл білімінде көптеген ғылыми еңбектердің нысаны ретінде алынуда.  
Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларындағы «дін» концептісі арнайы зерттеуді 
қажет ететін ауқымды тақырып. Сондықтан біз болашақта жеке бір зерттеуге нысан 
болар деп сенеміз. Қысқаша айтқанда, «дін» концептісі  негізгі өзек семалар арқылы 
«сенім»,  «рухани»,  «адамшылық,  адамгершілік»,  «құдіретті»,  т.б.  мәндер  арқылы 
танылған. Ақын шығармаларындағы «дін» концептісін түрлі қырынан вербалдайтын 
лексемаларды бірнеше тақырыптық топтарға бөлуге болады. Құдай атаулары (құдай 
тағала, жаратқан, жаратушы, Алла  тағала  т.б.), пайғамбарлар есімі,  негізгі ұғымдар, 
құдайға құлшылық ету, имандылыққа тәрбиелеу, иман келтіру т.б. 
Мәшһүр Жүсіп Алланың біреу екендігін, тек Алла өзгермейтінін, оның өте кең 
ұғым екенін Алла сипаттарын тарата баяндайды: 
Жоқ деп біл ол Аллада ата-ана, 
Және жоқ деп біліңіз қатын-бала. 
Ақын Алланы танып білуде, Алла  жолын іздеуде құлшылықтың алатын орны 
ерекше екеніне көп көңіл бөледі: 
Бір Алла діліне алмай, фазылына алсын, 
Жұмақты біз ғаріпке қылсын несіп. 
Таршылық әрбір жерде қысылғанда
Басқа жоқ бір Алладан паналары. 
Айтыңыз насихат сөз қосып басын, 
Шын болып бір Аллада ықыласың. 
Ғазірейіл бір күн келіп жаныңды алса, 
Дүниеден кетеді ғой ғаріп басың. 
Махаббат – мәңгі таусылмайтын тақырып. Себебі, махаббат - Алланың қасиеті, 
сипаты ретінде шексіз, өлшеусіз шындық. Аллаға шын ықыласыңмен ғашық болсаң, 
оның рахматы да ұшан-теңіз екенін түсіндіреді. Адам Алланы танымақ болса, өзін де 
шексіз дамыту керектігін айтады. Ақын Алланы танудан адамгершілік, ізгілік туралы 
ойларды айтады. 
Болса да қанша күнә бойымызда, 
Қайтпайды бір Алладан ықыласым. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
273 
Ақын  хақтың  жолы  әділет  екенін  ұмытпауы  және  одан  ауытқымауы  қажет 
екенін бірдей ескертеді. 
Мәшһүр  Жүсіп  Алладан  артық  ештеңе  жоқ,  Алладан  артық  біреуді  жақсы 
көрсең, аяғында бір жамандыққа душар болатынын айтады. 
Басқаға бір Құдайдан көңіл бөлме, 
Нәпсінің, шамаң келсе, тіліне ерме! 
Пәледен басым аман болсын десең, 
Бой салып бір нәрсені жақсы көрме! 
Махаббат күннен-күнге артады екен, 
Оралып шырмауықтай тартады екен. 
Басқаны бір Құдайдан сүйгендіктен,  
Бір залал ақырында тартады екен. 
Мәшһүр  Жүсіп  қолданысындағы  бір  Алла  тұрақты  тіркесін  сараптай  отырып, 
төмендегідей ойтүйін қалыптастырамыз: ақын дүниетанымы бойынша әлем мен Алла 
ұғымы  бірлікте  жүреді.  Бұл  екеуі  бір  ғана  мәннің  шеңберінде  топтасқан  дүниелер. 
Дүние  бір  қалыпта  тұрмайды,  ол  өзгеріп  отырады.  Өзгермейтін  –  жалғыз  Алла 
дегенді  ақын  философиялық  тұрғыдан  басып  айтады.    Сондықтан  да  Аллаға  деген 
махаббаттың шексіз болуы заңды құбылыс. Мәшһүр Жүсіп ұғымы бойынша Алланы 
сүю  адамның  жеке  басындағы  асыл  қасиеттерді  қастерлеу,  адамгершілікті  негізгі 
қағидаға айналдыру. Алланы сүю  – ізгілікке байланысты жол. Ақынның тұжырымы 
бойынша, махаббат –  Алланың қасиеті,  құдіреті,  қуаты, рухы. Алланы сүю арқылы, 
оның  сүйген  құлы  –  Адамды  сүюге  шақырады,  имандылықты,  мейірбандылықты, 
биік адамгершілікті уағыздайды. 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармаларындағы  имандылық  концептісі.  Ұлттың  рухани 
бірлігін  танытатын  имандылық  концепт  өрісінің  ақын  шығармаларындағы  түзілісі 
моральдық  құндылықтардың  тілдегі  көрінісі  іспетті.  Ақын  имансыздың  сегіз  түрлі 
қасиетін санамалап көрсетеді: 
«Имансыз сол ұжмақты көрмес!» – дейді, 
«Бір Құдай имансызды сүймес!» – дейді. 
Бір Алла қаламында аян қылды: 
«Адамдар сегіз түрлі кірмес!» – дейді. 
Әуелі бір Құдайға серік қосқан, 
Екінші – ұрлық қылып жолды тосқан. 
Үшінші – кісі өлтірген нақақ жерде
Төртінші – зинашы дүр, дінге дұшпан. 
Бесінші – ел ішінде өсек айтқан, 
Алтыншы – күншілдік қып діннен қайтқан. 
Жетінші – залымдар дүр, рақымы жоқ, 
Ғайбат айтып, әрқашан күнәсы артқан! 
Сегізінші – әрдайым арақ ішкен, 
Әрқашан жаманшылық күні кешкен. 
Осылар дүр жұмаққа кіре алмайтын, 
Тәубе қылмай, дүниеден, босқа көшкен. 
Өмірдегі зардаптардың ең ауыры – адамдар жүрегіндегі иманның солғындауы, 
яғни  оларды  қылмыс  жасаудан,  қулық-сұмдықтан,  ұрлықтан,  зинақорлықтан,  көре 
алмаушылықтан  сақтандыратын  жаратылыстан  болған  ішкі  тежегіштердің  әлсіреуі 
болып  отыр.  Имансыздық  жеке  адамды  ғана  аздырып  қоймайды,  мұндай  дерт 
қоғамды  кеулеп,  мемлекеттің  де  іргесін  шайқалтуы  мүмкін,  сөйтіп,  жер  бетіндегі 
тұтас аймаққа шарпуын тигізуі ғажап емес.  
Концептілік  талдаудың  стратегиясы  –  тілдік  құрылымды  сипаттауда,  ал 
тактикасы – гештальттарды анықтауда айқындалады.  
Қорыта  айтқанда,  қазіргі  тіл  табиғатын  зерделеу  тек  формалық  сипаттармен 
шектелмей, адам өмірінде алар орны  мен атқарар қызметін анықтауға, оның физио-

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
274 
анатомиялық негізін айғақтақтауға ұласуы – болашақ тіл мамандарының тілді терең 
меңгеріп, зерттеу міндетін күрделендіре түскені анық. Оның бір дәлелі – біз сөз етіп 
отырған  танымдық  тіл  білімі  сияқты  кешенді  ғылымның  өріс  алуы.  Сондықтан  да 
тілші  мамандар  үшін  әлемдік  кеңістікке  ену  жағдайында  атқарар  міндет,  өзекті 
мәселелер  жеткілікті.  Тек  ең  бастысы  –  тілдік  ғаламдандырудың  жетегінде  кетпей, 
қандай  жағдайда  да  өз  ана  тілімізбен  ерекшелену  мүддесін  көздеуден  айрылмасақ 
болғаны.  
 
 
 
Әдебиетттер: 
1.
 
Қордабаев Т., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. – Алматы, 2004. – 236 б. 
2.
 
Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 2014. – 277 б. 
3.
 
Гиздатов  Г.  Сөйлеу  қызметіндегі  когнитивтік  модельдер:  типологиясы 
мен динамикасы. Док. дисс. – Алматы, 2005. – 189 б. 
4.
 
Зайсанбаева  Г.  Метафоралық  аталымдардың  танымдық  сипаты  /  Кан. 
дисс. – Алматы, 2004. – 138 б. 
Карипжанова Г.Т., Кадыров Ж.Т., Абикенов М.Т. 
Концептуальная система национального познания мира в произведениях 
Машхур Жусипа 
В статье анализируются способы подачи концептов, национального познания 
мира в произведениях М.Ж.Копеева.  
В  произведениях  автора  в  качестве  языкового  отражения  национального 
познания  мира  рассматриваются  национальная  культура,  национальное  искусство, 
религиозное  познание  мира,  национальное  познание  мира,  определяются  их 
концептуальная  система,  особенности.  Концептуальная  система  раскрывается 
через  средства  эпитета,  сравнения,  наглядности,  а  также  через  свободное 
сочетание слов и устойчивые словосочетания.  
Ключевые слова: когнитивная лингвистика, национальный язык, национальное 
искусство,  национальное  познание,  национальная  культура,  национальные  обычаи и 
традиции, концептуальное поле, религиозный концепт, нравственный концепт. 
 
Karipzhanova G.Т., Kadyrov Zh.T., Abikenov М.Т. 
The conceptual system of national cognition of the world in Mashkhur Zhussip’s 
works  
The  given  article  deals  with  the  analysis  of  the  means  of  representation  of  the 
concepts  related  to  the  national  perception  of  the  world  in  M.Zh.  Kopeyev’s  works.  The 
article  considers  and  determines  the  conceptual  underpinnings  of  the  phenomena  of 
national culture, national art, religious perception of the world, national perception of the 
world,  regarding  them  as  the  means  of  linguistic  reflection  of  the  national  picture  of  the 
world.  The  conceptual  system  is  unfolded  by  virtue  of  application  of  epithet,  simile, 
illustrations, as well as free combinations of words and set expressions. 
Keywords:  Сognitive  linguistics,  national  language,  national  art,  national  customs 
and traditions, conceptual field, religious concept, moral concept. 
 
 
*** 
 
 
 
 
 
 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
275 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ТАРИХ 
ИСТОРИЯ 
HISTORY
 
 
 
ӘОЖ 94.(574) 
Рысбеков Т.З. – тарих ғылымдарының докторы, профессор,  
М. Өтемісов атындағы БҚМУ 
Кенесова А.С. – М. Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты 
Е-mail: dan4ik30.06@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет