ХV-ХҮІІ ғасырлар ескерткіштері тілінің текстологиялық жай-күйлері Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, Х.Сүйінішәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісалин сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, XV-ХVII ғасырлардағы қазақ көркем әдебиетін танытатын едәуір үлгілердің бар екендігі анықталған.. Бұлардың иелері: XV ғасырдан Асанқайғы мен Қазтуған, XVІ ғасырдан Шалкиіз (Шәлгез), Доспамбет, Шобан, XVII ға- сырдан Жиембет пен Марғасқа. Бұлардан басқа да бірер өлеңдерімен аты қалғандар да аталады. Мысалы, Қодан тайшы (кей деректерде «Қотан» деп те беріледі), ол – арғын Дайырқожаның әкесі. Бұлардың өздері де – қазақтың ауызша тараған поэзия дәстүрінің дәл бастамасы емес. Олардың алдында – Кетбұға, ол зерттеуші А.Сейдімбековтің шамалауынша, XII-ХIII ғасырларда (1150-1230) жасап өткен Ұлы жыршы, «Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін естірткенде айтқаны» деген өлең жолдарының авторы (ол өлең XV ғасырларда хатқа түсіп қалған), ал акад. Ә.Марғұлан ибн Батутаның Ұлы жыршы деп отырғаны – Сыпыра жырау болар деп топшылайды. Демек, аты аңызға айналып, эпостарда ғана аталатын Сыпыра жырау тарихта болған адам болса, ол да – XV ғасырларға дейінгі қазақ жырауларының алдында тұрған сөз иелерінің бірі.
Бұл кезең (ХV-ХҮІІ ғасырлар) ескерткіштерінің тілін әңгіме етуге келгенде, мына жайттарды ескеру қажет. Бұлардың текстологиялық жай-күйлері бірдей емес. Мысалы, «XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» («Ғылым» баспасы, 1982) деген кітаптағы өлең-толғаулардың ішінде ең әрідегі дәуір – ХV ғасырдың өкілі Асанқайғының толғаулары тілі, стилі жағынан әлдеқайда жаңа, біздің заманымызға жуықтау тұрғаны байқалады. Сірә, бұл факт Асанқайғы атының өзі аңызға айналуымен қатар, толғауларының да көп ұрпақтан өтіп, заман сайын өзгеріп жеткенін танытады. Соңғы жеткізушілер Асанқайғының ауызша тіпті біздің заманымызда, әрі кетсе XIX ғасырларда ғана қолданыла бастаған кейбір сөздер мен тіркестерді салады. Мысалы, оның «Ақ тонынды жамандап, Атлас қайдан табарсың» дегеніндегі атлас сөзі – соңғы дәуірлердің элементі болса керек. Асанның аз ғана мұрасының мәтінінде өзгелермен салыстырғанда, араб-парсы сөздері де көбірек кездеседі. Бұл да – біздіңше, соңғы кезеңдер қоспасының жемісі тәрізді. Мысалы, мұнда халық, ақы, айып, ғаріп, жұмлә, әкім, әділ, әділдік, әзиз, насихат, ғылым, ауыл, қабір, қадір, мурид, хатим ету, мақсұт, ғалым, қызыр, ақырет, мәрмәр, нәлет, қызмет, бейнет, дұшпан, жұпар, бақыт, дәулет, пейіл, дос, залым, бейбіт, надан, пір, Хақ тәрізді араб |ен парсы сөздері бар. Әрине, бұлардың бірқатары (дос, дұш- пан, надан, ақы, ақыл, қызмет, бейнет т.б.) – мүмкін XV ғасыр- дағы жалпы халықтың сөйлеу тіліне де еніп үлгерген сөздер болуы. Бірақ қайткенде де Асанқайғы толғауларының тілі үшін, яғни оның кезіндегі ауызша әдеби тіл үшін олар – көптеу.
Асанның замандасы Қазтуғанның, одан сәл кейінгі Шал- киіздің, XVI ғасырдағы Доспамбет пен Шобанның текстері лексика-грамматикалық және көркемдік-композициялық құрылымы жағынан өз дәуірлеріне сай элементтерді көбірек сақтағанға ұқсайды. Ал XVII ғасыр жырауларының тілі соңғы ғасырларға өте жуық. Бұларда тіпті қазіргі кез тұрғысынан алғанда да бейтаныс тұлға-тәсілдер де, лексика-фразеологиялық элементтер де өте аз. Дегенмен бұлардың қай-қайсысыңда да түсінуге қиын, мағынасы күңгірт жолдар немесе жеке сөздер мен фразалар бар. Мысалы, тілі кейінгі кездердің нормасына сәйкестендірілген деп тауып отырған Асанқайғы толғауларының ішінде мына жолдарды контекс бойынша да, контекстен тыс та ұғу өте қиын (олар курсивпен теріліп көрсетілді):
Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойыңды. Ойыл – көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың. Кеңестің түбі – нараду… Мұндай жолдар мен жеке элементтер Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жырларында едәуір. Мысалы, Қазтуғанның «Қара ұнымы сұлтандайын жүрістің» дегенін қалай түсінуге болады? Немесе оның «Салп-салпыншақ анау үш өзен» дегенінде салп-салпыншақ эпитеті нені білдіреді? Шалкиіздің «Тал мойныма қол артсаң, Күліктен бек ұнармын» дегенінде соңғы сөз түсініксіз. Сол сияқты оның «Тұсыңдағы болған нартың қорлама, Сөз боларсың көлемге. Сындырау арқа, сырт соқпақ Шемшірлігін ноқталап… Құдаған өскен арулар. Көміртіп не беркініс қолыңнан. Күділенген балдан сырқыт жоқ» деген жолдарындағы курсивпен терілген сөздердің бейтаныстығы осы тармақтардағы айтылмақ ойды күңгірттеп тұр. Доспамбеттің «Көмбідей ару жаларға. Кірмембес ауыр қолға бас болып» деген, Шобанның «Аббар кешіп, шет қонған, Балаңқылар батпаған. Сырғаласқан жауды сықтарға. Ісірібі тоқтасқан» деген жолдарындағы көрсетілген сөздер де – қазіргі қазақ тілі үшін бейтаныс элементтер.
Қ.Өмірәлиев ноғайлы циклі нұсқаларындағы мұндай эле- менттерді ноғай ордасынан қазақтарға келіп қосылған ру-тайпалар арқылы келген, оларды сол ру-тайпалардың ұрпақтары – Кіші жүз қазақтары көп өзгертпеген деп түйеді.Зерттеуші бұл сөздерді көне емес, түбі бір туыстас өзге түркі тілдік дегенге меңзейді.
Біздіңше, қазақтың XV-ХVII ғасырлардағы поэзиясы тілінде кездесетін, қазірде бейтаныс немесе мағынасы өзгеше түсетін сөздер мен грамматикалық ерекшеліктерді тұтасымен алып қарамай, бөліп қарау керек: олардың бірқатары, шынында, қыпшақ тілдерінің бір бұтағы – ноғай тіліндік болса, енді бір тобын және үлкен тобын қазақты құраған ру тайпалардың өзіне тән, бұл күнде көнерген немесе мағынасы өзгерген сөздері мен тұлғалары деп таныған жөн. Мысалы, шешме (бұлақ), соңратын, сымарыш ету, теңі түгілді, сатқын сияқты сөздер мен бізім, менім, жүрерлер, не білейім, келе жата тәрізді грамматикалық тұлғалар ноғай тілінікі екені – сөзсіз. Ал қалған ерекшеліктердің көнелігін, «қазақтығын» дәлелдеуге әбден болады.
Талданып отырған кезеңдердегі ауызша сақталған әдеби мұралардың тілін зерттеуде қиындық тудыратын, кейде тіпті зерттеушіні немесе жалпы оқырмандарды шатастыратын келеңсіздік бар. Ол – жеке сөздердің қате берілуі. Бұл мұралардың қай кітапта, қай журналда, қай жылда басыл- ғанын алсаңыз да, бәрінде де қателерді, әсіресе бейтаныс сөздердің жазылуындағы ала-құлалықты кездестіреміз. Алақұлалықтың бірқатары – араб жазуымен жеткен кітаптар мен қолжазбалардағы сөздерді қазіргі жазуға көшіргенде, контекске қарай түзетіп жазуға байланысты алшақтықтар. Мысалы, алдыңғы басылымдарда Асанқайғының «Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің» деген жолдарындағы шабылып жатқан тіркесі соңғы басылымдарда жайылып жатқан деп өзгертілген.
Сол сияқты Қазтуғанның бұрын «Билер отты, би соңы» деген тармағын «Билер өтті, би соңы» деп дұрыс оқығандықтан, екі басылымда екі түрлілік бар. Шалкиіздің «Дүбірдүбір шу көрген» деп басылып келген жолы «Дүбір-дүбір жүгірген» деп түзетілген. Сонымен қатар бұрынғы басылымдарда дұрыс берілген сөздердің кейінгі кітаптарда не қате жазылғандары, не өзгертілген түрлері орын алғаны да байқалады. Мысалы, есімдіктің I жақтағы жіктеулі түрі – менім сөзі 1982 жылғы «XV-ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» атты кітапта осы күнгі нормаға сай менің болып «түзетілген»: Сөйткен менің Еділім.Сірә, осы жерде менім тұлғасы Қазтуған сөзіне жуықтау болар, өйткені «Салп-салпыншақ анау үш өзен» атты толғаудың бас жағында «Салуалы менім ордам қонған жер» деген тармақ бар. Бір жырау бір толғаудың ішінде екі түрлі тұлғаны (менің/менім) қолдануы неғайбіл. Біздіңше, XV-ХVI ғасырлардағы ноғайлы-қазақ жырлары тілінде бізің, бізім, менім, не білейім деген ноғайлық тұлғалардың болуы – заңды. Тіпті бұлар қазақтың сол тұстағы сөйлеу тілінде де бар болуы ықтимал, себебі менің, біздің деген осы күнгі қазақтық нормалардың бірден қалыптасуы мүмкін емес.
Сондай-ақ 1982 жылғы жариялауда кесе сөзі десе болып, тік жар сөзі тек жар, садақтың сөзі сандықтың,кілең сөзі – кілік,ал шымылдық тіркесі ақ шымылдық,қом су тіркесі құм су,жол сөзі мол,болып қате берілген. Бұл қателер – мәтінді түсінуді ауырлатуымен қатар, тіл тарихшысын шатастыратын фактілер.
Кітап бастыру немесе қолжазба күйінде жазып сақтау дәстүрі өрбімеген елдердің ертерек дәуірлердегі көркем әдебиет мұрасы, сөз жоқ, күңгірттеніп, ішінара авторлықтан айрылып, асылдары халық мұрасына ауысып кететіндігі айтылды. Ал аты-жөнімен сақталып, пәлен автордың шығармасы деп, идеялық-тақырыптық жағынан әбден дәлелдеуге
болатындарының өзі тілі жағынан қарастырғанда, едәуір тосқауылға душар етеді. Атап айтқандай шығарманың тақырыбы мен идеясы ғасырлар бойы өзгермей, сол күйінде сақталғанмен, оның тіліндегі жеке сөздер мен фразалары және бір алуан грамматикалық тұлға-тәсілдері өзгеріп, соңғы дәуірлерге басқаша жететіні – заңды құбылыс.
Ертедегі әдеби үлгілердің тілі жағынан өзгеріске ұшырауының, біздіңше, бірнеше себебі бар. Ең алдымен, ол мұраның ауызша сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетуі өзгерістің объективтік-субъективтік себептерін туғызады: әдеби мұраны жеткізуші мен қабылдаушы өз бастарының ақындық дарындары мен көркемдік талғамдарына қарай, кейбір тұлға-тәсілдерді өзінше жаңғыртып, мәтінді ішінара «редакциялау» құқығына ие болады. Бұған эпостардың варианттарынан мысал келтіруге болады. Айталық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының бір жырланысында: