ХV-ХҮІІ ғасырлар әдеби мұралары тілінің сақталуы Жалпы,қазақ тілінің көнелік сипаттары,әдеби мұра тілінің,көнетүркі жазба ескерткіштерінің тілінен айқын байқалатындығын аңғаруымызға болады.Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан рулар мен тайпалардың, ұлыстар мен халықтардыңөз заманында қолданған тілдері қазіргіқазақ тілінің қалыптасуы мен дамуыныңқайнар көзі болып табылады. Ноғайлы-қазақ толғау жырларының ауызша таралып, ауызша сақталуына қарамастан және варианттылық, ортақтық фактілерінің барын есептегеннің өзінде, XV ғасырдан келе жатқан авторлы поэзия өз негізін, бастапқы қалпын түп- тамырымен өзгертпеген деп табамыз. Менің ойымша,оған бірнеше факторлары себеп болған. Бұл факторлардың бірі – поэзия үлгілерін халықтың қастерлеп сақтау дәстүрі болса, екіншісі – ол дәстүрді жүзеге асырушы «құралдарының» болғандығы. Мұндай «құралдар» деп отырғанымыз – ақын-жыраулардың өз бастары мен арнайы жыршылар, яғни өлең, толғау, жырларды жаттап айтушылар. Оның үстіне үлкен толғау, жырларды жаттап үйренудің белгілі мектебі болғанын және айту қажет. Жырды үйренушілер айтушының жанында айлап-жылдап жүріп, шығарма мәтінін дәл жаттап алатын болған, оның алдында «емтихан» тапсырып, жырды тұтас немесе бөліп-бөліп бұлжытпай айтып беруді дәстүр еткен. Мысалы, зерттеуші Қ.Сыдиықов атақты «Қырымның қырық батырын» жырлаушы Мұрын жырау Сеңгірбайұлы (1859-1954) ұстазы – Нұрым Шыршағұлұлының (1831-1908) қасында бірнеше рет бірге жүріп, жыр-толғаулар жаттап, батасын алған дейді.1880-1884 жылдары Қашағанмен бес жыл бір жүріп, жыр үйренеді дегенді тағы айтады.
Жырды жаттап жеткізушілердің көпшілігінің естігенін жадында сақтау қабілеттері күшті болғандығы туралы да жазылып келеді. Сөз жоқ, мұндай феномендер ертедегі әдеби мұраларды тілі жағынан біршама өзгертпей жеткізуге себепкер болғанға ұқсайды. Мұны кезінде Ш.Уалиханов жақсы байқаған еді. Ол «Киргизское родословие» деген еңбегінде: «Барлық көне жырлар мен аңыз-әңгімелер дәуір өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа ауызша түрде жеткеніне қарамастан, жыршы- жыраулардың жаттау әрі есте сақтау қабілеті мен өз атабабаларының ерлік істері туралы өлең-жыр, аңыз-әңгімелерін халықтың шексіз сүйгендігінің арқасында күні бүгінге дейін өзгеріссіз таза жеткен. Олардың жырланыс нұсқалары (списоктары) ұланғайыр кең даланың қай түкпірінен жиналған болса да, бір-біріне өте ұқсас, тіпті бірдей түседі»,деп бір жазса, осы пікірін екінші шығармасында және қайталайды.
Екінші фактор мынадай. Өлең шарттылығына байланысты және белгілі бір өлке тұрғындарына (Батыс Қазақстан өлкесіне) біршама түсінікті болғандықтан, кейбір лексикалық және грамматикалық көнеліктер өзгермей жеткен. Ал бірқатар грамматикалық тұлғалардың сақталуы ертедегі әдебиеттің стильдік-жанрлық сипатына тікелей байланысты. Мысалы, дидактикалық толғауларда, мақал-мәтелдер сияқты, есімшенің -ар жұрнақты тұлғасы актив жұмсалады, өйткені мұнда да өмірде үнемі болып жататын, белгілі бір шаққа бейтарап құбылыс баяндалады: «Шағырмақ бұлт жай тастар, Ағытқан қойды жол бастар» (Шалкиіз). «Құйрығы жоқ, жалы жоқ Құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ Жылан қайтіп күн көрер» (Асанқайғы). Мұндай баяндау дидактикалық толғаулардың құрамды бөлігі болып келеді, ол – үгіт айтуға қажет фон, ой астары. Демек, бұл жанрдың өзі-ақ етістіктерді оның өзге тұлғаларымен алмастыруға жібермейді.
Үшінші ол авторлы әдебиеттің фольклор дүниесімен қатар өмір сүріп келген фактісі. Екеуінің сақталу, таралу амалы бірдей болғанымен, біздің ойымызша, елеулі айырмашылықтары да бар: біріншіден, авторлы әдебиетте фольклор мұрасын жеткізуге қарағанда, еркіндік кемдеу сезіледі. Оның бір себебі – ақын-жыраулар туындыларының дені белгілі бір оқиғаға, нақтылы жер-су, адам аттарына қатысты айтылатындығына байланысты. Жеткізуші оларды алып тас- тау немесе өзгерту сияқтыларға көп бара алмайды. Содан соң авторлы әдебиетте ортақ сәттер (дәстүрлі клишелер), фоль- клорға қарағанда, әлдеқайда аз кездеседі. Оған қоса әр автордың өзіне тән жырлау мәнері, өзі сүйіп қолданған көркемдеуіш элементтері болуы мүмкін. Бұлардың барлығы – даралықты, авторлықты танытатын белгілер. Ал даралық тұрақ- тылықты көбірек қалайды. Қазақ поэзиясын ауызша жеткізушілер осыны интуитивті түрде жақсы сезген деуге болады.