Бөж тақырыбы: 15-17 гг. Қазақтың ауызша дамыған төл әдебиетінің нұсқалары және олардың тілін зерттеуде кездесетін қиындықтар



бет3/7
Дата18.10.2023
өлшемі82,94 Kb.
#118433
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
БӨЖ үлгісі (копия)

Қодар, Қодар дегенің кімді, сірә,
Құлдан өлсем, жатайын, құным сұрама.
Екі сөздің ішінде елімді айта бердің,
Жорығаның қалай еді, жұртым, сірә?-
деп келсе, осы шумақ екінші жырланыста:
Қодар, Қодар дегенің құл ма, сірә,
Құлдан өлсем, жатайын, тұрмай, сірә.
Бір сөз айтса, өледі дей бересің,
Жораң қалай жаман-дүр, жұртым, сірә?-
болып, едәуір өзгеше құрылған. Әрине, бұл жырланыстардың қайсысы бұрын, қайсысы кейін туғаны белгісіз (хатқа түскеніне қарап, мынауы ілгергісі, мынасы кейінгісі деуге мүлде болмайды: бұрын жырланғаны хатқа кейін түсуі де ықтимал ғой) және тәуірірегін кейінгісі деп кесіп-пішуге тағы болмайды, өйткені соңғы жеткізуші ақындық дарыны жағынан алдыңғы айтушыдан күштірек болу-болмауы екіталай. Бірақ қайткенде де әр жырлаушы өзінше редакция жүргізген және бұл жерде соңғысы тәуірірек жүргізген. Себебі алдыңғы вариантында өлең өлшемінде азын-аулақ ақаулық бар, соңғыда – жатық. Біреуінде қазақтың ескі әдет-ғұрып заңының бір «статьясы» – құн сұрау, құн төлетуді ескертсе, екіншісіңде қарапайым акт – өлсе, тұрмай жататыны ғана білдіріледі. Сол сияқты бір жырлаушы өз заманына сай мұсылманның Алласын қыстыра кетуді дұрысырақ көреді: Алла бұйыртса, жұртым, мені жіберіңіз дейді. Немесе бір жырланыста «Ызаменен сарғайып іші толды» десе, екіншісінде «Санаменен сарғайып іші толды» деп, ассонансқа құрылған кәнігі фразаны пайдаланады (бұл салыстырулар Ы.Дүйсембаев жүргізген текстологиялық материалдар бойынша келтірілді)
Жеткізуші мен қабылдаушының өз дәуіріне бейтаныстау көне элементтерді өзгертіп, өз тұстарындағы жаңа варианттарымен беріп отыруы әбден ықтимал да, заңды да. Мысалы, ноғайлы цикліндегі жырлардың бірқатарында Ал қара кіс тон береді, Омы үстіңе ки сәна деген жолдар кездеседі. Мұндағы кіс – терісі бағалы, орманды жердің аңының аты. Ертеректе қазақ халқын құраған ру-тайпаларға бұл аң өте таныс болып, оның атауы поэтикалық элементке айналғаны байқалады: ал қара кіс тон беру – «қымбат сыйлық беру, қадір тұту» дегеннің символы. Кіс сөзі өзге эпостардың кейбір жырланыстарында да сақталған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 1834 жылы жазылған (хатқа түскен) вариантында «Бір жатыпты қара кіс жамылысып» деген тармақ бар. Осы тармақ екінші бір жырланыста «Бір ойнайды жарымен табылысып» деп өзгеше берілген. Мұндағы кіс жамылу, яғни аңның терісімен астарланған немесе тысталған тонды жамылу ерте кездер үшін түсінікті болғанмен, соңғы кезеңдерде көп кездеспейтін, сондықтан көпшілікке бейтаныс фразаға айналған тәрізді. Осының салдарынан кейінгі жырлаушылардың (бұл жолды өзгертіп айтулары – әдеби мұраның ауызша сақталып, ауызша жеткізілуіне тән тәртіптерден туған заңды құбылыс.
Ауызша сақталған ескерткіштің не тұтас өзі, не үзіктері бір автордан екіншісіне ауысып, екі-үш иелікке бірдей телініп жүретіндігі олардың тілін зерттеуге келгенде, айтарлықтай қиындық туғызады. Ескі мұралардың кейде тіпті авторлықтан айрылып, фольклор туындыларына ауысып кетуі мәселені одан сайын күрделендіре түседі. Мұндай ауысулар бір дәуір, бірер ғасыр аясында қалмай, бірнеше ғасыр бойына созылып, бірнеше иегерге тап болатыны тағы бар. Мысалы, кейінгі зерттеулерде XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың I жартысында жасаған ІІІалкиіз жыраудікі деп көрсетіліп жүрген Еділден шыққан сызашық Біз көргенде, тебінгіге жетер-жерпес су еді деп басталатын толғау араларына үш ғасыр салып, XIX ғасырдағы Махамбеттен бір-ақ шығады.Текстологиялық айырмашылықтар – бірді-екілі жеке сөздерінде ғана. Сөз қолданысы мен грамматикалық тұлға-тәсілдері жағынан бұл мәтін соңғы кездердің, XIX ғасырдың туындысына әлдеқайда жуық келеді. Ал, шындығында, бұл өлең әрірек дәуірдікі болуы мүмкін, бірақ ауызша жеткендіктен, бірте-бірте өзгеріп, соңғы кездердің нормасына түсуі (сол себептен де Махамбетке тән тәрізді болып көрінуі, оның үстіне кейде тіпті авторлықтан айрылып, фольклор мұрасына көшіп кетуі – таң қаларлық жайт емес.Бұл мысал тұтас шығарманың әр дәуірге, әр авторға ауыстырылып келгенін көрсетеді. Ал жеке жолдардың, образдардың ғасыр сайын, автор сайын қайталап бой көрсетуі – бір жағынан, тағы да «ауызша баспаның» ісі болса, екінші жағынан, ол – тұтас поэтикалық мектептің, әдебиеттегі бағыттың жемісі және ертерек кезеңдердегі көркем әдебиеттің даму заңдылықтарына қатысты құбылыс. Мысалы, жаугершілік тақырыптағы шығармаларда толғамалы ай балта, қорамсаққа қол салды, қозы жауырын оқ алды сияқты стереотиптер – тек ауызша сақталудың ғана жемісі емес, бұл – тұтас мектептің (поэтикалық дәстүрдің) әрі қарай жалғасып, ұласа беруінің нәтижесі. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев мұндай ортақ тақырыпты, бірнеше вариантты дүниелерді, әсіресе дидактикалық-шешендік толғауларды белгілі бір ақынжырауларға телімей (тіпті авторлығының сақталғандығына қарамастан) және белгілі уақыт аясында алмай, мақал-мәтелдер сияқты ортақ мұра ретінде қарау керек деген пікір айтады. Бұл – жаны бар әңгіме.
Сөйтіп, XV-ХVIII ғасырлардағы қазақ әдеби мұраларының тілін танып-білуде ол үлгілердің ауызша таралып, ауызша сақталуына байланысты әр алуан қиындықтар бар екендігі көрінеді. Дегенмен соңғы жылдардағы ізденістерге қарағанда, Бұхар жырауға (XVIII ғасырға) дейін де қазақтың көркем поэзиясының болғандығы және оның бірсыпыра өзгеріске түссе де сақталып, бізге жеткендігі ақиқат болып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет