Петропавлда «Жас арбакештер» ұйымы құрылды. Кадеттер ұйымы Семейде «Свободная речь» деген өз газетін шығарып тұрды. Кадеттер бөлінбес біртұтас Ресейді, конституциялық монархияны қалыптастыру саясатын жақтады. Эсерлер ұйымының ұрандары: «Жер оны өңдейтіндерге берілсін!» , «Жер – бүкіл халықтың меншігі!». Орал, Атырау, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей қалаларында казак партиясының бөлімшелері жұмыс жасады. Уақытша үкімет – Ақпан революциясының нәтижесінде Ресейде құрылған билік органы. Уақытша үкімет мүшелері Төртінші Мемлекеттік Дума мүшелерінен тұратын уақытша комитет пен Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің келісімі бойынша 1917 жылы 2 наурызда құрылып, оны князь Г. басқарды. Уақытша үкімет Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы шақырылып, мемлекеттік басқару пішімі шешімін тапқанға дейін билік жүргізуі тиіс болды. Уақытша үкімет Ресей азаматтарының құқығында діни-нанымына, ұлтына қарай ешқандай шектеушілік болмайтынын жария етті. Бұл өз кезегінде бұрын ұлттық езгіде болған халықтардың Уақытша үкіметке қолдау танытуын арттырды. Орталық Азия халықтарының Уақытша үкіметке қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, майданның тыл жұмысына адамдар алуды тоқтатуы және он алтыншы жылғы көтеріліске қатысушыларға кешірім жариялауы елеулі дәрежеде әсер етті. Дегенмен, Уақытша үкімет бірінші дүниежүзілік соғысқа Ресейдің қатысуын жалғастыруды жақтады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қатынастардың онан әрі шиеленісуіне алып келді. 5 наурызда Уақытша үкімет жергілікті өкімет органдарын құру туралы қаулысын шығарды. Ресейдің басқа аймақтарындағы сияқты Қазақстанда да Уақытша үкіметтің жергілікті органдары алғашқы кезеңде азаматтық комитеттер негізінде пайда болды. Бұл комитеттерді құруда бастамшылық облыс және уез орталықтарында тұратын орыс жұртының қолында болды және комитеттердегі басшы орындар да солардың үлесіне тиді. Сондықтан олардың құрамына енгендердің арасында ұлтаралық қатынас мәселесіне ескі патшалық әкімшілік көзқарасында тұрғандар көп болды. Міне, осындай жағдайда қазақтарға ескі әділетсіз патшалық билік жойылып, оның орнына жаңа билік келгенімен де, ұлттың мүддесін қорғайтын мекемелерсіз қалу қаупі туды. Сондықтан да азаматтық комитеттермен қатар ұлттық саяси элита өкілдерінің ат салысуымен облысы, уездік және болыстық деңгейде қазақ комитеттері құрылды. Қазақ комитеттерінің өкілдері облысы және уездік азаматтық комитеттердің атқару органдарына мүше болып енді. 1917 жылы 20 наурызда Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің ұйғарымымен Торғай облысының комиссары болып тағайындалды. Оның ұсынысымен Қостанай уезінің комиссары болып А.Бірімжанов, Торғай уезінің комиссары болып О.Алмасов, Ырғыз уезінің комиссары болып Ғ.Теміров бекітілді. 7 сәуірде Уақытша үкімет Түркістан өлкесін басқаруды қамтамасыз ететін Түркістан комитеті құрамын бекітті. Мемлекеттік Дума мүшесі, кадет партиясының өкілі Н.Н. Щепкин төрағалық ететін Түркістан комитеті құрамында М.Тынышбаев, С.Мақсұдов, А.Дәулетшин секілді жергілікті ұлттық қайраткерлер болды. Ә.Бөкейханов М.Тынышбаев Н.Н.Щепкин