Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақындығына қарай өлшенеді. Пойыздар болса шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай жөңкіліп жатады... Бұлар Құмдышаптың қызылжарлы Құмдауыт саласымен ұзақ жүріп, ақыры Ана-Бейіттің шебіне де ілікті-ау. Бір кезде Найман- ана мәңгүрт ұлын іздеп шарқ ұрған жерлер ғой бұл. Едігелер дәл осы тұста тұңғыш кедергіге кез болды. Кенет алдарынан тікен сым темір тартылған шарбақ шыға келді. Бірінші болып Едіге тоқтады – мәссаған! Тіпті Қаранардың үстінен үзеңгіге шіреніп тұрып Едіге оң жағына қарады, сол жағына қарады – көз жетер жердің шегіне дейін төртбұрышты темірбетон қадауларға қатар-қатар тартылған тікен сым темір жыланша ирелеңдеп, өткел бермей жатыр.
Арт жағынан трактор тоқтады. Әуелі Сәбитжан, соңынан Ұзынтұра Еділбай секіріп түсті.
– Мынау не? – деп Сәбитжан тікен шарбаққа қолын сілтеді. – Басқа жаққа шығып, кеттік пе, немене? – деп сұрады Едігеден.
– Неге басқа жақ? Жолымыз тура, бірақ мына тікен шарбақ қайдан шыға келді, шайтан алғыр?!
– Немене, бұрын бұл шарбақ жоқ па еді?
– Жоқ болатын.
– Ал, енді қайттік? Енді қалай өтеміз?
Едіге үндемеді. Қалай өтерін ол өзі білмей тұр.
– Әй, өшір трактордың үнін! Тарқылдатқаның жетер енді! – деп Сәбитжан кабинадан басы қылтиған Қалибекке ызалана айқай салды.
Қалибек моторды өшірді. Соңынан экскаватордың да үні сөнді. Айнала тып-тыныш, құлаққа ұрған танадай мәңгірген тыныштық орнады.
Аспан асты Сарыөзектің ұлы даласы бір қиырдан бір қиырға дейін созылып жатыр, бірақ Ана-Бейітке өтетін бір аттам жер жоқ.
Алдымен Ұзынтұра Еділбай тіл қатты:
– Едеке, бұрын бұл шарбақ жоқ па еді?
– Өмірі болған емес! Бірінші рет көріп тұрмын.
– Е, ендеше әдейі қоршаған ғой. Космодром салатын шығар, – деп сәуегейлік айтты Ұзынтұра Еділбай.
– Солай болса, солай шығар. Әйтпесе, құдайдың қу даласына осыншама күш төгіп, шарбақ салар ма еді. Біреудің ойлап тапқаны ғой. Ойына не келсе, соны істейді, шайтан алғырлар! – деп Едіге шыдай алмай балағаттап жібереді.
– Шайтанда не шаруаңыз бар! Өлікті алып қиян жолға шығардан бұрын алдын ала білу керек еді ғой, – деп сызданды Сәбитжан. Бәрі де зіл басқандай үнсіз қалды. Боранды Едіге Қаранардың үстінен жанында тұрған Сәбитжанға оқшия қарады:
– Сен, шырағым, шошаңдамай азырақ сабыр ет, – деді даусын көтермеуге тырысып. – Бұрын бұл тікен шарбақ жоқ еді, мен қайдан білейін мұндай боларын?
– Е, мен де соны айтып тұрмын, – деп күңк етті де Сәбитжан бұрылып кетті.
Тағы да ешкім тырс етпеді. Ұзынтұра Еділбай бір амалын таппақшы боп ойланып тұр.
– Ал, енді қайттік, Едеке? Не істейміз? Зиратқа баратын басқа бір жол жоқ па?
– Болуы керек. Неге болмасын? Оң қолды ала бес шақырымдай жерде бір жол бар, – деді Едіге жан-жағына көз тастап. – Солай жүрейік. Не олай, не былай бір жол болмауы мүмкін емес.
– Анық па? Шыннан жол бар ма? – деп сыздана тақақтады Сәбитжан. – Әйтпесе, не олай емес, не былай еместің нағызы болып жүрмесін!
– Бар, бар, – деп сендірді Едіге. – Отырыңдар көлікке. Уақыт өтіп барады.
Сөйтіп олар тағы жолға шықты. Арт жақтағы тракторлар қайтадан тарқылдай бастады. Олар тікен шарбақты бойлай жүріп отырды.
Едігенің көңілі пәстенді. Мына жағдайдан қатты абыржып қалды. Бұл қалай, деп күйзелді ішінен, – айнала қоршап тастап, зиратқа барар жолға белгі қоймағаны несі? Е, сұм дүние, қу өмір-ай десеңші! Бірақ әлі үміт үзбей келеді – осы оң қапталда бір жол болуы керек қой. Ақыры айтқаны келді. Тұп-тура шлагбаумға келіп маңдайлары тірелді. Шлагбаумға жақындағанда Едіге қарауыл пункттің мығымдығына, мызғымастай бекемділігіне назар салды: қос қапталды ала тастай берік бетоннан қорған салынған; зонаға кіре беріс жолдың тура жиегінде кірпіштен соққан үй тұр. Жан-жағы түгел көрініп тұрсын деп айналдыра әйнектеп тастапты; үйдің теп-тегіс төбесіне екі прожектор орнатып қойыпты, сірә, жол қақпасына түнде жарық түсіру үшін керек шығар. Шлагбаумнен ары қарай асфальт жол салыныпты. Мұншама мұқият құрылысты көріп Едігенің көңілі алаң бола бастады.
Бұлардың таянғанын байқап, сары үрпек балапандай жап-жас бір солдат автоматының ұңғысын төмен қарата иығына асынып кірпіш үйден шыға келді. Қораш көрінбеуге тырысып, гимнастеркасінің етегін жүре тартқылап, басындағы фуражкесін түзеп қойып, алашұбар шлагбаумның қақ орта тұсына мызғымастай қалшиып тұра қалды. Сонда да болса, Едіге көлденең алашұбар ағашқа түйенің басын тіреген кезде әлгі солдат әуелі:
– Здравствуйте! – деп қолын шекесіне қойып амандасты да, Едігеге бозғылт-көкшіл сәби көзін қадап: – Кім боласыздар? Қайда барасыздар? – деді.
– Біз осы жердің тұрғындарымыз, солдат, – деді Едіге қарауылдың бала қоразша қоқиланғанына күлімсіреп. – Қарт кісіміз қайтыс болып еді, соны жерлеу үшін зиратқа бара жатырмыз.
– Рұқсат қағазсыз өтуге болмайды, – деп жас солдат басын шайқады, күйіс қайтарып тұрған Қаранардың арандай аузынан сескеніп, сәл шегіншектеді. – Бұл ара күзетке алынған зона, – деп түсіндірді.
– Дұрыс, қой, бірақ біз зиратқа баруымыз керек. Ол осы араға тиіп тұр, алыс емес. Онда не тұр, тәйірі? Қазір жерлейміз де қайтамыз. Бір сәтке де кідірмейміз.
– Жібере алмаймын. Құқым жоқ,– деді қарауыл.
– Балам, бері қара,– деді Едіге жауынгерлік ордендерім мен медальдарым көрінсін дегендей түйе үстінен әдейі еңкейіп. – Біз бөтен емеспіз. Біз Боранды деген разъезденбіз. Боранды дегенді естуің бар шығар. Біз осы елдің адамдарымыз. Өлген кісіні бейіттеу керек. Мына тұрған зиратқа барамыз да, ізімізше кейін қайтамыз. – Мен түсініп тұрмын, – деп қарауыл солдат ағынан ақтарылып, иығын қиқаң еткізе беріп еді, қас қылғандай дүрдиіп, өкімет адамның пішінін білдіріп, маңғаздана кесір айдап Сәбитжан килікті де:
– Немене, не тұрыс бұл? Мен облпрофсоветтенмін, – деп қойды.– Неге жібермей тұрсыз?
– Неге десеңіз, рұқсат жоқ.
– Қарауыл жолдас, мен айтып тұрмын ғой, облпрофсоветтенмін мен.
– Қайдан болсаңыз, одан болыңыз, маған бәрібір.
– Қалайша? – деп Сәбитжан шамданып шарт етті.
– Солайша. Бұл күзеттегі зона.
– Онда әңгіме көбейтіп керегі не? – деді намыстанған Сәбитжан.
– Әңгіме көбейткен кім? Сізге емес, түйедегі кісіні сыйлағаннан ғана түсіндіріп тұрмын. Бұл кісі түсінсін деп тұрмын. Жалпы, бөтен адамдармен сөйлесуге болмайды маған. Мен қарауылдамын.
– Демек, зиратқа өтуге болмайды ғой?
– Болмайды. Зиратқа ғана емес, жалпы ешкімге де өтуге болмайды.
– Бопты онда, – деп ашу шақырды.– Осындай боларын біліп едім! деп Едігеге шүйілді.– Осындай далбаса боларын біліп едім! Құлақ асты ма! Көну қайда! Ана-Бейіт, Ана-Бейіт! Ал, жет енді Ана-Бейітке!
– Осыны айтып салып, Сәбитжан жәбір көрген адамша шеттеп шығып, қалш-қалш етіп, қаһарлана түкірінді.
Жап-жас қарауыл солдаттың алдында Едіге қысылды.
– Кешір, ұлым, – деді ол әкелік раймен.– Сенің қызмет атқарып тұрғаның рас. Бірақ енді мына марқұмды қайда қоямыз? Домалатып тастап кете беретін бөрене емес.
– Мен түсінемін. Бірақ не істейін? Маған қалай бұйырады, солай орындауым керек. Мен бастық емеспін ғой.
– Жөн-жө-ө-ө-өн, – деп сасқанынан созалаңдата сөйледі Едіге.– Ал, өзің қай жақтан боласың, балам?
– Мен, әкей, Вологда жақтанмын, – деп қарауыл бұл сұраққа жауап беру жанына жағып бара жатқандай қызара қысылып, “о” әрпіне екпін сала сөйледі. – Сонда сол сендердің Вологда жақта да зиратта осылайша қарауыл тұра ма?
– О не дегенің, әкей! Зиратқа онда қашан, қанша барамын десең де өз ықтиярың. Мәселе онда емес қой, әкей. Бұл ара жабық зона. Әкей-ау, байқап тұрмын, өзің де әскерде болып, соғысқа қатысқан көрінесің, әскери қызметтің аты – әскери қызмет екенін түсінсең керек-ті. Мен қалайын, қаламайын, тәртіпті бұзуға жол жоқ.
– Солайы – солай, – деп құптады Едіге. – Сонда біз өлікті алып қайда барамыз?
Екеуінде де үн жоқ. Жас солдат ойлап-ойлап, ақырында ақ үрпек басын қинала шайқап қалды да:
– Жоқ әкей, жібере алман! Правом жоқ! – деп шорт кесті.
– Амал не, – деді әбден әбіржіген Едіге.
Енді ол серіктерінің бетіне қарай алмай қалды, өйткені Сәбитжан тіпті үдей түсіп Ұзынтұра Еділбайға тиісті:
– Мен айттым ғой! Ит-арқасы қиянға сандалмайық дедім! Мұның бәрі ескі наным! Өздеріңнің де, өзгенің де басын қатырдыңдар. Өлікті қайда көме салса да бәрібір емес пе! Жоқ, болмайды: өлсең де, тірілсең де – Ана-Бейіт деп қасарыстыңдар да қалдыңдар. Сен де маған: “Сенсіз де жерлей аламыз, кете бер” деп қоқиландың. Ал, жерлеп көріңдер енді!
Ұзынтұра Еділбай ләм деместен бұрылып кетті.
– Сен, досым, тыңдашы,– деді ол шлагбаумның жанына барып қарауылға.– Әскерде мен де болғанмын, біраз тәртіпті мен де білемін. Телефоның бар ма?
– Әрине, бар.
– Онда былай істе, қарауылдар бастығына телефон соқ. Жергілікті тұрғындар Ана-Бейіт зиратына өтуге рұқсат сұрайды деп баянда!
– Қалай? Қалай? Ана-Бейіт? – деп қайта сұрады қарауыл.
– Иә, Ана-Бейіт. Біздің зираттың аты ол. Телефон соқ, досым, басқа амал жоқ. Бізге тікелей өзі рұқсат алып берсін. Бізге керегі тек зират қана, басқа ешқайда бұрылмаймыз, бұған имандай сен. Қарауыл маңдайы қыртыстанып, қозғалақтап тұрып, ойланып қалды.
– Сен күмәнданба, досым,– деді Ұзынтұра Еділбай. – Бәрі уставқа сай. Сенің постыңа бөгде адамдар келді. Сен қарауылдар бастығына хабарлайсың. Бар тетігі сол ғана. Қиналатын не бар енді! Сен хабарлауға міндеттісің әрі-беріден кейін!
– Жарайды, болсын,– деп бас изеді қарауыл.– Қазір телефон соғайын. Бірақ бастық ұдайы постыларды аралап, машинадан түспей территорияда жүреді. Ал, территорияның қанша екенін көріп тұрсың ғой, қарашы, көз жетпейді!
– Мүмкін, маған да ілесуге рұқсат етерсің, а? – деп өтінді Ұзынтұра Еділбай. – Бірдеңе түсіндіруге керек болып қалармын.
– Жарайды, жүр,– деп келісті қарауыл.
Сөйтіп екеуі үйге кіріп кетті. Есігі ашық қалып еді, Едіге сөздің бәрін естіп тұрды. Қарауыл әлдеқайда телефондап, бастықты сұрап жатыр. Қасақана бастық орнынан табылмай тұр.
– Жоқ, маған қарауылдар бастығы керек!– деп айқайлап жатыр жас солдат. – Өзі, өзі керек... Жо-жоқ. Мұнда бір маңызды шаруа болып тұр.
Едіге қобалжи берді. Қарауылдар бастығы түскір қайда кетті екен? Бір қырсықса бәрі қырсығады!
Ақыры бастық та табылды.
– Жолдас лейтенант! Жолдас лейтенант! – деп қарауыл солдат саңқылдақ даусы дірілдеңкіреп айқайлады. Жергілікті тұрғындар ежелгі зиратқа бір қайтыс болған кісісін жерлеуге келіп тұр, деп баяндады. Қалай болады? Едіге құлағын тіге қалды. Лейтенант: “жібер десе – жетіп жатыр!” Жарайсың, Ұзынтұра Еділбайым. Дегенмен, тапқыр жігіт. Бірақ та телефондағы қарауылдың сөзі созылып барады. Енді ол тек сұрақтарға жауап берумен әуре: Иә... Қанша дейсіз бе? Алты адам. Марқұммен жетеу. Бір шал қайтыс болыпты. Алтаудың үлкені түйенің үстінде отыр. Содан кейін тіркемелі трактор, трактордан соң экскаватор да... Иә, мола қазуға керек дейді... Қалай? Мен не деп жауап берейін оларға? Демек, болмайды? Рұқсат жоқ дейсіз бе? Құп болады!
Ізінше Ұзынтұра Еділбайдың даусы естілді. Сірә, телефонның трубкасын жұлып алса керек.
– Жолдас лейтенант! Біздің жағдайымызды түсініңіз. Жолдас лейтенант, біз Боранды разъезінен келдік. Енді қайда барамыз? Түсініңіз біздің жағдайымызды. Біз осы жердің адамдарымыз, титтей де бөтен пиғылымыз жоқ. Марқұм кісімізді зиратқа қоямыз да, табанда қайтамыз... А? Не? Онда қалай? Е, келіңіз, келіңіз, өз көзіңізбен көріңіз! Мұнда бір қартымыз бар, майдангер болған, соғысқа қатысқан. Айтып түсіндіріңіз соған.
Ұзынтұра Еділбай қарауыл үйден қапаланып шықты. “Лейтенант өзі келіп шешімін осы арада айтатын болды”,– деді. Соңынан қарауыл солдат жетіп, о да соны айтты. Бастықтың өзі келіп, мәселені өзі шешетін болған соң, қарауыл солдаттың еңсесі көтеріліп, жүгі жеңілденіп қалды. Ол енді ала шұбар кескек ағашты бойлап, ары-бері жүре бастады.
Сағат үш болды. Жап-жақын жер қалса да олар әлі Ана-Бейітке жете алмай тұр. Едіге қарауылға қайта келді.
– Ау, балам, бастығыңды әлі көп күтеміз бе?– деп сұрады ол.
– Жо-жоқ. Қазір жетіп келеді. Машинасы бар ғой. Он-он бес минуттік жол.
– Мейлі, күтелік. Ал мына тікен сымды қай уақытта құрып тастағансыңдар?
– Біраз болып қалды. Біз ғой орнатқан. Мен мұнда әскерде жүргеніме жыл толып қалды. Бұл араны қоршап тастағанымызға сонда, сірә, жарты жыл болды-ау. Е, бәсе, солай екен ғой. Бұл аймақты айналдыра шарбақтап тастағанын мен де білген жоқпын. Білмеген соң ғой мына сарсаңға түсіп тұрғанымыз. Енді мен кінәлі боп тұрғандаймын, өйткені өлікті осында жерлейік деген мен едім. Бұл арада біздің көне зиратымыз – Ана-Бейіт бар. Ал мына марқұм Қазанғап өте бір оңды адам болған. Разъезде екеуміз отыз жыл бірге жұмыс істеп едік. Дұрыстап жөнелтейік деген едім да.
Солдат Едігеге жаны ашып кетсе керек:
– Әкей, сабыр етіңізші, – деді ол шын ниетпен. – Қазір қарауылдар бастығы лейтенант Таңсықбаев келеді, соған бәрін айтып түсіндіріңіз. О да адам баласы шығар? Жоғары жаққа айтсын. А, бәлкім, рұқсат беріп қалар.
– Жақсы лебіз – жарым ырыс. Рахмет! Онсыз бола ма енді? Сен қалай, Таңсықбаев дедің бе? Лейтенанттың фамилиясы Таңсықбаев па?
– Иә, Таңсықбаев. Өзі бізге таяуда келді. Немене? Танысыңыз ба еді? Сіздердің нәсілден ол. Бәлкім, бажа болып шығарсыздар?
– Е, қайдан болсын, – деп мырс етті Едіге. – Сендерде Ивановтар қандай көп болса, бізде Таңсықбаев дегендер де сондай көп. Әшейін осы фамилиялас бір кісі есіме түсіп кеткені…
Қарауыл үйден телефонның сылдыры естілді де, солдат жүгіре жөнелді. Едіге жалғыз қалды. Қасы қайтадан түксиіп кетті. Түнеріп тұрып, машина көрінбес пе екен деп айнала шолып, шлагбаумның ар жағындағы асфальт жолға көз тікті. Боранды Едіге басын шайқап қойды. “Осы зәуіде әлгі ителгікөздің баласы болып жүрмесін? – деген ой жылт етті де, өзін-өзі күстәналады. – Мұның не! Қайдағы- жайдағыны еске алып! Мұндай фамилиясы бар адамдар толып жатқан жоқ па? Қой әрі, мүмкін емес. Ол Таңсықбаевпен кейін толық есеп айырысып едік қой... Десе де жер бетінде шындық бар ғой! Бар! Қанша бәле төнсе де, әрдайым шындық болмақ...”
Сөйтіп ол шетке шығыңқырады да, жан қалтасынан орамалын алып, Таңсықбаевтың көзіне бірден шалынсын деп ордендерін, медальдарын, озат жұмыскердің значоктарын жалтырата сүртіп- сүртіп қойды. XII
Ал әлгі ителгікөз Таңсықбаевтың жағдайы былай болған.
1956 жылы көктемнің аяғын ала Құмбелдің депосында үлкен митинг ашылды. Митингіге барлық станциялар мен разъездерден күллі теміржолшылар шақырылды. Жол бойында жұмыста тек кезекшілер ғана қалды. Боранды Едіге өз ғұмырында нелер жиналыстарды көрмеді, бірақ мына митинг еш уақытта ұмытылмастай болды.
– Жұрт паровоз жөндейтін цехқа жиналған, халық шыжандай қаптап кетті, орын жетпеген соң адамдар тіпті үйдің төбесіне дейін көтеріліп, жақтауларда сығылысып отырды. Бәрін айт та бірін айт сондағы сөйлегендердің сөзін айтсайшы! Берия туралы түбіне дейін түп-түгел айтылды. Лағнет жауғыр жауызды түк қалдырмай масқаралап, қарғыс таңбасын басты! Ой, сонда сөйлегендері-ай, кешке дейін бір адам тырп еткен жоқ, депо жұмысшылары мінбеге өздері шығып сөйледі дейсің. Биік депоның шаңырағының асты гу-гу күңгірлеп, дауылды күнгі ормандай шуылдады. Едігенің қасындағы бір адам таза Ресей мақамында сөйлеп, мына көрініс туралы: “Дауыл алдындағы теңіздей толқуын қарашы”, – дегені есінде қалыпты. Десе дегендей еді. Жүрек кеудеге сыймай дүрсілдейді, майданда шабуылға шығар алдында осыған бір атқақтаушы еді. Таңдай кеуіп, шөл қысып әкетіп барады. Тілі таңдайына жабысып қалды. Мына қара құрым халықтың арасынан суды қайдан табарсың? Қазір су іздейтін уақыт емес, шыдауға тура келді. Үзіліс кезінде Едіге станцияның бұрынғы бастығы, қазіргі депоның парторгі Черповқа кимелеп жүріп әрең жетті-ау. Чернов президиумде болатын.
– Андрей Петрович, мен де сөйлесем қайтеді?
– Сөйле, сөйлегің келсе. Келгенде қандай. Әуелі ақылдасып алайық. Есіңде ме, біздің разъезде Құттыбаев деген жұмысшы болып еді ғой. Әбутәліп Құттыбаев. Тағы әлгі ревизор ше? Югославия туралы естелік жазып жүр деп Құттыбаевтың үстінен домалақ арыз түсіріп еді ғой? Әбутәліп Югославияда партизан болып соғысқан. Ал әлгі Берияның адамдары келіп, Құттыбаевты алды да кетті. Сол содан қайтыс болды, жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Есіңде ме?
– Иә, есімде. Қара қағазды әйелі келіп менен алған.
– Е-е, дәл өзі! Содан отбасы көшіп кетті. Енді қазір мына сөйлегендердің сөзін тыңдаймын да ойлаймын. Югославиямен ғой біз қазір доспыз – ешқандай кереғар келіспеушілік жоқ! Ал жазықсыздан-жазықсыз адамдар неге жапа шегеді? Әбутәліптің балалары өсіп қалды, олар енді мектепке барады. Енді шындықтың бетін ашу керек қой! Әйтпесе, балалардың беті шіркеулі, кім көрінген көздеріне түртеді ғой. О бейшаралар онсыз да көрді көресіні – әкесіз қалды.
– Тоқта, Едіге. Сен осы туралы айтпақшысың ба?
– Әлбетте.
– Ал әлгі ревизордың фамилиясы кім?
– Сұрап білуге болады ғой. Рас, мен оны содан кейін қайтып көрген емеспін.
– Дәл қазір кімнен сұрап білесің? Содан соң ол қағазды дәл соның жазғаны туралы құжатты дәлел бар ма?
– Е, ол жазбағанда, кім жазды?
– Оу, қымбатты Борандым, мұндай істе фактілі дәлел керек. Кенет ол болмай шықса, қайтеміз? Мұндай іспен қалжыңдасуға болмайды. Сен мынаны тыңда, әуелі, Едіге. Осының бәрін айтып, Алматыға хат жаз. Қалай болды, не болды, барлық жағдайды айтып республика партиясының Орталық Комитетіне жібер. Ондағылар анықтайды. Көп ұстамайды. Партия мұндай іске қатты көңіл бөліп отыр. Өзің де көріп тұрсың ғой. Сол митингіде жұрттың бәрімен қосылып, Боранды Едіге де: “Жасасын партия! Партияның бағытын қуаттаймыз!” – деп бар даусымен аянбай айқайлады. Содан соң митинг соңында әлдекім “Интернационал” әнін бастады. Оған тағы бірнеше дауыс қосылып еді, сәлден кейін барлық дәуірлердің, өмір бойы қаналып келе жатқандардың бәрінің ұлы гимнін бүкіл зал болып қосылып айтқанда, депоның іші жаңғырығып кетті. Едіге еш уақытта да мұнша көпке қосылып ән айтқан емес-ті. Ол сонда жер бетінің нәрі мен сөлі болған жұмысшы қауыммен бірге екенін мақтана, масаттана, әрі ашына, салтанатпен сезініп, теңіз толқынының ақ жалынан ұстап мінгендей бір хал кешті. Ал коммунистер гимні көптің жүрегін алаулата тасқындап көпшілікті халықтың бақытын баянды ететін құқық үшін аянбай күресуге, батыл қорғауға үндеп, үдемелеп үдеп бара жатты.
Осы бір насат көңілмен ол үйге қайтты. Митингіде болған жайдың бәрін түгін қалдырмай, шай үстінде Үкібалаға айтып берді. Өзінің де сөйлегісі келгенін, бірақ қазіргі парторг Черновтың не дегенін де айтты. Үкібала оған шайды кесе соңынан кесеге құйып отырып тыңдады.
– Не болған саған тегі, бір самауырды бір өзің түгел тауысып қойдың! – деп күле таңғалды.
– Неге екенін білмеймін, митингіде қатты шөлдесем болар ма. Сірә, қызып кеткендікі болар. Бірақ су тауып ішу қайда – халық деген шыжандай, қимылдауға шама жоқ. Содан далаға атып шығып, ай, бір шөлімді қандырайын десем, біздің жаққа пойыз жүрейін деп тұр екен. Машинистке жетіп бардым. Таныс жігіт екен. Төңірек- Тамның Жандосы. Жол-жөнекей содан су іштім. Бірақ ол мына шайдай бола ма!
– Бәсе, кенезең кеуіп қалыпты, – деді Үкібала оған шайды жаңалап құйып жатып. Сәл кідіріп, күйеуіне айтты: – Едіге, бері қара. Әбутәліптің балаларын ұмытпағаның дұрыс-ақ. Заман түзеліп, жетім-жесір жәбір көрмейтін күн туған екен, олай болса, сен енді батыл кіріс. Хат деген де жақсы-ау, бірақ сен оны жазып, ол хат жеткенше оны ондағылар оқып, ойланып-толғанғанша қай заман. Одан да Алматыға өзің бар. Бәрін сонда өз аузыңмен айтып бер.
– Сонда сен маған Алматыға бар дейсің бе? Тура дәу бастықтың өзіне ме? – Е, несі бар? Сен ат-тон сұрап бармайсың ғой. Ана досың Елизаров кел-кел деп қанша шақырды өзіңді. Келген сайын адресін де тастап кетеді. Енді мен бармасам, сен барып кел. Мен үйден қалай аттап шығамын? Қыздарды кімге қалдырамын? Сен енді аялдама. Демалысыңды ал. Өмір бойы демалыс алып көрген жоқсың жүз жыл болған шығар-ау. Тым құрыса бір рет алып, үлкен кісілерге көзбе-көз жолығып айт.
Едіге әйелінің ақылына таңғалды.
– Ау, сенің айтып отырғаныңның жөні бар-ей. Кәне, ойланайық.
– Көп ойлайтын түгі жоқ. Кезі кеп тұр екен. “Темірді қызған кезінде соқ” деген. Афанасий Иванович көмектесер саған. Қайда, кімге барып жолығу керек екенін ол жақсы біледі.
– Оның да жөн.
– Айтып отырмын ғой. Кешігудің реті жоқ. Әрі десе, қаланы аралап көріп, үйге ол-пұл сатып аларсың. Қыздарың да өсіп қалды ғой. Сәуле күзде мектепке барады. Интернатқа береміз бе, қайтеміз? Мұны ойладың ба сен?
– Е, ойладым, ойламағанда ше, – деді Едіге сасыңқырап қалып, үлкен қызының лезде өсіп, енді мектепке баратын жасқа келіп қалғанына таңданғанын білдіргісі келмей.
– Ойласаң, сол, – деді Үкібала. – Алматыға бар-дағы сонау бір жылдары басымыздан не қилы жағдайлар өткенін жеткіз басшыларға. Жетім балалар жазықсыз әкесі үшін жапа шекпесін, тым болмаса, көмектессін үлкен кісілер. Содан соң уақыт тапсаң – қаланы аралап, қыздарыңа, мына маған да бірдеңелер сатып аларсың. Менің де жасым келді ғой, – деп күрсініп қойғандай болды. Едіге әйеліне назар салды. Күнбе-күн көріп жүрсең де өмірі байқамаған нәрсеңді бір күні бір-ақ аңғаратының ғажап. Үкібала, әрине, жас келіншек емес, бірақ кәріліктің ауылы да әлі аулақта. Десе де қазір Едіге оның бейнесінен әлдебір жаңалық, әлдебір бейтаныс белгілер байқағандай болды. Енді барып түсінді: әйелінің көзқарасынан бір ақылдылықтың нышанын аңғарды, шашына түскен алғашқы ақ талды көрді. Небары үш-төрт тал шашы ғана ағарыпты, бірақ соның өзі-ақ бастан кешкен күндердің айғағындай сезіледі.
Бір күннен соң Едіге жолаушылап Құмбелге жетті. Алматы пойызына отыру үшін Борандыдан кері қарай шығып, Құмбелге баруға мәжбүр болды. Едіге бірақ бұған өкінген жоқ. Өзінің Алматыға бара жатқанын хабарлап, Елизаровқа жеделхат та жөнелту керек еді. Ал жеделхатты тек Құмбелде ғана қабылдайды… Алматы вокзалының перронында құжынаған халықтың арасынан Елизаровты көріп балаша қуанып кетті. Елизаров оған қалпағын бұлғап сәлемдесіп, вагонмен қатарласа жүріп келеді. Едігенің жолы болды! Едіге Елизаровтың өзі күтіп алар деп ойламап еді. Олар кездеспегелі көп болды, былтыр күзден бері көріспеген. Жасы келсе де, Афанасий Иванович әлі өзгере қоймапты. Бұрынғысынша ширақ, мейіздей қатып тұр. Қазанғап оны арғымақ деуші еді. Ол Афанасийды марапаттағаны еді. Елизаров мұны білетін де, пейілдене құптап: – Сенің айтқаның-ақ болсын, Қазанғап! – деп қоятын. – Кәрі арғымақ болсам да әйтеуір арғымақпын ғой, деп күлетін. Бұған да шүкір! Әдетте ол Сарыөзекке жұмыс киіммен: керзі етік, әбден ескірген кепке киіп келетін. Ал қазір галстук таққан, тап-таза қара көк костюм киген. Костюмі өзіне жіптіктей жарасып- ақ тұр, әсіресе бурыл тартқан шашына үйлесімді екен.
Пойыз тоқтағанша Елизаров бір қырындап терезеге күле қарап, қатарласып жүрді де отырды. Сары кірпік көкшіл көзі күлімдеп, бұл кездесуге қуанып келе жатқаны көрініп тұр. Мұны сезіп, Едігенің іші жылып жол-жөнекей әлдеқалай болар екен деп келе жатқан күдігі бірден сейілді. “Жақсы нышан, құдай қаласа, жолым болады екен” деп қуанды ішінен.
– Ақыры келдің-ау, әйтеуір! Қанша заман! Амансың ба, Едіге!
Амансың ба, Боранды! – деп қарсы алды Елизаров. Екеуі бір-біріне құшағын жая қауышты. Бір жағы қуанғаннан, бір жағы ығы-жығы жұрттың көптігінен Едіге аздап абыржыған сияқты. Екеуі енді вокзал сыртындағы алаңға жеткенше Елизаров Едігені сұрақтың астына алды. Бәрін-бәрін сұрап жатыр: “Қазанғап қалай, Үкібала, Бекей аман ба, балалар аман ба; қазір разъезд бастығы кім...” Тіпті Қаранарды да ұмытқан жоқ.
– Сенің әлгі Қаранарың қалай? – деді ол әуелі әлденеге көңілдене күліп алып. – Әлі де сол арыстанша ақырып тұр ма?
– Жүр ғой. Оған не болушы еді, бақырады, – деді Едіге. – Сарыөзекте жер жетеді. Енді не керек оған?
Вокзал жанында жарқ-жұрқ етіп үлкен қара машина тұр екен. Мұндай машинаны Едігенің тұңғыш көруі. Бұл сол елуінші жылдардың ең тәуір автомобилі – ЗИМ еді.
– Бұл менің Қаранарым, – деп әзілдеді Елизаров. – Алдыңғы есікті ашып. – Отыр, Едіге, – деді. – Кеттік.
– Машинаны кім жүргізеді? – деп сұрады Едіге.
– Өзім,– деді Елизаров рульге отырып жатып. – Қартайғанда бір көрейін дедім. Американдықтардан біздің неміз кем?
Елизаров бірден моторды от алдырды. Машина орнынан қозғалар бұрын, қонағына күлімсірей қарап қойды.
– Сонымен келіп қалдым де. Бірден айт, қанша уақытқа келдің?
– Мен бір жұмыспен келдім ғой, Афанасий Иванович. Қалай шешіледі, әуелі өзіңізбен ақылдасып алайын деп едім.
– Бәсе біліп едім-ау, жұмыс болмаса, сені сол Сарыөзектен арқанмен сүйреп шығара алмаймыз ғой! Әрине! Онда былай, Едіге. Қазір біздің үйге барамыз. Мейманхана дегенді қой! Сөйлеме, біздің үйде боласың. Сен менің айтулы мейманымсың. Сарыөзекте мен сендерге қалай қонақ болсам, сен де енді маған сондайсың. Сыйға сый, сыраға – бал” демеуші ме еді қазақтар!
– Солай екен-ау, – деп құптады Едіге.
– Демек, келістік қой. Мен де жалғызсырамаймын. Менің Юлиям Москвадағы баламызға кетті. Екінші немереміз туды ғой. Юлия қуанышы қойнына сыймай, асығыс аттанды. – Екінші немереңіз бе? Құтты болсын!
– Ей, екінші немере-ей, – деп Елизаров өзі де таңданғандай иығын қомдап қойды. – Әлі ата болғанда, менің халім сенің де басыңа келеді! Бірақ саған ата болуға әлі ерте ғой. Сенің жасыңда мен әлі желөкпе едім. Менің таңғалатыным: жас жағынан екеуіміздің арамыз алшақ болса да, бір-бірімізді түсінеміз, ұғамыз. Ал, кеттік. Бүкіл қаланы кесіп өтеміз. Өрлей жүреміз. Көрдің бе анау тауды, басындағы қарды көрдің бе? Е, соның түбіне, Медеуге қарай барамыз. Мен саған айттым-ау деймін, біздің үй қала сыртында, тіпті селода тұр десе де болады.
– Есімде, Афанасий Иванович, үйім өзеннің жағасында. Күндіз- түні сарқырап жатады дегенсіз.
– Қазір өзің де көресің. Кеттік. Жарық барда, қаланы көріп қал.
Қазір нағыз жақсы кез. Көктем ғой. Бәрі гүлдеп тұр.
Вокзалдан басталған көше теректер мен парктерді жарып өтіп, қаланың қақ ортасымен шексіз өрлей беретіндей көрінді. Елизаров асықпастан баппен айдады. Жол-жөнекей түрлі мекемелерді, дүкендерді, тұрғын үйлерді Едігеге таныстырып келеді. Қаланың қақ ортасындағы жан-жағы ашық алаңда тұрған үйді Едіге Елизаровтың бұрын айтуы бойынша бірден таныды – ол Үкімет үйі еді.
– Орталық Комитет,– деді Елизаров басын шұлғып.
Ертең жұмыспен осында оралатындары ойларында да жоқ, тұсынан өте шықты. Тік көшеден солға бұрыла берген жерде тұрған тағы бір үйді Едіге тани кетті – ол Қазақтың опера театры еді. Тағы да екі махалла өткенде олар тау жаққа бұрылып, Медеуді бетке алып тура тартты. Қаланың орталығы артта қалып бара жатты. Жалаң қабат үйлер мен зипа теректерді, таудың суы алқынып аққан арықтарды бойлай ұзын көшемен көсіліп келеді. Айнала түгел шешек атқан бау-бақша.
– Әдемі, – деді Едіге. – Дәл осы кезде келгеніңе қуанып отырмын, – деді Елизаров. – Алматының ең сұлу кезі. Қыста да әсем, әрине. Бірақ қазір жаның рақаттанады!
Е, онда көңілің көтеріңкі болғаны ғой, – деп Едіге де қуанды. Досы тостақтау көкшіл көздерін бұған қадай, басын изеді де, қабағын түйіп, салмақтана қалды да лезде қайта күлімдеді.
– Бұл ерекше көктем, Едіге. Өзгеріс болып жатыр. Жасы түскір кеп қалса да, өмір шіркін осысымен қызық қой. Есіміз кірді, жан- жағымызды дұрыстап қарап алдық. Сен өмірді қайта бір аңсардай қатты ауырып көрдің бе?
– Есімде жоқ,– деп Едіге шынын айтты.– Әлгі бір контузиядан кейін болмаса...
– Е, сенің өгіз қара күшің бар ғой! – деп күлді Елизаров. – Менің айтпағым ол емес еді. Жай, сөздің реті ғой. Иә, солай. Бірінші сөзді партияның өзі айтты. Өз басым жапа шекпесем де, мен бұл өзгеріске өте ризамын. Сондықтан да жаным жадырап, жас кездегідей көңілім үмітке толы. Әлде бұл қартая бастағанның белгісі ме екен, а?
– Афанасий Иванович, мына менің келуім де осы өзгеріске байланысты ғой.
– Иә, ол не сонда?
– Мүмкін, есіңізде болар? Мен сізге Әбутәліп Құттыбаев туралы айтып едім ғой.
– Әлбетте, әлбетте! Бәрі де есімде. Е, солай де. Сен түбінен ойлайды екенсің. Жарайсың. Кешеуілдетпей, жетіп келдің.
– Мұны ойлап тапқан мен емес. Үкібаланың ақылы ғой. Тек неден бастау керек? Қайда барсам екен? Неден бастау керек? Мұны екеуміз кеңесейік. Үйге барған соң шай ішіп отырып, асықпай ойланайық. – Елизаров үндемей қалды да, сәлден соң салмақтай сөйледі. – Уақыт қалай өзгереді, Едіге, бұдан үш жыл бұрын ғой сенің мұндай іспен келу ойыңа да кірмес еді. Енді ғой еш нәрседен қорықпайсың. Өзі де осылай болу керек қой. Біріміз қалмай, бәріміз де тек осы шындықты жақтауымыз керек. Ешкімге де ешқандай ерекше құқық берілмесін. Мен солай ойлаймын.
– Бұл жағын сіз білесіз ғой, әрі десе ғалым адамсыз, – деп пікір білдірді Едіге.– Біздің депода өткен митингіде де осы ойлар айтылды. Сонда есіме бірден Әбутәліп түсе кетті. Өйткені оның жазықсыз жапа шеккеніне бұрыннан жүрегім сыздап жүретін. Тіпті сол митингіде сөйлемекші де болдым. Тек шындық туралы ғана емес мәселе. Әбутәліптің балалары қалды, олар өсіп келеді ғой, үлкені биыл күзде мектепке барады...
– Қазір қайда, Әбутәліптің отбасы қайда?
– Білмеймін, Афанасий Иванович, сонда-ақ көшіп кеткен, үш жылдай болып қалды ғой, содан бері білмейміз.
– Е, ол қиын емес. Іздерміз, табармыз. Қазір, заң тілімен айтқанда, Әбутәліптің ісін қозғау керек.
– Міне-міне. Ең түйінді сөзді бірден таптыңыз. Менің сізге келгенім де осы ғой.
– Ендеше, босқа келмеген екенсің.
Бәрі де ойдағыдай болып шықты. Тез арада-ақ, Едіге қайтып оралғаннан кейін тура үш аптадан соң Алматыдан қағаз келді. Онда бадырайтып тұрып: “Боранды разъезінің бұрынғы жұмысшысы, тергеу кезінде қайтыс болған Әбутәліп Құттыбаев қылмысы болмағандықтан толығынан ақталды”, – деп жазыпты. Дәл осылай жазылыпты! “Жапа шеккен адам бұрын жұмыс істеген коллективте осы хат оқылсын”,– делініпті.
Осы документпен бір мезгілде дерлік Афанасий Иванович Елизаровтан да хат келді. Бұл нағыз айтулы хат еді. Едіге ол хатты өмір бойы өзінің ең бағалы деген документтерінің: балалардың туу туралы куәлігі, майдан наградаларының куәліктері, майданда жарақат болғаны туралы справкалар, еңбектегі мінездемелер арасында сақтады... Сол ұзақ хатында Афанасий Иванович Әбутәліптің ісі тез қаралғанына және оның ақталғанына өте риза болып, қуанғанын айтыпты. Осы бір фактінің өзі – уақыттың игі нышаны депті. Елизаровтың сөзі бойынша, мұның өзі өзіміздің қате-кемшілігімізді өзіміз жеңгеніміз екен. Одан әрі Елизаров былай деп жазыпты. Едіге кеткеннен кейін ол бұрын Едіге екеуі бірге болған мекемелерге тағы барыптыда маңызды жаңалықтар естіпті. Біріншіден, тергеуші Таңсықбаев қызметінен алынып, бүкіл атақ-шен, наградаларынан айырылып, ісі сотқа беріліпті. Екіншіден, Елизаров алған хабар бойынша, Әбутәліп Құттыбаевтың отбасы қазір Павлодарда тұрады екен, (Апырай қайдағы қиянға кеткен десеңші!) Зәрипа бір мектепте мұғалім екен. Қазіргі кездегі отбасылық жағдайы – күйеуге шығыпты. Оның тұрып жатқан жерінен осындай ресми деректер түскен. Істі қайта қарау кезінде, Едіге, сенің әлгі ревизор туралы күдігің рас болып шықты, депті Елизаров. Әбутәліп Құттыбаевтың үстінен жала арыз домалатқан сол екен. “Ол мұндай жалаға, мұндай залымдыққа неге барды? Сен айтқан әңгіме бойынша да, өзім білетін осы сияқты оқиғалар бойынша, бұл сұрақтың шешімін таппақ болып көп ойландым, Едіге. Осының бәрін көзге елестетіп, әлгі ревизор қылығының себебін ашпақ болдым. Жоқ, жауабын таппай қиналдым. Әбутәліп Құттыбаев оған мүлде бейтаныс адам ғой. Ал мүлде білмейтін адамның сыртынан жауыға жала жабуға нендей себеп болды – осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Бәлкім, тарихтың нендей бір кезеңдерінде адамдар арасын осындай бір дерт, індет жайлайтын шығар. Адамның жанын аздырып, хайуандыққа бастайтын қызғаныш деген қызыл көз адам табиғатына о бастан-ақ қасіретті қасиет болып жабысты ма екен? Бірақ Әбутәліптің хал-жағдайы қандай қызғаныш тудыруы мүмкін? Бұл мен үшін жұмбақ. Ал енді оны жәбірлеп, көзін жоюдың тәсіліне келсек, оның өзі дүние жаратылғалы бері келе жатқан ескі тәсіл. Кезінде егер біреу енді біреудің үстінен, е бұл құдайсыз, деп сыбырласа, жазықсыз бейшараны Бұқардың базарында тас атқылап өлтіретін де, Еуропада отқа жағып өртейтін. Едіге, сен өткен жолы Алматыға келгеніңде мұны біз екеуміз әңгімелегенбіз. Әбутәліптің ісін қайта қарап, істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін мен тағы да мынандай байламға тоқтадым: адам баласы адам баласына деген қастандық дертті жойып болғанша әлі талай уақыт керек-ау. Ол дерттің қай заманда жойыларын шамалаудың өзі қиын. Соған қарамай, жер бетінде әділеттің өміршең екендігі үшін ғана мен өмір шіркінді даңқтаймын. Міне, бұл жолы да әділет салтанат құрды. Қымбатқа түссе де, салтанат құрды! Жер бетінде тіршілік барда осылай бола бермек. Едіге, сенің әділеттілікке қолың жетті. Мұны сен ақысыз- пұлсыз риясыз атқарғаныңа дән ризамын...”
Едіге талай күн осы хаттың әсеріне бөленіп жүрді. Едіге өзіне- өзі қайран қалады: өзі өзгеріп кеткен сияқты, жан дүниесі тазарып, өзін-өзі енді таныған тәрізді. Сонда ол тұңғыш рет мысықтабандап таяп қалған кәрілікке бет алуға дайындала беру керек те шығар деп ойлады... Елизаровтың хаты оның өміріндегі бір шеп-белес сияқты болды. Хатқа дейінгі өмірі бір басқа да, хаттан кейінгі өмірі бір басқа. Хатқа дейінгінің барлығы теңізден алыстаған жағалаудай мұнарланып, көз ұшында бұлдырап алыста қалды да, хаттан кейінгі тіршілік мәңгіліксіз болса да, ұзаққа созылардай бір сарынмен, абыр-сабырсыз өтіп жатты. Бұл хаттан оның білген ең басты дерегі Зәрипа күйеуге шығыпты. Бұл хабардан ол тағы да қатты күйзеліп, сорлы жүрек уылжып барып жүдеді. Оның бұрын қайда, қандай адамдардың арасында жүргенін, балаларымен бірге қандай хал кешкенін білмесе де, Зәрипаның өзге біреуге ерге шыққанын әлдебір белгісіз көріпкелдігімен сезетін. Сол сезім шынға айналды да, өзін-өзі жұбатты. Әсіресе бұл сезік оның бойын Алматыдан пойызбен қайтып келе жатқанда қатты билеп алып еді. Неге сонша сезіктенгенін айту қиын. Бірақ та әсте көңілі пәстіктен емес еді. Қайта ол Алматыдан көңілі тасып, шаттана оралды. Елизаров екеуі барған мекемелердің бәрінде де бұларды ықыласпен тыңдап, жылы жүзбен қарсы алды. Осының өзі-ақ екеуінің ойларының шындығына сенім арттырып, істің оң шешілетінінен үміттендірді. Кейін солай болып шықты да. Едіге Алматыдан аттанар күні Елизаров оны вокзалдың мейрамханасына алып барды. Пойыз жүруге әлі талай уақыт бар еді де, екеуі асықпай отырып тамақтанып, шараптан да алып қойып, қоштасар алдында бір армансыз әңгімелесті. Сол әңгімеден Едігенің түсінгені: Афанасий Иванович сонда өзінің бір аяулы ойын айтты. Жиырмасыншы жылдары Түркістан өлкесіне келіп, басмашылармен соғысып, осы өлкеде біржолата қалып қойған, сөйтіп геология ғылымымен айналысқан. Москваның бұрынғы комсомолының ойынша, бүкіл әлем Октябрь революциясы бастаған жаңа дүниеге соншалықты бекер үміт артпаған. Жіберілген қателер мен кемшіліктер үшін қаншама азап шегілгенмен, тыңнан салынған жолмен ілгері басу тоқталған жоқ. – Тарихтың мәні де осында. Енді бұл ілгерілеу жаңа бір күшпен түседі, деді Елизаров. Оған қоғамның өзін-өзі түзетіп, өзін-өзі тазартуы кепіл. “Бұл туралы өзімізге-өзіміз батыл айта алады екенбіз, демек болашаққа да күшіміз жетеді”, – деп түйді Елизаров. Иә, сөйтіп олар сонда дастарқан басында жақсы-ақ әңгімелесіп еді. Сол көңіл-күйімен Боранды Едіге Сарыөзекке оралған болатын. Пойыздың терезесінен тауларға, көктемгі далаға көз салып отырып, Едіге: жер бетінде Елизаров сияқты сөзіне де, ісіне де адал адамдар бар ғой, оларсыз бұл тіршілікте өмір сүру қиын болар еді, деп ойлады. Әбутәліптің ісімен шапқылаған шаруа біткен соң Едіге ойлайды ғой: зымырап, құбылып өтіп жатқан өмірдің қылығы- ай, егер қазір Әбутәліп тірі жүрсе, оған жабылған бәле-жаладан айығып, ақталып, бәлкім, отбасына қайта қосылып, бақытты бейбіт өмір сүрер еді. Егер тірі жүрсе! Бар түйін осында ғой. Егер ол тірі болса, Зәрипа оны ақырына дейін тосар еді. Ол ақиқат! Ондай әйел басына не күн туса да күйеуін тосар еді. Ал күйеуі өліп қалды, енді кімді тосады? Жап-жас әйел жалғыз басты болып несі бар? Ендеше оңды адам кездессе, күйеуге шығады, шықпағанда ше? Бұл ойлардан Едігенің көңілі бұзылды. Енді мұны ойламай, басқа бір нәрсеге назар тіккісі келді, Зәрипаны ойлаудан өз ойын қақпайлағысы келді. Бірақ бәрі бекер болды...
Пойыз болса теңселе түсіп, заулап келеді. Қаратаудан көш қайтқанда,
Көкшетаудан көш қайтқанда. Жәрмеңкеде күтпе мені, Бегімай...