Сонымен, апоптоз механизмі арқылы генетикалық материалы зақымдалған жасушалар табылып, жөнделуі немесе оларды жою арқылы жасушалар мен тұтас ағзаның тіршілік әрекеті қамтамасыз етіледі.
Апоптоз жасушалар популяциясының тұрақтылығын сақтайтын, сонымен қатар зақымдалған жасушалардың таңдамалы жойылуына алып келетін жалпы биологиялық механизм болып табылады. Апоптоз механизмдерінің дер кезінде іске аспауы ракке және дамудың туа біткен ақаулықтарына: синдактилия, ішектің бітеу болуына және т.б. алып келеді.
Қатерлі ісік дамуының молекулалық механизмдері
Рак – кең таралған және қауіпті инфекциялық емес аурулардың бірі. «Рак» (cancer) термині әлем бойынша барлық қатерлі жаңа түзілістерді атауға қолданады.
Ісік немесе жаңа түзілістер – бұл жасушалардың өсуіне әсер ететін фактордың болмауына қарамастан, олардың бақыланусыз бөлінуінен ұлпа көлемінің шамадан тыс (қалыпты емес) өсуі.
Қалыпты жағдайда (дені сау ағзада) жасушалардың бөліну үрдісі бірін-бірі теңестіріп отыратын, бөлінуді симулдайтын және тежейтін, екі факторлармен бақыланып отырады. Мутация нәтижесінде жасушаның бөлінуінің реттелуі бұзылған жағдайда, олар көбейіп, ісік деп аталатын масса түзеді.
Қалыпты жасушаның трансформацияланған (ісік) жасушаға айналу үрдісі онкогенез немес канцерогенез деп аталады. Бұл өте күрделі, көп сатылы, жылдар бойы кейде ондаған жылдарды қамтитын ұзақ үрдіс.
Рак полиэтиологиялық немесе көп факторлы ауруға жатады.
Жасушаның ісіктік трансформациясына алып келетін факторларды - канцерогендік факторлар деп атайды. Олар жіктеледі:
1. Физикалық канцерогендер: иондаушы сәулелер (лейкоздар, сүйектің, қалқанша безінің рагі), ультракүлгін сәулелері (тері рагі) және т.б.. Иондаушы сәулелердің канцерогендік фактор ретінде маңызы жылдан-жылға артуда. Адамдар иондаушы сәулені медицинада қолданудан бастап, атом электр станцияларындағы апаттар нәтижесінде алуы мүмкін.
2. Химиялық канцерогендер: полицикды ароматты көмірсулар; гетероциклды ароматты көмірсулар; ароматты аминдер; аминдік қосылыстар; нитро қосылыстар; афлатоксиндер; (уретан, винилхлорид, металлдар, пластмасса және т.б.). Кейбір химиялық заттар тікелей канцерогендер болып табылса, кейбірі ағзадағы метаболиттік үдерістерден кейін канцерогендік әсерге ие болады.