«Бесік жыры» өлеңі. Осы өлеңді қарастыру барысында біз қазақ ақындарының көпшілігінің бесік жырын жазғандығын байқадық. Және де олардың барлығын ауыз әдебиетіндегі бесік жырынан бастап салыстырып көрд
«Бесік жыры» өлеңі. Осы өлеңді қарастыру барысында біз қазақ ақындарының көпшілігінің бесік жырын жазғандығын байқадық. Және де олардың барлығын ауыз әдебиетіндегі бесік жырынан бастап салыстырып көрдік:
Бесік жырыларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі Бесік жырылары және суырып салма Бесік жырылары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі Бесік жырылары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Сонымен қатар ана:
“...Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің!
Бармақтары майысып,
Ою-өрнек ойысып,
Ұста болар ма екенсің!
Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің!
...Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!” деп баласының болашағын, ел мүддесін, өз арман-мұратымен астастыра жырға қосады. Ал суырып салма Бесік жырыларында айтушы жанрлық түрді пайдалана отырып, кезеңдік жағдайларды, өзінің ішкі мұң-сырын өлеңге қосады. Мәселен, Г.Н. Потанин хатқа түсірген Бесік жырының бір үлгісінде: “Таудан Тоғас түскен жоқ, Секемен тары піскен жоқ. Тоғас түссе етекке, Қой жүреді жетекке. Жылама, бөпем, жылама” деп жарты құрсақ жатақтар өмірінің ауыр тірлігі суреттелді. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әдебиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.
Мысалы М.Мақатаев «Бесік басында » өлеңінде
…Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын куалаған?!
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!,-десе
Қасым Аманжолов «Бесік жыры» өлеңінде
Әлди, әлди, әлпешім!
Ұйықта деймін, ұйықтайсың.
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди,әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды,-деп дәстүрлі бесік жырының сарынына салады.
Қалқаман Сарин де
Тәй – тәй басып бөпешім, жүргенің қандай
Қөз қуаныш көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді, аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды, боламын дейсің.
Әлди әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем,
Анам әкем дейсің бе,
Тілің тәтті екен.
Әлди әлди, ақ еркем,
Бой жетерсің сен, ертең,
Мақтанышы еліңнің,
Өзің бол еркем,-дейді.
Ал Мағжан «Бесік жырында»
Күнім, айым,
Еркетайым,
Бөлейін енді.
Тыста дауыл,
Жатқан ауыл,
Ұйқың да келді.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
Жата ғой, қозым.
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
Ұйықта, жұм көзің.
Құлыншақтар,
Қозы, лақтар –
Бәрі де ұйқыда.
Сен – жұлдызым,
Сен – көз нұрым,
Кір тәтті ұйқыға.
Сая жаным,
Балапаным,
Соқсан дауыл, жел,
Болма алаң,
Сүйген анаң
Сақтар, анық біл.
Бәу-бәу, бөпем,
Бәу-бәу, бөпем,
Әлди, әлди-ай!
Сәулем, еркем,
Күні ертең
Толарсың сен-ай.
Пісіп алмам,
Толып бағлан,
Жүгіріп жүрерсің.
Сұлу сүйрік,
Жорға, жүйрік
Тайға мінерсің.
Қара жарғақ,
Түлкі тымақ
Шоқтап киерсің.
Қуанып, қалқам,
Ерке марқам,
Қысып сүйермін.
Мініп тұлпар,
Алып сұңқар,
Тауға кетерсің.
Сен боп сөзім,
Жасты көзім,
Сағынып күтермін.
Қызық іздеп,
Қыздар көздеп,
Елдер кезерсің.
Тарлан шүйіп,
Сұлу сүйіп,
Үйден безерсің.
Қуып бақыт,
Тілеп тақыт,
Жолдар шегерсің.
Жүрек жара,
Мен бейшара
Жастан төгермін.
Қайнап қаның,
Батыр жаның
Ерікке ұмтылар.
Сен еріме –
Жас бөріме
Қарсы кім тұрар!
Алмас қылыш,
Найза құрыш
Белге буарсың.
Сен, сырттаным,
Арыстаным,
Жауды қуарсың.
Туған жерден,
Өскен елден,
Ерге не қымбат!
Жас жолбарыс,
Жаумен алыс,
Шаңға, қанға бат!
Айбатыңды,
Қайратыңды,
Көрі қарт анаң,
Төгіп жасын,
Жайып шашын,
Тілер: «Бол аман!»
Күтем, күйем,
Көрсет, Ием,
Сол алтын күнін.
Ұйқың тәтті,
Ұйқың қатты,
Қозым, құлыным.
Жаным да сен,
Тәнім де сен,
Қарашығым-ай!
Әлди, бөпем,
Әлди-бөпем,
Әлди, әлди, әлди-ай!-деп дәстүрлі бесік жыры мен суырып салма бесік жырын бір ғана шумаққа тоғыстырып әдемі берген.
Жалпы бесік жырларына шлу жасай отырып біз төмендегідей ой түйдік:
«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс - бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы, бесік жыры жайлы не білеміз? Баласына не себепті бесік жырын айтқан, оның маңызы неде? Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі - бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», - деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр.
Бесік жыры - балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!
Бұл - бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем...» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен... Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.
Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?
Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды боламын дейсің.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам-әкем дейсің бе?
Тілің тәтті екен.
Әлди, әлди, ақ еркем,
Бойжетерсің сен ертең.
Мақтанышы елімнің,
Өзің бол, еркем! - деп жырлаған ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» (әні А.Бексұлтандікі) әнші М.Бесбаев орындап жүр.
Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығады. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетіледі. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады.