Байланысты: Кушмурзина Д.Х. Әдебиеттік оқу әдістемесі
Жүйелілік және бірізділік принципі Жүйелілік және бірізділік принципі оқушының әдебиеттік оқу пәні бойынша біртіндеп, белгілі жүйеде білім алуын талап етеді. 4-сыныпта өтілетін әдебиеттік оқу пәнінің логикалық жүйесін және оларды меңгерудегі танымдық әрекеттердің жүйесін, баланың ақыл-ойының біртіндеп дамуының жүйесі мен заңдылықтарын білгенде ғана бұл принципті жүзеге асыру мүмкін. Біздің пікірімізше, «Әдебиеттік оқу» пәні бойынша 4-сыныпта берілетін білім мазмұны мынандай логикалық жүйеде берілуге тиіс:
1/ халық ауыз әдебиет;
2/ ХІХ-ХХ ғасырдағы әдебиет
3/ қазіргі балалар әдебиеті
Сонымен бірге бұл әдеби мұраларды хронологиялық принциппен оқыту орынды. Бұл әр тарихи кезеңдегі әдеби шығармалардың идеялық мазмұндық жағынан бір-бірімен өзекті байланысып, бір ойдан екінші ой туындап, олар келесі кезекті ой-пікірлермен логикалық жалғасып, мазмұн мағыналық жағынан толығып, күрделеніп, байып отырғанын, яғни әдеби шығармалардағы логикалық жалғастықты оқушылардың түсінуі үшін ыңғайлы. Бұл оқушының әдебиеттік оқу пәні бойынша берілетін білімнің жалпы жүйесі мен құрылымын және олардың өзара сабақтастығын түсіну және жеке тақырыптар бойынша өтілетін материалды сапалы меңгеруі үшін де қажет.
Жүйелілік белгілі пән бойынша өтілетін тақырыптар мен бөлімдердің өзара байланыстылығын, яғни пәннің ішкі сабақтастығын сақтау үшін де, пәнаралық сабақтастықты сақтау үшін де қажет. Оқушы әдебиеттік оқу пәнінің құрылымдық сипатының сабақтастық жүйесін және пәнаралық байланыстың жүйесін жақсы түсінсе, әдеби көркем шығармалардың идеялық мазмұны, ерекшеліктері туралы толық дерек алады. Және ондағы оқиғалар, ой-пікірлер, адам психологиясы мен тарихи жағдайлардың өзара сабақтас, тәуелді екенін терең түсінеді.
Жүйелілік мұғалімнің оқу жұмысын ұйымдастыруына да қажет. Оқушыға талап қою, олардың білімін тексеру немесе сабақты өткізу т.б. осы сияқты мұғалімнің әрекетінде де жүйелілік сақталу керек. Жүйелілік оқушының танымдық, ақыл-ой, еңбек әрекетінде де қажет. Қабылданған ұғым-түсініктер белгілі бір жүйеде реттестіріліп, олардың өзекті сабақтастығын терең түсінгенде ғана санада олар бойынша ассоциациялар жүйесі пайда болады. Осы жаңа мен ескінің арасындағы байланыс, яғни ассоциациялар жүйесі әбден орныққанда ғана тиісті білім меңгерілді деп есептеледі. Бұл үшін оқушының жүйелі ақыл-ой әрекетін аз мөлшерімен күрделендіріп, қайталап отыру қажет. Оқушылардың өзінің ұғым-түсінігін баяндау, өздерінің ой тұжырымын қорытып, дәлелдеуі, әр түрлі жазба жұмыстарын /мазмұндама, шығарма, мінездеме т.б./ орындауында да жүйелілік болу керек. Сонда ғана оқушыларда ақыл-ой логикасы, еңбек ету мәдениеті дұрыс қалыптасады.
Оқу пәнінің логикалық құрылымын жасауда оқытудың мазмұны мен оны меңгеру процесінің бір-біріне тәуелділігі мен біртұтас сабақтастығын сақтау өте маңызды. Мұнда оқу пәнінің логикасы және оқыту заңдылықтарының тұтастығы ескеріледі. Бұл мұғалім мен оқушы іс-әрекеттерін реттестіру және оқытудың құрал-жабдықтарын, әдістерін оқушыларға берілетін тапсырмалардың түрлерін, танымдық білім көлемінің өзара байланыстылығы мен бірізділігін оқу пәні логикасына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Сөйтіп оқу пәнінің логикасы сабақ процесінің негізгі бөліктерін жалпы елестетуге және белгілі сабақта жоспарланған оқу мазмұнын бұдан бұрынғы және бұдан кейінгі мазмұндық материалдармен сабақтастырудың тиімді жолын іздеуге мүмкіндік береді.
Бұдан мұғалім оқулық пен бағдарламадан ауытқымауға тиіс деген пікір тумауға тиіс. Оқушылардың білімін мазмұндық, танымдық жағынан толықтырып, жетілдіруге себепкер болатын оқулықта жоқ қосымша деректермен байытып отыру қажет. Бірақ ол материалдар сол пәннің өзекті логикасына нұқсан келтірмеуге тиіс.
Оқу пәні, оның мазмұны үздіксіз толықтырылып, жаңарып, даму үстінде болады, ал оқу пәнінің логикасы әрдайым сақталып отырады. Оқу процесінің логикасы дегенде оқу пәні мазмұнын оқушының меңгеруіндегі танымдық әрекеттерін және оған мұғалімнің басшылық ету жүйесін де қамтиды.
Сонымен, әдебиеттік оқу пәнін оқытуда жүйелілік және бірізділік принципін жүзеге асыруға қойылатын талаптар: 1/ әдебиеттік оқу пәнінен берілетін білімнің жүйесі мен логикасын және олардың ішкі сабақтастығын анықтау, оны оқу процесінде жүзеге асыру;
2/ әдебиеттік оқу пәні бойынша берілетін білімнің тарих, дүниетану, философиялық ой толғау пәндерімен сабақтастығының жүйесін анықтау және оны жүзеге асыру;
3/ әдебиеттік оқу пәнінен білімді меңгеру процесіндегі оқушылардың танымдық ақыл-ой әрекеттерінің жүйесін анықтау;
4/ әдебиеттік оқу пәнін оқытуда мұғалімнің оқыту жұмысын ұйымдастырудағы іс-әрекет жүйесін анықтау.