Байланысты: Кушмурзина Д.Х. Әдебиеттік оқу әдістемесі
Көрнекілік принципі Әдеби шығармалардың әсерлілігі мен оқушылардың оған қызығушылығын тудыруда көрнекілікті, техникалық құралдарды пайдаланудың көмегі мол. Көрнекілікті қолдануды Я.А. Каменский «оқытудың алтын заңы» деген еді.
Бастауыш мектепте оқушылардың заттар мен құбылыстарды нақты көріп қабылдауына ерекше көңіл бөлінеді; өйткені олардың сезімдік танымын ұйымдастыруда көрнекіліктің мәні зор. Көрнекілік, біріншіден оқушының ұғым-түсінігінің саналы, тиянақты болуын қамтамасыз етеді, екіншіден, оқушының зейін, қабылдау, еске сақтау т.б. қабілеттерін дамытады, үшіншіден, эстетикалық талғамын, ақыл-ой дағдыларын тәрбиелейді.
Бастауыш мектепте әдебиеттік оқу пәнін оқытуда қолданылатын көрнекіліктер: 1. Табиғи көрнекіліктер. Табиғат құбылыстарын, жыл мезгілдерін, жануарлар дүниесі тіршілігін бейнелейтін шығармаларды оқытуда, оларды табиғи түрде көрсету. Ақын-жазушылармен кездесу, олардың шығармаларын көрсету.
2. Бейнелік көрнекіліктер. Тиісті заттардың, құбылыстардың табиғи күйін көрсету мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың модельдерін, макеттерін, суреттерін көрсету. Ақын-жазушылардың портреттерін, өмірбаяндық суреттерін, түрлі иллюстрацияларды, диафильмдер, деректі фильмдерді көрсету.
3. Дыбыстық және бейнелік көрнекіліктер. Теледидар, радио хабарлары, көркемфильмдер, бейнежазбалар, диафильмдер, күйтабақтар, үнтаспалар.
4. Символдық және графикалық көрнекіліктер. Географиялық, тарихи, экономикалық, зоологиялық карталар. Сызбалар, кестелер, плакаттар, диаграммалар, әр түрлі сызықтық бейнелер. Көрнекіліктер әдеби шығармалардың мазмұндық ерекшеліктеріне үңілуге, ондағы оқиғалардың, кейіпкерлердің, құбылыстардың бейнесін елестетуге, образ жасауға көмектеседі.
Әдебиеттік оқу пәнін оқытуда көрнекілікті қолдану мына міндеттерді шешуге тиіс. 1/ ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жөнінде нақты, анық мәлімет алу және оның әсерлі болуына мүмкіндік ашу. Шығармалардың мазмұн-мәніне терең үңілу, оларды саналы ұғыну және әдебиет пәні бойынша оқушы білімдерінің тиянақты болуы;
2/ оушылардың сезім мүшелерін эстетикалық талғамын дамыту;
3/ оқушылардың әдеби шығармаларға қызығуын арттыру.