Дала табиғатының жауһары – Жетісу петроглифтері



Дата24.04.2023
өлшемі43,4 Kb.
#86355
Байланысты:
1 Ашық аспан астындағы музей (Автосохраненный)



Дала табиғатының жауһары – Жетісу петроглифтері

Жер жәннаты атанған жетісу өзінің табиғи сұлулығы, әсемдігімен ғана емес, терең тарихымен де ерекшеленеді. Ежелден сақталған қорғандар, ежелгі қоныстар мен қалалардың орындары, сондай-ақ, петроглифтер өңірдің тарихи-мәдени өмірін сипаттайды. Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таңғаларлық жағдай. Ерекшелігі еліміздің барлық жеріндегі тасқа салынған суреттердің нүктелеу, сызу мазмұны бірдей. Ғалымдардың бір тобы суреттерді белгілі бір арнайы суретшілер салып отырған деген болжам айтады. Ойлап қарасақ, бұл пікір де шындыққа жанасатын тәрізді.


Ерте заманның суретшілері тасқа суреттер салу арқылы не қалдырғысы келді?. Суреттерде қандай құпия, сырлар жасырылған?. Сан ғасырлар бұрын болған қуатты тектоникалық қозғалыстардың нәтижесінде жер бетіне шығып қалған алып тас тақталар көне суретшілердің басты материалына айналған.
Тастардағы суреттер сонау ерте замандағы адамдардың кейінгі ұрпаққа қалдырған оқиғалар жиынтығы іспетті. Таңбаларға қарап бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргендігін, немен айналысқандығын біле аламыз. Мұндай суреттер әлемнің түкпір-түкпірінде бар, тіпті қазақ даласында да самсап, сыр жасырған белгілер мен мұндалап тұр. Адамдар мен жан-жануарлар әлемінің байланысын әйгілейтін нышандар көптеп кездеседі. Қоршаған ортадағы болып жатқан құбылыстарға жауап іздеген сол кездегі адамдар Тәңірге құлшылық етіп, әр-түрлі діни рәсімдер мен түрлі культтік-мифтік табыну ғұрыптар өткізетін болған. Тастағы суреттер көне дә­уір­дегі аңшылық пен Құдайға сыйыну бел­гі­лерінің ақиқа­тын ашса, енді бірі жау­гершілік кезеңін де сипаттап береді. Қазақ даласындағы осындай мағлұматтар беретін жартас суреттерінің көптігі жағынан Еуразия континенті бойынша алдыңғы орында. Бұл дегеніміз қазақ территориясын мекен еткен сол кездегі халықтардың жазу, сызу мәдениеті қалыптасқан, өркениеттің өзіндік үлгісі болғандығын байқауға болады.
Ең алғаш зерттеліп ғылымға енген «Таңбалы тас» петроглифтері екені белгілі. Ол жерде бес мыңнан аса суреттер кездессе, Жетісу облысы, Көксу өзенінің оңтүстігіндегі Ешкіөлмес тауында ғалымдардың зерттеуінше он мыңдай суреттер кездеседі екен. Таудың оңтүстік күнгейінде 20 шақырымға созылған 24 шатқал бар. Әр шатқалдың жартастарында шоғырланған суреттер кездеседі. Ешкіөлмес петроглифтері – Қазақстандағы петроглифтердің ең үлкен жинақтарының бірі болып табылады. Саны жағынан көп, сызбалары мен сюжеттерінің алуан түрлі, көркемдік жағынан ерекше суреттер кешені. Ең алғаш 1970 жылдардың соңында анықталған. 1982 жылдан 1990 жылдар аралығында археологиялық экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, қазіргі уақытта, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының әртүрлі экспедициялары зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді.
Ал, Қапалдан шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан Баянжүрек тауының беткейі мен күнгей тастарында да әртүрлі формада салынған петроглифтер бар. Мұндағы суреттерді 1994 жылы ЮНЕСКО-ның «Орталық Азия петроглифтері корпусы» жобасы аясында іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қазақтың белгілі археологы Бекен Нұрмұханбетов көрсеткен. 1995-2006 жыл аралығында және 2009 жылдары Зейнолла Самашұлы бір топ археологтармен бұл ескерткіштерді суретке түсіріп, зерттеу-анықтау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде суреттерді салудың техникалық тәсілдері арасында соққы іздерінің ұсақ түрі көбірек кездесетінін, кейбір суреттердің салынуында нақыштау, қырнау және аралас техника кездесетінін анықтаған. Ондағы суреттердің мазмұны да сипаты да әртүрлі. Суреттердің басым бөлігінде салт атты сарбаздар, сондай-ақ, күн басты бейнелер кездеседі. Өте ірі суреттер де, мүлдем шағындары да бар. Аң стиліндегі және басқа да суреттерге қарап құрбандық малды мүшелеу идеясы, оның түсін сипаттауға деген талпыныс байқалады. Мұнда көп кездесетін бұқа, жабайы таутеке ежелгі адамдардың дүниетанымымен және күнделікті тіршілігіне байланысты алуан түрлі сюжеттерге арқау болған. Баянжүрек суреттерінің арасында сирек кездесетін, бірақ тарихи құндылығы аса жоғары көне түркі заманының таңбалары, көне түркілердің руникалық жазулары кездеседі. Бұл ескерткіштер ЮНЕСКО – ның мәдениет картасына енген екен.
Жетісу өлкесінің әрбір тау шатқалдары мен жотасындағы петроглифтер кешеніне мәдени-хронологиялық мағына дарытып тұрған түрлі археологиялық ескерткіштер куә. Бұған дәлел жоғарыда келтірілген Ешкіөлмес, Баянжүрек петроглифтерінен бөлек Арқарлы, Қарабұлақ, Ынталы, Алакөл өңіріндегі петроглифтер де тұнып тұрған тарих. Жетісу жеріндегі мұндай суреттер зерттелген, зерттеліп те жүр, әлі де зерттелуді талап етеді. Талай жылдар бойы табиғи апаттар мен адам қолынан жойылып бара жатқан ашық аспан астындағы жәдігерлерімізді қорғау жөнінде ғалымдар мен қоғам қайраткерлері де айтып жүр. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса осы жылдың басында парламент мінберінде Еліміздегі тарихи-мәдени нысандарды зерттеу мен музейлендіру жұмыстарын жүргізіп, петролглифтер картасын жасау керектігін көтерген еді. Осындай кешенді жұмыс болашақта өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Дала табиғатының жауһарын жиған киелі Жетісудың беймәлім тылсым тұстары жетерлік. Бүгінгі күнге дейін бұзылмай, қаз-қалпында тасқа қашалып сақталып қалған құнды ескерткіштерімізді қорғау баршамыздың міндетіміз.


Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.


Жетісу облысы, Баянжүрек петроглифі.






Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет