Ойын –мектепке дейінгі кезеңнің негізгі іс-әрекеті. Мектепке дейінгі жас кезінде балалардың денесі мен ақыл-ой өрісі төменгі жастарға қарағанда едәуір жетіліп қалады. Бірақ 3-5 жас аралығында бала бойының өсуі шамалы тоқталып қалады, мектепке кіргенше өсіп қалады. Бала бойының өсуі салмағының өсуінен шамалы алда жүреді. Мектепке дейінгілердің анатомо-физиологиялық дамуының негізінде есеюге байланысты жаңа талаптарды (оқу,еңбек) орындауға мүмкіндік туады.
Алдымен баланың ойынына нендей нәрсе түрткі болады, соған тоқталайық. Ф. Шиллердің айтуынша, бала қозғалмай, не бір нәрсемен шұғылданбай көп осының салдарынан «жұмсалмай қалған қуаты» жиналады да, соны жұмсау қажеттелігі оны ойынға итермелейді. Бұл пікірге көптеген психологтар қарсы шықты. Күш-қуаты таусылып, шаршап отырған балаға «ойнайсың ба?» деп сұрасаң, «ойнаймын» деп жауап береді дейді. Осыны есепке алып, австрия психологы К. Бюллер «жұмсалмай қалған қуат» теориясы баланың не себептен ойнайтынын толық дәлелдей алмайды деп, ойынның себебін рахаттанумен байланыстырады. Рахаттану теориясы, алғашқы пікірге қосымша ретінде қолданылады.
Неміс психологы К. Гросс кішкентай балалардың ойынын зерттеп, 1899 жылы өзінің осы жөніндегі пікірін жариялады. Оның айтуынша, бала өзінің күшін, ақыл-ойын дамытып, дағдылану үшін ойнайды. Осы пікірін дәлелдеуде К. Гросс мынадай деректер келтірді: әсіресе төменгі даму сатысында тұрған жануарлардың өзгерілмейтін соқыр сезімі (инстинкті) көп болғандықтан, олардың балапандары ойнамайды, тек инстинктері аз жануарлардың балапандары ғана ойнайды. Ойнайтын себебі, олардың туа берілген инстинктері аз болғандықтан, осыған байланысты ептілікті машықтану арқылы толтырғысы келеді дейді. Бұл пікірге Голландия психологы Е. И. Бойтендайк қарсы шықты.
Сонымен, баланың неліктен ойнайтын себебі әлі күнге дейін көпшілік ғалымдар арасында мойындалмаған мәселелердің бірі. Көрнекті орыс марксисінің бірі – Г. В. Плеханов бала ойын кезінде үлкендердің еңбек әрекетін қайталайды, сондықтан «ойын – еңбектің інісі» деген болатын. Бала ойының көбі үлкендерді еңбегін қайталайтыны рас және ұстаздың осы сөзі ойынды әлеумет тұрғысынан дәлеледеуге мүмкіндік береді. Бірақ, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда баланың ойнауына не түрткі болатынына ұстаздың бұл сөзі толық жауап бере алмайды. Себебі, тек бала емес, жануар көпшілігінің балапандары да ойнайды, (мысалы, мысық күшігіне лақтың ойнайтыны т. б.). Оны тек балаға ғана емес, жануар балапандарына бірдей тән болғандықтан, жалпы айтқынды репетиция сияқты әрекет. Мұның солай екені мынадан: үлкендердің нақты іс-әрекетін бала болғандықтан, соны дәл дәрежесінде қайталай алмайды. Бірақ оған бала өзін-өзі даярлауы қажет. Артистер сахнаға шықпай тұрып, шымылдықтың бергі жағында өзінің ролін ойнайтыны сияқты бала ойын үстінде өзін келешектегі еңбек әрекетіне даярлайды. Әрине, тап осылай мақсат қоймайды. Бірақ ұзақ тарихи дамуда баланың ойны үлкендердің ісін үйренуге арналған.
Осыған орай, аса қажетті мәселенің бірі – өткен тарихи дәуірлерде бала ойнады ма, ойнаса қай жасынан бастап осыған кірісті. Психологтардың айтуынша ерте кездерде көпшілік елдердің балалары ойын легенді білмеген. Бұған дерек, бұдан біршене жыл бұрын өлген кісілердің моласын қазғанда бала сүйектерінің қасында ойншықтардың ешқандай түрі кездеспепті. Сондықтан балалар үшін әдейі ойыншық жасау соңғы ғасырларда пайда болған дейді.
Осыған орай жүргізілген зертеулерге қарағанда, ерте кезде балалардың көбі тек 5-6 жасқа дейін ғана ойнап, кейін үлкендермен бірге жұмысқа кірісіп, кішкентайынан материалдың игілікті өндірілуіне үлес қосқан. Д. Б. Эльконин эскимос балалары 5 жасынан әке-шешелерімен бірге балық аулауға, не егін айдауға кірісіп, қиын жұмыстарды да орындай алатынан айтады. Бұл турлы орыс саяхатшысы Миклухо-Маклай өткен ғасырда Шығыс халықтарын кемемен аралай жүріп, Малинезия т. б. елдерде балалар 5-6 жасынан түгелдей еңбекке жегілетінін ескертеді. Бұл мәліметтер қазақ үшін жаңалық емес. Өйткені ерте уақытты қазақ елінің балалары 4-5 жасынан еңбек етуге кірісті. Мысалы, 4 жастағы балаға билерді қайырын кел деп тапсырма бергенде, жылқының бірін құрықпен ұстап алып, бойы жетпегендіктен оны үлкен тасқа жетектеп, тастың үстінен жүген салып, қарғып мінеді де, бала билерді тез қайырып келеді. 5-6 жасқа келгенде түйеге мініп шөмеле таситын не тезек теретін, 7-8 жасқа шыққанда атқа мініп, малды далаға алып кететін, сол кезде малға қасқыр шаба қалса, сәби бала аттың үстінде қолындағы қамшымен қасқырға ұмтылатын болған.
Осы сияқты еңбектердің түрін сол жастарды ауылда өскен балаларың бәрі бастан кешірді. Сондықтан, Д. Б. Элькониннің айтуы түгелдей дұрыс. Қазіргі кезде балалық кез бұрынғына қарағанда көпке дейін созылады. Тіпті, 15-16 жастағы балалар ойнайды. Мұның себебі, біріншіден тұрмыстың нашар кезінде бұқара халық баласын көпке дейін еркелетіп ойнатуға шамасы келмеген. Сондықтан жас кезінен оларды материалдық игіліктерді өндіруге жекті. Екіншіден, әлеумет қоғамы сол кезде басқаша болатын. Ол кезде ойын кішкентай балалардың негізгі іс-әрекеті болмаған, жұмыстан қолдары босаған кезде ғана ойнайтын болған. Біз осыдан балалар ойыны белгілі әлеумет дәуірінің жемісі екенін көреміз.