Мектепке дейінгілердің таным процестерінің дамуы. Таным әрекетіне байланысты мектепке дейінгілердің заттарды эталонмен қабылдауына, қиялына тоқталайық.
Бізді қоршаған дүние заттары мен құбылыстары бірінен соң бірі көзге тәртіпсіз («хаос» сияқты) көрінеді. Құбылыстар мен заттар тым шексіз және сан-алуан сияқты болып көрінеді, олардың кейбіреулері форма не қызмет жағынан ұқсас жақтарын, біріншіден, бір ұғымға жатқызып, соларды топтастырып отырып қабылдау кезінде тәртіпсіздікпен күресуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тиісті нәрселерді ойша тәртіпке келтіру үшін нендей қасиеттер мен құбылыстар нәрсенің қандай түріне жататынын білуі өте қажет. Мысалы, егер біздің алдымызға жүздеген бояулардың түрі кездессе, бірақ солардың түрі нендей негізгі бояуларға жататынын білмесек, сол бояуларды қабылдау қиынға соғар еді. Үшіншіден, біз белгілі бір заттың салмағын, көлемін, ұзындығын, оларды өлшемей-ақ қанша екенін, олардың бәрін өлшейтін болсақ, одан өз ортамызға бейімделу қиынға түсер еді.
Заттар мен құбылыстарды қабылдау ерекшеліктеріне байланысты былай топтастыруға болады:
Топтастыру. Бұл қасиетке бала (5-6 жасынан) ие бола бастайды. Айталық, шелек, тостаған, шөміш, т. б. бала «ыдыс» деген ұғымға жатқызып, осыларды әр түрлі нәрселерден, мысалы, орындық, үстел, керует, диван, кебеже, т. б. ажыратады. Ал пиманы, бәтеңкені, етікті, мәсіні, т. б. аяқ киімге жатқызып, бұларды киімдерден (пальтодан, шалбардан, бешпеттен, т. б.) ажыратады. Сол сияқты, құмды, тасты, борды, әйнекті т. б. «минерал» деген ұғымға жатқызып, осыларды металдардан ажыратады. Топтастырудың бұл түріне мектепке дейінгілер үйрене алмаса, психикалық даму жағынан оқуға даяр бола алмас еді.
Эталон арқылы білу. Егер бала, мысалы, үшбұрыш дейтін геометриялық фигураны кездестірсе, соны үшбұрышқа жататынын анықтау үшін, оның санасында үшбұрыш туралы ұғым болуы шарт. Осыны эталон деп атайамыз. Осы сияқты балаға жасыл түске боялған қағазды көрсетіп, кейін соны жасырып қойып, мына көп түстердің ішінен жасыл түсті қағазды алып бер десе, мұны бала орындай алады. Себебі, әуелгі түсті көрсеткенде жасыл түстің эталоны оның санасында қалып қойған.
Заттың көлемі мен санының ерекшелігі. Бұл жастағылардың көбі тиісті нәрселердің саны көбейетінін не азаятынын немесе көлемі ұлғаятынын не кішкентай болатының түсінігіне ие бола бастайды.
В. С. Мухина өзінің еңбегінде мектепке дейінгілерде қалайша эталондар (не «өлшеуіштер») қалыптасатынына тоқталып, эталон деген санды, көлемді не салмақты сақтау деп атап өтті.
Бөбектер көбінесе заттың бір белгісіне қарап, кейін сол затты таниды. Ал мектепке дейінгілер бөбектерге қарағанда затты тұтастырып қабылдайды. Мектепке дейінгілерде қиын жүретін процесс- бұл кеңістікті және уақытты қабылдауы. Кеңістікке орай «оң жақ», «сол жақ» дегенді бөбектер жақсы түсіне алмайды. Ал уақытты қабылдауға келетін болсақ, «кеше», «бүгін», «ертең» т.с.с. ұғынуда да біраз қиындықтар туындауы мүмкін.
Мектепке дейінгілердің зейіні бір объектіге қаншалықты берілуі, олардың оған қаншалықты қызғылықты келуіне байланысты. Бөбектер ойынға 30-40 минутқа дейін зейінді келе алатын болса, ал 6-7 жастағылар 1-1,5 сағатқа дейін беріле алады. Ал осы қасиеттердің баланың жадында ұзаққа қалдыра алмайды. Мектепке дейінгілерде тек арнаусыз есте қалдыру рөл атқарады. Арнаусыз есте қалдыру арнаулы есте қалдыруға қарағанда нәтижелі келеді. Себебі, бұлар тек нақты бейнелерді есте қалдыруға бейім. Мектепке дейінгілердің кейде нақты есте қалдыра алуы сондай, оларды суретке түсіріп алғандай сияқты көрінеді. Естің мұндай түрі «эйдетикалық» деп аталады.
Мектепке дейінгілерде қиялдау процесі де едәуір дамып қалады. Себебі, осылардың негізгі әрекеті ойын, ал ойынның қайсысы да шындыққа сай келе бермейді. Ойынның нәтижесінде балада қия кеңнен өріс алады. Мектепке дейінгілердің қиялдау процесі ертек үстінде қалыптасады. Ертек тек қазіргі заманда ғана емес, өткен дәуірлерде де 5-7 жастағылардың өмірінде де незгі рөл атқарған.
Мектепке дейінгілердің жасын Ж. Пиаже «операцияға, ойлануға дейінгі кезең» деп атаған. Осыған қарағанда олар үлкендерге тән мәселелерді шеше алмайды деген сөз. Мектепке дейінгілерде көбінесе нақты бейне ойы және ойының жүйелігі тән.