ҰЛЫ ДАЛА тарихы
200
Міне, сондықтан қазіргі таңда айтылып жүрген діни хош көрушілік пен
толеранттылықтың, діндарларарасы келісімнің бір үлгісін сол кезеңдегі Тараз
қаласынан табуға әбден болады.
Жалпы, Талас өңірі көктүрктермен бірге оғыздарға да мекен болған.
Сондықтан «Оғыз қаған» дастанында Тараз қаласының аты жиі аталады.
Айталық, дастанда Оғыз қағанның үлкен сапар алдында әуелі Таразға келіп,
содан кейін Сайрам, Ташкент, Бұхара, Самарқан және Хорезм жеріне жорық
жасағаны жөнінде айтылады. Сонымен қатар дастанда Үнді мен Қытай елін
бағындырған Оғыз қағанның қайтадан Алатауға ат басын бұрғаны баяндалады.
Түркештер арасында алауыздық туып, билік әлсіреген тұста Қытай империясы
Таразды басып алды. Міне, осы кезеңде шығыстан жеткен Қытай қаупіне қарсы
түрктер мен мұсылман арабтардың біріккен қолы қарсы тұрып, 751 жылы Талас
маңындағы қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен
шайқас болды
392
. 751 жылы шілде айында Талас маңындағы Атлах қаласында
болған бұл әйгілі шайқас жайында қытай дереккөздерінен мынадай мәліметтер
кездестіреміз: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып
кетті де арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиян
жыны ойсырата жеңді»
393
.
Осылайша бірнеше күнге созылған бұл шайқастың нәтижесінде түрк жұрты
шығыстан төнген дұшпанның бетін қайтарып, екінші жағынан мұсылман
арабтармен жақын танысып, ислам дінін қабылдай бастады. Таразды екінші рет
бағындырып, онымен қоймай, түрк халқын тұтастай табанының астына алып,
бағындыруды көксеген Қытайдың Батыс Түркістаннан біржола күдер үзуіне
себеп болған Талас-Атлах соғысы нәтижеде тарих сахнасына жаңа күштердің
шығуына ықпал етті. Бұл оқиғаның Тараз қаласының және түрк халқының діни-
мәдени тарихында алар орны ерекше болды. Дереккөздерінде Талас-Атлах
соғысынан кейін түрк халықтарының топ-тобымен қауым болып ислам дініне
өте бастағаны айтылады. Өйткені қиын сәтте қол ұшын созып, көмекке келген
мұсылмандардың парасаты мен мәдениетін жақыннан танып білген түрктер,
мұсылмандар ұстанатын қағидалар мен өздерінің жоралғы, салт-дәстүрлерінің
бір-бірінен соншалықты алшақ жатпағанын аңғарып, байқаған еді. Оның үстіне,
түрктер ұстанған тек Тәңірге ғана мойынсұну, өлгеннен соң қайта тірілуге сену,
жұмақ пен тамұққа илану сияқты сенімге құралған Тәңірлік дін де ханифтік дін
ретінде ислам дінімен үндесіп жатыр еді. Сондықтан Тараз топырағы – ислам
дінінің Тұран-Түркістан даласына таралуына шешуші ықпал еткен мекен ретінде
де қастерлеп, ардақтауға лайық жер.
392
Бартольд, 1966, 33 с.
393
Дәулетхан, 20.07. 2001
|