ҰЛЫ ДАЛА тарихы
27
ретінде бағалайды. Бұл орайда түрк аңызындағы бөрі мен Бөрте-шино
арасындағы ұқсастыққа назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар Ашина әулеті
мен көктүрктерге ұран болған бөрі мен таутеке таңбасы Боржигин (Бөрітегін)
әулетінің Бөрте-чино мен Маралдан тарағаны жайындағы аңызға сәйкестігі
де кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Бұл жерде көңіл аударатын бір жайт,
Ергенеқонды паналағандар – Ел ханның ұрпақтары. Ал Ел хан – Оғыз қағаннан
тарайды. Оғыз қағанның түрк халықтарының қадым тарихындағы жартылай
аңызға айналған арғы атасы екені белгілі.
Жалпы, арғы аталары асқар Алтайдан тарап, есте жоқ ерте замандардан
бері көршілес, қанаттас қатар ғұмыр кешіп келе жатқан тайпалардың тарихы да
қатар өрбитіні анық. Бұған тек жақын жағрапиялық жағдай мен біртұтас кеңістік,
ұқсас ұғымдар мен тұрмыс-тіршілік қана емес, сонымен қатар тайпалардың шығу
тектеріне байланысты түрлі аңыз-әпсаналар мен шежіре-деректер, табынатын
табулар мен киелер, ортақ құндылықтар сияқты біріктіретін көптеген факторлар
әсер етсе керек.
«Ергенеқон» дастанындағы мотивтер Рашид-ад- диннен бұрын көктүрктерде
де болған. Мәселен, VII-IX ғасырдағы «Чжоу-шу», «Бей-шу», «Тан-шу»
жылнамалары
37
мен ІХ ғасырдағы Тибет дереккөздерінде көктүрк кезеңіне
байланысты осыған ұқсас аңыз айтылады. Сондай-ақ Күлтегін, Білге қаған және
Тоныкөк жазбаларында «таудағылар қалаға түсті... алдымен 70 кісі, жиылып
700 кісі болыпты» деген жолдар да Ашина әулетінің таудан келгенін меңзейді.
Бирунидің шығармаларында да таудағы үңгірден шыққан түрк әскерінің
мемлекет құруы жайында баяндалады.
Аңызға арқау болған Ергенеқонның орны мен этимологиясы жөнінде аз
жазылған жоқ. Кейбір зерттеушілер алғаш кездесетін дереккөздегі «таудың тік
бөктері» деген мәніне сүйене отырып, бұл сөздің түп-тамырын моңғол тіліне
телиді.
Ергенеқон сөзінің варианттары тек моңғол тілінде емес, түрк тілінде де
бар екені белгілі. Мысалы, қазақ және өзбек тілдерінде ергенек/ергәнәк сөзі
«қораның қақпасы, киіз үйдің есігі» деген мағынада қолданылады.
Бұл орайда Қойшығара Салғараұлы «Ұлы қағанат» кітабында мынадай тың
болжам жасайды: «Əбілғазы «Ергенеқонды» – ергене – «таудың кемері», қон –
«өткір» деген мағына береді деп түсіндіреді. Аңыздың дерегі бойынша «Ергене-
қон» – төрт жағын бірдей түгел тау жартастары қоршаған жазыққа берілген атау.
Меніңше, осы «ергенек-көң» деген сөз. Атаудың айтылуында екі «к» дыбысы
қосылуы салдарынан «ергене-көң» болып кеткен сияқты. Ергенек – есіктің
төртбұрышты жақтауы. Сонда «Ергенек-көңнің» ұғымдық мәні төрт жағын түгел
қоршаған «Ергенек-қоныс» дегенді беріп-ақ тұрған тәрізді»
38
.
37
Бичурин, 1950, Т. 1.
38
Салғараұлы, 2008, 552 б.
|