Ересектермен, құрбыластарымен қарым-қатынасы
Үйлесімсіз даму типіндегі дарынды баланың тұлғалық ерекшеліктерін түсіну үшін, оның тұлғасының қалыптасуын белгілі бір дәрежеде ықпал ететін құрбыларымен, ересектермен қарым-қатынасына талдау жасаудың маңызы зор. Дамудың біркелкі болмауынан интеллектуалдық және көркем-эстетикалық мүмкіндіктері өте жоғары балалардың бірқатарында жеткілікті қалыптасқан әлеуметтік мінез-құлық дағдылары болмайды да, қарым-қатынаста проблемалар туындайды. Көп жағдайда ерекше дарынды балалардың жүріс-тұрысында, мінез-құлқында оғаштау қылықтар кездеседі, бұл сыныптастарының қабылдамауына, мазақ қылуына әкеп соғады.
Арнайы мектептерде дарынды баланың интеллектуалдық қабілеті сәйкесінше бағаланып, құрбыларымен қарым-қатынасы анағұрлым жақсы жағдайда болады.
Мұғалімдердің ерекше дарынды балаға көзқарасы оның тұлғалық сапаларына тікелей қатысты болады. Егер педагог тәрбиелеудің «күштеу позициясы» әдісін қолданбайтын болса, онда дарынды баланың интеллектуалдық сыншылдығы, оның ақыл-ой дамуының деңгейі педагогтан да жоғары болуы тек құрмет пен түсіністікке ұласады. Басқа жағдайда мұғаліммен қарым-қатынас келіспеушілікке, бірін-бірі қабылдамауға әкеп соғады. Сондықтан да үйлесімсіз даму типіндегі дарынды балалар тұлғасының өзіндік ерекшеліктерін түсіну мұндай контингенттегі балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер үшін маңызды принциптердің бірі болып табылады. Кейде ерекше балалардың дезадаптациясы кездеседі, яғни уақыт өте келе олар қиын балалардың тобына жатқызылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |