Пероральды (ауыз арқылы) енгізу жолдары Дәріні ауыз арқылы қабылдау кең тараған. Дәріні ауыз арқылы қабылдағанда, ол ащы ішекте сіңіріліп, қан тамырлары арқылы бауырға түседі де, жалпы қан айналымына қосылады. Ауыз арқылы енгізудің жағымды жақтары:
1. Бұл жолмен әртүрлі формадағы дәрілерді қабылдауға болады (ұнтақ, пилюля, таблетка, микстура, қайнатпа, экстракттар түрінде);
2. қарапайым және ыңғайлы;
3. залалсыздандыруды талап етпейді;
4. арнайы дайындалған көмекшілерді талап етпейді.
Пероральды қабылдаудың кемшіліктері: 1. дәрілік заттардың бір бөлігі бауырда белсенділігін жоғалтады;
2. дәрінің әсері ағза иесінің жасына, жағдайына жеке сезімталдығына байланысты;
3. ас қорыту жолында дәрінің баяу әрі толық сіңірілмеуі (бұған ас қорыту ферменттері әсер етіп, дәрі 10-15 минуттан кейін ыдырай бастайды).
4. науқастың ессіз жағдайында немесе жүрегі айну кезінде дәріні қабылдай алмауы;
5. бұл тәсіл шұғыл жағдайда дәрінің әсері жылдам керек кезінде тиімсіз;
6. асқазан мен ішектің кілегей қабығына кері әсер беруі мүмкін.
Сублингвалдық (тілдің астына) енгізу Сублингвалдық енгізу деп дәрілік затты тіл асты қабылдауды айтады. Дәріні бұлай қабылдағанда тіл асты кілегей қабаты арқылы тез сорылып қанға араласады, бауырға бармайды және ас қорыту ферменттері әсерінен жойылмайды. Бірақ бұл жолды сирек қолданады, өйткені тіл асты маңының
сіңімділік көлемі аз, сондықтан бұл жолмен өте белсенді дәрілерді аз мөлшерде (мысалы: 0,0005 г көлемде нитроглицерин , 0,06 валидол) қабылдауға болады
Ректальды (тік ішек арқылы) енгізу жолдары Ректалды енгізу жолдары деп дәрілік заттарды тік ішек арқылы енгізуді айтады. Ректалды жолмен сұйық (мысалы: қайнатпа, ерітінді, шырыштар) сонымен қатар қатты (ректалды суппозиторий) дәрілерді енгізеді. Ректалды жолмен дәріні науқас ауыз арқылы қабылдай алмаса (жүрек айнуы, жұтына алмауы жағдайында, асқазанның кілегей қабығының зақымдануы кезінде және т.б.) немесе жергілікті әсер ететін дәріні енгізу кезінде қолданады. Бұл жолмен дәрілер енгізілгенде олар ағзаға резорбтивты және тік ішектің кілегей қабығына жергілікті әсер етуі мүмкін.