Тоталитарлық саяси жүйенің үлгілері: бұрынғы фашистік Германия, Италия, бұрынғы
дүниежүзілік социалистік мемлекеттер. Қазіргі кезде бұл елдердің көбінде демократияландыру
процесі жүріп жатыр. Дегенмен, осындай саяси жүйе дүние жүзінде әлі де біраз мемлекеттерде
сақталуда. Тоталитарлық саяси жүйеде азаматтардың биліктен тәуелсіз ұйымдарға қатысуына
жол берілмейді. Бұқараның саяси өмірге қатысуы алдамшы (декорация) түрінде ғана болады.
Г. Алмондтың ескертуі бойынша, тек күшпен мәжбүр етуге негізделген саяси жүйе ол
ескірген, қисынсыз (абсурд), осы себептен тоталитарлық саяси жүйеде екі жағдай қалыптасады:
1) күшпен мәжбүр ету тәртібінің орнатылуы; 2) саяси биліктің тұрақсыз болып, мемлекет,
мекемелер, құқық қорғау орындары қоғамның әлеуметтік мүддесін шешіп отырудың орнына
барлық күштерін саяси-әлеуметтік шиеленістерге қарсы күресу үшін қолдануы. Қоғамда саяси
жүйелердің жоғарыда аталғандарынан басқа да түрлері кездеседі. Ал Истон мен Алмондтың
саяси жүйе туралы идеялары қазіргі таңда Еуропа, Америка елдеріне кеңінен тарап, кейін К.
Дойтчтың тұжырымдамаларымен толықтырылған. Дойтч өзінің «Ұлтшылдық және әлеуметтік
байланыс» және «Басқару жүйелері» атты еңбектерінде саяси жүйе туралы қағиданың негізгі
ережелерін саяси өмірге енгізу жолдарын көрсетеді. Шет елдердің саясаттануында саяси жүйе
теориясының аталған нұсқаларынан басқалары да қарастырылады. Мысалы, Д.Трумэннің
«Америкалық саяси жүйенің дағдарысы» және «Басқару процесі» еңбектерінде баяндалған
және саяси жүйе мен оның құрылымдарының кеңіне танымал «қысым топтары» теориясы мен
әлеуметтік пікірталастығының негізгі ережелерінен туындайтын саяси жүйе теориясы; Д. Истон
концепциясының негізгі ережелерін осы немесе өзге елдің ішкі саяси өмірінен ішкі қатынастар
саласына ауыстыруды ұсынатын Г. Пауэлл мен М. Капланның саяси жүйе теориясы; Т.
Парсонстың әлеуметтік жүйесінің негізгі қағидаларына сүйенетін «функциялық саяси жүйе»;
«мамандандырылған, белсенді құрылым саяси жүйесі» теориясы және басқалары.