Саяси рәміздер. Саяси рәміздер ежелден бастап-ақ патриотизм, отбасыға құрмет көрсету,
елдің өткен тарихы мен жарқын болашағына сеніммен қарау идеяларының көрінісіне айналды.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік және саяси рәміздер қазіргі күндегі заманауи саяси мәдениеттің
ажырағысыз бөлігіне айналып кетті десе де болады.
Әрбір мемлекеттің міндетті түрде ресми органдармен бекітілетін ұлттық-мемлекеттік рәміздері
– Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны болады. Оларды пайдалану тәртібі ел заңдарымен және
дәстүрлерімен айқындалады. Мәселен, Мемлекет басшысының шетелдерге жасайтын ресми
сапарлары барысында немесе ел спортшыларының әлемдік деңгейдегі дүбірлі жарыстарда
жеңіске жеткен құрметіне ұлттық ту көтеріліп, әнұран ойнағанда барлығымызды жоғары рух пен
асқақ сезім баурап алатыны бәріміз үшін таныс сезім деп айтуға болады. Мұндай сәттер ұлтты
ортақ идеялар төңірегіне топтастыра түсері сөзсіз. Осы ретте, 1994 жылғы Лиллехаммерде өткен
қысқы олимпиада кезінде отандық шаңғышы Владимир Смирновтың жеңісі тәуелсіздіктің
бастапқы жылдарында Қазақстанды шетелдіктерге танытқан алғашқы оқиғалардың бірі
болғандығы анық. Одан бергі уақытта ел спортшыларының Пекин және Лондон қалаларында
өткен жазғы олимпиада ойындарындағы табыстары да көпшіліктің назарын өзіне аударта алды.
Демек, спорттағы табыстар әлемге сол ел туралы айта отырып, мемлекеттің бейресми
рәміздеріне айналады. Осындай бейресми рәміздер әртүрлі графикалық бейнелер, адам
фигуралары және өзге де бейнелер түрінде көрінуі мүмкін. Мәселен, Құрама Штаттар – Сэм
атаймен, Ресей – Аюмен, Бразилия – футболшы Пелемен, футболмен және карнавалмен қатар
көрінеді. Ал қарқынды экономикалық және индустриалдық дамуды көрсетіп отырған Оңтүстік-
Шығыс Азия елдерін барыстар немесе айдаһарлар деп те атап жатады. Кейде ағаштардың суреті
(Ливандағы кедр немесе Канададағы емен жапырағы); еңбек құралы және тағы басқа да заттар
рәміз рөлін атқарады.
1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы азаттық пен прогресс идеяларының
белгісіне айналған жаңа мемлекеттік рәміздерді енгізді. Біз қазіргі күнде барыстың, қыран
құстың және қанатты тұлпарлардың жаңа Қазақстанның рәміздеріне айналып отырғанының
куәгерлері болып отырмыз. Туымызда көрініс тапқан алтын және көк түстердің қосындысы
еліміздің тәуелсіздігімен байланыстырылады.
Сұрақтар 1. Қазіргі саяси өмірдегі идеологияның рөлі қандай?
2. Мемлекет идеологиясыз өмір сүре ала ма?
3. Сіз Қазақстанның Ұлт Бірлігі доктринасының қабылдау тарихы туралы не білесіз? Бұл
құжаттың маңызы неде?
4. Тоталитарлық мемлекетте идеология не үшін маңызды рөл ойнайды?
5. Рәміздер саяси күресте қалай пайдаланылады?