Жұптық жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалау Жұптық жұмыс қалыптастырушы бағалаудың тиімді формаларының бірі болып табылады. Жұптық жұмыста жалпы мұғалім, жұптар бір-бірін және жұп ішінде бірін-бірі бағалауына болады. Мұндай өзара қарым-қатынас кезінде білім алушылардың дайындық деңгейіне қарамастан өзара көмегі, рефлексиясы, өзін-өзі реттеуі белсенді байқала бастайды.
Жұптық жұмыста қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау кезінде білім алушылар тапсырманы орындау, оның нәтижесіне бірдей жауапкершілікпен қарау қажет екенін түсінуі керек. Сондықтан оларды өз әрекетімен келісуге, өзара әрекеттесуге, пікір алмасуға, сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруге үйрету маңызды.
Топтық жұмыс кезіндегі қалыптастырушы бағалау Қалыптастырушы бағалау кезінде мұғалім белгілі бір дағдыны бағалаудың тиімді тәсілі ретінде қолданып, топтық жұмысты ұйымдастыруына болады. Білім алушылар алдын ала бағалау критерийлерімен таныс болуы тиіс. Топтық жұмыс кезінде мұғалім әр топтағы білім алушылардың талқылауын тыңдайды, қадағалайды: кейбір білім алушылар оқу мақсатына жетуді бағалау критерийлеріне сәйкес тез көрсете алуы мүмкін. Мұғалім ол білім алушылардың атын жазып алуы қажет.
Әрі қарай мұғалім білім алушыларға қосымша қолдау көрсетуге қажетті сұрақтар қояды, бақылайды, мысалы:
Бұл туралы сіз не ойлайсыз?
Сіздің тобыңызда қандай талқылау болғанын айтып бере аласыз ба?
Егер білім алушылар тәжірибелік тапсырмалар орындайтын болса, онда осы тапсырмаға қатысты сұрақтар болуы мүмкін, мысалы:
Сіз қазір не істеп жатырсыз?
Сіз қалай ойлайсыз, әрі қарай не болады?
Осы тапсырмада ерекше бір нәрсе байқадыңыз ба?
Топтық жұмыс кезінде мұғалім барлық топтың және әр жеке білім алушының жұмыстарын бақылауы қажет. Топтарды бақылауды тапсырма орындау кезінде қатысып, бірлесе жүргізуге де болады. Бұл жағдайда білім алушыларға: