Дәріс 13 Әскери эпидемиологияның теориялық және әдістемелік негізі. Соғыс уақытында әскерлер арасында жүргізілетін эпидемияға қарсы шаралардың мазмұны және ұйымдастырылуы.
Мақсаты студенттерде әскери эпидемиологияның теориялық және әдістемелік негізі. Соғыс уақытында әскерлер арасында жүргізілетін эпидемияға қарсы шаралардың мазмұны және ұйымдастырылуы бойынша білімдерін қалыптастыру
Дәрістің тезисі Әскери эпидемиология - әскери медицинаның және эпидемиологияның саласы. Әскери құрамның арасындағы жұқпалы аурулардың пайда болуын және таралуын алдын алады және де әскерде жұқпалы аурулардың шоғырлануын болдырмау шараларын ұйымдастырады, ошақтарды жояды, әскерден жұқпалы аурулардың шығуын алдын алады. Әскери эпидемиология - эпидемиология мен әскери медицинаның ұштасуы негізінде қалыптасады да әскерді эпидемиядан қорғау теориясы мен тәжірибесін негіздейді. Бұл білім мен тәжірибелік іс-әрекеттің теориялық, әдістемелік және ұйымдастырушы принциптердің жиынтығын көрсетеді, олар әскерде алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастырып жүзеге асыруға бағытталған.
Эпидемиологияда әскер үшін өзекті әскери эпидемиологияның жалпы бөлімдері, жұқпалы аурулардың жеке нозологиялық түрлері нақтылы көрсетіледі. Қазіргі уақытта әскери эпидемиология - биологиялық қарудың зақымдаушы қасиеттері және әскерді одан қорғаудың білім жүйесін құрайды.
Әскери эпидемиология пәнін оқып үйренудің өзіне тән ерекшеліктері бар. Оқытып үйретудің нысанасы әскери ұжым болғандықтан, бейбіт уақытта әскери құрамның тұрмысы мен өмір сүру жағдайы, соғысқа дайындығы эпидемиялық қолайлығы жағынан қарастырылады.
Әскери эпидемиологияның тарихы да басқа медицина салалары тәрізді өткен ғасырлардан басталса да, оның өз бетінше ғылым ретінде соңғы уақыттарда ғана қарастырылуда. Орта ғасырдың медицинасында көптеген эпидемияларға қарсы, әсіресе обаға қарсы шаралар орын алған. Жұқпалы аурулар, олардың эпидемиологиясы, күресу шаралар туралы ғылым ол кезде болмаған. Жұқпалы аурулардың кеңінен таралуы соғыс уақытында әскердің және тұрғындардың арасында көп тіркелген. Әскери эпидемиология негіздері әскер арасындағы жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуын біле отырып, оларды ескертуге мүмкіншілік береді, ал егер де пайда болған жағдайда бұл ауруды жою бойынша тиімді шаралар жүргізеді.
Қазіргі әскери эпидемиологияның негізгі міндеттері:
- әскери құрамның арасында жұқпалы және паразиттік аурулардың пайда болуы және таралуын алдын алу;
- әскердің денсаулығын нығайту мақсатымен олардың тұрмыс жағдайын, әскери әрекеттерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау;
- әскери жеке құрамды қорғауды қамтамасыз ететін, сонымен қатар, биологиялық қарудан жаралылар мен науқастарды, медициналық қызмет мекемелерін қорғау шараларын жүзеге асыру;
- соғыс кезіндегі әскери құрамның арасындағы эпидемиялық процестің ерекшеліктерін, сонымен қатар, әскерді әр түрлі жағдайда эпидемияға қарсы шаралар жүргізуге үйрету.
Әскери эпидемиологияның негізгі міндеттерінің бірі әскери құрамның арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-ның қарулы күштерінің арасында жұқпалы аурулардың үлкен өршулері болған емес, ол әскерді эпидемияға қарсы шаралар жүргізуге үйретудің жоғарғы деңгейде жүргізілгенінің нәтижесі болып табылады.
Әскердегі эпидемиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз етудің басты шаралары болып табылады:
- нақты жағдайды эпидемиологиялық болжау, жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды дер кезінде анықтап, жедел түрде оңашалап, ауруханаға жатқызу;
- әскери коммуникацияларда эпидемияға қарсы тосқауылдар (санитар-лық - бақылау және оңашалап өткізу пункттері жүйесін) құру;
- әскери жеке құрамның арасындағы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алуы;
- әскерді моншамен, кір жуумен, дер кезінде дезинфекциялық шаралармен қамтамасыз ету.
Әскердің орналасу орнының тез арада ауысуы, жұқпалы аурулар тіркелген қолайсыз аудандарда тұруға мәжбүр болуы, физикалық жүктеме, тағаммен дұрыс қамтамасыз етілмеуі және басқа да факторлар жұқпалы аурулардың пайда болуына әкеп соғады. Бұл жағдайларда ең басты міндет, әскерді эпидемияға қарсы шараларды іске асыруға үйретудің дұрыс ұйымдастырылуы.
Әскерді эпидемияға қарсы шараларды іске асыруға үйрету – бұл әскер арасында жұқпалы аурулардың пайда болуын, жойылуын ескерту және жеке құрамның әскери дайындық мүмкіншілігін арттырып, денсаулығын нығайтуға бағытталған эпидемияға қарсы медициналық-ұйымдастырушылық шаралар жүйесі.
Оның негізгі міндеттері:
- бөлімшелерге жаңадан келіп түскендермен бірге жұқпалы аурулардың енуін ескерту шаралары, сонымен қатар тұрғындардан, әскери тұтқындардан және табиғи ошақтағы жұқпалы аурулардан әскери құрамның зақымдалуының алдын алу;
- жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды дер кезінде анықтау, оңашалау, қажетті шараларды орындай отырып, жұқпалы аурулар госпиталіне жеткізу;
- жұқпалы аурулардың созылмалы түрімен ауырған адамдарды және бактерия тасымалдаушыларды анықтап, тіркеу және емдеу;
- медициналық тасымалдау сатыларында қатаң түрдегі эпидемияға қарсы тәртіпті сақтау;
- зақымдалу қаупі бар адамдарды анықтау, оларға медициналық бақылауды ұйымдастыру;
- бөлімшелерде оңашалау-шектеу шараларын жүргізу;
- дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу;
- жедел және арнайы алдын алу жұмыстарын жүргізу;
- санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізу.
Медицина тәжірибе көрсеткендей соғыс кезінде әскерде де, тұрғындар арасында да гигиеналық және эпидемиялық жағдайлардың нашарлайтыны дәлелденді.
Ұрыс кезінде қалалардың және тұрғындар пункттерінің коммуналдық тұрмыс жағдайы бұзылады да, ол тұрғындар мен әскерлерді санитарлық өңдеудің төмендеуіне, ең соңында жұқпалы аурулардың өршуінің пайда болуына әкеліп соғады.
Әскер арасында жұқпалы аурулардың өршуіне сол ауданның жергілікті тұрғындарының сырқаттанушылығы көп әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |