2. Жыныспен тiркескен белгiлердiң тұқым қуалауы Х-хромосомамен тіркескен белгілер. Осы уақытқа дейін аутосомаларда орналас-қан гендердің тұқым қуалауын қарастырдық. Енді жыныс хромосомаларда орналасқан гендердің тұқым қуалау заңдылықтарын талқылаймыз. Гендерi жыныс хромосомаларда орналасқан белгiлер жыныспен тiркескен деп аталады. X және Y (Z және W) жыныс хромосомаларында тек белгiлi бiр жыныстың дамуын бақылайтын гендер ғана емес, сондай-ақ организмнiң көптеген басқа белгiлерiн де анықтайтын гендер бар.
Жыныспен тiркес белгiлердiң тұқым қуалауы аутосомада орналасқан белгiлерден өзгеше: кәдiмгi арақатынас байқалмайды. Мұның негiзгi себеп – Х пен Ү және Z пен W хромосомаларының өзара мөлшерiнiң және олардың генетикалық активтiлiгiнің әр түрлi болуы. Қазiргi кезде Х- (Z) хромосомада орналасқан бiрқатар гендердiң Ү- (W) хромосомада жоқ болуы қағида ретiнде қаралады. Демек гетерогаметалы еркек жыныста (құста ұрғашыда) ген жалғыз күйде болады. Осындай генотип гемизигота деп аталады.
Жыныспен тiркес тұқым қуалауындағы бiр ерекшелiк – аталықтың жыныс хромосомаларының ұрпаққа берiлуi: аналықтың Х-хромосомалары кездейсоқ берiлсе, аталықтың Х-хромосомасы тек ұрғашы ұрпаққа беріледі. Сондықтан Х-хромосомада орналасқан гендер крисс-кросс (айқас) тұқым қуалайды.
Адам мен кейбiр жануарларға тән тұқым қуалайтын гемофилия ауруы Х-хромосомада рецессивтi тұқым қуалау өзгерiсi ретiнде пайда болған. Гемофилиямен науқастарда қан ұюына қажет нәруыз факторы түзiлмейдi (жай жарақаттан соң, қанның көп кетуiнен бала өлiп кетуi мүмкiн) және осыған байланысты гемофилия А (VIII фактордың мутациясы) және В (IХ фактор генiнiң өзгерiсi) түрлерiн ажыратады. Гемофилиямен еркектер ауырады, ұрғашылар – өте сирек: ол үшiн әкесi гемофилия генi бойынша гемизиготалы гемофилик, шешесi гетерозиготалы, ал өзi гомозиготалы болуы шарт. Жыныспен тіркес гендік кемістер жануарларда кездеседі. Мысалы, гемофилия; анодотия (туылған төлдің тістері жоқ және түксіз) тек еркек ұрпақта байқалады.
Тұжырым Жыныс – генетикалық анықталатын белгі. Еркек және ұрғашы бір-бірінен бір жұп хромосомалар бойынша айрықшаланады. Олар жыныс деп аталады. Жыныс хромосомалар бойынша бірдей гамета түзейтін жыныс – гомогаметалы, әр түрлі – гетерогаметалы деп аталады. Ұрпақтың жынысын гетерогаметалы ата-аналық форма анықтайды (сүтқоректілерде еркек, құстарда – ұрғашы).
Кез келген организм генетикалық тұрғыдан бисексульды, өйткені генотипінің жартысы ұрғашы (анасының), жартысы еркек (әкесінің) гендерінен құралған.
Жыныс хромосомаларда орналасқан гендер арқылы бақыланатын белгілер жыныспен тіркес деп аталады. Сүт қоректілерде гендердің басым бөлігі Х-хромосомада (құстарда Z) орналасқан, ал олардың жұбы Ү- (құстарда W-) хромосомада табылмайды, сондықтан жыныс хромосомаларда ген жалғыз күйде болады, яғни оладың генотипі жартылай немесе гемизиготалы.