1. Бастауыш сыныптарда мысалдарды оқыту. Мысал өлеңдерді ең алғаш орыс әдебиетінен аударған Ы.Алтынсарин. Ағартушы-педагог И.Крыловтың 3-4 мысал өлеңін қазақшаға тәржімалаған. Ыбырай сол кезеңде оқуға керекті материалдарды өзі іздеп табуға немесе өзі жазуға мәжбүр болды. Қажеттілік оны соған сүйреді. Баланың сауатын ашып, хат танытудың бірінші құралы, бірінші басқышы ана тілі мен балалар әдебиеті болғандықтан Ыбырай орыс әдебиетінен ізденді.
Ыбырай Алтынсарин сияқты оның шәкірті Спандияр Көбеев те оқылуға қажетті материалдарды іздестіруде, құрастыруда, өз тұсынан жазуда болсын алғаш рет орыс әдебиеті мен орыс мәдениетін өзіне үлгі етті, содан үйренді. Алдымен орыс әдебиетіндегі бай мұраны зерттеп, соның балаларға қажеттісін аударды. Оны балаларға үлгі етті де оқытты. И.А.Крыловтың мысал өлеңдерінен үйрене, үлгі ала отырып, Спандияр өз тұсынан да оқушы балаларға арнап көптеген мысал өлеңдер, әңгімелер жазды. Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала» деген оқу кітабындағы әңгіме, өлең, мысалдардың көбі өзінің мазмұны, көлемі жағынан мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына арналған. XX ғасыр басындағықазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар көрнекті қаламгардің бірі – педагог жазушы Спандияр Көбеев шығармалары бүгінгі күні де бастауыш мектеп оқулықтарына енген. Өз кезінде оқу ісінің мұқтаждығына орай С.Көбеев те Ыбырай үлгісімен «Үлгілі бала» оқулық-хрестоматиясын құрастырады. Жазушы педагог шығармалары бастауыш мектеп оқушыларына лайықталып, ықшам түрде жазылған. Сондықтан балалар танымын кеңейтетін мысал өлеңдерді оқыту, оны ғылыми-теориялық тұрғыда шешу, әдістемелік жағын жетілдіру біздің «Бастауыш сыныпта мысал өлеңдерді оқыту жолдары» атты зерттеу тақырыбымызды таңдауымызға себеп болды.
Бастауыш сыныптың 2-сыныбында «Бидай мен Қаңбақ», «Құлақ пен тымақ» (Асқар Тоқмағанбетов), «Тәкаппар», «Көбелек пен ебелек», «Бұлбұл мен тоқылдақ» (Шона Смаханұлы), «Түлкі мен тиін» (Әбдірахман Асылбеков), «Қызғалдақ пен қарасора» (Сансызбай Сарғасқаев), «Даңғой» (Есентай Ерботин.), «Ағаш» (А.Байтұрсынов), «Түлкі мен қырғауыл» (Спандияр Көбеев), «Ақ жаңбыр» (Жәнібек Кәрбозин.); 3-сыныбында «Шегіртке мен құмырсқа», «Түлкі мен Қырғауыл» (Спандияр Көбеев), «Білгір қарға» (Максим Зверев), «Ит пен ат» (Иван Крылов); 4-сыныбында «Аққу шортан һам шаян» (Ахмет Байтұрсынов), «Сапар мен парта» (Адырбек Сопыбеков), «Арыстан мен тышқан» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) сияқты бірнеше мысал өлеңдер берілген.
Мысал жанрының ерекшеліктерін бастауыш мектеп оқушыларына терең таныту – шығармаға эстетикалық талдау жасауға байланысты. Мұнсыз бастауыш мектепте әдебиеттік оқу пәнінен оқушыларға терең де сапалы білім беру мүмкін емес. Оқушылардың әдеби білімі көркем шығарманы оқи және оған талдау жасай білуінен айқын байқалады. Көркем шығарманы талдай білген оқушы – әдебиетіміздің болашақ мәдени оқырманы. Ондай іскерліктер мен шеберліктер қалыптасқан оқушы әдеби шығармаларға ой жүгірте алады, өзінің талғамын, түйсік-сезімін еркін білдіреді, шығарманы жан жүрегімен, зердесімен қабылдайды. Міне, сондықтан да шығармаға эстетикалық талдау жасау – басты проблема.
Мысал – аллегориялық жанр. Айтылатын ой ашық берілмейді. астармен, меңзеумен беріледі. Көбіне өлең түрінде келетін, сюжетті, шағын көлемді көркем шығарма.Жануарлар әлемі, құс, өсімдік, тағы басқа мысалдар бас кейіпкер ретінде алынады. Өткір сын да, ащы сатира да, байсалды юмор, келемек, мысқыл да осы мысал жанрында.Кейіпкерлерді сөйлестіру – диалог тәсілі жиі қолданылады. Баяндауы ширақ, жинақы, тілі қарапайым келеді. Жанры жағынан ғибратты, уағыздық сарындағы дидактикалық әдебиетке жатады, кейде мысқыл-сықақ үлгісіне ауысады.