Аллегорлау, аллегория (көне грекше: allёgorіa – пернелеп айту), пернелеу – оқырманның не көрерменнің санасына, қиялына ерекше әсер ететіндей, образ жасаудың бейнелеуші құралы, көркемдік тәсіл. Аллегорлау көркемдік тәсілдердің ең көнесі, бастауын мифтен алып, фольклорда ерекше дамыған. Түлкі – қулық, арыстан – зорлық, қасқыр – қастық, қоян – сужүректік, есек – ақымақтық, аққу – адалдық, махаббат т.б. түрінде бейнеленетін персонаждарда адамдарға тән мінез пернелеп айтылса да, бірден санаға, қиялға әсер етіп, көз алдыңа елестейді. Әлемдік сөз өнерінде ғасырлар бойы қалыптасқан типология ортақ бейнелер Аллегорлау арқылы беріледі.
Аллегория қазақ әдебиетінде ескі заманнан келе жатқан поэтик тілдің бір түрі екендігін қазақтың «төрт түлік мал және әр түрлі жануарлар туралы» айтылатын ескі ой-сананың сәбилік дәрежесінде туған әртүрлі ертегі, әңгімелерде айқындайды. «Арыстан, қасқыр және түлкі», «Түлкі мен қасқыр», «Аю мен түлкі», «Түлкі мен бөдене», «Аю мен қойшы», тағы басқа ертегілерді алсақ, тілдері бір өңкей аллегория болып келеді. Аллегория әуелде адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды астарлап айтудан туған ғана емес. Айуандардың арасында да, адамдардың арасындағыдай қарым-қатынастар бардеп өздері шын сенген ой- сананың сәбилік кезімен байланысты туған. Бірақ, кейін ол түсінік ескірген кезде астарлы ұғымы бар поэтик тілдің бір түрі болып, әдебиеттен берік орын алғанға ұқсайды.
Ал, аллегорияда олай екі ұшты түсінуге жол жоқ.
Мысалы:
«Тұрды патша қайғырып, уайым жеп,
«Ала қойды болады қайткенімен».
Аю, түлкі қасында – уәзірлері,
Кеңеседі оларға «қайтемін деп».
«Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды.
Ақылы ала қойдың – қырып салу…»
(Абай, II том, 129 бет).
Аңдардың арасындағы бұл тәрізді кеңестің болмайтыны жұрттың бәріне мәлім. Сондықтан, арыстан да, аю да, қасқыр да, түлкілер пернелеуден айтылып отырған адамның қара жүректері мен қулары екенін, ала қой – момындар екенін аңғару қиын емес.
Сонымен, адамдардың арасындағы әртүрлі қарым-қатынастары, айуандардың араларындағы қарым-қатынас етіп, айтайын дегенін астарлап, сол айуандардың іс-әрекеттері етіп айтып беретін поэтик тілдіңбір түрі аллегория – пернелеу деп аталынады. (аллегория – пернелеу, мұнан бұлай бір ұғым деп түсінілуі керек).
Қазақ ауыз әдебиетінде аллегорияның және көп кездесетін түрі – өтірік өлеңдер. Көбіне жастардың өзара ойын-сауықтарында айтылады. Мұны қазақтың ауыз әдебиетіндегі баснянің алғашқы бастамасы деп жорамалдауға болады. Жалпы құрылысы мысалға ұқсайды. Тілі – аллегориямен келеді.
Беріпті бақа қызып көбелекке
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке,
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырған төңірекке...»
(Өтірік өлең).
Кейде айтушының өзі де араласа жүреді.
«Мен өзім бес жасымда ұрып бардым,
Сонда да тең құрбымнан бұрын бардым.
Айғырын кесерткенің ұстап мініп,
Алдынан қайын атамның қырындадым...»
(Өтірік өлең).
Міне, ауыз әдебиетіндегі аллегорияның әуелгі нұсқалары деп айуанаттар туралы ертегілер мен осы өтірік өлеңдерді айтуға болады.
Ал, ХVIII ғасырда басталатын тарихи әдебиетті алып, Абай кезіне дейін шолып өтсек, не мысал, не ертегі, не сатирикалық ертегі, қысқасы аллегориямен жазылатын өлең, әңгімелерді кездестіре алмаймыз.
Мысал, оның негізгі құралы саналатын – аллегория тарихи әдебиетте ХIХ ғасырдың екінші жарымында ғана көріне бастайды. Әдебиет майданына Абайдан 3-4 жыл ғана бұрын шыққан Ы.Алтынсарин орыс ақыны Крыловтың бірнеше мысалдарын аударды. Сонымен байланысты, аллегориялық образдар да бұл кездердегі өлеңдердің тілінен орын алды.
«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,
Келесін, сөйле – деді, сен қай жатқан.
Сонда бұл мұрынын көкке көтереді,
Адамсып маңызданып жөтеледі.
Жер жыртып күні бойы шаршап келем,
Мазалап, сұрап саған не керекті».
Алтынсариннің басқа аудармалары да осылар тәрізді.
Алтынсарин Крыловтың үш-төрт қана мысалын аударады. Әйтсе де, осының өзі Абайдың болсын, мысал жазуларына мұрындық болды.
ХIХ ғасырдың екінші жарымында Алтынсаринның қолға алған игілікті ісін дамытып, ілгерлеткенде, Крыловтың мысалдарын шебер түрде қазақтың ұғымына жатық етіп бере білген де – Абай. Абай Крыловтан он төрт мысал аударды. Осы аудармамен байланысты Абай өлеңдерінен аллегория орын алды.
«Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға.
Алып ұшып барды да,
Қызық қылып ашарға.
Үлкен олжа емес пе
Ірімшік деген қарны ашқа;
Тұмсығында ірімшік
Ойлап қарап тұр еді.
Бір қу түлкі сорына
Жақын жерде жүр еді.
Қарағым, неткен сұлу ең»,
Деп таңырқап таңданды.
«Неткен мойын, неткен көз!
Осыдан артық дейсіз бе,
Ертегі қылып айтқан сөз?»
(Абай, II том 131-132 – бет).
Абайдың аудармасы мен оның алдындағы Алтынсариннің аудармасын тіл жағынан салыстырсақ, айырмашылығы жоқ. Олай болмауы мүмкінде емес. Өйткені, аударып отырғандары мысал, мысалдың тілі аллегория болғандықтан, басқа жол жоқ. Дегенмен де Абайдың бұл туралы да орны бөлек тәрізді.
Өйткені, мысалға тән ерекшелік, қып-қысқа өлеңге бірнеше жануарларды қатыстырып, оларды өзара сөйлестіріп, қысқасы сюжетке құру. Бұл жөнінде негізгі орын алатын суреттеу емес, аз сөзге көп мағына сыйғызылып құрылатын қысқа-қысқа диалогтар. Диалогтың мұндай түрі Абайға шейінгі әдебиетте тек Алтынсариннің ғана аудармаларында аз-маз кездеседі. Ал, ауыз әдебиетіндегі өлеңдерде, не тарихи ақындардың шығармаларынан кездестіре алмаймыз. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, сол сөздерінде әр жануардың өзіне тән мінездемелер берілетін өте тұжырымды түрде, кейде ирония, кейде сарказммен құрылатын диалогтардың Крылов мысалын аударумен байланысты Алтынсарин бастаушы ақын болса, Абай оны дамытып, ілгерілеткен, мәдениетті елдердің әдебиеттерінде кездесетін, алдыңғы айтылған принципті берік сақтаған, диалогтардың тамаша үлгілерін жасаушы ақын.
Мысал үшін Абайдың «Шегіртке мен құмырсқа» деген аудармасын алалық:
«Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра ;
«Қарағым, жылыт, орын бер,
Жаз шыққанша асыра.
«Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең,
Жаның үшін ешнәрсе,
Ала жаздай қылмап па ең»
«Мен өзіндей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
«Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де билей бер»
(Абай, Iтом, 127-бет).
Міне, осы үзіндінің өзінен-ақ қысқа түрде құрылған диалогтың шегіртке мен құмырсқа образдарын жасауда қандай мәні барлығы анық. Не барлығы 20-30 жолдың ішінде пернелеу түрінде әкәкушіл жалқау мен еңбекшінің образдарын жасап, адам баласын еңбекке үндеуде мағынасы терең пікір айтушылық шебер құрылған диалогпен ғана жасалынып отыр.
Әрине, бұл айтылғандардың негізгі орыс әдебиеті, Крыловта, ескі грек әдебиеті Эзопта жатыр. Олардың классик үлгісі қазақ әдебиетіне шебер енгізіп, бойына сіңіруде Абайдың әдебиетте аққұла орны бар. Оны көрмей кетуге болмайды.
Диалог түрінде болмаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызу жүйесіне негізделген, төл сөздерді шебер қолданушылық Абайдың өз өлеңдерінде жиі кездеседі. Мысалы:
«Бай алады «Кезінде көп берем», деп,
«Жетпей тұрған жеріңде тек берем», деп,
Би мен болыс алады күшін сатып,
«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп,
(Абай, I том, 46-бет).
Ақын төл сөзді шебер қолдануының арқасында көп ұтқан. Артық сурет, артық баяндаулар қысқартылып, ой түйініне төл сөздер арқылы тікелей келген. Абайдың қолданысында әр төл сөз өзі үшін өздері жауап беріп, ақынның айтайын деген пікірін қысқа түрде ұқтыра алады. Сөйтіп, Абай Крыловтан қазақшылаған мысалдары арқылы жалпы аллегорияға ерекше бір жаңалық кіргізе қоймаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызған диалог жөнінде қазақ әдебиеті үшін зор еңбек етті.
Әдебиеттік оқу бағдарламасында мысалдар көбінесе оқытудың бастауыш буынында беріледі. Ең алдымен, мысал жанры, оның өзіндік ерекшелігі туралы әдеби‑теориялық ұғымнан мағлұмат, түсінік берген жөн. Яғни мысалда ойдың ашық, айқын берілмейтіні, жорамал, меңзеу астарлы түрде берілетіні,, кекесін, мысқыл, әжуа, юмор, ащы сатира оның негізгі көркемдік тәсілі екендігін оқушыларға әңгімелеу, баяндау тәсілімен жеткізгендұрыс. Мысалдарды оқу, талдау барысында бұл түсініктерге қайта оралып, осы ұғымдарды оқушылардың өзіне аңдатып, түйіндетіп отыру керек. Алдымен, әдеби-теориялық ұғым беру, оқушыларды оқығалы отырған көркем шығарма ерекшелігін аңдауларына, ары қарай оны талдау белсенділіктерін арттыруға жетелейді. Оқығалы отырған мысалды алдын ала үйде оқып келу тапсырылса, оның тиімділігі тіпті зор болмақ (мұғалім мысал жанры туралы кіріспе түсінікті сол тапсырманы беру алдында айтуы керек). Мұғалім ол үшін оқушыларға мынадай үлестірме-көмек нұсқау таратып, өз беттерімен оқу, түсіну, талдау жасауға жетелейді.
Мысалы 4-сыныптағы И.Крыловтың «Есек пен бұлбұл» мысалын алайық (Абай аудармасы).
- Есек пен бұлбұл туралы не білесіңдер? Есек қандай хайуан, бұлбұл қандай құс?(Өздеріңе арнап көгілдір экраннан беріліп жүрген әр түрлі хабарларды, өздерің оқыған ертегілерді еске түсіріңдер).
- Есектің өтініші, яғни бұлбұлға ән салып бер деуіне көңіл қой.
- Бұлбұл әнінің «мың түрлі күйге салған» құдіреті сипатталатын шумақтарды тап. Адам, жан-жануар, табиғаттың сол кездегі қалпын көңіліне тоқы.
- Есектің бұлбұл әніне берген бағасы, сыны айтылатын шумақты тауып, назар аудар.
- «Әтештен үйрену керек» деген ақылға қосыласың ба? Қосылмасаң, себебін дәлелдеуге тырыс.
- Ең соңғы шумақтың мазмұнына ой жүгірт:
А) Қалай ойлайсың, неге ақын «Мұндай сыншыдан құдайым бізді сақтасын» деп, қорытындылайды.
Ә) Өзің осы қорытындыға келісесің бе?
Б) Қорытындыға автордың көңіл күйі туралы не айтар едің?
- Осы мысалда есек, бұлбұл, әтештер арқылы ақын не айтпақшы болған деп ойлайсың? Қандай астарлы ой бар?
- Өзің сабақта осылардың қайсысының сөзін мәнерлеп оқып едің?
Достарыңызбен бөлісу: |