Сұрақтар мен тапсырмалар: 1. Мысал жанрын оқытудың ерекшелігі.
2. Мысалды оқыту жолдары қандай?
3. Мысал өлеңін (2-4 сынып оқулығынан кез келген бір мысал) мәнерлеп оқыңыз (мұғалімнің үлгі оқуы). Мысал өлеңді оқып, оған талдау жасаңыз (тәрбиелік мәні, сөздік жұмысы, қорытынды әңгіме).
Өткізу формасы:семинар
Дәріс 18: Бастауыш сыныптарда қанатты, нақыл сөздерді, мақал-мәтелді, жұмбақ, жаңылтпаштарды оқыту әдістемесі. Жоспар (әдістемелік): 1. Бастауыш сыныптарда шешендік сөздерді оқыту.
2. Бастауыш сыныптарда мақал-мәтелдерді, жұмбақ, жаңылтпаштарды оқыту.
Мақсаты: Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауды жетілдіру студенттерді түрлі қарым-қатынастық-сөйлеу жағдайларында және ең алдымен оларды кәсіби іс-әрекеттерінде әртүрлі тілдік құралдарды кеңінен қолдана білуге үйрету. Оларды оқушыларға тиімді әсер ететіндей таза, дұрыс, терминологиялық нақты және мәнерлі сөйлеу біліктіліктерін жетілдіру.
1. Бастауыш сыныптарда шешендік сөздерді оқыту. Бастауыш сыныптарда шешендік сөздерді оқытудың негізгі мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, жауаптаса алатын тұлға деңгейіне көтеру, яғни ұлттық шешендік сөйлеудің айла амалдарын, шешендік өнердің қыр-сырын, тапқырлықты, тақырыптық тәсілдерді қолдану бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру. Жас ұрпаққа қазақтың би-шешендерінің өмірінен мәлімет беріп қызықты тұстарынан сөз қозғау өнегелі істерге апарар жол және де билер мен шешендердің көрегендігін, даналық сөздерін оқытып, жатқа айтқызу жас ұрпақты шешендікке, ата-бабада бабадан қалған мол мұраны игертуге баулиды.
Танымдық бағыт бойынша: - қарым-қатынас жасауда сөйлеу әдебін үйрену;
- шешен сөйлеудің талаптары мен шарттарын ұғындыру;
- ауызекі сөйлеуде шешен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;
Практикалық бағыт бойынша: - ауызекі сөйлеу, жазу, тыңдау;
- тіл мәдениетін жетілдіру;
- сөздікпен жұмыс, мәтінді талдау;
- тірек сөздер арқылы мәтін құрастыру;
- сөйлеу талаптарына сай дағдыларды жетілдіру;
Шешендік өнерді меңгертудің басты бір әдісі – оқушылар алдында түрлі проблемалық жағдайлар қойып, соның шешімін тапқызу, тіл арқылы білдіру, онда да тілін әсерлі де дұрыс, дәл, орынды болуын қажет ету. Сондықтан да әдістер жүйесін іріктеуде проблемалық әдістер жүйесін танымдық, ізденімпаздық тұрғыдан қалыптастырып, дамытатын әдістер ретінде қарастырудың маңызы ерекше. Проблемалық жағдайды шешу кезінде оқушылар өзіне сенімді болады, қызығушылығы артады, білімге деген көзқарасы өзгеше сипат алады. Сабақта шешендік сөздердің астарын талдау, дауды шешу, шешендік сөздерді ары қарай жалғастыру, образға ену, мәнерлеп айту, шешендік сөздерді толықтыру, топта талқылау, пікір айту, ой қорыту тағы басқа әдіс-тәсілдерді проблема қоя отырып тиімді қолдану оқушылардың сабаққа деген қызығыушылығын арттырады.
Оқушыларды шешендік өнерге бейімдеуде монолог әдісі, пайымдау әдісі, эвристикалық әдіс, репродуктивті әдіс, диалог әдістері кеңінен қолданылады. Осындай әдіс-тәсілдердің арқасында оқушының бойында белсенді оқу әрекеттері қалыптасады, оқушының жеке ізденіс қабілеті дамиды, оқушының өзінің шешендік тәжірибесін жүргізу мүмкіндігі қалыптасады, нәтижесінде сөздік қоры молаяды, яғни дәстүрлі сабақпен салыстырғанда меңгерілетін жаңа сөздер екі есеге артады. Оқушының жеке дара қабілеті дамиды.