Жасыл балдырлар бөлімі (Зеленые водоросли) - Chlorophyta. Жасыл балдырлардың түрлерінің жалпы саны 15 мыңдай. Әлемнің барлық жерлерінде, негізінен тұщы суларда, кейбіреулері теңіздерде, аздаған түрлері оқтын- оқтын су басудың нәтижесінде ылғалдығы артып отыратын топырақтарда, ағаштардың діңдерінде, дуалдарда (заборах), гүл отырғызылған қыш құмыраларда (горшках) және т.б. жерлерде кең таралған өсімдіктер.
Осы бөлімнің өсімдіктерін мысалға ала отырып эволюцияның екі бағытын аңғаруға болады. Бірінші бағыт, бір клеткалы бір ядролы формаларынан бастап, көп клеткалы көп ядролы формаларына дейін жеткен, бұл бағыттың ең жоғарғы сатысы каулерпа (Caulerpa). Екінші бағыт, бір клеткалы формаларынан бастап, колониялы формалары арқылы, көп клеткалы жіптәрізділерге және одан әрі көп клеткалы, талломдары сыртқы құрылысы жағынан жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік органдарына біршама ұқсас болып келетің формаларына дейін жеткен, бұл бағыттың ең жоғарғы сатысы- хара (Chara).
Қозғалғыш организмдерді қозғалысқа келтіретін органдарына, олардың ұзындығы мен формасы бірдей болып келетін екі, сиректеу төрт талшығы жатады. Клеткалары бір ядролы, бірақта көп ядролы болуы да мүмкін (кладофоралар тұқымдасы- Cladophoraceae). Хроматофораларында көп жағдайда пиреноидтар болады. Хроматофораларының формасы, мөлшері және клеткадағы саны алуан түрлі болып келеді. Пигменттеріне хлорофилл, каротиноидтар жатады. Артық қор заттарына крахмал және шынымайы жатады. Вегетативтік, жыныссыз және жыныстық жолдармен көбейеді. Жыныстық процесі барлық түрлерінде белгілі және алуан түрлілігімен ерекшеленеді: изогамия, гетерогамия, оогамия, зигогамия (коньюгация).
Классификациясы. Жасыл балдырлар мынадай бес класқа бөлінеді: вольвоксты балдырлар класы (Volvocophyceae), протококты балдырлар класы (Protococcophyceae), улотриксті балдырлар класы (Ulothrіchophyceae), сифонды балдырлар класы (Sіphonophyceae), тіркеспелі немесе коньюгациялы балдырлар класы (Conjugatophyceae).
Вольвоксты балдырлар класы (Вольвоксовые) –Volvocophyceae. Вольвоксты балдырлар класына жасыл балдырлардың ең қарапайым, монада құрылысты өкілдері жатады. Вегетативті жағдайда олар өмірінің соңына дейін қозғалғыш болып келеді.
Вольвоксты балдырлардың басым көпшілігі бір клеткалы организмдер, сонымен бірге ценобиальды және колониялы (Volvox туысының түрлері) формалары да болады.
Жаз кезінде ақпайтын көлшіктердің беті ашықкөк түске боялып тұрады. Олай болатын себебі мұндай суларда көптеген бір клеткалы планктон түрінде өмір сүретін балдырлар болады екен және олар осы суға изумруд секілді көкшіл өң береді. Шалшық сулардың немесе кішілеу көлшіктердің беттері жасыл бояуға боялған кездерде мұнда ең жиі кездесетін балдыр хламидомонада (chlamydomonas) болады екен. ”Хламидомонада" деген сөзді грек тілінен аударар болсақ "сырты қабықшамен қапталған қарапайым организм" деген ұғым береді. Хламидомонада тек микроскоппен қарағанда ғана анық байқалатын бірклеткалы жасыл балдыр. Хламидомонада суда денесінің алдынғы жағынан кететін екі талшығы арқылы қозғалысқа келеді. Барлық тірі организмдер секілді хламидомонада, суда еріген оттегімен тыныс алады.
Хламидомонаданың сыртын жұқа мөлдір қабықша қаптап тұрады, оның астында цитоплазма мен ядро орналасады. Сонымен бірге жарықты оңай сезетін кішкентай қызыл "көзшесі", іші клетка шырынына толы үлкен вокуольясы және кішкентай екі қозғалғыш вокуольясы болады. Хламидомонаданың хлорофилі және басқада бояғыш пигменттері хромотофорасында (грек тілінен аударғанда "түс беретін") болады. Ол жасыл түсті, өйткені құрамында бүткіл клеткаға жасыл өң беретін хлорофилл бар. Клетка қабықшасы арқылы хламидомонада судан минералды заттармен көмір қышқыл газын бойына сіңіреді. Жарықта храмотофорасында фотосинтез процесінің нәтижесінде қант (одан крахмал) түзіледі және ауаға оттегі бөлініп шығады. Сонымен бірге хламидомонада өзін қоршаған ортадан суда еріген дайын органикалық за ттарды сорып қабылдайды. Сондықтанда хламидомонаданы басқа бірклеткалы жасыл балдырлармен бірге суды тазартуға салынған құрылыстарда (сооружениях) арнайы өсіреді. Бұл жерде хламидомонада суды зиянды қоспалардан тазартады.
Хламидомонаданың жыныссыз жолмен көбеюі оның жазда қолайлы жағдайларда бөлінуі арқылы жүзеге асырылады. Бөлінер алдына хламидомонада қозғалуын тоқтатадыда, талшықтарын тастайды. Аналық клеткадан 2-4, ал кейде 8 клетка босап шығады да жекелеген особьтарға айналады. Қолайсыз жағдайларда (оттегі жетіспегенде, салқында, су қоймасы кепкенде) хламидомонада талшықтарын тастап, сыртына кілегей бөліп шығарады, алайда клетка бөліну арқылы көбеюге қабілеттілігін сақтап қалады. Осы ерекшелігіне байланысты хламидомонаданың пальмеловидтік сатысы қалыптасады. Қолайлы жағдай туысымен оның клеткалары талшықтарын шығарып, қайтадан қозғалғыш хламидомонадаға айналады.
Жыныстық жолмен көбейгенде хламидомонаданың клеткасынан мөлшері жағынан бірдей бірнеше (изогаметалар) зооспораға ұқсас ұсақ гаметалар (жыныс клеткалары) пайда болады (8-16, кейде 32-64). Гаметалар суға шығып екеу-екеуден қосылады. Бұл жағдайда зигота түзіледі, ол қалың қабықшамен қапталып қыстап шығады. Келесі жылы көктемде зигота бөлінеді. Нәтижесінде төрт клетка пайда болады. Олар жас хламидомонадалар болып табылады.