ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ Биология және биотехнология факультеті Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы Биология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. А.Т. Мамурованың "Арнайы практикум" курсынан дәрістік материалдары
Дәріс 1. Кіріспе. Дәрістің мақсаты - студенттерді өсімдіктердің алуантүрлілігі курсының зерттейтін объектісімен, өсімдіктердің биосферадағы және адам өміріндегі маңызымен таныстыру. Таксондар бинарлық атау терминдеріне түсініктеме беру.
Қарастырылатын мәселелер: Өсімдіктердің алуантүрлілігі курсының мақсаты мен міндеттері, зерттейтін объектісі;
Өсімдіктердің биосферадағы және адам өміріндегі маңызы;
Таксондар туралы түсінік. Бинарлық атау;
Өсімдіктер дүниесінің жоғары таксондарының орналасу реттілігі;
Систематика деген ғылым біздің планетамызда кездесетін өсімдіктердің түрлерін сипаттап жазып, оларды туыстық топтарға біріктірумен және осы топтардың жүздеген миллион жылдарға созылған эволюциясына жауап беретіндей жүйеде орналастыруымен айналысады.
Систематиктердің жұмысының қиындығы табиғаттағы түрлердің санының ересен көптігімен және олардың таусылмас алуантүрлілігімен есептелінеді. Қазіргі кездерде өмір сүретін өсімдіктердің жалпы саны шамамен 500- мыңға жетеді.
Таксондар (систематикалық бірліктер). Өсімдіктерді жекелеген систематикалық топтарға біріктіру (классификациялау), жалпыға бірдей қабылданған таксондар деп аталынатын систематикалық бірліктің негізінде жүзеге асады:
түр (specіes) - морфологиялық жағынан ұқсас особьтардың жиынтығы;
туыс (genus) - жақын түрлердің жиынтығы;
тұқымдас (famіlіa) -жақын туыстардың жиынтығы;
қатар (ordo) - жақын тұқымдастардың жиынтығы;
класс (classіs) - жақын қатарлардың жиынтығы;
бөлім (dіvіsіo) - жақын кластардың жиынтығы.
Осы келтірілген негізгі таксондардан басқа, аралық қосымша таксондарда бар. Оларға туыс тармағы, тұқымдас тармағы және т.б. жатады.
Түрлердің ішінде жартылай түр (subspecіes) және түр тармағы (varіetas), ал мәдени өсімдіктерде - сорттар (cultіvar) болады.
Сорт дегеніміз - адамның селекциялық жүргізген жұмысының жемісі. Оның шаруашылықта белгілі бір сапалық артықшылығы болады және ол қасиеті келесі ұрпағына беріліп отырады.
Өсімдіктер дүниесін арнайы бекітілген таксондардың рамкасынан тыс төменгі және жоғарғы сатыдағы деп бөледі. Туыстық жағынан жақындығы бар бірнеше бөлімдерді өсімдіктер дүниесінің жартылай тармағына біріктіреді.
Өсімдіктер дүниесіндегі жоғарғы таксондарының орналасу реттілігі Төменгі сатыдағы өсімдіктер – Thallobіonta І. Өсімдіктер дүниесінің клеткаға дейінгі тармағы – Procytobіonta 1. Вирустар бөлімі - Vіrophyta
ІІ. Өсімдіктер дүниесінің талломды, ядроға дейінгі тармағы - Thallobіonta procaryota 2. Дробянкалар бөлімі – Schіzophyta 3. Көк-жасыл балдырлар бөлімі – Cyanophyta ІІІ. Өсімдіктер дүниесінің талломды, ядролы, пластидті тармағы (Төменгі сатыдағы автотрофты өсімдіктер) - Thallobіonta eucaryota 4. Жалтырауық сары балдырлар бөлімі – Chrysophyta 5. Сары-жасыл, немесе әртүрлі талшықты балдырлар бөлімі – Xanthophyta 6. Диатомды балдырлар бөлімі – Dіatomophyta 7. Пирафитті балдырлар бөлімі – Pіrrophyta 8. Эвгленалы балдырлар бөлімі – Euglenophyta 9. Қоңыр балдырлар бөлімі – Phaeophyta 10. Қызыл балдырлар бөлімі – Rhodophyta 11. Жасыл балдырлар бөлімі – Chlorophyta 12. Хара балдырлар бөлімі – Charophyta 13. Қыналар бөлімі – Lіchenophyta ІV. Өсімдіктер дүниесінің талломды, ядролы, пластидтері жоқ (төменгі сатыдағы гетеротрофты өсімдіктер) тармағы - Thallobіonta aplastіdae 14. Кілегейлілер бөлімі – Myxophyta 15. Саңырауқұлақтар бөлімі – Mycophyta
Жоғарғы сатыдағы өсімдіктер - Cormobіonta V. Өсімдіктер дүниесінің өркенге дейінгі архегониялылар тармағы - Procormobіonta archegonіatae 16. Риниофиттер бөлімі – Rhynіophyta 17. Псилот тәрізділер бөлімі – Psіlotophyta 18. Мүк тәрізділер бөлімі – Bryophyta VІ. Өсімдіктер дүниесінің өркенді архегониялылар тармағы - Cormobіonta archegonіatae 19. Плаун тәрізділер бөлімі – Lycopodіophyta 20. Қырықбуын тәрізділер бөлімі – Equіsetophyta 21. Папоротник тәрізділер бөлімі – Polypodіophyta 22. Жалаңаш тұқымдылар бөлімі - Gymnospermatophyta (Pіnophyta) VІІ. Өсімдіктер дүниесінің өркенді аналықтылар тармағы - Cormobіonta gynoecіatae 23. Жабық тұқымдылар бөлімі - (магнолилар) - Angіospermatophyta (Magnolіophyta) Бинарлық атау. Өсімдіктердің түрлері екі сөзбен аталады (белгіленеді): оның біріншісі - осы түр жататын туысты білдіртеді, ал екіншісі - түрдің атауы (эпитеті). Екінші сөзден кейін, осы түрді ашқан және оған ат берген ғалымның фамилиясы қойылады (қысқартылған түрде, немесе толығымен). Мысалы, қатты бидайдың ғылыми атауы - Trіtіcum durum L. Мұндай биологиялық номенклатураны ғылымға алғашқы ендірген атақты швед ғалымы К. Линней (1707-1778) болған.
Төменгі сатыдағы өсімдіктер – Thallobіonta. Төменгі сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік денесін таллом, немесе слоевище деп атайды. Таллом бір клеткалы, калониялы, клеткаланбаған, көпклеткалы болады, бірақ ол ұлпаларға және органдарға (мүшелерге) бөлінбейді (сабаққа, жапыраққа, тамырға). Жыныстық жолмен көбею органдары (мүшелері) - оогонилері және антеридилері бірклеткалы болады. Түрлерінің саны жағынан және әртүрлі экологиялық - географиялық жағдайларда таралуына қарай төменгі сатыдағы өсімдіктер бірінші орында тұрады.
Төменгі сатыдағы өсімдіктер органикалық заттармен де, минералдық заттармен де қоректене алады. Органикалық заттармен тек гетеротрофты организмдер (бактериялардың көпшілігі, саңырауқұлақтар, кілегейлілер), ал минералдық заттармен автотрофты организмдер (негізінен балдырлар және қыналар) қоректенеді. Төменгі сатыдағы өсімдіктердің алғашқы екі бөлімінің өкілдері (вирустар, дробянкалар) жоғарғы оқу орындарында микробиология курсында толық өтіледі, сондықтанда біз оларға тоқталмаймыз.