«Коллективус» латын сөзі «жиын», «ұжым», «топ» дегенді білдіреді. «Ұжым» педагогикалық әдебиеттерде тәрбиеленушілер (оқушылар) бірлестігі деп түсіндіріледі.
Ұжым (коллектив) - бір мақсатқа бағытталған мекемелерде жұмыс істейтін адамдардың немесе білім беру орындарында оқитын студенттердің, оқушылардың және т.б. тобы.
Жақын перспективалар – ертеңгі серуен, яғни ұжым мүшелерінің жеке қызығушыларынан туындайды.
Орташа перспектива - уақыт бойынша алыстау, ұжымдық оқиғаның жобасы.
Алыс перспектива – ұзақ уақытқа көзделген үлкен мағыналы, маңызды талаптарға қол жеткізуге арналған мақсат.
Әдебиеттер:
Әбиев Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. Оқу құралы, - Алматы, 2004.
Губашева С., Отарбай А. Тәрбие жұмысының әдістемесі. Оқулық. – Астана, 2011.
Кукушин В.И. Теория и методика воспитания. – М.: Издательский центр «Академия», 2002.
Сластенин В.А. Методика воспитательной работы. – Учебное пособие, Москва, 2008.
Сергеева В.П. Технология деятельности классного руководителя в воспитательной системе школы. – М.: Изд.: Перспектива, 2008.
Шолпанкулова Г.К. «Тәрбие теориясы мен әдістемесі» курсы бойынша практикум. - Алматы: Абай атындағы Қаз ҰПУ «Ұлағат» баспасы, 2013.
Мектептегі сынып жетекшісінің тәрбие жұмысындағы негізгі міндет - оқушылардың жеке басын қоғамның талабына сай тәрбиелеу. Бұл міндетті орындау, әдетте оқушылар ұжымын қалыптастырудан басталады. Оқушылар ұжымы - оқушылардың жалпы мақсатпен және қоғамдық пайдалы бірлескен еңбекпен топтасқан тұрақты бірлестігі.
Топ – бір немесе бірнеше белгілер негізінде біріккен адамдар бірлестігі. Топтың түрлері: ресми, референттік, диффузиялық.
Ресми – белгілі бір құжат негізінде біріккен топтар. Референттік – өте маңызды белгілі бір қызығушылықпен бірігеді. Диффузиялық топтар – тұрақсыз, жылдам ыдырап кететін топтар.
Топ белгілері:
Өмір сүру уақыты;
Қарым-қатынасы;
Басқару және бағыну қарым-қатынасы;
Ұйымдастырушылық жұмыс;
Бағалылық, тәртіп нормалары;
Жеке тұлғалық қарым-қатынасы болады.
Әрбір мектеп ұжымында жас ерекшеліктеріне қарай біріккен әр түрлі топтар болады. Жеткіншек шақтағы бірлескен топтар тұрақты келеді. Жасөспірім шақтағы кезеңде ресми топтар достық қарым - қатынас арқылы бірігеді. Осындай шағын топтардан ұжым қалыптасады.
«Ұжым» - латын тілінен енген ұғым. Латынның «коллективус» деген сөзі әр түрлі түсінікті ұғындырады: жиналған жұрт, жиын, топ, бірлестік т.с.с.
Нақтылағанда-оны әрекеттің түріне байланысты адамдардың тобы деп түсінген дұрыс. Ұжымның өзіндік маңызды белгілері бар.
Оқушылар ұжымының белгілері:
Жалпы әлеуметтік маңызы бар ортақ мақсаттың болуы. Кез келген топта, трамвайға мінген жолаушыларда да, ұрлық істеген қылмыскерлерде де мақсат болады. Мәселенің бәрі мақсат мазмұнымен, оның бағытында.
Жалпы бірлікті іс – әрекет. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жалпы біріккен іс – әрекет ұйымдастыру қажет. Адамдар белгілі бір мақсат жолында ұжымдарға бірігеді. Бұл үшін ұжымның әрбір мүшесі біріккен іс – әрекетке белсенді қатысуы керек және жалпы іс – әрекет ұйымдастыруы шарт. Ұжым мүшелерін ерекшелейтін белгі – олардың іс – әрекет қорытындысы болған жоғары өзіндік жауапкершіліктің болуы.
Кері жауапты тәуелділік қатынастары – ұжым мүшелері арасында өзіндік ерекше қарым - қатынас.
Жалпы таңдалған басқарушы орган. Ұжымда демократиялық қатынас пайда болады. Басқару органы ұжымның беделді мүшелерін ашық және тікелей таңдайды.
Ұжым аталған қасиеттерінен басқа да маңызды ерекшеліктерімен бөлектенеді. Бұл ұжымның хал-ахуалын, ұжым мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасын білдіретін сипаттама. Жақсы ұйымдасқан ұжымда бір-біріне жауапкершілік, дұрысын айту, өзін-өзі сынау, бәсекелестік сияқты сана қалыптасады. Формалды қатынастағы адамдар тобында мұндай қасиеттер болмайды, ал ұжым бұл қасиеттерсіз өзінің артықшылығынан айырылады. Жоғарыда аталған белгілері бар ұжымда еңбекке, адамдарға, жеке және қоғамдық міндеттерге гуманистік қатынастар жүйесі қалыптасады. Берік, бірауызды ұжымда мұндай қатынас жүйесі тұлға мен барлық ұжым мүшелерінің қызығушылық үйлесімімен, тұлғаның көпшілік беделін мойындаумен ерекшеленеді, Бұл жүйе объективті және субъективті қарама- қайшылықтарды жеңе алатын, өз міндеттерін білетін ұжымның әрбір мүшесінде айқын сенімді көзқарастар бағытын қалыптастырады.
Мектеп ұжымы құрылымының негізгі де тұрақты бөлігі - басты іс-әрекеті оқу болатын оқушылардың сыныптық ұжымы. Осы сыныптық ұжымда оқушылар арасындағы тұлғааралық байланыс пен қатынас пайда болады. Осыдан, ол мектеп ұжымдарының басқа да түрлеріне негіз қалайды.
Оқушылар ұжымына тән қасиет: мақсаттылығы, ауызбірлігі, белсенділігі, іскерлігі, жауапкершілігі т. б.
Оқушылар ұжымын тәрбиелеудің маңыздылығы, мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін олар әртүрлі ұжымға тап келеді. Сондықтан да олардың сынып және мектеп ұжымдарында жеке бастарының қаншалықты үйлесіп, қалыптасуына байланысты оның кейінгі уақыттардағы психологиялық жағдайы сәйкестенеді, қайсібір әрекеті нәтижелі болады.
Оқушылар ұжымы - ортақ әлеуметтік маңызы бар мақсатқа біріккен, соған сай белсенді әрекет ететін және ортақ сайланбалы ұйымы бар, барлық мүшелерінің құқықтары мен міндеттері бірдей және өзара жауапкершілікке негізделген оқушылар тобын атаймыз. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы әрі қиын әрі күрделі және жан-жақты. Сынып жетекшісінен жан-жақты білімділікті, асқан шеберлікті қажет етеді. Сынып жетекшісінің шеберлігі дегеніміз-оқушылар ұжымының алдында қызықты мақсат қойып, ұжымдық іске ұйтқы бола білуінде, әрі оны ұйымдастырудағы білімі мен қабілеті.
Сынып белсенділері неғұрлым күшті болса сынып жетекшісіне тәрбие жұмысын ұйымдастыруда соғұрлым жеңіл болады. Оқушылардың ынтымағы жарасқан іскер ұжымын ұйымдастыруда, олардың жоғары адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру қажет. Ол үшін, оларды ұстамдылыққа, кемшілікке төзбеушілікке, сенімділікке тәрбиелеу керек.
Ұжым - тәрбие құралы. Тұлға жан-жақты даму мүмкіншілігін ұжымнан алатын болғандықтан ұжымда тұлғаның бас бостандығы болуы басты шарт болып табылады.
Оқушылар ұжымы баланың өмірін, оқуын, еңбегін, күш-қуат мәдениетін, ойын ұйымдастырудың ең тиімді құралы.
Балалар ұжымын ұйымдастыру қажеттігі қоғамның өзі біртұтас ұжым ретінде өмір сүретіндігінен туындайды.
Ұжым проблемасын аса зор көңіл аударып зерттеген педагогика ғылымының қайраткерлері және халық ағарту орггандарының озат өкілдері: А.В.Луначарский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий, В.А.Сухомилинский.
А.В. Лунчарский: “Жаңа адамды қалыптастырудың негізгі жағдайы ұжым болады”- деп көрсетті.
Н.К.Крупская: “Тұлғаның дамуы мен қалыптасу ортасы - ұжым” - деп атап айтқан.
В.А.Сухомилинский: “Әрбір бала тәрбиесі ұжымда негізгі тәрбие құралы болады. Балалар мен тәрбиешілер арасындағы рухани қарым-қатынас ұжымдық қатынастың даму процесі” – деп көрсеткен.
А.С.Макаренконың ұжым туралы тағылымы.
Оқушылар ұжымының даму кезеңдерін А.С.Макаренко өзінің көп жылғы педагогикалық тәжірибелеріне сүйене отырып, оған терең педагогикалық талдау жасады. А.С.Макаренко тағылымы ұжымды сатылы қалыптастырудың технологиясынан тұрады. Ол ұжымның өмір заңын былай түсіндіреді: қозғалыс - ұжымның өмір сүру формасы; тоқталу - оның жойылу формасы. Әйгілі педагог ұжымның даму принциптерін анықтады (ашықтық, жауапкершілік, тәуелділік, перспективалық, бірлікті әрекет)
Ұжым болу үшін, топ сапалы жіктелу жолынан өтуі қажет. Осы жолда А.С.Макаренко бірнеше сатыларды белгілейді.
Бірінші саты - ұжымның құрылуы (алғашқы бірігу сатысы). Бұл кезеңде ұжым педагогтың тәрбие жұмысының мақсаты ретінде көрінеді, мұның өзі ұйымдасқан, белгіленген топты (сынып, үйірме т.б.) ұжымға айналдыруға талпыну, яғни оқушылардың ұжымға қатынасы бірлескен іс-әрекет мазмұнымен, мақсат-міндеттерімен, құндылықтарымен анықталады.
Ұжымның ұйымдастырушысы - педагог, барлық талаптар осы педагогтан басталады. Ұжым белсенділері анықталып, тәрбиеленушілер жалпы мақсатқа, іс-әрекетке және ұжымдық бірлікке келгенде бірінші кезең аяқталады.
Екінші сатыда белсенділердің ықпалы арта түседі. Енді белсенділер тек педагогтардың талаптарын қолдап қана қоймай, ұжым мүшелеріне ұжымға не пайдалы, не зиянды екенін байқатып, өз түсініктері бойынша басқара бастайды. Егер белсенділер ұжым қажеттілігін дұрыс түсінсе, онда олар педагогтың сенімді көмекшілеріне айналады. Бұл кезеңде белсенділер жұмысына педагог көп көңіл бөлуі керек.
Екінші кезең құрылымның тұрақтануымен сипатталады. Бұл сатыда ұжым бүтінделген жүйе ретінде көрінеді, онда өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі реттеу механизмдері іске қосыла бастайды. Ұжым өз мүшелерінен белгілі-бір қылықтарды, нормаларды талап ете бастайды, ал талаптар біртіндеп кеңейе береді.
Бұл сатыдағы педагогтың басты мақсаты - осы ұжымның алға қойған міндеттерін шешу мүмкіндіктерін мейлінше көп пайдалану. Тәжірибе жүзінде әр ұжым - дара оқушының жеке дамуын мақсатты бағыттайтын тәрбие субъектісі ретінде танылуы тиіс. Ұжымның бұл сатыда дамуы кейбір қарама-қайшылықтарды жеңумен байланысты, атап айтқанда:
ұжым мен жеке оқушылар арасындағы;
жалпы және жеке перспективалар арасындағы;
әр қилы ерекшеліктері бар оқушылар топтары арасындағы және т.б.
Сондықтан ұжым дамуында секірістер, тоқыраулар, өзгерістер мен ауысулар болмауы мүмкін емес.
Үшінші және одан кейінгі сатылар - ұжымның кемелденуі. Алдыңғы даму сатыларында қол жеткізген қасиеттер киелі тұлғалық ерекшеліктерді топтастырады: жолдастарына қарағанда өзіне жоғары талап қоюы, көзқарастарының, әдеттерінің, әрекет- қылықтарының тұрақтануы. Егер ұжым осы сатыға жетсе, онда толыққанды, адамгершілікті тұлға қалыптастыру үстінде деген сөз. Жалпы тәжірибе, болған оқиғаны бірдей бағалай білуі
үшінші сатыдағы ұжымның ең негізгі белгісі.
Барлық даму сатыларында ұжым үлкен және кіші дәстүрлерді қалыптастырады. Дәстүрлер – тәрбиеленушілерді эмоционалды қабылдайтын әдет-ғұрып, ниет арқылы жасалатын ұжым өмірінің тұрақты формалары. Дәстүр жүріп-тұру нормаларының бекінуіне көмектесіп, ұжымдық бірлікті шешу қабілеттерін дамытады, өмірді қызықты етеді.
Ұжымда мақсатты таңдай білу маңызды рөл атқарады. Тәрбиеленушілер мұрат еткен мақсат перспектива деп аталады. Адам өмірінің негізгі стимулы перспиктивалы мақсат – қиыншылықтар мен кедергілерді жеңуге көмектесетін үлкен күш.
Тәрбие жұмысы тәжірибесінде перспективаның үш түрі кездеседі, олар жақын, орташа және алыс перспективалар. Жақын перспективалар – ертеңгі серуен, яғни ұжым мүшелерінің жеке қызығушыларынан туындайды. Орташа перспектива- уақыт бойынша алыстау, ұжымдық оқиғаның жобасы. Алыс перспектива – ұзақ уақытқа көзделген үлкен мағыналы, маңызды талаптарға қол жеткізуге арналған мақсат. Мұндай перспективада тұлға мен ортаның қажеттіліктері міндетті түрде үйлеседі. Перспективалық жолдар жүйесі ұжымға етене енуі керек. Оны уақыттың кез-келген сәтін ұжымның айқын да қызықты мақсаты болатындай, сонымен өмір сүретіндей әрі сол мақсатты орындауға талпынатындай етіп құру қажет. Перспективаны таңдағанда жұмыстың нәтижелі бітуін ескеру әбден қажет.
А.С.Макаренко ұжымаралық қатынасқа көп көңіл бөлді. Қалыптасқан ұжымның ерекше белгілері ретінде ол мыналарды ескереді: 1) үнемі сергектік, іс-әрекетке дайындық;
өзіндік қадірін сезіну; 3) ұжым мүшелерінің достық бірлігі; 4) әр мүшенің өз қауіпсіздігін сезінуі; 5) іс-қимыл, әрекет белсенділігі; 6) дер кезінде ұстамдылыққа әдеттенуі, көңіл шарпулары мен тілдесудегі өзіне шек қоя білуі.
Табысты тәрбие жұмысынсыз ұжымды топтастыру мүмкін емес. Тек ұжым арқылы сынып жетекшісі мектеп оқушыларының оқу міндеттеріне, қоғамдық пайдалы еңбекке көзқарастарына игі ықпал етеді, олардың тәртібі мен үлгеріміне ықпал жасайды. Жақсы ұйымдасқан және топтасқан ұжымның әсерімен оқушылар саяси адамгершілік және мәдени жағынан өседі, ұйымдастырушылық дағдыларына ие болады. Ұжымда олардың шығармашылық белсенділігі дамиды, достық пен жолдастық байланыстары нығаяды, қоғамдық қатынастарға тән тәртіптің жаңа нормалары пайда болады. Ортақ іс үшін еңбекте, күресте ұжымның ынтымағы жеке адамның дамуы үшін ең маңызды алғы шарт болып табылады. Тату және мақсатты ұжым (оқу, еңбек, спорт) өз мүшелерінің өмірін бай да сұлу да етеді, тек сонда ғана адамның жағымды қасиеттері толық ашылады және одан әрі дамиды.
Мектеп тәжірибесі жас ұрпақ тәрбиесін ұйымдастырудың өте маңызды және ештеңемен алмастырмайтын түрі оқушылар ұжымы екендігін көрсетті. А.С.Макаренко көп жылғы тәжірибесін қорытудың негізінде ұжым тәрбие жұмысының ең басты формасы деп санады. Ол «дұрыс тәрбие бірлігі мол, күшті, әсері мықты ұжым құру арқылы ұйымдастырылуға тиіс» деп атап көрсетті.
Ұжымдағы тәрбие – тәрбиенің негізгі ұстанымдарың бірі. Ол мектепте қалыптасқан жаңа тәрбиелік қатынастарды бейнелейді. Балалар ұжымын құру мен топтастыру - мұғалімдердің және ең алдымен, сынып жетекшілерінің маңызды міндеті. Егер мұндай ұжым құрылса, кез-келген тәрбие міндеттерін шешу әлдеқайда жеңіл болады.
Дұрыс қоғамдық пікір, ашық жолдастық сын мен өзара сын мектеп оқушыларының қоғамдық белсенділігінің дамуына және олардың бағалы моральдық қасиеттерінің қалыптасуына көмектеседі. Оқушылар ұжымын тәрбиелей отырып, сынып жетекшілері сонымен бірге әр оқушының жеке басын қалыптастырады. Оқушылардың лайықсыз қылықтарын тек педагогтар ғана емес, оқушылардың өздері де айыптайды. Әсіресе, оқушылар өз өмірлерінің көп бөлігін өткізетін мектеп-интернаттарда, ұзартылған күн мектептерінде және ауылдық орта мектептер жанындағы интернаттарда ұжымның рөлі зор. Бұл мектептерде ұжым тек оқу мен сыныптан тыс жұмыс үдерісінде ғана емес, сонымен бірге оқушылардың демалысын ұйымдастыру кезінде де тәрбие ықпалын жүргізеді.
Өзін-өзі басқару – ұжым үшін маңызды мақсаттарға жету үшін шешім қабылдау мен оны жүзеге асыруда балалардың өз бетінше дамытуға негізделген ұжымдық іс-әрекетті ерекше ұйымдастыру. Жеке тұлғаға қатысты өзін-өзі басқару төмендегідей функцияларды орындайды:
адаптациялық (ұжым ішінде жеке тұлғаның үйлесімді өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етеді);
интегративтік (ұжымдық және жеке іс-әрекет түрлерін үйлестіруге мүмкіндік береді; нәтижелі іс-әрекет үшін ата-аналар, балалар және педагогтардың қызметін ұйымдастырады);
прогностикалық (диагностика және рефлексия негізінде перспективаларды анықтауға жәрдемдеседі);
басқарушылық мәдениетті меңгеру (өзі және ұжым үшін маңызды шешімдерді қабылдауда өз бетімен таңдау жасауды жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады).
Балалар ұжымындағы өзін-өзі басқару іс-әрекетті анықтаудан басталады: басқарушылық құрылымды жасауда, міндеттерді бөлуде. Ұжымның жалпы жиналысы (оқушылар комитеті, кеңес, штаб т.б.) өзін-өзі басқару органдарын сайлайды және олардың міндеттерін анықтайды. Белгілі бір тапсырманы алғаннан кейін әрбір бала өз міндеттерін және ол жұмысты орындау жолдарын білуі тиіс. өзін-өзі басқару балалардың бостандық пен жауапкершіліктің қатынасын сезінуін талап етеді.
И.П.Иванов іс-әрекетті өз бетімен ұйымдастыру әдістемесін жасады: құрылған кеңестер көмегімен жұмыстарды дайындау, инициативалық топтың жұмысы, көшбасшылардың ауысуы, микро ұжымдар арасындағы тапсырмалардың ауысып келіп отыруы. Бұл әдістерді кез-келген балалар ұжымында қолдануға болады. Педагог ұжым ішінде өзін-өзі басқаруды дамытпайынша, онда жеке тұлғаны дамыту мүмкін емес екендігін үнемі есінде сақтауы тиіс.
Өзін-өзі бақару ұйымының құрылымы негізінен 3 кезеңнен тұрады:
Сынып жағдайында өзін-өзі басқару: оқу, еңбек, көпшілік-мәдени, спорт секторларының жұмысы. Олардың жұмысына сынып кеңесінің төрағасы басшылық жасайды.
Мектеп оқушыларының өзін-өзі басқаруы. Мұнда әрбір сыныптың өзін-өзі басқару ұйымының төрағалары мүше болады.
Мектеп жағдайында тең төрағалық басқару жүйесі арқылы атқарылады. Оның құрамына оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының атқарушы кеңесінің мүшелері, кеңесші мұғалімдер, ата-аналар кіреді.
Оқушылар ұжымындағы өзін-өзі басқаруда дамыту үлісін шартты түрде былай көрсетуге болады:
Әрекеттің мақсатын анықтау;
Ұжым болып мақсатты белгілеу (мақсатты ұжым болу талқылау);
Басқару мәселесін қою;
Шешімді ұжым болып талқылау;
Шешімді қабылдау;
Шешімді жүзеге асыру;
Ұжым болып нәтижесін қорытындылау.
Өзін-өзі басқару процесінің қозғаушы күші – ондағы мотивтің болуы. Сондықтан өзін-өзі басқарудың жоғарыда келтірілген әрбір кезеңі мотивті қалыптастыруға нақтылы ықпал етуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |