Қайта жаңғыру дәуірі — мәдениет пен өнер және ғылым тарихындағы ұлы бетбұрыс кезең болды. Үш ғасырдан астам уақыт ішінде Еуропаның көптеген елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген гүлдену, мәдени қозғалыс басталды. Дін өктемдігінен, оның құрсауынан босанудың арқасында өмірдің сан-саласын тұтас көрсететін, адамды рухани жағынан толық қанағаттандыратын шығармалар өмірге келді. Бұл дәуірде адамның бұл дүниедегі алатын орны жан-жақты көрсетілді. Ренессанс мәдениетінің негізінде жаңа заманда еуропалық адам қазіргі өркениетке қарай шешуші қадам жасады. Орта ғасырлар мәдениетінің мән-мағынасын сәулет өнері көрсететін болса, Қайта жаңғыру дәуірінде живопистік туындылар (суреттер) басым болды. [1] Жарық дүниенің құпия сырларын танып-білуде адамның сезімдерінен артық не бар, ендеше бұл қағиданы ескере отырып, жаңғыртушылар «адам көзіне» пара-пар келетін бұл дүниеде еш нәрсе жоқ деп есептеді.Сондықтан да Қайта жаңғыру дәуірінде өнер салаларының ішінде сурет салу және т.б. ұдайы даму үстінде болды. Шындығында да, дүниені танып-білумен қатар оны шынайы жеткізе білуде суретшілердің мүмкіндіктері мол, олай болса олардың дүниетанымдық мақсаттарды шешудегі белсенділігінің сыры да осында болса керек.
Көркем өнер туындылары
Қайта өрлеу дәуірі өнерінің алғашқы суретшілерінің бірі — ұлы суретші Джотто (1267—1337) болды. Ол Римдегі антикалық өнермен жан-жақты танысты және сонда жүріп "Новичелла" (қосымшадағы 1-сурет) атты мозаикалық шығармасын жазды. [2] «Иуда ишараты» (қосымшадағы 2-сурет) — талантты суретшінің ең әйгілі шығармасы. Көп адам қатысқан бұл композициядағы басты тұлғалар — Христос пен Иуда. Христос бейнесінен ізгіліктің, адамгершіліктің, сабырлылықтың белгілерін байқайтын болсақ, ал екінші бір кейіпкер Иуданың бойынан бір көргенде-ақ озбырлық пен сатқындық қасиеттерін жазбай танисыз. Екі жүзділік, күншілдік, зұлымдық сияқты жағымсыз қылықтар кейіпкердің жүзінен де, қимылынан да айқын көрінеді, ізгілік пен зұлымдық арасындағы ымыраға келмейтін күрес — шығарманың негізгі идеясы. Орасан зор шеберлікпен жазылған бұл туынды Джоттоның есімін бүкіл Италияға әйгілі етті. Көзінің тірісінде-ақ ол «Флоренцияның ұлы азаматы» деген абыройлы атаққа ие болды. Қайта жаңғыру кезеңінде талай өнер саңлақтары өздерінің өшпес туындыларымен әлемді таң қалдырды. Егер орта ғасырларда әлемнің кіндігі — құдай деп саналса, ендігі жерде адам құдай дәрежесіне көтеріліп, мадақталды.