Вегетативтік жүйке жүйесін зерттеу. Вегетативтік жүйке жүйесі барлық мүшелер мен жүйелерді жүйкелендіретіні белгілі. Ол организм қызметін сыртқы және ішкі орта талаптарына сай реттеп отырады. Әсіресе, ол жасушалардың өсіп-жетілуін, зат алмасуын қамтамасыз етеді.
Вегетативтік жүйке жүйесі екі бөлімнен тұрады. Олар симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдері. Екі бөлім мүдделес те, кереғар да функцияларды туғызады. Мысалы, парасимпатикалық жүйке тонусы көтерілсе, жүрек соғысы сирейді. Осы кезде симпатикалық жүйкелер әсерінен шеттегі қантамырлар өзегі ашылады да, артериялық арнаның қанға сыйымдылығы артады.
Дене жаттығуларымен ұзақ та, жүйелі де шұғылдану нәтижесінде парасимпатикалық жүйкесінің қызметі басым болады. Осының нәтижесінен жүрек-қантамырлар, тыныс жүйелерінің функциясы үнемді бола бастайды. Бұл жүрек соғысының баяулауымен, тыныстың сиреуімен және тереңдеуімен, артериялық қысымның төмендеуімен білінеді. Дене жаттығулармен шұғылдана бастаған және аяқтаған кезде симпатикалық жүйке тонусының көтерілуі және басым болуы, жұмысқа жақсы бейімделгендіктің белгісі болып саналады.
Вегетативтік жүйке жүйесін зерттеудегі мақсат – симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің ара қатынасын, олардың синергиялық әрекеті бұзылыстарын табу. Осы үшін мынадай әдістер қолданылады: жүрек-қантамырлар реакциясын бағалау, дене температурасын өлшеу, терінің тер шығару, сілекей бөлу, көз қарашығының рефлекстерін байқау.
Спортшылардың вегетативтік жүйке жүйесі қызметін бағалау үшін жүрек-қантамырлар сынамалары кең тараған. Оларға клиностатикалық, ортостатикалық және Ашнердің көз-жүрек сынамалары жатады. Клиностатикалық және ортостатикалық сынамалар спортшының тұрған қалпында және жатуға көшкен кезінде пульсін санау арқылы жүргізіледі. Пульс бастапқы және дене қалпы өзгерген кездердің алғашқы 15 секундында саналады. Оның бір минут ішінде жиілеген немесе сиреген дәрежесі негізінде, вегетативтік жүйке жүйесінің қозғыштығы туралы пікір қалыптастырады.
Парасимпатикалық бөлімнің белсенділігі қалыпты болса, зерттелуші тік тұрған қалыптан жатуға көшкен кезде пульсі бір минутта 4-12 ретке дейін сирейді (клиностатикалық сынама). Егерде пульсі 1 минут ішінде 12 реттен артық сиресе, парасимпатикалық жүйке жүйесі белсенділігінің жоғары болғаны. Дене көлденең қалыптан тік қалыпқа ауысқанда (ортостатикалық сынама), пульс минутына 6-18 ретке жиілейді. Пульстің 18 артық жиілегені симпатикалық жүйкенің басым екенін көрсетеді. Вегетативтік жүйкенің парасимпатикалық бөлімінің қозғыштығын Ашнер сынамасымен де зерттейді. Сынаманы былай жүргізеді. Көзін жұмып жатқан зерттелушінің көз алмасын екі жағынан қысып басады. Сонда 10 секундтан соң оның жүрек соғысы 4-10 ретке сирейді. Егерде парасимпатикалық жүйке жүйесінің қозғыштығы зерттелушіде жоғары болса, жүрек соғысы 10 артық сирейді. Ал симпатикалық жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғары болса, жүрек соғысының жиілігі өзгермейді немесе жиілейді.
Орталық жүйке жүйесінің бір мүшесі мидың қызметін зерттейтін әдістердің бірі электроэнцефалография. Мидың биопотенциалдары арнайы электродтарды бастың әртүрлі жеріне орнату арқылы тіркеледі. Спорттық медицинада электроэнцефалография мидың жарақаттанған жерін анықтау үшін көбіне ғылыми-зерттеу мекемелерінде жүргізіледі.