Қол-аяқтар қозғалыстарының шапшаңдығын анықтау. Қол-аяқтар қозғалыстарының шапшаңдығы жүйке-бұлшық ет жүйесінің құбылмалылығын, шаршағандық дәрежесін, қайта қалыпқа келу процестерін, жүйке-бұлшық ет аппаратында пайда бола бастаған дертті өзгерістерін ашуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта түрлі рефлексометрлерді қолданады. Рефлексометр спортшының дыбысқа немесе жарыққа жауап реакциясын тіркейді.
Электромиография. Бұл электромиограф деп аталатын арнайы құралмен қаңқа бұлшық еттерінің биопотенциалдарын тіркейтін әдіс. Биопотенциалдар дененің әрбір жеріне жапсырылған электродтардан әкетіледі. Биопотенциалдарды жазып алу тыныштық күйде, дене жұмысы кезінде немесе статикалық күштену кезінде жүргізіледі. Электромиограммалар жиілігі мен амплитудасы бойынша бағаланады. Бұлшық ет шаршаған кезде биопотенциалдар жиілігі азаяды, ал амплитудасы кішірейеді. Жүйке-бұлшық ет жүйесінің жоғары функциялық күйі, бұлшық еттердің жоғары ырғақты сақтай алатын мүмкіншілігімен сипатталады.
Бұлшық еттің максималды жиырылу жиілігі 10 секунд ішінде зерттеледі. Қозғалыстарды 3-4 қабат орындаған кезде ырғағы тұрақты болса, зерттелуші бұлшық еттерінің қызметтік қабілеттілігі жоғары деп саналады. Электромиографиялық зерттеулер дәрігер кабинетінде де, далада да жүргізіледі. Кереғар бұлшық еттерді электромиографиялық әдіспен зерттеу, жүйке-бұлшық ет жүйесінің дайындығын бағалауға мүмкіндік береді. Электромиография жүйке-бұлшық ет жүйесінің жарақаттары мен ауруларынан кейінгі функциясының қайта қалыпқа келуінен мағлұмат беретін объективті әдіс болып келеді.
Миотонометрия – бұлшық еттердің қаттылығын немесе тонусын өлшейтін әдіс. Өлшеу пружиналы немесе электрлі миотонометр көмегімен жүргізіледі. Осы құралдар бұлшық еттің оған қадаған датчигінің ұшына келтірген кедергі мөлшерін бағалайды. Құралдың шкаласы 0-ден 100 дейін бөлініп қойылған. 100 бөлігі шынының қаттылығына сай келеді. Тонус мөлшері шартты бірлікпен – миотонмен айқындалады. Бір миотон бір шартты бірлікке сай. Тонус симметриялық нүктелерде, алдымен бұлшық ет босаңсыған күйде, сонан соң қатты ширыққан күйде өлшенеді. Ширығу тонусы бұлшық еттің жиырылуға қабілеттілігін, ал босаңсу тонусы олардың босаңсуға қабілеттілігін сипаттайды.
Жүйке-бұлшық ет жүйесінің бірден-бір функциялық күйінің көрсеткіші - ширығу тонусы мен босаңсу тонусының айырмасы немесе амплитудасы. Жүйке-бұлшық ет жүйесінің жақсы функциялық күйі 70 миотоннан артық ширығу тонусымен және 34-39 бөлім амплитудасымен сипатталады. Жүйке-бұлшық ет жүйесінің функциялық күйінің жоғарылауына сәйкес, бұлшық еттердің жиырығыштық қасиеті жоғарылайды да, ширығу тонусының төмендеп, босаңсу тонусының жоғарылауымен білінеді. Осыдан басқа, тонустың оң және сол жақтағы көрсеткіштерінің айырмасы азаяды немесе мұны функциялық «ассиметрияның» майдалануы деп атайды және бұл бұлшық еттердің қызметтік қабілеттілігінің көтерілгенін көрсетеді.
Динамометрия – бұлшық еттер күшін өлшеу. Бұл жүйке-бұлшық ет жүйесін зерттеуге қолданатын кең тараған әдіс. Қол күші мен бел күші жиі өлшенеді. Ол үшін арнайы динамометрлер болады. Алуан түрлі бұлшық ет топтарының күші өлшенеді: шынтақ буынын бүгушілердің, қол басын бүгуші мен жазушы бұлшық еттердің күші. Динамометрияның кемшілігі – автоматты түрде нәтижелерді жазып алу мүмкіндігінің жоқтығында. Мұның кемшілігін динамография жояды. Ол салынған күштің шамасын жазып тұратын құралға береді. Зерттелуші сынап манометрімен қосылған рәзеңке грушаны максималды сығымдай қысады. Манометр түтігінің бос ұшы рәзеңке түтік арқылы Марей капсуласымен жалғанған, ал мұның қалам ұшы айналып тұрған кимограф қағазына қисығын жазады. Жазылып алынған динамографиялық қисық салынған күштің дәрежесін білуді ғана мүмкін етпей, белгілі бір деңгейде күшті қанша уақыт ұстап тұра алатындығы жөнінде, демек бұлшық еттердің статикалық күштенуге төзімділігін бағалауға да мүмкіндік береді.
Әдебиеттер: 1.Мустафина Т.К. Спорттық медицина. –Алматы, 2004.
2.Мустафина Т.К., Амангельдиева Р.Р., Дунаева З.К, Алматы, 2003.