Сіңір рефлекстерін зерттеу. Бұл рефлекстер сіңірлерді тітіркендірсе туады. Сынама дене жұмысы әсерінен рефлекторлық сферада туған функциялық өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Әдетте, қолдың екі басты, үш басты бұлшық еттер сіңірлерінің және аяқта тізе және ахилл сіңірлерінің рефлекстері, неврологиялық балғашамен үстінен ұрып қалу арқылы тексеріледі. Рефлекторлық жауаптар дәрежесіне баға беріледі. Жауаптар табанның бүгілуімен, білектің және тілерсектің жазылуымен білінеді. Орталық жүйке жүйесі зақымданған болса, сіңір рефлекстері бұзылады. Мысалы, орталық жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғары болса, сіңірлерден алынған жауаптар дәрежесі жоғары болады, ал қозғыштығы төмендесе, мүшенің рефлекстері бәсеңдейді. Дерттік процестердің ауырлығына байланысты рефлекстер жоғалып кетуі де мүмкін. Мұндай симптом рефлекторлық доғаның үзіліп кеткеніне нұсқайды немесе жүйке-бұлшық ет жүйесінің аса қатты шаршағандығын көрсетеді.
Талдағыштардың функциясын зерттеу.Барлық талдағыштардың үйлесімді қызметінің нәтижесінде спортшыда өте күрделі «қар сезімі», «су сезімі» сияқты сезімдер қалыптасады. Спортшылардың көру, есту, вестибуляр, қимыл, тері талдағыштарын зерттейді. Мысалы, тері талдағышын теріге ыстық-суықты тигізу, ауыру сезімін ине қадау арқылы тексереді. Ине ұшын терінің әртүрлі аумағына шаншумен нүктелердің симметриясы мен топографиясын анықтайды. Ыстық және суық су құйылған пробиркаларды терінің әрбір жеріне тигізумен, термотопографиясын мен сезгіштігін тексереді. Тию сезімін мақтаны немесе жеңіл кисточканы теріге тигізумен зерттейді. Егерде тері талдағышы зақымдалған болса, сезімдер жоғалады немесе көтеріледі немесе төмендейді. Осындай өзгерістердің диагностикалық маңызы зор.
Спортшыларда невриттер мен плекситтер жиі кездеседі. Бұлар жүйке талшықтарының қабынуынан пайда болады және қатты ауырсыну сезімімен білінеді. Жүйке талшықтары мен діңдері шеткі жүйке жүйесін құрайтыны белгілі. Бұлардың ауруларын анықтаудың түрлі әдістері бар. Солардың бірі жүйкені ұзына бойын басу. Жүйке талшығын басқан кезде ауырсыну байқалады. Мысалы, шонданай жүйкесі жиі қабынады. Қабынғанда ауырсыну сезімі күшті білінеді, әсіресе жүйкені басқан және тізе буынын жазған кезде ауырсыну күшейе түседі.
Қимыл талдағышы функциясын буын-бұлшық ет сезімін тексеру арқылы анықтайды. Оған мынадай сынамаларды жасайды. Мысалы, аяқ-қолдарды тапсырған бұрыштарда бүгіп-жазу, көзді жауып тұрып динамометрге салған күшті бағалау және тағы басқа. Салған күш бағасының қатесі 15-20% аспаса, буын-бұлшық ет қалыпты деп саналады.
Көру талдағышын көздің көру өткірлігін, көретін аумағын, көздің түбін, көз қарашығының рефлексін, бұлшық еттері жұмысының үйлесімділігін зерттеу арқылы бағалайды. Волейбол, футбол, баскетбол, бокс ойнауға машықтану барысында көздің көретін аумағы кеңейеді, бұлшық еттері жүмысының үйлесімділігі жақсарады.
Есту талдағышын құлақтың анық еститін қабілетін тексеру арқылы бағалайды. Егерде зерттелушінің құлағы сыбырлаған сөзді 5-6 метр жерден ести алса, есту қабілеті қалыпты деп саналады. Қазіргі заманда адамның есту қабілетін аудиометр деген аппаратпен зерттейді. Аудиометр құралы есту талдағышының зақымдалған жерін анықтауға мүмкіндік береді. Кеңістікте дыбысты қабылдай алатын қасиетті сағат тықылының қай жерден шығып тұрғанын анық табу арқылы сынайды.
Бас пен дененің қалпын кеңістікте вертикальды ұстап тұру қасиеті, өте күрделі жүйе болып келетін вестибуляр аппаратымен жасалатыны белгілі. Осымен қатар бұл аппарат дененің ілгерілемелі, айналмалы және үдемелі қимыл-қозғалыстары кезінде де, оның бағыты туралы орталық жүйке жүйесіне дәлме-дәл ақпарат беріп тұрады.
Күрделі ілгерілемелі, айналмалы және үдемелі дене жаттығуларымен ұзақ та, жүйелі де түрде шұғылданатын көркем және спорт гимнасшыларының, акробаттар мен суға секірушілердің, слаломшылардың вестибулярлық аппараты жақсы жетіледі. Кейбір адамдардың вестибуляр аппараты жетілмеген әрі сезгіш болады да, айналмалы қимылдар жасаса басы айналады, құсады, жүрегі айниды, жүрек соғысы баяулайды. Вестибуляр аппаратын айналдыратын сынамалармен зерттейді. Мұның ең қарапайымы Яроцкий сынамасы. Зерттелушіге бір секунд ішінде бір жағына қарай басын еңкейтіп тұрып екі рет айналу тапсырылады. Егерде ол жаттығуды тепе-теңдігін сақтай отыра орындаса, вестибуляр талдағышы қалыпты деп саналады. Спортпен шұғылданбайтындар вестибуляр аппаратына түскен осындай жүктемеден кейін тепе-теңдігін 28 сек бойы сақтаса, спортшылар 90 сек бойы сақтай алады.
Айналдыратын сынама жасауға Барани креслосы да қолданылады. Басын 90° дейін еңкейтіп креслода отырған зерттелушіні 20 сек ішінде 10 рет айналдырады. Осыдан кейін ол тік тұрып, шайқалмай, жүрегі айнымай, пульсі жиілемей жүруіп кетуі керек, сонда вестибуляр аппараты тұрақты деп бағаланады.