Байланысты: Д ріс 12. аза стан Республикалы мемлекеттік м ра ат жаттары
6. Қазақстан Республикасындағы мұрағат ісі.Қазақстан дербес мемлекет болғаннан бері жоғары оқу орындарында Отан тарихы тереңірек оқытыла бастағаны мәлім. Алайда, қажетті әдебиеттердің, тәжірибелі мамандардың аздығынан көптеген толғақты мәселелердің жылдам қарқын алмай, кешеуілдей бергені, ал қолға алынғандарының талапқа сай келмегені және рас. Соның бірі – тарих факультеттерінде мұрағат негіздері, музей негіздері, құжаттану, деректану сынды қосалқы тарихи пәндердің оқытылу мәселесі. Біздің республикамызда мұрағат материалдарын қолдану аясы шектеулі. Көбіне мұрағат материалдарын тарихшылар мен белгілі тақырыпты зерттеп жүрген зерттеушілер ғана кеңінен қолданады. Сондай-ақ көп жағдайда белгілі бір тақырыпқа тарихи деректемелер қажет болғанда басқа саланың мамандары да қолданып жатады.
Егемендікке қол жетісімен Республика президентінің жанында Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес құрылғаны белгілі. Онда аса маңызды құжат-ұлттық тарихи зердені қалыптастырудың тұжырымдамасы бекітіліп, соған сәйкес көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бірі Қазақстан халқының деректі тарихи-мәдени мұрасын қорғау және біріктіру үшін құқықтық негізді қамтамасыз етудің, мұрағат ісін мемлекеттік реттеудің төл жүйесін құрудың асан қажеттілігіне сәйкес «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі ұсыныс еді. Сол жүзеге асты. Өткен жылдың соңғы айында аталмыш Заң жобасын Мәжілісте, сонан кейін Сенатта мақұлданып, Елбасының құзырымен өмірге жолдама алды. Демек, әңгіме арқауы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңның мән-жайы туралы болмақ.
Ең алдымен, Заңда дүниежүзілік тәжірибеде танылған тарихқа ұлттық үстем көзқарас, ал, мемлекет пен қоғамдағы коньюктураға қарамастан, тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелерінде мүддені тиімді қорғау мақсатында оларға мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде лайықты қамқорлықты қамтамасыз ету тетіктерінде назар аударылды. Мұрағат ісіне мұндай көзқарас күнделікті тіршілікте тамырын тереңге жіберуі тиіс деп танылды.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1995 жылғы 19 қазандағы Жарлығы бойынша (№ 2541) Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы архивтер мен құжаттама Бас Басқармасы болып қайта құрылды. 1997 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві деп қайтадан аталды.Басқару жұмыс жаңа арнаға түсті. Мұрағат мекемелерінің құрылымы,штат кестесі едәуір ықшамдалды. Мұрағат ісінде міндеттерді атқарудың құқықтық негізі жасалды. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық мұрағаттық қор және мұрағаттар туралы» заңы. «Мұрағат» түсінігі берілді.
2001-2005 жылдарға арналған мұрағат ісінің дамуының концепциясы мен бағдарламасы жасалынды. Республикада мұрағат ісінің дамуының негізгі бағаттары. Республикалық жоғарға оқу орындарында тарихшы-мұрағатшы кадрларды даярлауды ұйымдастыру.
Мемлекет Басшысының «1998 жылды Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы»Жарлығы,«Қазақстан 2030» стратегиялық даму Бағдарламасы және оның негізгі Ережелері оның ,оны іске асыруға байланысты республика халқына арнаған Жолдауы еліміздің мұрағат жүйесіне деген халықтың көзқарасын оятты.Бұқараның тарихи санасы,патриоттық сезімі дами түсті. Мемлекеттік мұрағаттардың оқу залынан АҚШ, Ресей, Жапон, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген зерттеушілер жиі көріне бастады.
Республиканың ақпарат құралдары арқылы 1998 жылдың тек алғашқы жарты жылдығында 300-ден астам мақала, 400 шамасында теле радио хабарлары таратылды.
Орталық мұрағаттың «Егемен Қазақстан»,«Казахстанская правда»,«Қазақ әдебиеті»,«Ана тілі», «Ваше право»,«Заң», т.б газеттер мен журналдардың беттерінде ашқан айдарымен «Алашорда басшылары»,«Түркістан тарихы» туралы, қазақ халқының ұлт азаттық қозғалыстары, ашаршылық, т.б тақырыптар бойынша материалдары жарияланды.
«Қазақстан 1», «Хабар», «КТК», «Таң», «Рахат АТВ» телеарналарында ұлттық тарихымыздың маңызды мәселелері жайында хабарлар берілді. Халықаралық ынтымақтастық жыл санап дами түсуде. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет басшыларының Минск шарты көлемінде және ТМД мемлекеттері мұрағат қызметінің өзара ынтымақтастық келісімі бойынша Ресей Федерациясы мұрағат қызметі және Өзбекстан Республикасы мемлекеттік мұрағатымен бірлесіп, Түркістан қаласы тарихына қатысты құжаттарды табу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Еліміздің тарих ғылымының базалық көзін кеңейту мақсатында Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатымен мұрағат құжаттарының көшірмелерін алмасу жөнінде келісімшарт жасалды.
Республиканың мұрағат жүйелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту,мұрағат ісін дамыту,келешекте реформалау мәселесі Мемлекет Басшысына,ҚР Премьер-Министріне баяндалды. Осы мәселе ҚР Қаржы, Әділет және Білім, Мәдениет, Денсаулық министрліктері мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі мен облыс әкімдері алдына да қойылды.
Соның арқасында жоғары және жергілікті өкімет органдарының мұрағат ісінің маңызын түсінуі және олардың көмегі мұрағаттың нәтижелі жұмыс жасауына елеулі әсері тиді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылдың заң жобаларының жоспарына Ұлттық мұрағат қоры мұрағат туралы заң жобасының қосымша енгізілуі, бұрын жобалап қалған Ақмола облысы мен Жезқазған қаласында мұрағат ісі басқармасының қалпына келтірілуі ,ең бастысы – Астана қаласында Орталық мемлекеттік мұрағат үйінің құрылысын жобалау және құрылыстың биылғы жылы басталу мәселесінің нәтижелі шешілуі – соның айғағы. Қанша дегенмен күні кеше тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекетінің мұрағат жүйесі өркениетті елдер мұрағат дәрежесіне көтеру, мұрағат құжаттарын пайдаланудың тиімділігін арттыру,мемлекеттік мұрағаттарды компьютермен жабдықтау міндеті тұр.
Соңғы уақытқа дейін Қазақстан мұрағат органдары КСРО Үкіметінің мұрағат органдарына арналған заң актілерін басшылыққа алып келді.КСРО өз өмірінде 350-ден астам заң актілерін шығарғанмен мұрағат ісі туралы заң қабылдамаған-ды.
Бұрынғы КСРО тарағаннан кейін тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттер мұрағат ісі туралы арнаулы заң қабылдап үлгірді.Ал бізде бұл мәселе кешеуілдеп келеді.Бұл мұрағат ісін ұйымдастыру ,дамытуға елеулі қиындық туғызуда.
Ең бастысы мемлекеттік мұрағат пен республика тарихының бірден бір көзі – ведомстволық мұрағаттарды дамыту, ұйымдастыру және сақтаудың тиімді жолын айқындайтын заң ауадай қажет.
Екіншіден, шет мемлекеттердегі Қазақстан тарихына қажетті құжаттарды айтпағанда, ТМД мемлекет басшыларының келісімі бойынша Қазақстан аймағындағы космосты игеру, геологиялық ресурстар, табиғи ортаны қорғау, геодезия, картография, киномотография саласындағы құжаттар мен негізгі өнімдер бұрынғы Одақтық ведомтволық мұрағаттарда қалды. Бұл заңды. Бірақ олардың көшірмелерін мемлекетімізге алу мәселесі қүн тәртібінен түспейтін күрделі іс.
Ұлттық мұрағатты ұйымдастыру, дамыту және пайдалануды жақсарту мәселесі халықаралық,мемлекетаралық қатынасқа да тікелей байланысты екені сөзсіз. Өркениетті елдерде мұрағат ісі ,барлық мұрағат қоры және құжаттама басқару аспектісі мемлекеттік қызметтің дербес саласы болып табылады.
Ал ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат ҚР Үкіметі құрамына кірмейтін Орталық атқарушы орган болғандықтан әрі мұрағат туралы заңның болмауы ЮНЕСКО-ның мүшесі деп танылған халықаралық мұрағаттар Кеңесіне қатысуы ,шет елдердегі құнды құжаттарды халықаралық дәрежеде іздестіру мәселелері қиындай түседі.
Республика мұрағат ісін дамытуға қойылған тосқауылдың ең бастысы – қаржы тапшылығы. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатқа 1998 жылға бөлінген қаржы 21 млн. 871 мың теңге. Ол мұрағат қызметкерлерінің еңбек ақысынан және коммуналдық қызмет көрсетуге төленетін қаржыдан артылмайды.
Ең бастысы, мұрағатты өркениетті ел дәрежесіне жеткізетін алғышарт республикалық мемлекеттік мұрағаттарды компьютер мен және басқа да мұрағаттық техникалармен жабдықтауға, мұрағат қоймаларын өрт апатынан қорғауға, ауа, жылу, ылғалдық режимдерін сақтауға қаржының бөлінбеуі мемлекеттік байлықты қолдан жою деген сөз. Бұл мұқтаждықты шешу үшін 101 миллион теңге, облыстық әкішіліктер қарауындағы мемлекеттік мұрағаттарға 385 млн.теңге қажет.
Қаржы тапшылығынан Қазақстан тарихына қатысты шет жұрттағы құнды архив деректерін іздестіруге, кері қайтарып алуға мүмкіндік тумай отыр.
Оның үстіне мерзімі өткендіктен және ауа, ылғал,жылу режимдерін сақтауға мүмкіндік жоқтықтың бүлінген,өшуге айналған құжаттар аз емес. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат пайдалануға берілген 1963 жылдан бері күрделі жөндеудеy өткізілген жоқ. Кондиционерлер, желдеткіштер, режимдік приборлар істен шыққан. Ал оларды тезірек жөндеуден өткізбесе, республика тарихының мол құнды деректерінің өмірден өшетінін айтып жеткізу қиын.
Еңбекақы мөлшерінің аздығы мұрағаттарды қажетті кәсіби білімді мамандармен қамтамасыз етуге елеулі қиындық туғызуда.
Мұрағат қызметкерлерінің мемлекеттік қамқорлыққа алынбауы, жеңілдіктерге ие болмауы қынжыларлық. Мұның келешекте мұрағат ісін дамытуға елеулі кесірі тиетіні сөзсіз. Қазіргі мұрағат қызметкерлерінің көпшілігі гуманитарлық білім саласындағы мамандар және егде тартқан адамдар. Оларды кәсіби мамандықтары жоқтығынан шетелдердегі құжаттар былай тұрсын, республиканың мұрағат қоймаларында жатқан қытай, моңғол, манжур, түрік, парсы, араб, т.б шетел тілдеріндегі көне заман құжаттары игерусіз жатыр.
Ондай мамандарға мұқтаждықтың басты себебі,біріншіден,мұрағат мамандарын санаулы ғана оқу орындары аз мөлшерде дайындайды. Екіншіден, арнаулы кәсіби білім алған жастар еңбекақының төмендігінен мұрағатта еңбек етуге келмейді. Отанымыздың мұрағат ісін әлемдік дәрежеге көтеру үшін мұрағат құжаттарын зерттейтін, құжаттау ісіне ғылыми тұрғыда бағыт-бағдар беретін, озат тәжірибені насихаттайтын Орталық құру, Қазақстан мұрағаты журналын шығару,баспахана ашу өмірдің өзі туғызып отырған мәселелер. Мемлекет тарапынан қажетті қамқорлық жасалса, құнды құжаттарды ел игілігіне айналдырып, қаржы тапшылығынан құтылуға мүмкіндік туар еді.
Бұлардың барлығы бір күнде, не бір жылда шешілетін мәселе емес. Экономика,қаржы мәселесі әркімнің талабы бойынша шешілмейтіні белгілі. Бірақ ең бастысы, мұрағатқа деген мемлекеттік бетбұрыс, дұрыс шешім,мемлекеттік заң болуы шарт.
Республикамыздың мұрағат құжаттары – баға жетпес байлық, мемлекеттің, халықтың асыл қазынасы. Бүгін де,ертең де, келер ғасырларда да толыға беретін,жазыла беретін тарихтың қайнар көзі. Мұрағат құжатынсыз тарихтың жазылуы мүмкін емес. Мұрағат өмірі таусылмас, қоймасы ортаймас, тарих көшімен баяғы заманнан бүгінге дейінгі өмірдің қатпар-қатпар кезеңдеріндегі еліміздің шаруашылығын, экономикасын, тыныс тіршілігін кең түрде айқындайтын, тарихи, мәдени ескерткіштерін, жеке тұлғалардың өмірін мәңгі жасататын ұлттық тарихи мұраның көзі.
Республиканың мұрағат қызметкерлері келешекте бұл байлықты өз мемлекетінің, өз Отанының, елінің игілігіне айналдыруға аянбай еңбек ететіндігі сөзсіз.