Дәріс № 9
Тақырып: Территорияның әлеуметтік-демографиялық потенциалы
Мақсаты: Халықтың территориялық орналасу топтары мен жүйесін және олардың әртүрлі әлеуметтік демографиялық потенциалына сипаттама беру.
Дәріс жоспары:
1. Халық – қоғамның басты өндіргіш күші
2. Территорияның демографиялық жағдайы
3. Халықтың территориялық орналасу жүйелері
4. Халықтың орналасу түрлері
5. Урбанизация және рурализация
6. Көші–қон туралы түсінік және олардың түрлері
«Табиғат–халық шаруашылық» жүйесіндегі негізгі элемент халық болып есептеледі. Оның себебі тек қана адамдардың еңбек ету қабілеті арқасында материялдық игіліктер өндіре алуға болады.
Біріншіден, халық–қоғамның басты өндіргіш күші. Еңбек ресурстарының саны, құрылымы, профессионалдық дайындығы мен еңбек дағдысының деңгейі, т.б шаруашылықтың дамуына, жер шарының әр түрлі аудандарында орналасуына үлкен әсер етеді.
Екіншіден, өзінің өндірген материалдық, материалдық емес, рухани игіліктерді тұтынушы. Өзінің саны және белгілі бір өндіріс өнімдеріне мұқтаждық ерекшеліктерімен шаруашылық салаларының географиясына әсер етеді. Мысалы, адам көп тұтынатын тауарлар халықтың көп шоғырланған жеріне орналасады. Қаржы және кредит пен сауда айналымдары, жүк тасымалдау көліктерінің бағыттары, көбінесе халықтың орналасуына байланысты болады.
Үшіншіден, адамзат қоғамы (ұрпақ) әрқашан алмасып отырады. Жер шарының әр түкпірінде халықтың өніп-өсуі әр елдің тарихи, әлеуметтік–экономикалық, этникалық, тұрмыстық, салт-дәстүрлері т.б жағдайларына байланысты. Халықтың табиғи өсіміндегі айырмашылықтар көші-қон (миграция) халықтың территориялық таралуына әсерін тигізеді, яғни ұдайы халықтың өніп-өсуі шаруашылықпен тығыз байланысты болады.
Төртіншіден, халық өндірістік қатынастарды жасаушы және иеленуші. Өндірістік қатынастар адамзаттың даму процесіне жан-жақты әсер етеді. Сондықтан, ол әрбір тарихи кезеңдердегі өндірістің даму және орналасу заңдылықтарының себепшісі болады.
Бесіншіден халық табиғатпен (географиялық орта) тығыз байланысты. Адам табиғаттың заңдылықтарын зерттей және біле отырып, осы өзара байланысты шешуші күшке айналады.
Табиғатқа тәуелділікпен, оған бейімделуден бастап, адам оны интенсивті пайдалануға жетті. Сондықтан халықтың көп шоғырланған аудандарында табиғаттың өзгеруі экологиялық қолайсыз жағдайлар әкеп соғуы, т.б. антропогендік процестер жүріп жатыр. Шаруашылықты ұтымды орналастыру табиғат пен шаруашылықтың арасында экологиялық тепе-теңдікті сақтау, сол территориядан әлеуметтік–демографиялық жағдайларды жан-жақты білуді қажет етеді.
Территорияның халқын географиялық тұрғыда «халық географиясы» деген ғылым зерттейді.
Халық географиясы пәнінің зерттеу объектісі – халықтың территориялық орналасу топтары мен жүйесін және олардың әр түрлі әлеуметтік-экономикалық, табиғи жағдайларға байланысты құрылуын, дамуын және орналасуын зерттейді. Басқаша айтқанда, бұл ғылым: халықтың табиғи ортамен және шаруашылықпен байланысу ерекшелігін; белгілі бір әлеуметтік-экономикалық ортада дамуы мен орналасуын, белгілі бір территориядағы (аудан, мемлекет, аймақ, ареал,т.б.) ерекшелігін, халықтың белігі бір территориялық топтарының (қала, ауыл, т.б.) кешенді дамуын, т.б. зерттейді.
Мұның ішінде басты ұғымдардың бірі халықтың орналасуы. Бұл термин адамдардың жер шарында таралуын және оны игеруін көрсетеді, яғни тек қана халықтардың қоныстануын ғана көрсетпейді, оның территориялық ұйымдастыру формаларын көрсетеді.
Халықтың орналасуы деп әр түрлі мөлшердегі (халқының саны, алап жатқан территориясының аумағы, т.б.) және әр түрлі функциялар атқаратын (өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, транспортқа, табиғат ортасына, өзара қарым-қатынасына, т.б.) елді-мекен жүйелерінің қоныстануын (қала, ауыл, елді-мекендер) айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |