Дәріс кешенінің құрылымы



Дата25.11.2022
өлшемі67 Kb.
#52728
Байланысты:
1-daris




Дәріс кешенінің құрылымы
1. Дәріс тақырыбы
2. Оқу нәтижелері
3. Дәріс жоспары
4. Дәріс тезистері
№ 1 – дәріс тақырыбы: Стилистика ғылымы, қалыптасуы, дамуы, зерттеу нысаны – 1 сағ
Оқу нәтижелері
стилистика ғылымының теориялық негіздерін сипаттайды;
стилистикалық жүйенің дамуын анықтайды;
зерттеу әдістерін, бағыттарын сыни тұрғыдан талдайды;
стилистикалық ресурстарды салыстырады;
стиль қызметін бағалайды.
Дәріс жоспары:
1. Стилистика ғылымы, қалыптасуы
2. Стилистиканың зерттеу бағыттары
3. Стилистиканың зерттеу нысандары және әдістері
Стилистика атауының шығуына негіз болған латынның stilus, stylus – жазуға арналған үшкір құрал, жазу мәнері деген сөзі.
Стиль – көп мағыналы сөз және әр түрлі ғылым саласында қолданылады.
Стилистика – лингвистика ғылымының белгілі бір тілдің барлық деңгейіндегі әсерлеу, көріктеу тәсілдерінің жүйесін синхронды және диахронды жағдайда зерттейтін саласы.
Стилистика термині алғаш рет сол кез үшін жаңалық болып есептелген шығармашыл тұлғаның даралығы деген ұғымға байланысты 19 ғасырдың басында неміс романтиктерінің шығармаларында қолданылды. Стилистиканы ғылыми негіздеу 19 ғасырдың ортасында (1852) Г.Спенсердің «Философия стиля» деген еңбегінен басталып, Х.Штейнтальдің «Стилистика» (1866) оқу құралымен жалғасады.
Қазіргі заманғы лингвистикалық стилистиканың негізделуі француз ғалымы Ш.Баллидің «Трактат по французской стилистике» (1909) зерттеуімен байланысты болып, Прага лингвистикалық үйірмесінің мүшелері оны жеке сала ретінде қарастыра бастады. Орыс тіл білімінде стилистиканың тұжырымдамасын ұсынған В.В.Виноградов болды және оның пікірлерін кеңес ғалымдарының барлығы дерлік ұстанды.
Стилистика көбіне практикалық тұрғыда тілді үйретуде, әдеби тіл нормаларын қалыптастыруда қолданылатындықтан, практикалық стилистика деп те аталады.
Теориялық стилистиканың негізгі проблемасы – сөйлеу актісі және оның нәтижесі – мәтін. Сөйлеу актісі үш компонентен тұрады: автор (адресант, жіберуші), мәтін және қабылдаушы (адресат, алушы). Осыған байланысты автор стилистикасы (автор ойы мен ниетіне қажетті тілдік құралдарды сұрыптап алу) мен қабылдаушы стилистикасы да (қабылдаушының интерпретациясы немесе автор интенциясына сай түсінуі) ажыратылады.
Осы тұрғыда әдебиеттану стилистикасы (автор бейнесі, мәтін құрылымы, адресат проблемасы, мәтінді түсіну) мен лингвистикалық стилистика ұштасуы мүмкін, лингвистикалық стилистика тілдің барлық деңгейіндегі бірліктер арқылы біртұтас эстетикалық туынды қалыптасатынын көрсетеді.
Бір тілдің стилистикасы өзімен туыстас тілдің де, өзіне мүлде алыс тілдің де стилистикасымен салыстырыла алады. Соған орай салыстырмалы (қазақ-неміс) және салғастырмалы стилистика (қазақ-қырғыз) туралы айтуға болады.
Стилистика мәселелерін қазақ филологиясында қарастыру А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінен басталып, Қ.Жұбановтың Абай поэтикасына қатысты мақаласымен жалғасты. А.Байтұрсынұлының: «Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек» деген сөзі көркем сөз бен көсем сөзге қатысты мәселелерді жан-жақты, нақты, толық түсіндірудің басы болды деуге болады. Стилистиканы жеке ғылым ретінде қазақ тіл білімінде оқулықпен алғаш орнықтырған М.Балақаев болды. Алғаш 1966 жылы басылып шыққан оқулықта стилистика пәні, мазмұны, қазақ тілінің стилистикалық ресурстары туралы өз заманына сай толық мағлұмат берілді.
Алғашында ұлттық тіліміздің стилистикалық тәсілдер жүйесін мәтінге қатыссыз сипаттама тұрғысында зерттеген ғалымдар бірте-бірте тілдің коммуникативтік (функционалдық) қызметіне, прагматикасына қатысты еңбектер жаза бастады, соның нәтижесінде қазіргі кезде қазақ тіл білімінің стилистика саласында көптеген ғалымдар жалпыхалықтық тілдің стилистикасы (Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Қоңыров, Х.Нұрмұқанов, Ф.Мұсабекова, М.Серғалиев, Н.Уәлиев, О.Бүркітов), көркем әдебиет тілі (Р. Сыздық, Е.Жанпейісов, Х.Кәрімов, Б.Шалабай, Қ.Өмірәлиев), функционалды стильдердің ерекшеліктері жөнінде және тілдік құралдардың стилистикасына қатысты (О.Бүркітов, Ә.Ахметов, Б. Момынова, Г.Смағұлова, С.Сәтенова, Д.Әлкебаева, Г.Әзімжанова, Қ.Есенова, С.Әлісжанов, Л.Нұржекеева) зерттеулерін жариялады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет