ЭПР спектроскопиясы
ЭПР құбылысының физикалық негіздері. g-фактор және оның қасиеттері
ЭПР спектроскопиясы әртүрлі химиялық мәселелерді шешуде кең қолданылады. Осы әдістің негізгі құндылығы – жұптаспаған электрондары бар бөлшектердің өте кіші концентрацияларын байқау, өлшеу және олардың энергиялық күйлері мен локализациясын сипаттауына мүмкіндік беретінімен байланысты. Үлгі осындай талдау әдісін қолданғанда бұзылмайды да, өзгермейді де. Жұптаспаған электрондары бар бөлшектер химиялық реакциялар өтетін жүйелерде өте маңызды роль атқарады, себебі, олардың химиялық активтігі өте жоғары. Сондықтан оларды байқау көп жағдайда реакция механизмін анықтауға жол ашады. ЭПР құбылысын Ресей ғалымы Е.К.Завойский 1944 жылы ашқан.
Жұптаспаған электрондары бар бөлшектерге кейбір атомдар, иондар, бос радикалдар, триплетті күйдегі молекулалар жатады, оларды екі топқа бөлуге болады:
1) жұптаспаған электроны бір атоммен байланысты: (Н, О, галоген атомдары, Fen+, Con+, Nіn+ ауыспалы элементтердің иондары, жартылай өткізгіштер);
2) жұптаспаған электрон бүтіндей молекуламен немесе оның үлкенірек бөлігімен байланысты (бос радикалдар, ион-радикалдар, триплетті-қоздырылған молекулалар), оның орбиталі бір жерде жинақталмаған.
Достарыңызбен бөлісу: |