Дәріс №5
Зерттеудің ғылыми аппараты
Кез келген педагогикалық зерттеу жұмысының ғылыми аппараты болады. Оны әдіснамалық аппарат деп те атайды. Жұмыстың бұл бөлімі кіріспеде қарастырылады.
Әдіснамалық аппарат:
- ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу принциптері;
- ғылыми зерттеу әдістері мен оның стратегиясынанықтау әдістері;
- ғылыми аппарат: ғылыми зерттеудің ұғымдық-категориялық негізі (өзектілігі, ғылыми жаңалығы, эвристикалық құндылығы, практикалық мәні, проблемтикасы, объект, зат, гипотеза, мақсат және міндет).
Таным әдіснамасының негізгі принциптері:
- өзара келісілген болып табылатын теориялар мен тәжірибелер бірлігінің принципі;
- осы және басқа құбылыстардың барлық факторларының есебін қажет ететін объективтілік принципі;
- объективтік процесстер мен нақты тәсілдердің маңызды жағы мен заңдылықтарын көрсететін нақтылық принципі;
- ғылыми білімді таным объектісінің айырмашылықтары, сандық және сапалық өзгешеліктерін бейнелейтін ғылыми білімді қалыптастырудан тұратын даму принципі;
- қатынастар мен олардың арасындағы байланыс есебінен құбылыстың шарттылығын қажет ететін заңдылықтар принципі.
Сонымен қатар әдіснамалық анализдің әртүрлі деңгейі бар, көбінесе:
- динамикалық деңгей: ғылым нәтижелерінің дүниетанымдық интерпретациясы, ғылыми ойлаудың формалары мен әдістерін, оның категориялық бағытын сараптайды;
- статистикалық деңгей: жалпы ғылыми сипатқа ие зерттеудің принциптері, бағыттары, формалары;
- аналитикалық-синтетикалық деңгей, яғни нақты-ғылыми әдіснама – осы және басқа ғылым саласында қолданылатын зерттеудің әдістері мен принциптерінің жиынтығы;
- пәндік деңгей, яғни пәндік әдіснама – зерттеу әдістері мен принциптерінің жиынтығы тәріздес, ол ғылымның нақты саласында немесе ғылымдар тоғысқан ғылыми пәнде қолданылады; ғылыми пән ғылыми білімді ұйымдастырудың негізгі формасы болып табылады.
- пәнаралық деңгей – ғылыми ізденістің логикасына сәйкес әртүрлі ғылымдардың өзара әсерлесу шеңбері болатын пәнаралық кешенді зерттеудің әдіснамасы.
Әдіснамамен бірге ғылыми танымның негізгі элементі – ғылыми зерттеудің логикасы болып табылады, ол яғни ғылыми ізденісте белгілі бір жолды түсінеді. Ғылыми зерттеу белгілі сатылардың логикалық реттілігін қажет етеді, оның негізін рационалды ойлау құрайды.
Ғылыми зерттеудің негізгі компоненттері: зерттеудің өзектілігі және мәселесі, тақырыбы, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, зерттеу әдістері, теориялық маңыздылығы, практикалық мәні болып табылады.
Зерттеудің өзектілігі, көкейтестілігі – жауабын іздейтін ғылымдағы сұрақ немесе зерттеліп отырған құбылыстың белгісіз жағын құру. Дәл осы мәселені дәл осы уақытта зерттеу не үшін қажет деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу тақырыбы – зерттеу мәселесі мен аспектілерінің анық, қысқа берілуі. Тақырып сол қоғамның объективті талаптарына, сұраныстарына жауап бере алатындай болуы керек. Нені зерттеумен айналысамыз деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу объектісі – іздену аймағы. Оған педагогикалық жүйе, құбылыс, үдеріс (тәрбиелеу, білім беру, даму, жеке тұлғаны қалыптастыру, ұжым жатады). Бұл зерттеуде не нәрсе қарастырылады, ғылыми таным үрдісі неге бағытталған деген сұраққа жауап береді.
Зерттеу пәні – объектінің ішін ізденудегі аспектісі, зерттеліп отырған құбылыстың таралу үдерісі, элементі, байланысы, қатынастарының жиынтығы. Тақырыппен сәйкес келіп, тұжырымдау бойынша соған ұқсас болып келеді.
Зерттеудің мақсаты – зерттеліп отырған мәселенің себеп-салдар байланыстарын және және заңдылықтарын айқындау, теориясы мен әдістемесін ұсыну. Қандай нәтижеге жетуді көздеймін, қорытынды не болады деген сұрақтар төңірегінде құрылады.
Зерттеу міндеттері – зерттеу мақсатының бөлшектенуі, зерттеу, анықтау, айқындау, қорытындылау, нақтылау, ұсыну, тәжірибелік жұмыста тексеру тұрғысында құрылады. Мақсатқа жету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап береді.
Зерттеудің болжамы – педагогика ғылымындағы өзекті мәселенің теориялық және практикалық жағын талдау негізінде шешімін алдын ала болжау. Зерттеуші болжамында жаңаны алдын ала көре алатындай болуы керек. Зерттеу болжамы егер…, онда…, өйткені… деген ұғымдармен байланысып құрылады.
Жоғарыда аталған ғылыми жұмыстың компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажет. Зерттеу аппараты дұрыс құрылмаған жағдайда, дұрыс ғылыми нәтиже алынбайды.
Достарыңызбен бөлісу: |