Ирек пішінді микроорганизмдер. Ирек пішінді микроорганизмдерді олардың
ұзындығы, диаметрі және иірімдерінің санына байланысты анықтайды. Вибриондар – үтір
тәріздес иілген, денесінде жалғыз жіпшесі болады. Спириллалар – 3-5 ірі шиыршықтары
бар микроорганизм, олар жіпшелерінің көмегімен қозғалады. Спирохеталар – серіппе
пішінді прокариотты микробтардың өкілдері. Олардың жасуша қабырғасы мен сыртқы
мембрананың ортасында аксиальды микрофибриллалар орналасқан. Олар цитоплазмалық
цилиндрді орай отыра жасушаның ұштарына бекітілген. Аталмыш жіпшелердің
жиырылуы спирохеталардың қозғалуын туғызады. Өзінің құрылысына байланысты
спирохеталар айналмалы, үдемелі және бұрылмалы қозғалыста болады. Олар бактериялар
мен қарапайымдардың арасынан орын алады (4-сурет).
Микобактериялар – таяқша тәріздес, тармақтала өсуге қабілеті бар микроорганизм
(туберкулез, паратуберкулез қоздырғыштары). Коринебактериялар – микобактерияларға
ұқсас, бірақ бір ұшы жуан, цитоплазмасында түйіршігі бар микроб (дифтерия таяқшасы).
Жіпше тәрізді бактериялар – көп жасушалы, жіпке ұқсас болып келеді.
Миксобактериялар – пішіні таяқшаға немесе ұршыққа ұқсас келген микроб.
Простекобактериялар – үш бұрышты немесе өзгеше пішінді, кейбір түрлері сәулелі
симметриялы, шошайған өсінділері (простек) бар болып келеді. Олар бөліну немесе
бүршіктену арқылы көбейеді. Пішіні үш бұрышты бактериялардың бір ұшында бүршік
пайда болады да, аналық жасушаның көлеміне жеткеннен кейін бөлініп кетеді.
Простекобактериялар әдетте жылжымайды, ал жылжымалылары айналмалы қозғалыста
болады. Спора түзбейді, Грам тәсілімен боялмайды, картоп қосылған агарда, +28°С
температурада өседі.
Достарыңызбен бөлісу: |