Дәріс. Пәннің мақсаты және педагогтың әдіснамалық мәдениеті



бет42/44
Дата05.05.2023
өлшемі163,97 Kb.
#90704
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44
Әдебиеттер:
1.Білім беру зерттеулеріне кіріспе: теория, әдістер және тәжірибелер. Монография / Аида Сағынтаева, Әсел Қамбатырова, Лаура Қарабасова, Гүлмира Қанай, Айнұр Әлмұхамбетова – Нұр-Сұлтан: Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебі, 2022 – 232 б.


14 ДӘРІС. БІЛІМ БЕРУ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ӘДЕП МӘСЕЛЕЛЕРІ
Адамдардың, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жүргізілетін эмпирикалық зерттеулердің дамуына байланысты, білім беру зерттеулерін ұйымдастыруда әдеп мәселесі маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Зерттеу әдебі зерттеуді жоспарлап, жүргізуді және оның орындалуын түгел қарастырады (Burgess, 2005). Бұл тұста «білім беру зерттеулері» түсінігі адамдар жүйелі түрде тартылып отыратын білім беру саласындағы кез келген зерттеуді қамтиды. Сонымен, әдеп мәселесі ғылыми журналдарда жариялауға жоспарланған эмпирикалық зерттеулерде де, студенттердің диплом жұмысы мен магистрант, докторанттардың диссертацияларында да туындап отырады.
«Әдеп» ұғымының екі негізгі мағынасы бар екенін атап өткен жөн. Олар: 1) «адамгершілік, оның дамуы, принциптері, нормалары және қоғамдағы рөлі туралы философиялық ілім» және 2) «мінез-құлық нормаларының жиынтығы (әдетте қандай да бір әлеуметтік топқа қатысты қолданылады, мәселен парламент әдебі, дәрігер әдебі, ғалым әдебі)» (С.И. Ожегов, 1990). Мағынаның екеуі табиғаты жағынан өзара байланысты болып келеді. Горовитц атап өткендей, «әдеп – дұрыс не бұрыс әрекеттердің жиынтығы ғана емес, керісінше, адамгершілік ойлаудың ұстанымдары мен сапасына қатысты категория» (Gorovitz, 1991, 23-б.). Бұл тарауда біз «зерттеу әдебі» ұғымының тарихи, философиялық және әдіснамалық қырларын білім беру зерттеулері мәнмәтінінде қарастырамыз.
Әлеуметтік және білім беру зерттеулеріндегі зерттеу әдебін қарастыруда отандық және шетелдік танымал ғалымдардың ғылыми еңбектеріне сүйене отырып, зерттеу әдебі саласындағы басты ұғымдарды, негізгі ұстанымдар мен мәселелерді ашуға тырысамыз.
Өз ғылыми зерттеулерін білім беру зерттеулеріндегі әдептің философиялық және әдіснамалық негіздеріне арнаған Хаммерсли мен Трайаноу да (Hammersley & Traianou, 2012) «әдеп» сөзінің кемінде екі түрлі мағынаға ие болуы мүмкін екенін мойындайды. Ол, бір жағынан, «ненің жақсы немесе дұрыс екенін, оны қалай анықтау керектігін қарастыруға қатысты зерттеу саласы» дегенді танытады. Аталмыш түсінікке сәйкес, «әлеуметтік зерттеу әдебі» зерттеушілердің не істеуге болатынын/болмайтынын, оны қалай шешу қажеттігін зерттеуді білдіреді» (Hammersley & Traianou, 2012, 16-б.). Екінші жағынан, әдеп дегеніміз – «ненің жақсы, дұрыс екенін көрсететін не болмаса ненің жаман, бұрыс екенін анықтауға мүмкіндік беретін принциптер жиынтығы». Бұл принциптер белгілі бір салаға тән (мысалы, медициналық немесе медиа әдебі) немесе белгілі бір көзқарасқа негізделген (мысалы, либерал, мұсылман немесе христиан әдебі) жалпы сипатта келуі мүмкін. Осының негізінде «әлеуметтік зерттеу әдебі» тіркесі «әлеуметтік зерттеу жүргізу барысында ескерілуі тиіс әдеп принциптерінің жиынтығы» немесе «әлеуметтік зерттеушілер ұстанатын әдеп принциптерінің жиынтығы» дегенді білдіреді (Hammersley & Traianou, 2012, 16-17 бб.).
Хаммерсли мен Трайаноу «әдеп» ұғымын «адамгершілік» ұғымымен синонимдес қарайды. Ненің «әдепті», ненің «әдепсіз» екендігі туралы ой-пікірлер адамдардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулерге қатысты нақты жағдайда адамгершілік пайымдауларға негізделеді (Hammersley & Traianou, 2012).
Білім беру саласындағы зерттеулерге келетін болсақ, Коэн мен оның телавторлары (Cohen et al., 2011) әдеп мәселесіне қатысты бірқатар ықтимал мәселелерді атап көрсеткенін айта кеткен жөн: 1) зерттеу пәнін таңдау және зерттеудің өзіндік сипаты (мәселен, мектептегі білім берудің гендерлік аспектісі немесе оқушылардың оқу үлгеріміндегі этникалық айырмашылықтар);
2) зерттеу әдістерін таңдау (мысалы, зерттеуге қатысушылардан сұхбат алу);
3) зерттеу мазмұны (кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған мекемелер);
4) деректерді жинау үдерісі (мысалы, сұхбат зерттеуге қатысушылар арасында айтарлықтай алаңдаушылық тудыруы мүмкін);
5) зерттеуге қатысушылардың өзіндік болмысы (өздерін эмоционалды тұрғыдан жайсыз сезінетін жасөспірімдер);
6) жиналған дерек түрі (жеке және құпия ақпарат); 7) алынған деректермен не істеу керек деген мәселе (қатысушылардың кәсіби беделін немесе мәртебесін түсіру салдарынан зиян келтіруі мүмкін зерттеулерді жариялау қаупі);
8) алынған деректерді түсіндіріп, рәсімдеу мәселесі (мысалы, қатысушылардан алынған мәліметтер (саналы немесе бейсаналы түрде) бұрмаланған жағдайда деректерді талдап, зерттеу мәтінін жазу» (Oliver, 2003, Cohen et al., 2011).
Зерттеу әдебінің тарихи қырлары.
Кез келген ғылыми пән секілді зерттеу әдебі де тұрақты даму үстінде болады. Зерттеу әдебінің негіздері мен принциптері тарихи тұрғыдан әскери қылмыстар мен әдеп нормасының өрескел бұзылуына қатысты оқиғаларға жауап ретінде қалыптасқан. Биоәдеп саласының маманы Кэрол Левин айтқандай, зерттеу әдебі «дау-дамай кезінде туған» (Levin, 1988). Бұл бөлімде зерттеу әдебінің әлеуметтік ғылымдардың дербес саласы ретінде қалыптасуында тарихи маңызды рөл атқарған екі құжатты қарастырамыз.
Нюрнберг кодексі Адамдардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулердегі әдеп мәселесі алғаш рет медицина саласында қалыптасқан. Зерттеу әдебі мәселесі Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін нацистік дәрігерлердің Нюрнберг сотынан кейін өзектілігін таныта бастады (Нюрнберг қ., Германия, 1947). Концлагерь тұтқындарын өлтіргені және олардың келісімінсіз зерттеу нысаны ретінде пайдаланған адамгершілікке жатпайтын әрекеттері үшін нацисттік дәрігерлер мен ғалымдар сотқа тартылды. Нюрнберг үдерісінің нәтижесінде кодекс әзірленді. Ол медицина саласындағы зерттеулерге қатысушылардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталды. Аталмыш кодекс «Нюрнберг кодексі» деп аталды.
Нюрнберг кодексінде медициналық эксперименттер мен медициналық тәжірибе жүргізу үшін бекітілген 10 принцип бар. Зерттеу әдебі тарихындағы алғаш рет орын алған Нюрнберг кодексі принциптерін әзірлеу идеясы адамдардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулерге байланысты адамгершілік, әдеп және заң мәселелерін қарастырудан туды. Аталмыш кодекс кейіннен адамдардың қатысуымен медициналық эксперимент жүргізудің әдеп нормалары мен стандарттарын әзірлеуге негіз болды. Бүгінде Нюрнберг кодексінің принциптері медициналық әдеп кодекстеріне дейін кеңейтілді24. Атап айтқанда, ол адамдардың қатысуымен жүргізілетін медициналық эксперименттерде көптеген халықаралық және ұлттық заңнамалық актілерге негіз болды. 1964 жылы Нюрнберг кодексінің негізінде Хельсинки декларациясы қабылданды. Ол медициналық зерттеулердің халықаралық деңгейдегі әдеп ережелерін бекітті.
Нюрнберг кодексінің көптеген принципі өзге де ғылым салаларында, оның ішінде әлеуметтік ғылымдарда да әдеп кодекстерін әзірлеуге негіз болды. Нюрнберг кодексі прициптерінің ішінде заманауи әдеп кодекстерінің және адамдардың қатысуымен жүргізілетін зерттеу ережелерінің құрамдас бөлігі болып табылатын басты үш принципті бөліп көрсету керек, олар: 1) ерікті келісім; 2) зерттеу пайдасы мен тәуекелдің арақатысын талдау және 3) келешектегі салдарын ескермей зерттеуге қатысудан бас тарту құқығы (7.1-суретті қараңыз). Нюрнберг кодексінің аталған үш принципі нені білдіреді? Толығырақ қарастырайық.
Нюрнберг кодексінің үш негізгі принципі: Зерттеуге өз еркімен қатысуға келісу; Келешектегі салдарын ескермей зерттеуге қатысудан бас тарту құқығы;
Зерттеу пайдасы мен тәуекелдің арақатысын талдау
Зерттеуге өз еркімен қатысуға келісу
Адамдарды эмпирикалық зерттеулерге тартудың ең алғашқы қажетті шарты олардың өз еркімен қатысуға келісім беруі болып табылады. Бұл әлеуетті қатысушының зерттеуге қатысуға немесе қатыспауға заңды құқығы болуы керек дегенді білдіреді. Оған қандай да бір күштің, алаяқтықтың, алдап-арбаудың, ашық немесе жасырын мәжбүрлеудің араласуынсыз таңдау еркіндігіне мүмкіндік беру қажет. Зерттеуге саналы түрде қатысу үшін әлеуетті қатысушының зерттеу бағытын терең түсініп, оны жүргізудің әдістерін жеткілікті тануы, сондай-ақ денсаулығына кері әсер ететін ықтимал физикалық немесе психикалық жайсыздықтар мен қауіптердің салдарын білуі қажет (Нюрнберг кодексі, 1949; Shuster, 1997).
Зерттеуге қатысу не қатыспау жөніндегі ерікті шешім ақпаратты келісімнің басты шарты болып табылады. «Ақпаратты келісім» ұғымы «зерттеуге қатысу туралы шешімдеріне әсер етуі мүмкін деректерден хабардар болғаннан кейін адамдардың зерттеуге қатысу-қатыспау туралы шешім қабылдайтын үдерісі» болып табылады (Diener & Crandall, 1978, 57-б.).
Ақпаратты келісім туралы толыққанды ақпарат 7.2-бөлімінде беріледі. Зерттеуге өз еркімен қатысу принципіне сәйкес әлеуетті қатысушыларға ықтимал тәуекел туралы толық ақпаратты зерттеуші өкілі не болмаса басқа қызметкерлер емес, зерттеушінің тікелей өзі беруі тиіс. Өз еркімен келісу жайында Нюрнберг кодексінде атап өтілгендей, «дұрыс жасалған келісім зерттеуге бастамашы болып, жетекшілік ететін немесе оны жүргізуге қатысатын әркімнің өз еркінде» деуге болады (Нюрнберг кодексі, 1949, 1-б.). Сонымен, зерттеуге өз еркімен қатысу немесе одан бас тарту зерттеушінің жеке міндеті әрі жауапкершілігі болып есептеледі. Зерттеу пайдасы мен тәуекелінің арақатысын талдау Нюрнберг кодексінің аталмыш принципінде: «қабылданатын тәуекел дәрежесі эксперимент барысында шешілетін мәселелердің гуманитарлық маңыздылығы жағынан мүлдем аспауы қажет» (Nuremberg Code, 1949), – деп көрсетілген. Басқаша айтқанда, зерттеуші ретінде сіз зерттеуге қатысушыларға зиян келтіру қаупін барынша азайтып, зерттеудің нәтижесінде туатын пайданың зерттеуге қатысудың кез келген өзге де тәуекелінен асып түсетініне көз жеткізуіңіз керек.
Тәуекел дегеніміз не? Зерттеу әдебінде тәуекел деп қандай да бір зиян келтіру ықтималдығын түсінеміз. Бұл тұрғыда «минималды тәуекел» түсінігін атап өту қажет. Әдетте білім беру зерттеулері мәнмәтінінде зерттеулерге қатысудан келетін қауіп адамдардың күнделікті өмірінде ұшырасатын қауіптен аспауы тиіс. Мысалы, психологиялық тест тапсыру, белгілі бір тақырып бойынша әңгімеге қатысу деген секілді. Басқаша айтқанда, минималды тәуекел «зерттеу барысында күтілетін зиянның не қолайсыз жағдайдың ықтималдығы күнделікті өмірде не болмаса әдеттегі физикалық не психологиялық тексерістерде, тест орындау кезінде жиі кездесетін зиянды немесе қолайсыз жағдайлардан артық емес екенін білдіреді» (National Science and Technology Group, 2008, 4-б.).
«Минималды тәуекел» түсінігі зерттеуге қатысушыларға келуі мүмкін зиянды тәуекелдерді қарастырудың негізі болады. Дей тұрғанмен, адамдар қатысатын бірде-бір зерттеу тәуекелсіз болмайтынынын үнемі есте ұстаған жөн. Ғылыми зерттеулердің институционал- дық әдеп комитеттері зерттеу барысында зерттеушілер ұсынатын әртүрлі болуы мүмкін зиянның қаупін қарастыруды талап етеді. Зерттеу пайдасы мен тәуекелінің арасындағы байланысты талдау принципі зерттеу әдебінің жағдаяттық сипатын танытады. Адамдардың қатысуымен жүргізілетін зерттеулерге қатысты зерттеу жұмысын ұйымдастырушылар нақты да болжалды жағдаят ұсынып, зерттеу тиімділігінің ықтимал түсініктерін талқылау арқылы түрлі жағдайда зиянды деп қарастырылуы мүмкін жайттарды талдап, бағалауы қажет (Cohen et al., 2011). Адамдарды білім беру зерттеулеріне тарту тұрғысынан алғанда «зиян» ұғымы нені білдіреді? Мұнда тек зерттеуге қатысушыларға келуі мүмкін физикалық және/немесе психологиялық зиян мен эмоциялық жайсыздық қана туралы емес, сондай-ақ олардың беделі мен кәсібилігіне кері ықпал ететін зиян жайында да сөз қозғалады. Мәселен, егер сіз мектептердегі қорқыту (буллинг) мәселесі жайлы зерттеп жүрсеңіз, қатысушыларға білім алушылардың (кәмелетке толмағандардың зерттеуге қатысуы кезінде) немесе мектеп қызметкерлерінің (ересектердің зерттеуге қатысуы кезінде) тарапынан көрген қорқытуды басынан қайта өткеруі өте қиын болуы мүмкін екенін ескеруіңіз қажет. Қатысушыларға психологиялық зақым келтірмес үшін зерттеуші ақпаратты келісім жағдайында ықтимал тәуекелді алдын ала көрсетуі керек немесе олардың аталған зерттеуге қатыстырмауы қажет (Cohen et al., 2011).
Ықтимал зиян түрлерін 7.1.2-бөлімшесінде толығырақ қарастырамыз. Келешектегі салдарын ескермей тұрып, зерттеуге қатысудан бас тарту құқығы «Келешектегі салдарын ескермей тұрып, зерттеуге қатысудан бас тарту құқығы» принципі әлеуетті қатысушының зерттеуге қатысу/қатыспауы турасындағы өзін-өзі танып, шешімді өзі шығару құқығының маңыздылығын танытады. Өзін-өзі тану қатысушылардың зерттеуге қатысу тәуекелі мен пайдасын салыстыра қарауға және оған қатысу/қатыспауды өздері шешуге құқылы болуын талап етеді (Cohen et al., 2011; Howe & Moses, 1999). Оның үстіне әлеуетті қатысушы зерттеудің кез келген кезеңінде зерттеуге қатысуды тоқтатуға құқылы. Жеке тұлғаның зерттеуге қатыспау
немесе одан бас тарту жөніндегі шешімі оның әлеуметтік немесе кәсіби мәртебесіне кері ықпал етпеуі керек. Мысалы, егер мектеп мұғалімі сіздің зерттеуіңіздің әлеуетті қатысушысы ретінде сіз берген барлық ақпаратты ауызша және жазбаша қарастырып, қандай да бір жеке себептерге байланысты зерттеуге қатыспауды шешсе, онда мұғалімнің бұл шешімі оның болашақ қызметіне немесе кәсіби мәртебесіне кері ықпал етпеуі тиіс. 7
Белмонт баяндамасы: әдептің үш принципі 1979 жылы әзірленген Белмонт баяндамасы (Belmont Report) әлеуметтік ғылымдардағы, оның ішінде білім беру зерттеу әдебінің дамуындағы екінші тарихи маңызды құжат болып табылады. Есеп авторлары – «АҚШ-тың биомедициналық және мінез-құлық зерттеулерінің адам субъектілерін қорғау жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері» (US National Commission for the Protection of Human Subjects of Biomedical and Behaviorial Research). 1978 жылы АҚШ Конгресінің тапсырмасымен құрылған бұл комиссия 11 адамнан (негізінен Америка университеттерінің өкілдерінен) құралды және АҚШ «Ұлттық зерттеу заңы» (National Research Act) негізінде жұмыс істеді. Белмонт баяндамасы25 Комиссияның талқылау барысында анықтаған негізгі әдеп принциптерін жалпылама қорытындылауға тырысты. Нәтижесінде адамдардың қатысуымен зерттеу жүргізудегі әдептің үш принципі Белмонт баяндамасына негізделді, олар: жеке тұлғаны құрметтеу принципі (шешім қабылдаудағы әлеуетті қатысушы тұлғасының дербестігін мойындау), қамқорлық принципі (зерттеу жұмысынан пайда келтіре отырып, зерттеуге қатысушыларға зиян келтіруді азайту) және әділдік принципі (зерттеуге қатысудың пайдасы мен тәуекелдерін әділ, дұрыс бөлу, зерттеуге қатысушыларды әділ жолмен таңдау)
Белмонт баяндамасының үш негізгі принципі: Жеке тұлғаны құрметтеу принципі, Қамқорлық принципі, Әділдік принципі.
Белмонт баяндамасының әдеп принциптері 1970 жылдары Нюрнберг кодексі негізінде жасалған бірқатар әдеп кодексінің жауабы болып табылады. Баяндама авторларының пікірінше, бұл кодекс принциптері бір-біріне қайшы келді. Сол себепті тәжірибеде қолданғанда оларды түсіндіру қиын болды. Белмонт баяндамасының авторлары көптеген әдеп принципінің сәйкес келмеуі мен күрделілігіне байланысты адамдардың қатысуымен жүргізілетін кез келген зерттеуде ұстануға тиісті үш принципті ғана тұжырымдаған. Бұл үш принциптің басты белгілері ықшамдық пен жалпылық болып табылады. Зерттеу әдебінің одан әрі дамуындағы Белмонт баяндамасының маңыздылығы туралы баяндама авторларының ұстанымы мен мақсатын танытатын мына сөздерін келтіре кетуге болады: «Әдеп принциптерінің кең ауқымдылығы жекелеген ережелерді тұжырымдап, оларды сыни тұрғыдан талдап, түсіндіріп береді. Аталған құжат адамның зерттеуге қатысуына байланысты үш принципті немесе жалпы прескриптивті мәлімдемені айқындайды. Өзге принциптер де тиімді болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл үш принцип қысқа түрде болып келеді. Ол ғалымдарға, зерттеуге қатысушыларға, әдеп комитеті мүшелеріне, сондай-ақ адамның қа тысуымен жүргізілетін зерттеулердегі әдеп мәселелерін түсінуге мүдделі азаматтарға көмектеседі». Енді аталған әдеп принциптерін толығырақ қарастырайық. Жеке тұлғаны құрметтеу принципі Аталмыш принциптің негізгі бағыты – зерттеудің әлеуетті қатысушының дербестігі (тәуелсіздігі). Белмонт баяндамасына сәйкес, тәуелсіз тұлға – «жеке мақсаттары жөнінде ойлануға және өз көзқарастарына сәйкес әрекет етуге қабілетті жеке тұлға» (Belmont Report, 1979, 4-б.). Бұл әдеп принципінің мәні екі талапты сақтауға негізделген: 1) әлеуетті қатысушы тұлғасының дербестігін тану және 2) дербестігі шектеулі адамдарды, яғни әртүрлі жағдайға байланысты зерттеуге қатысуды өз еркімен шеше алмайтын тұлғаларды қорғау. Шешімді өзі қабылдай алмайтын адамдардың категориясы «қауқарсыз адам» деп аталады. Қауқарсыз адам деп физикалық, психологиялық және/немесе әлеуметтік тәуекелдің жоғары болуының салдарынан зерттеуге қатысуға толық келісім бере алмайтын кез келген тұлғаны атауға болады. Олар белгілі бір жастағы адамдар (балалар, кәмелетке толмағандар), ерекше психикалық қабілеті бар адамдар, психикалық немесе физикалық денсаулығы сыртқы факторларға тәуелді науқастар, белгілі бір әлеуметтік топқа жататын адамдар (мысалы, панасыздар, түрмеде отырғандар) және өзге де адамдар (мәселен, аяғы ауыр әйелдер) болуы мүмкін. Сол себепті зерттеу жүргізу барысында әлеуетті қатысушылардың қажеттілігін ескеріп отыру қажет және олардың зерттеуге қатысуға толық келісім беруіне қатысты туындауы мүмкін ықтимал проблемаларды да есте ұстаған жөн. Принцип сипаттамасында атап өтілгендей, «жеке тұлғаның ерік қабілеті өмір бойы жетілдіріліп отырады, ал кейбір адамдар түрлі ауруға, психикалық ауытқуларға немесе тәуелсіз өмір сүруге кедергі келтіретін жағдайларға байланысты бұл қабілеттен толықтай немесе ішінара айырылып қалады» (Belmont Report, 1979, 4-б.). Осыған байланысты, жеке тұлғаны құрметтеу принципінде мынадай мәселеге мән берілуі тиіс: бір жағынан, зерттеушілер қауқарсыз адамның зерттеуге қатысуына теңдей мүмкіндік берілгеніне көз жеткізу керек, екінші жағынан, қауқарсыз адамның (зерттеуге қатысу/қатыспауы жөнінде) шешім қабылдауына сыртқы ықпалдың әсер ету қаупі бар (мысалы, медицина қызметкерлері өздерінің кәсіби беделіне, үстемдігіне немесе ғылыми деректеріне сүйене отырып, аяғы ауыр әйелдерді зерттеуге қатысуға көндіре алады). Белмонт баяндамасында түрмеде отырғандар туралы мысал келтіріледі. Бір қарағанда, түрмеде отырғандар зерттеуге өз еркімен қатысатын сықылды көрінуі мүмкін. Дегенмен оларды зерттеуге қатысуға жасырын түрде мәжбүрлеу қаупі бар. Мәселенің мәнісі қауқарсыз адамдарға «еріктілікке» рұқсат беруде немесе «оларды қорғауда» (Belmont Report, 1979, 5-б.). Зерттеушілер жеке тұлғаны құрметтеу принципінде ұсынылған бәсекелес көзқарастардың тепе-теңдігін ескеруі керек (Belmont Report, 1979). Қамқорлық принципі Қамқорлық принципі мынадай екі ережені міндетті түрде сақтауға негізделген: 1) зиян келтірмеу және 2) пайданы барынша арттырып, зиянды мүмкіндігінше азайту (Belmont Report, 1979). Аталған принцип зерттеу әдебінің деонтологиялық қырына ерекше мән береді. Гиппократтың медицина әдебінде жақсы таныс «зиян келтірмеу» ережесі ғылымның басқа салаларына, соның ішінде әлеуметтік пәндерге де таралып жатыр. Зерттеуге қатысушыларға қамқорлық жасау және кездесуі мүмкін зиян қаупін барынша анықтау зерттеуді ұйымдастырушының тікелей міндеті болып табылады.
«Сапалық зерттеу әдебі: қайшылықтары мен мазмұны» кітабының авторлары Хаммерсли мен Трайаноу зерттеушінің жауапкершілігін анықтау үшін білім беру зерттеулерінде сақталуы тиіс үш маңызды шартты атап көрсетеді. Олардың көзқарасынша, зерттеуші зиян келтіруі мүмкін әрекеттерден аулақ болу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы керек, оның салдарын дұрыс болжап, нәтиженің қаупін барынша азайту үшін сақтық шараларын ұстануы қажет (Hammersley & Traianou, 2012). Зерттеудің барлығында да зиян келтіру қаупі болады.
Әдетте ықтимал тәуекелдерді қарастыру кезінде алдын ала қарастырылуы тиіс зиянның бес түрі кездеседі, олар: 1) психологиялық зақым; 2) физикалық зақым; 3) құқықтық зиян; 4) әлеуметтік зиян және 5) экономикалық зиян. 7.1-кестеде зиян категорияларына қатысты тәуекелдерді қарастыру барысындағы пайдалы зерттеу сұрақтары ұсынылады.

Зиян түрлері және оның түрлерінің зияндылық тәуекелін қарастыруға арналған сұрақтар (Зақымдану қаупін азайту, Australian National University, 2022)

Зиян түрлері

Зиянның түрлерінің тәуекелін қарастыруға арналған сұрақтар

Психологиялық зақым

Зерттеу пайдасыздық, күйзеліс, ашу немесе қорқыныш секілді психологиялық зақым келтіру қаупімен байланысты ма?

Физикалық зақым

Физикалық зақым Зерттеу жарақаттану, өзін ауру сезіну немесе ауырсыну (кемсіту, қулық жасау немесе кез келген басқа да құрметтемеушілік немесе әділетсіз қарым-қатынас нәтижесінде) секілді физикалық зақымдану қаупімен байланысты ма?

Құқықтық зиян

Зерттеу қатысушыларды әлеуетті сот ісіне тартуға немесе адамдарды сотқа беру қаупін тудыруы мүмкін бе?

Әлеуметтік зиян

Әлеуметтік зиян Зерттеу жеке тұлғалық қарым-қатынасқа айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін бе? Мәселен, зерттеуге қатысушылар мен олардың отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасқа зиян келтіруі мүмкін бе?

Экономикалық зиян

Зерттеуге қатысу қатысушыларға тікелей немесе жанама шығындар тұрғысынан зиян келтіруі мүмкін бе? Мәселен, кәсіби беделін, нарықтағы ұстанымын, медициналық сақтандыруын немесе жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін бе?

Зерттеуші өзінің зерттеуіне зияны тиюі мүмкін тәуекелдерді азайтуға және оны негіздеуге ұмтылуы тиіс. Ол әдеп мәселелеріне қатысты құжаттарды толтыру кезінде аталған тәуекелдер мен оларды қалай басқаруға болатынын мұқият қарастыруы қажет (Зақымдану қаупін азайту, Australian National University, 2022).


Қамқорлық принципін сақтау үшін әрбір зерттеуші өз-өзіне: «Менің зерттеу жұмысым кімдерге пайдалы болмақ?» деген сұрақ қоюы керек. Егер зерттеу тек зерттеушінің өзі үшін ғана пайда келтіретін болса (мысалы, деректер жинау түрінде), онда мұндай зерттеу әдепке жатпайды, ал зерттеуші өзімшілдік көзқарас таныта отырып, қамқорлық принципін бұзған болып есептеледі. Коэн мен оның телавторлары (Cohen et al., 2011) атап өткендей, зерттеуге қатысушыларға немесе олардың қауымдастығына пайда әкелуге деген ұмтылыс «зерттеушілерден зерттеуге қатысушыларға субъект ретінде ғана қарамай («зерттеуге арналған жем» деп аталатын зерттеу құралының нысаны ретінде емес), олардың бойында өзіне деген құрмет сезімін оятуды талап етеді. Адамдарға құрметпен қарауға болады, дегенмен зерттеу ол адамдардың өмірі үшін айтарлықтай маңызды болмауы мүмкін» (86-б.).
Коэн мен оның телавторлары (Cohen et al., 2011) қамқорлық принципінің мысалы ретінде мынадай жайтты ұсынады. Мәселен, зерттеуші ұзақ уақыт бойы мектепке барып жүріп, мұғалімдер арасында сұхбат, сауалнама жүргізу арқылы деректер жинайды делік. Бұл жағдайда зерттеуші тек деректер жинап қана қоймай, көзқарастары мен тәжірибесі зерттелетін адамдардың өмірін жақсартуға міндетті ме? Бұлай жасау, әрине, адамгершілікке, шынайы сыйластыққа жатпаған болар еді (Cohen et al., 2011). Зерттеу адамдардың проблемасын шешу үшін жүргізіле ме, әлде олардың жағдайлары туралы ма? Аталмыш мәселе зерттеу әдебін сақтауда шиеленіс тудырады. Коэн және оның телавторлары атап өткендей, біз «зерттеу жұмысы зерттеушінің өзіне ғана емес, оған қатысушыларға, сондай-ақ жалпы қауымға не береді?» деген сұраққа нақты жауап беруіміз керек (Cohen et al., 2011, 86-б.). Сонымен қатар қамқорлық принципінің рөлі үнемі біржақты бола бермейді. Қатысушыларға тікелей пайда әкелмейтін тәуекелдігі шамалы зерттеулер де кездеседі. Бұл әдеп мәселесі зерттеу жұмысына балаларды тартқанда тіпті күрделене түседі.
Белмонт баяндамасы авторларының айтуынша, кейбір зерттеу әдебінің сарапшылары «мұндай зерттеулерге жол берілмейді» деп дәлелдесе, ал өзгелері «бұл шектеу болашақта балаларға зор пайда әкелетін бірқатар зерттеулерді жоққа шығарады» деп көрсетеді (Belmont Report, 1979, 5-б.). Осылайша, қамқорлық принципіне қатысты жасалған түрлі болжам өзара қайшы келіп, зерттеушіні таңдау жасауда тығырыққа тіреуі мүмкін. Зерттеу пайдасы мен тәуекелінің арақатысын талдау принципін сақтау кезіндегі секілді (7.1.1-бөлімшені қараңыз) қамқорлық принципі де зерттеу әдебінің жағдаяттық сипатын көрсетеді. Британдық білім беруді зерттеу қауымдастығы (British Educational Research Association, BERA) зерттеушілердің шешімі қиын қайшылықтарды шешу қажеттігін мойындай отырып, пайда үлесін барынша арттырып, қандай да бір орын алатын тәуекелді азайтуға тырысуға міндетті екендігін атап өтеді (British Educational Research Association, 2018). BERA зерттеушінің зерттеуге қатысушылар алдындағы жауапкершілігін баса көрсете отырып, «кейде өзге де пайда, табысқа немесе мақсатқа қол жеткізу үшін қатысушылардың кейбір артықшылықтарын азайтуға болады (BERA, 2018, 8-б.) – дейді. Бұл тұрғыдан алғанда, қатысушының жеке тұлғаға тигізетін тікелей пайдасы мен білім алып жүрген, жұмыс істейтін немесе жалпы қоғамға тигізетін жанама пайдасы анықталуы керек.
Мектептердегі қорқыту мәселесін зерттеу мысалына қайта оралсақ (7.1.1-бөлімшені қараңыз), қатысушыларға (балаларға) бөгде оқушылардың тарапынан болатын қорқыту жайттарын қайта басынан өткізу ауыр тигенімен, зерттеу нәтижелері мектептердегі қорқыту жайттарын одан әрі болдырмауды жою арқылы жалпы мектеп қауымдастығына пайда әкелуі мүмкін
Әділдік принципі Әділдік принципін сақтау үшін зерттеуші өзінен: «Зерттеудің пайдасын кім көреді, ал оның ауыртпалығын кім көтеруі керек?» деп сұрауы керек (Belmont Report, 1979, 5-б.). Аталмыш принципті «бөлу кезіндегі әділдік» және «еңбекке қатысты әділдік» сынды екі аспектіде қарастыруға болады. Зерттеу әдебінің бұл принципін талдамас бұрын, оны адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас мәнмәтінінде қысқаша қарастырайық. Өйткені әділдік принципі, ең алдымен, әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын анықтаудың әмбебап өлшемі болып табылады (Сомкин, 2016).
Әділдік принципінің негізін салушы – Аристотель. Оның пікірінше, әділдік принципі «теңге – тең, тең емеске – тең емес» дегенді білдіреді. Заманауи түсіндірмеде бұл принцип былайша көрсетіледі: «адамдар өзі қатысып отырған жағдайға байланысты» мінез-құлқымен, қасиетімен ерекшеленбесе, олардың бәріне бірдей қарау керек (Velasquez et al., 2014, 6-б.).
Мәселен, ер жігіт пен қыз баласы бірдей жұмыс істеп, олардың арасында немесе атқаратын жұмысында айтарлықтай айырмашылық болмаса, әділдік үшін оларға еңбекақы бірдей төленуі керек. Ал егер ер жігітке ер адам немесе еуропалық болғандықтан ғана қыз баласына қарағанда көбірек төленетін болса, онда әділетсіздікпен күресуге тура келеді. Себебі қалыпты жұмыс жағдайында нәсіл мен жыныстың ешқандай артықшылығы жоқ (Velasquez et al., 2014, 6-б.). Дегенмен адамдардың арасындағы қарым-қатынастың әртүрлілігіне қатысты негізделген өлшемдер бойынша көптеген жағдайлар орын алады.
Веласкес пен оның телавторлары атап өткендей, «театр кассасында кезекте кім бірінші тұрса, билетті бірінші сол адамның таңдауы тиіс деп ойлаймыз; үкіметтің жәрдемақыны бай азаматтарға емес, мұқтаж жандарға беруі әділетті деп санаймыз; жазаны ешқандай тәртіп бұзбағандарға емес, қандай да бір тәртіпсіздік жасағандарға қолданған дұрыс деп ойлаймыз; сонымен қатар жоба жұмысына анағұрлым күш жұмсаған немесе көбірек үлес қосқандар өзгелерге қарағанда жобадан көбірек пайда табатынын әділетті деп санаймыз» (Velasquez et al., 2014, 7-б.). Осылайша, әділдік принципін сақтау барысында адамдармен дифференциалды қарым-қатынас жасаудың түрлі өлшемдерін (мысалы, қажеттілігі, сіңірген еңбегі, қосқан үлесі және жұмсаған күш-жігері) мойындауымыз керек.
«Бөлу кезіндегі әділдік» және «еңбекке қатысты әділдік» аспектілерін сақтау барысында зерттеуші зерттеудің пайдасын барлық қатысушыларға тең бөлуге кепілдік беруі қажет. Әділдік принципі бұзылған жағдайда әділетсіздік туындайтыны анық. Белмонт баяндамасының авторлары атап өткендей, «әділетсіздік адамға берілуі тиіс кейбір жеңілдіктің белгісіз себептермен берілмеген жағдайда не болмаса әділетсіз түрде ауыртпалық түскен кезде орын алады» (Belmont Report, 1979, 5-б.).
Әділдік принципін бұзу жайттары зерттеуге қатысушыларды іріктеу кезінде туындайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, зерттеу әдебі «дау-дамай кезінде туған» (Levin, 1988). Белмонт баяндамасының авторлары әділдік қағидатын талқылау барысында Таскиги қаласында (Алабама штаты, АҚШ) мерез ауруын зерттеуде өрескел бұзушылықтардың орын алғандығын атап өтеді. 1932 жылы АҚШ Денсаулық сақтау қоғамдық қызметінің (PHS) зерттеушілері зерттеуге мерезбен ауырған 400-ге жуық қара нәсілді ер адамды тіркейді, өйткені зерттеудің мақсаты аурудың әсерін бақылау болған (Salganik, 2019). Белмонт баяндамасының авторлары аталған зерттеудегі зерттеу әдебі өрескел бұзылғандығына төмендегі мәліметтерді атап өтеді:
«АҚШ-та 1940 жылдары Таскиги университетінде (Tuskegee) мерез ауруын зерттеуде ауылдың кедей қара нәсілді адамдары қатыстырылады, олар ауруларды ем-домсыз зерттейді. Жоба жұмысын үздіксіз жүргізу үшін оған қатыстырылған ауру адамдар тиімді емдеуден тіпті зерттеуден кейін де айырылып қалған. Аталған зерттеудің тарихи сипатын қарастыра отырып, әділдік концепциясының адамдар қатысқан зерттеулер үшін қаншалықты маңызды екенін көруге болады» (Belmont Report, 1979, 6-б.). Зерттеу тобы неліктен Алабама штатының ауылдық жерінде тұратын қара нәсілді ер адамдарды таңдап алған? Бұдан Таскигиде мерез ауруын зерттеу АҚШ-тағы нәсілшілдік пен шектен тыс теңсіздік жағдайында өткенін байқауға болады (Salganik, 2019). Tаскиги зерттеуіне қатысушылар қауқарсыз адамдар болған еді (жеке тұлғаны құрметтеу принципін қараңыз). Олар этникалық аз нәсілден шыққан, мерезбен ауырған, жоғары білімдері болмаған және әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен болған.
Таскиги зерттеуіне қатысушылардың осы аталған сипаттары зерттеуді ұйымдастырушыларға оларды пайдаланып, зерттеуге қатысуды қабылдау/қабылдамау шешімін өздері шығаруға қолайлы болған. Сонымен, Таскигиде жүргізілген зерттеу жұмысын Белмонт баяндамасында бекітілген зерттеу әдебі принциптерін бұзудың мысалы деуге болады.
Бір қауымдастықтың өкілдерін зерттеу нәтижелерінің болашақтың пайдасы ретінде емес, зерттеу үдерісімен бірге жүретін күрделі нұсқаулықтарды орындау үшін зерттеуге тарту әділдік принципін бұзу болып табылады. Мысалы, зерттеуші қорқыту мәселелерін зерттеу барысында кейс ретінде бір мектепті таңдап алады, бірақ зерттеу жүргізілген мектепті қоспай, басқа мектептердегі қорқыту тәжірибесін азайту үшін зерттеу нәтижелерін кеңейтеді делік. Бұл жағдайда зерттеушінің әділдік принципін бұзатыны анық.
BERA атап өткендей, «зерттеушілер қатысушылардың бір тобына өзгелермен салыстырғанда ерекше басымдық беретін (немесе қолайлы деп есептелетін) зерттеу жоспарларын азайту үшін нақты қадам жасауы керек» (BERA, 2018, 20-б.). Мысалы, зерттеу тобының балалардың әл-ауқатын қарастыру мәселесінде географи-ялық жағдайына қарай ауыл мектептерін есепке алмай, тек қала мектептерін таңдап алуы зерттеуге қатысушыларды не ұйымдарды әділетсіз іріктеген деп тануға болады.
Рандомизацияланған бақыланатын зерттеулерді ұйымдастыру кезінде әділдік принципіне ерекше назар аудару керек. Экспериментті әзірлеу барысында зерттеу тобына қолжетімді, дегенмен бақылау тобына қолжетімсіз ықпалды қажетті әрі пайдалы деп санауға болады. Эксперимент ықпалының тиімділігі дәлелденсе, онда зерттеудің нәтижесі (ықпалы) зерттеу аяқталғаннан кейін бақылау тобына ұсынылуы керек (BERA, 2018). Сонымен, әділдік принципін сақтау мәселесі теңдік пен теңсіздіктің ақылға қонымды (Аристотель бойынша байланыстылық) үйлесімінен тұрады (Сомкин, 2016).
Әділдік принципін сақтау барысында Белмонт баяндамасының авторлары қиындық пен пайданы бөлудің қарапайым тәсілдерінің мынадай бірнеше тұжырымын келтіреді:
(1) әрбір адамға тең үлес беру, (2) әрбір адамға оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес бөлу, (3)) әрбір адамның жеке күш-жігеріне қарай бөлу, (4) әр адамның әлеуметтік үлесіне сәйкес бөлу және (5) әр адамның еңбегіне қарай бөлу» (Belmont Report, 1979, 5-б.).
2020 жылы Қазақстанда білім беру зерттеулері тарихында алғаш рет Білім беру саласындағы зерттеушілердің қазақстандық қоғамының (Kazakhstan Educational Research Association, KERA) әдеп кодексі құрылды. Оның авторлары «Зерттеушінің әдеп кодексін әзірлеу идеясының негізінде зерттеудегі адалдықты қамтамасыз етудің отандық жүйесін құру мәселесі жатқандығын, ондай жүйенің құрамдас бөліктері халықаралық тәжірибеде кең тараған зерттеулерді әдеп тұрғысынан реттеудің қағидаттары, нормалары мен тетіктері болып табылатындығын» атап көрсетеді (KERA, 2020, 4-б.). KERA әдеп кодексімен интернетте мемлекеттік және орыс тілдерінде толық танысуға болады.
Кодекс үш негізгі бөлімнен тұрады: 1) білім беру саласындағы зерттеушінің құндылықтары мен қағидаттары, 2) білім беру саласындағы зерттеушінің әдеп нормасы және 3) зерттеу жүргізетін ұйымдардың жауапкершілігі. Кодексте зерттеу әдебі саласында жиі қолданылатын терминдердің глоссарийі қамтылған. Әдеп қағидаттары мен әдеп кодексінің талаптарын сақтау зерттеушінің ғана емес, сондай-ақ зерттеуші жұмыс істейтін ұйымның да жауапкершілігі екенін атап өткен жөн. Қазақстан білім беру зерттеушілерінің әдеп кодексінің авторлары атап өткендей, «кодекс білім беру саласындағы зерттеушілердің зерттеуді әдептұрғысынан жүргізу жөніндегі міндеттерін ғана емес, сонымен қатар зерттеу жүргізілетін ұйым басшыларының қолайлы, ашық және шығармашылық зерттеу ортасы мен мәдениетін қалыптастырып, дамытудағы міндеттерін де нақтылап береді» (KERA, 2020, 18-б.).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет