Дәріс 7. Тақырыбы: Қазақ театры соғыстан кейінгі жылдарда
Мақсаты: Ұлы Отан соғысынан кейінгі театр өнеріндегі шығармашылық бағытқа назар аудару. Жеңістің алғашқы жылдарында жазылған және сахналанған пьесалар идеяларының әлі де болса халықтың отаншылдық-патриоттық сезімін арттыруға, кеңес адамдарының ерлігін жырлауға негізделгендігін саралау.
Дәрістің мазмұны: Соғыстан кейінгі жылдары театр жұмысын тиісті жолға қоюда БК(б)П Орталық Комитетінің 1946 жылы 26 тамызындағы «Драмалық театрлардың репертуары туралы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысының шығуы аса маңызды және дер кезінде болды. Мұнда: «БК(б)П Орталық Комитеті драматургтер мен театр қызметкерлеріне кеңес қоғамының тұрмысы туралы, кеңес адамы туралы, көркемдік жағынан жарқын, аса құнды шығармалар жасауды міндет етеді. Драматургтер мен театрлар пьесалар мен спектакльдерде кеңес қоғамы тұрмысының үздіксіз алға басуын көрсетіп, Ұлы Отан соғысы кезінде ерекше айқын көрінген кеңес адамы сипатының жақсы жақтарының одан әрі өркендеуіне барынша көмектесулері керек» - деп театр қызметкерлерінің режиссерлер мен актерлердің және драматургтердің назарын заман бейнесін, кеңес адамының образын жасауға аударған. Қаулының негізгі мәселелері республикалық баспасөз бетінде кең баяндалып талқыланды. Онда қазақ театрларының алдында тұрған басты міндеттері және кемістіктері атап көрсетіліп, кеңес театрының репертуары кеңес адамын, кеңес өмірінің шындығын суреттейтін шыгармалармен толықтыру қажеттігін көрсеткен. Сонымен бірге, театрдың репертуарын кеңес драматургиясының таңдаулы пьесаларын қазақ тіліне аударып қою тәжірибесін молайту керектігін және қойылатын спектакльдердің сапалы болуына жете мән беру жағын да ескерткен.
Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесасының спектаклі Қазақтың академиялық драма театрының жаңа тақырыпты меңгерудегі алғашқы жеңісі болып саналады. Сонымен қатар «Достық пен махаббат» жаңа талапқа сай пьеса деп танылып, әсіресе кезінде, республиканың барлық қазақ театрларының сахнасында қойылып, қазақ кеңес пьесаларының қатарынан өзінің тиісті орнын алған. Бірақ, бірен-саран татымды шығарма ұзақ уақыт қорек болмайтыны мәлім, сол себептен, партия мен үкімет театр өнерінің шығармашылық өрлей беруіне әрдайым мүмкіндік туғызудан жалыққан емес. Соның көп айғағының бірі – 1949 жылы жазда өткен, қазіргі өмір тақырыбына қойылған спектакльдердің бүкіл одақтың байқауы болды. Ол байқауға Қазақстанның көптеген театрлары қатысқан. Оның нәтижесінен, 1946 жылдан бері қазақ театрларының репертуарында кеңес тақырыбы мол орын алғандығы байқалған. Бірақ сонымен қатар, театрлардың шығармашылық өсу жағдайлары әлі төмен қалып келгені де көзге түскен. Оның басты себептерін және осы кемшіліктерді жою шараларына ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің 1949 жылғы 18 қазанындағы «Республика театр искусствосының жайы, оны мұнан былай да өркендету міндеттері туралы» деген арнайы қаулысында «Постановканы сапасыз қою, құнсыз пьесаларды шикілі-пісілі күйінде сахнаға шығара салу сияқты төзімсіз жағдайлар орын алып келеді. Постановканы сапасыз қою – театрларымыздың бәріне ортақ кемшілік. Мұның негізгі бір себебі, ең алдымен, маман режиссер кадрларының жеткіліксіздігінде болып отыр. Режиссер кадрларды тәрбиелеп өсіру, оларға талапты күшейтіп, өз өнерін, білімін, идеялық дәрежесін арттыра беруіне көңіл бөліп, басшылық ету, көмектесу – республикалық искусство істері басқармасының, оның төменгі орындарының, театр басшыларының күнбе-күн зер сала шұғылданатын міндетіне айналуға тиіс» - деп театр жұмысының идеялық және көркемдік дәрежесін көтерудің жолдарын даралап көрсетіп берген. Бұл қаулылардың орындалуы да ұзақ күттірмей: Мәскеу, Ташкент ГИТИС-терінің актерлік, режиссерлік бөлімдеріне қазақтың талапты да талантты қыз, жігіттері оқуға жіберілген. Сонымен қатар театрлардың көркемдік өмірін жандандыру үшін, әсіресе, шығармашылық жұмысының әдісін байыта беру мақсатымен тәжірибе алысу ретінде орталықтан маман режиссерлер шақырылып отырған. Ал, облыстың театрлардың кейбірлеріне қазақтың белгілі режиссері А. Тоқпанов барып, спектакльдер қойып, жәрдем жасаған. Мұндай шығармашылық қарым-қатынастың театр өміріне жаңа леп, жаңа жемістер әкелетіні айқын.
Қорытынды сұрақтары:
1. Соғыстан кейін қазақ театрларының ұстанған принципі туралы не білесіз?
2. Бұл кезеңде қазақ режиссурасы қандай болды?
3. Соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ театрларында орын алған өзгерістер.
Әдебиет:
Львов Н.И. Казахский академический театр драмы.– Алматы: 1957.
Қуандықов Қ. Тұңғыш ұлт театры. – Алматы: Жазушы, 1969.
Тоқпанов А. Сахна саздары. Режиссер көзімен. – Алматы: Жазушы, 1969.
Қазақ театрының тарихы. – Алматы: Ғылым, 1975. – т. 1.
Достарыңызбен бөлісу: |