Дәріс тақырыбы: Жемқорлық құлықтарының психологиялық ерекшеліктері



бет2/3
Дата30.03.2023
өлшемі32,46 Kb.
#77509
1   2   3
1) мотивтердің антиәлеуметтік түрлері;
2) материалдық немесе табиғи түрткілердің рухани түрткілерден артық болуы;
3) борыштан гөрі түрткінің (ниеттің, әуестіктің) басым болуы;
4) алыс және өмірлік маңызды болашақтан гөрі жақын мақсатты түркілердің алда болуы;
5) біздің қоғамның құндылық жүйесінде түрткілердің төмен деңгейде болуы.
Бұл бұрмаланған қасиеттер, жалпы алғанда әлі де қылмыстық мотивацияның қалыптасуына негіз болмайды. Тұлғаның азғындауы оның мінез құлқында ешқашан жүзеге аспауы мүмкін. Мысалға, материалдық мүдделердің рухани мүдделерден жоғары қойылуы ол тек қана қылмыстық жолмен байиды дегенді білдірмейді; бұл мүдде-лер заң шеңберінде де толыққанды жүзеге асуы мүмкін. Жемқорлық мінез-құлық тетігінде есі дұрыстықты жоққа шығармайтын аномолия-лар да маңызды орын алады. Жалпы халықтың ішіндегі психикалық аномалиясы барлардың үлес салмағына гөрі олардың үлесі қылмыс-кердердің арасында басым болса да, кейбір кеңес дәуірінде жүргізіл-ген зерттеулерге орай, ол ауытқушылықтар жемқорлық мінез-құлық тетігінде басты рөл атқармайды.
Психопатиялық бейімділігі бар адамдар эмоционалдық жағынан ұстамсыз, агрессивті болып келсе де, кейбір психикалық аномалиялар бейтарап қалыпта қалады. Мотивацияның деңгейлері: І – социоло-гиялық; ІІ- әлеуметтік-психологиялық; ІІІ - психологиялық; ІҮ – психофизиологиялық. Мотивацияның элементтері: 1 – мұқтаждық-тардың немесе өзге де детерминанттардың қалыптасуы мен ұштануы (актуализмация); 2 - нақты мотивтің пайда болуы мен қалыптасуы; 3 – мақсатты таңдау; 4- мақсатқа жетудің жолдарын, амалдарын, құралдарын таңдау; 5 – ықтимал әрекеттерді, ойластырылған-ойластырылмаған нәтижелерді, соның ішінде, қылмыстық жазаны да, болжау; 6- әрекет етуге бел байлау; 7- әрекетті жүзеге асыру және бақылау; 8- туындаған салдарды талдау, қол жеткен мен ойластырылғанды салыстыру; 9 - өкіну немесе қорғану мотивін қалыптастыру.
Жемқорлық мінез-құлыққа ықпал ете алатын тұлғаның қоғамға жат көзқарастары бағыттары, қоғам қолдамайтын мұқтаждықтары мен мүдделерінің түбі әлеуметтік. Осы жерде бірден тұлғаға ықпал ететін сыртқы ортаның екі деңгей болатын айта кеткен абзал, олар: микроорта және макроорта. Екеуінің арасындағы бөліну шартты. Микроорта - ол тұлға тікелей байланысқа түсетін қоғамның институттары (жанұя, достар, өзге де топтар). Адам макрортаны микроорта арқылы ғана бойына сіңіреді, өйткені ‘’ұстап көруге болатын’’ макрорта болмайды, макроорта микрорталардың жиынтығы ғана емес, ол тұтастай алғандағы қоғамды, тіпті, қоғамда бұрын өмір сүргенмен қазір жоқ әсер етуші институттарды да білдіреді. Мысалға, Робин Гуд шет ел аңызынан алынған персонаж, ол өмірде жоқ, бірақ жалпы қоғамдық көзқарастарды қалыптастыруға ықпал етуші тұлға. Мысалға 1994 жылы Ресейде жатып интернет жүйесі арқылы АҚШ-тың беделді банк жүйесіне сақтандару құралдарын бұза отырп еніп, әр мемлекеттердің басқа банктеріндегі есеп-шоттарға ондаған миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны бірнеше сағаттың көлемінде аударып жіберген, кейіннен Ресейге де көп мөлшерде ақша ‘’аударған’’. Оны жасаған 24 жасар Ресей азаматы АҚШ-та ұсталып, сот алдында жауап бергенде, судьяның ‘’Бұл істі не үшін жасадың?’’- деген сұрағына мектепте төменгі сыныпта оқып жүргендегі әңгімесін баяндап берген. Онда мұғалім бұлардан өскенде кім болатындығы туралы сұрақ қойып, кезек бұған келген ол: ‘’Ол мамандықтың қалай аталатынын білмеймін, бірақ ондай мамандықтың бар екенін білемін, ол – байлардан ақшаны алып кедейлерге бөліп беретін мамандық деп жауап берген’’. Жауап берген оқушылардың ішіндегі ең дұрыс жауап деп мұғалім осы болашақ ‘’хакердің’’ жауабын тапқан. Бұл әрекет аңыздағы Робин Гудтің әрекетіне сай келеді. Ондай қасиеттерді ол макрортаны құраушы Робин Гудті көргесін емес, тікелей байланыстағы микрортаның айтуымен сіңіреді. Не болмаса, қазақ дастандарының ішінде ақын Нұрқан
Ахметбековтың ‘’Қарға’’ дастаны Қарға атты өмірде болған ұры туралы.
Ол және қарапайым ұры емес, әр елден жылқы барымталап келіп,
кедейлерге үлестіріп беруші болған және өзі тақыр кедей болған деседі:
Орынбор, Омбы, Сібір, Сыр қуаңнан
Қараөткел, Қызылжар мен Қыр дуаннан
Келемін топтап айдап жылқы тартып
Алғандай қалың малға бір құдамнан, - дей келе:
Түн қатып, түсім қашып, ел ақтадым
Орман-тау сай саланы қонақтадым
Кісіге көңіл еткен бөліп беріп
Көбісін өз бойыма жаратпадым,- деп қайырады.
Ал осы өмірде нақты болған, Төлеу Жәуке батырдан ‘’таяқ’’ жеген ‘’батырдың’’ әрекеті де ел арасындағы жатқа айтатын жыршылардың аузынан естігесін жас балаларға аздап болса да әсер етпей қоймайды.
Осы дастанның бір жерінде:
Қуғыншы болушы еді құмарларым
Талайын тізеге сап нығарладым
Болса да қанша алып, асқан балуан
Бір қолдап бір ұрғаннан шығармадым,- деген шумақ жолдары бар.
Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде бейнефильмдердің маңызы зор. Сұралғандардың 90%-і бос уақыттарында кинотеатрлар мен үйлерінде кино көретіндігін мәлімдеген. Қазіргі күнде дендеп еніп жатқан зорлық-зомбылығы бар фильмдерді өркениетті елдерде қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік мекемелер ғана емес, халыаралық ұйымдар да бақылайды. ''Тимур және оның командасы'' фильмінен кейін ''тимуршылар'' қозғалысы өріс алса, ''Тарзан'' фильмінен соң талдан талға секіреміз деп көптеген балалар жарақат алған. ''Фантомас'' фильмінен кейін кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық көбейген. Америка ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда сотталғандардың 63%-і келекейіпкер-леріне еліктеп заң бұзса, 22%-і қылмыс жасау тәсілін солардан үйренген.
2003 жылғы Павлодар қаласында мектеп оқушыларының адамды пышақтап өлтіру фактісіне өздері Ресей фильмі ''Бригаданың'' әсер етті деп мойындаған. Мульфильмдердегі кейіпкерлердің өзі сәбиді өзіндей болуға еліктетеді. Микроортаның ішінде тұлғаның өмірге келген алғашқы күндерінен ықпал ететін ол - жанұя. Бала жанұяны дүниенің кіндігі деп есептейді, әр түрлі қылықтарды жанұя мүшелірінің мінез-құлқымен салыстара отырып қана ‘’жақсы-жаман’’ деп бағалайды. Өз оң-солын таныған соң ғана көңіл көкжиегін кеңейте бастайды, жанұя мүшелерінің әрекетінің де қате екендігін түсінеді, бірақ ол кезде тым кеш болуы мүмкін, өйткені қалыптасып қалған қасиеттерін өзгертіп, өзін өзі қайта тәрбиелеу қиын, ал оны сыртқы күштер тарапына қайта тәрбиелеу мүлде қиын. Бірақ Абай қарасөздерінде ‘’Егер мен қолымда закон қуаты бар адам болсам, адамды қайта тәрбиелеуге болмайды деген адамның тілін кесер едім’’,- демеп пе еді?!!
Әдетте, жанұядағы спирттік ішімдіктермен әуестену, жанжал, жанұя мүшелерінің моральға жат, заңға қайшы әрекеттері сияқты келеңсіз жағдайлар қатты әсер етеді, бірақ бұл да ең негізі емес, ең негізгі нәрсе жанұя мүшелерінің арасындағы эмоционалдық байланыс, бетпе-бет ашық әңгімелесу. Конфликтілік атмосферада өскен балардың үлгілі отбасында тәрбиеленген кәмелетке толмағандарға қарағандағы құқық бұзушылыққа деген тәуекелі 4-5 есе жоғары болған.
Басқа бір зерттеулерге қарағанда ''Жасөспірімдерге теріс ықпал жасаған не?''.- деген сұраққа: 7,5%-і - туыстарымның жасаған қылмысы, 14,1%-і - отбасы мүшелерінің ішімдікке салынуы, 2,3%-і - үйдегі жанжал, көзге шөп салу, 73,6%-і - көшенің ықпалы, - деп жауап берген. Сұралғандардың үштен бір бөлігі ғана әке-шешесінің беделін сыйлаған. Мұғалімнің, ұстаздарының беделін - 2,3%, жаттықтырушылардың, үйірме жетекшілерінің беделін - 4%, жұмыс істеген не оқыған ұжымының беделін - 3,7%-і , ата-аналарының - 37,5%-і сыйлаған. В.Н.Кудрявцевтің пікірінше адамның өмір салты дұрыс болмаса, ол адам бұзылады, оны қылмысқа бейімдейтін жағдай туады.
Микрортада тағы бір ықпал ететін әлеуметтік негізгі институт – ол мектеп. Бала өзіне достарды, үйірмелерді де осы мектеп арқылы табады. Жеткіншек қандай әлеуметтік топты жанына жақын көрсе, сол топптың (жанұядан соң) көзқарасымен өлшейді. Бұл жолда ұстаздары да қатты ықпал етеді. Егер де мектепте ер мұғалімдерге қарағанда әйел мұғалімдердің үлес салмағы өте басым болса, онда мектептегі балардың мінез-құлқында да еркекке емес, әйелге тән мінез көп көрініс табады. Мысалға, 5-сыныпта оқитын екі ұлдың төбелесіп қалу фактісіне орай төбелестен соң әйел мұғалім мен ер мұғалім екі түрлі реакция береді. Мысалға, ер адам ''Төбелессеңдер ана жаққа барып төбелесіңдер, ешкім көріп қалмасын. Бір біріңнің көздеріңді шығарып, бастарыңды жарып жүрмесең-дер болар'', - деп жауап беруі мүкін, ал әйел адам болса, ''Егер де біріңнің көзің шықса мен жауап беремін, неге ол сенің сөмкеңді жыртып тастағанда маған келіп айтпадың. Мен оның төбесін оятын едім. Сол үшін міндетті түрде төбелесу керек пе?'',- деуі мүмкін. Осыдан кейін олар да, басқа сыныптастар да ''сөмке жыртқан'' баланы мұғалімге жеткізіп тұруы мүмкін, өйткені 5-сынып оқушысы үшін мұғалімнің айтқаны қашан да дұрыс. Осылайша социолизация процесінде ұстаздарға тән қасиетті балалар бойына сіңіреді және бала сор мақта сияқты тез сіңіріп алатын әлеуметтік субъект. Баланың қалыптасуына жора-жолдастары да қатты ықпал етеді. Қазақтар оны ''Жігітті жолдасынан таны'' деген мақал арқылы жеткізеді. Мысалға, жанұядағы қолайсыздықтан өзге топтармен, соның ішінде, криминогендік топтармен де, көп араласатын жасөспірім өзі олай деп есептемейтін көзқарастарын да топтың ықпалымен өзгертуі ықтимал. Өйткені олармен араласқанда жаза алдындағы қорқыныш жеңілдейді, жеке жауаптылықта болу сезімі әлсірейді.
Детерминация - латынның determіnare (анықтау, айқындау) деген сөзінен шыққан. Яғни дереминация - ол айқындау, анықтау процесі. Дүниедегі барлық құбылыстар, процестер бірі біріне тәуелді: бір құбылысты пайда болуы, дамуы, жойылуы өзгелеріне тікелей байланысты, соңғысының тағдырын алғашқы құбылыстар айқындайды. Детерминизмнің негізгі мазмұнын себептілік құрайды. Дүние үлкен бір тізбекке бағынышты, әлбетте осы тізбектің қалай түзілуіне адамның қомақты үлесі бар. Ломоносов айтпақшы, ештеңе де жоқтан пайда болмайды, пайда болған нәрсе өмірде бар молекулалардың қосылысы, ажырауы нәтижесінде өмірге келеді. Бүгінгі парта осылай бола салған жоқ. Алдыңғы күні кішкене ұрықтан ағаш боп ондаған жылдар өсіп тұрды, кеше - бірнеше жыл құрылыс материалы боп жатты, бүгін - парта боп келіп тұр, ертең – ол отын, арғы күні - жартысы ауаға кеткен, жартысы күл боп жерде қалған нәрсе. Күл басқа нәрсеге сіңіп, ауа миллион саққа бөлініп дүние жалғасып, айналып кете береді. Тек біз бірнеше жыл бойына партаны көріп тұратын себебіміз - оның тізбегі асықпай жүретіндігінде. Ал басқа бір процестердің тізбегі тез жүреді. Тізбекке түспейтін нәрсе өмір сүрмейтін материя, өйткені қозғалыс материяның өмір сүру нысаны (формасы). ‘’Объективтік шындықтың әрбір құбылысы, кез келген процесі немесе заты - бар болғаны оқиғалардың жалпылама тізбегінің бір сәттік звеносы ғана’’. Мысалға, Демокрит айтқандай ‘’Бір түскен суыңа екінші рет түсе алмайсың’’, өйткені ол да қозғалыста, суға сүңгіп шығып, бір минуттан соң қайта сүңгісең ол су емес басқа су - алғашқысы одан басқа жерде ағып бара жатыр, судың өзге молекулаларына сүңгідің, уақыт та басқа. Ал осы таудағы ағынды суды фотосуретке түсіріп, іле-шала екінші рет түсірсең де басқа сурет. Өткені ештеңе де екінші рет қайталанбайды. Міне, біздің партаны бес-он жыл бірқалыпта көретіндігіміз оның бір ‘’фотосуретке’’ түскен сәті салыстырмалы түрде тұрақты тұратындығында (ағын судай емес), тізбегі асықпай жүретіндігінде, бірақ ол да асықпай болса да қозғалып бара жатыр бізге білінбей. Үлкен тарих үшін партаның бес-он жыл тұрғаны фотосуретке түсіруден де тез. Ал оның осы күндегі тізбеке келу себебі мен болашақтағы жай күйін білу үшін олардың алдындағы өткен негізгі тізбектерін білу керек. Оны білу детерминизмді білуге, яғни құбылыстар мен процестердің жалпыға бірдей тәуелділігін білуге нұсқайды. Детерминация процесі тек қана себептілік байланысын білдірмейді, сонымен қоса байланыстың өзге нысандарын да білдіреді: функционалдық, статистикалық тәуелділік, жағдайлардың тәуелділігі, т.б.
Қоғамдағы қылмыстардың себептері туралы көзқарастарды әр түрлі теориялардың маңына шоғырландыруға болады. Профессор Е.І.Қайыржановтың ізімен жүрсек, оларды биологиялық, генетика-лық, психологиялық және социологиялық деп топтастыруға болады, сондай-ақ бұдан басқа да теологиялық, астологиялық, астрономиялық т.б.теориялар бар.
Қылмыстылықтың себептері туралы психологиялық теориялардың да екі ағымы бар: бірі - психопатиялық ағым, келесісі – психо-аналиткалық. Психопатиялық ағымның негізін қалаушы неміс пси-хиатры Курт Шнейдер өз еңбегінде (1923 ж.) психопаттардың он ти-пін бөліп, оның кем дегенде жетеуі қылмыс жасауға бейім деп есеп-тейді. Келесі бір неміс психиатры Кречмер Эрнест (1888-1964) антропологиялық көзқараспен де қабыса кететін психикалық жағынан гөрі сыртқы жағы көзге түсетін психопаттардың төрт типін келтіреді. Ю.М.Антонянның ойынша зорлықшыл қылмыскерлердің арасында психопаттардың үлесі 30%-ті құрайды.
Психоаналитикалықағымның негізін қалаушы австриялық психолог Зигмунд Фрейд (1856-1940). Оның айтуынша адамның екі негізгі қоғаушы инстинкті бар: бірі - өзін өзі қорғау инстинкті, екіншісі - жыныстық инстинкт (либидо). Алғашқысы тіршілік иесінің өзін ғана қорғау үшін болса, соңғысы сол эволюциялық түрді қорғау үшін қажет. З.Фрейдтің өзі сананы екі деңгейге бөледі және санадан да жоғарғы нәрсені атап өтеді. Сананың астыңғы бөлігі, яғни бейсана құбылыс ''ол'' деп, ал сана ''эго'' (мен) деп аталады. Ал оларда да жоғары тұрған қоғамдық тәртіпті ''Жоғары эго'' деп атайды. Либидо бейсана деңгейде (ол) пайда болып, эгоға көтеріледі. Ал либидоның жасағысы келген әрекетіне Жоғарғы эго рұқсат бермейді, осы кезде қайшылық туындайды және қайшылықтың орын алатын жері - эго. Осыдан ''Былай тартсаң, өгіз өлетін, былай тартсаң, арба сынатын'' жағдай туындайды . Яғни, оны қанағаттандырсаң қоғамдық тәртіпті бұзып қылмыс жасайсың, қанағаттандырмасаң сананың қызметі бұзылып аномалияға алып келеді.
Сондықтын да, автор ''мұқтаждықтарды сублимациялау'' жолын ұсынады, яғни келіп тұрған жағымсыз энергияны қоғамдық тәртіпке қайшы емес, қайта қоғам өзі қолпайштайтын бағыттарға, арналарға бұрып жіберу. Спортқа, көркем өнерге, ғылымға т.б. жолдарға. Мысалға, жануар инстинкті ұрып-соғуға итермелесе, онда спортпен айналыс. Аталған мұқтаждықты қылмыстық жолмен қанағаттан-дырсаң, түрмеге қамайтын болса, спорт арқылы қанағаттандырсаң, түрмеге қамамақ түгілі, қолпаштап, алақанға салып жүреді: чемпион боласың! Басқаша әсірелеп айтқанда, ''Ол'' дегеніміз асау ат сияқты, ал ''Эго'' - оны үйретуші шабандоз, ал ''Жоғары эго'' - аттың жүруге тиісті жолы. Жабайы жылқы өз бетінше шапқысы келеді, жол жалғыз-ақ, ал адам үстінде тізгінге ие бола алмай дал болады.
Бірақ З.Фрейдтің бұл айтқандары қылмыскерлірді, әсіресе, зор-лықшыл қылымскерлерді ақтап алғандай болды. Себебі, біреуді зорлап тастап, ''мен емес кінәлі, бәріне ''ол'' кінәлі, сол мені қыста-лаған'' деп айтуы әбден мүмкін. Осыған байланысты З.Фрейдттің де сыншылары жетіп артылады. Қарсыластары санаға бағынбайтын деп жүрген инстинкті әуел бастан тәрбиелеуге болатындығын, Фрейд либидоның күшін соншалықты арттырып көрсететіндігін айтты. Фрейдке қарсылар ''жабайы жылқыны'' құлыншақ кезеңінен жүген-деуді ұсынады.
Фрейдтің либидосы теологиядағы ''нәпсі'' ұғымымен де қабысады. Сол сияқты фрейдтің Эдип комплексіне байланысты пікіріне қатысты дау да біртөбе болып келеді. ''Эдип комплексі'' - фрейдизмнің негізгі ұғымдарының бірі. Оның мәнісі - әрбір балада ерте балалық шағында қарама қарсы жыныстағы ата-анасына жыныстық әуестіктен, өзінің жынысындағы ата-анасының бірінің өлімін тілеуден тұратын бейсана сезімдердің комплексі туындайды-мыс. Бұл термин құдайлардың қалауымен өз әкесін өлтіріп, шешесі екендігін білмей оған үйленген көне грек аңызының кейіпкерімен байланысты. З.Фрейд бойынша қыздарда аңыз бойынша әкесі үшін өш алып шешесін өлтірген ''Электраның комплексі'' болады. Кейіннен адам өсе келе өзінің осы жыныстық әуестіктері үшін ары алдында азап шегеді. Осыдан барып, бейсана деңгейде конфликтіге алып келетін кінәлілік сезмі пайда болады-мыс.
Қылмыскердің тұлғасы дегеніміз - қылмыс жасаған тұлғаны сипаттайтын және оның қылмыстық мінез-құлқына ықпал ететін әлеуметтік-демографиялық, әлеуметтік-психологиялық, адамгершілік, құқықтық қасиеттердің, белгілердің, байланыстардың, қатынастардың жиынтығы. Ол адамның әлеуметтік беті. Осы жерде Қаз дауысты Қазыбек бидің
''Ерден ердің несі артық?
Ептестірген сөзі артық,
Малдан малдың несі артық?
Бір-ақ асым еті артық,
Жерден жердің несі артық?
Бір-ақ уыс шөбі артық'',
- деген аталы сөзін еске алсақ болады, адамнан адамның артығы - қасиетінде ғана, олар да өз кезегінде туа бітті немесе әлеуметтік ортадан алған белгісі болуы мүмкін. Қылмыскер тұлғасын сипаттау үшін оның бала күнінен бастап бойына сіңірген барлық қасиеттерін адақтап шығу керек. Біреуді бойы ұзын деп жақсы көрсеңіз - ол биологиялық қасиеті, енді береуді ақылды деп сыйласыңыз - ол психологиялық-интеллектуалдық қасиеті. Қай ортада сыйлы-сыйсыз болу да адамның белгілеріне, қасиеттеріне байланысты. Бір ортада сұраныс пен қадірлеуге ие белгі келесі ортаға қажеті шамалы. Мысалға, мектепте бақылау жұмысы үстінде ақылды бала сыйлы, өйткені оның есепті тез шығара алатын қасиеті бар, ал жоғары сыныптың балаларымен есеп айырысқанда басбұзар баланың сыйы артады, оған білімнің қажеті жоқ, тек төбелесе білу керек. Өмірде мынау қылмыскердің тұлғасының қасиеті деп шодырайып шығып тұрған қасиет болмайды, ол қарапайым өмірде нақты адамның белгілі бір қасиеті, тек оны біз сырттай ғана мына қылмыскердің тұлғасын сипаттайтын ''бәлен'' деген қасиеттері бар деп бағалаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет