Адамгершілік тәрбиесі – тұлғаның әлеуметтік ортада тіршілік етуіне қажетті қоғам талабына сай балалар бойында тұрақты моральдық қасиеттерді, нормалар мен адамгершілік идеалдарды, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді үйрету және қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиенің мақсаты – жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген тұтас адамгершілік тұлғаны қалыптастыру.
Адамгершілік тәрбиенің міндеттері: – адамгершілік сана-сезімді қалыптастыру;
– адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу және дамыту;
– адамгершілік мінез-құлықтың әдеттері мен іскерліктерін қалыптастыру;
– адам санасында оның қоғаммен байланыстылығын, қоғамға тәуелділігін, қоғам мүддесіне өзінің мінез-құлқына сай болу қажеттілігін қалыптастыру;
– қоғамның адамгершілік идеалдарымен, талаптарымен таныстыру, олардың заңдылығы мен парасаттылығын дәлелдеу;
– өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге талпынуды қалыптастыру.
Құқықтық тәрбие дегеніміз – балалардың құқықтық сана-сезімін, қоғамдағы құқықтық нормалар мен құқықтық мәдениетті сақтау, заңды құрметтеу дағдыларын қалыптастыру.
Құқықтық тәрбиенің мақсаты – оқушыларды күрделі құқықтық қоғамдық қатынастармен таныстыру.
Құқықтық тәрбиенің міндеттері: – құқықтық мемлекеттік азаматын тәрбиелеу;
– өмірге қажетті қарапайым заңгерлік сауаттылықты меңгеру дағдыларын қалыптастыру;
– балаларды өз құқықтарымен, міндеттерімен, құқықтық жауапкершіліктерімен, құқықтық қатынастармен таныстыру.
Азаматтық тәрбие дегеніміз – балаларды қоғамның саяси өмірінің негіздерімен таныстыру, өзінің азаматтық міндеттерін орындауға дайындығын қалыптастыру.
Азаматтық тәрбие жеке тұлғаның азаматтық сана-сезімін, конституциялық, құқықтық көзқарасын қалыптастыруды қарастырады.
Азаматтық тәрбиенің негізгі мақсаты – адам бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, қоғамның адамгершілік идеаларын, бейбітшілікке деген ұмтылысын, қоғам мүддесі үшін еңбек ету қажеттілігін тәрбиелейді.
Азаматтық тәрбиенің міндеттері: – тұлғаның өз абыройын бағалап құрметтеу сезімін, жеке тәуелсіздігін және тәртіптілігін қалыптастыру;
– адамға өзін заңды, саяси, әлеуметтік тұрғыдан әрекетшіл екенін сезіндіретін тұлғаның азаматтығын қалыптастыру;
– тұлға бойында басқа азаматтарға және мемлекетке деген сыйластық және сенімділік қатынастарын қалыптастыру.
Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, оны қорғауға деген даярлық адамгершілік тәрбиесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.